Қазақстан – күріштен жасалған корей қолжазбалары сақталған әлемдегі үш мемлекеттің бірі

22.10.2018 636

Жоғарыдағы аты аталған корей халқының ескі (вэньян тіліндегі) қолжазбалық энциклопедиясы дүниежүзі бойынша үш мемлекетте ғана сақталған.

Сол мемлекеттің бірі — Қазақстан, Алматы қаласындағы ҚР кітапханасының сирек қоры.

ҚР Ұлттық кітапхана қорындағы айрықша құндылықтардың қатарында көне вэньян тілінде жазылған корей кітаптары да бар. Әлемнің не бары үш мемлекетінде ғана сақталған тың жәдігер жайлы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі Құттықыз Қасымбекова мәлімдейді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы әлемдегі ірілерінің бірі. Ол әлемнің көптеген кітапханаларымен мәдени байланыста. ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің құрылуы «ақтаңдақ беттермен», яғни, 1938 жылмен сәйкес келеді. Бөлім ашылғанда қорда не бары екі мыңға жуық құжат болатын. Жыл өткен сайын сирек қор кітапхана ережесіне сәйкес әртүрлі жолдармен кітаптар, мерзімді басылымдар, микрофильмдер, микрофишалар, карталар және тағы басқа құнды құжаттармен толыға түсті. Жиналған қор хронология бойынша ХІІ-ХХ ғасырды қамтиды. Мазмұны жағынан білімнің барлық саласын қамтиды. Қордағы кітаптардың жазылу мәнері, әдістері де әр алуан: қисса, хамса, хикмет, шежіре, дастаннама, хат, диалог, естелік, рисала, аңыз-әңгіме, т.б. бар.

Қазақстан Ресей Империясы құрамында болған кезінде қазақ жерінде жүргізілген аумақтық-әкімшілік реформалар нәтижесінде халықтың құрамында елеулі этностық өзгерістер орын алды. Дараэтностық құрылым көпэтностық сипат алды. Соның нәтижесінде қазақ халқы көп ұлтты мемлекетке айналды. Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Әрқайсысының өзіндік қайталанба      йтын рухани және материалдық мәдениеті, өз тарихы, салт-дәстүрі мен әдет ғұрыптары бар. Осы халықтардың қазақ жеріне келуінің ең басты себебі — мәжбүрлі қоныс аударылуы. Күштеп қоныс аударуға ұшыраған халықтардың ең алғашқысы — корей ұлты.

КСРО-ның Халық Комиссарлары Кеңесі мен Компартия орталық комитетінің 1937 жылғы 21 тамызындағы «Қиыр шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан корей тұрғындарын көшіру туралы» жарлығы шықты. Жарлықта корейлерді қоныс аудару Қиыр Шығыс мемлекеттік Қауіпсіздік комиссиясына тапсырылады. Онда Посьет, Молотов, Ханкой, Хоральч, Черников, Спасс, Шмаковский, Каменинский және өзге де аудандардағы корейлерді Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне көшіру 1938 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталсын деген шешім болған. Кеңестік империя корейлерді жалған жала жабумен ешбір сотсыз-тергеусіз «жапон тыңшылары» деп айыптады.

 Сонымен, 1937 жылы қыркүйек-желтоқсан аралығында Қиыр Шығыстағы корейлер жүк тасымалдайтын вагондармен Қазақстан мен Орта Азияға қоныс аударды.

КСРО ХКК мен БКП (б) ОК қабылдаған қаулысына сәйкес, Қазақстанға 100 мыңға жуық корей жер аударылды. Қазақстанда корейлердің ең көп шоғырланған жері — Қызылорда. Бұл науқан 1947 жылға дейін жалғасты. Корей халықтарының ішінде зиялы қауымдары көп болды. Олар қайда жүрсе де болашақ ұрпақтары үшін рухани құндылықтарын өздерімен бірге алып жүрді.

Кеңестік империя басшыларының мақсаты — корей халқының қолындағы барлық жазба-мұра байлықтарын өртеп, күлін көкке ұшыру болды. Тағдырдың осындай қиын кезінде қазақ халқы корей халықтарына қол ұшын берді. 1940 жылдары Қызылорда облысының тұрғыны, паровоз айдайтын Кемелбай ақсақал «корей халықтарының қолындағы кітаптарды өртеңдер» деген бұйрықты естіген соң, барлық кітаптарды маталарға орап, жинап, вагондарға тиеді.

Ол кезде пойыз көмірмен жүреді. Жолда НКВД қызметкерлері тексергенде «пойызда жағылатын заттар» деп жасырып, Алматы қаласына жеткізіп, осы кітапхананың сирек қорына тапсырады. Кітапхана қорына корей тіліндегі кітаптардың түсу  тарихы қысқаша осылай.

Кітап – халық жады, жазба ескерткіш, халық тарихының шежіресі. Сондықтан, сирек қордағы құнды мұралардың біздің қолымызға тиюінің өзіндік тарихы бар.

 ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорындағы ескі қытай (вэньян жазуы) тіліндегі корей кітаптарының орны ерекше. Корей кітаптарының топтамасының ішіндегі өзінің рухани құндылығымен жоғары дәрежеде бағаланатын әлемде теңдесі жоқ 50 томнан тұратын «Мунхон биго» қолжазбасын айтуға болады.

Жоғарыдағы аты аталған корей халқының ескі (вэньян тіліндегі) қолжазбалық энциклопедиясы дүниежүзі бойынша үш мемлекетте ғана сақталған. Сол мемлекеттің бірі — Қазақстан, Алматы қаласындағы ҚР кітапханасының сирек қоры.

Бұл корей халқының 18-19 ғасырдағы әдеби мұрасы.

Корей кітаптар топтамасының ішіндегі 50 томдық «Мунхон Биго» қолжазба энциклопедиясының 50 томы да сақталған. Бұл қолжазба 1770 жылы корольдің бұйрығымен Ми Дуаньлиннің  «Юяньсянь Тункас» атты классикалық еңбегінің үлгісінде Хон Бонхан басшылығындағы комиссиясымен құрылды. Бірақ, 19-шы ғасырда ғана баспадан басылып шықты. Бұл қолжазба үлкен көлемдегі аса құнды басылым. 100 кітап 13 бөлімнен тұрады.

Осы орайда «Мунхон Биго» энциклопедиясы туралы қысқаша мәлімет беріп кетуге болады. 713 жылы су сағаты ойлап табылды. Чуэ Чивон 851 жылдары 20 оралымнан тұратын саяси-этикалық «Гэхуа пхидган» деген трактат жазды. Ычэн 1090 жылы «Дэдяньген» атты буддистік қағиданың 4769 орамнан тұратын психологиялық басылымын аяқтады. 1436 жылы Ли Чэн терме харіп және баспа станок туралы бірінші томды жариялады. 1444 жылы «Ыбан ючи» атты 365 орамнан тұратын корей медицинасы туралы бірінші томды жарыққа шығарды. 1432 жылы корей географиясы, ал, 1454 жылы Ян Сэнди Кореяның масштабты картасын жасады.

Міне, сирек қорда осындай бізге түсініксіз, қызық мәліметтер бар. Бұл энциклопедиядан басқа корей кітаптары арасынан медицина, география, ботаника, астраномия, этнография, тарих салалары бойынша көптомды және жеке шығармалардан тұратын қолжазбалар, баспа құжаттардың ежелгі кітаптарының Сеулдік басылымдары — Ицзин Луньюй, Конфуция пікірлері мен кеңестері және 1905 жылға дейінгі әр жылдардың газеттері қорда сақталған.

Тарих: Қытай және корей тарихтарының аясында жазылған көптомдық «Хванг Хва» (Сеул, 1980), «Чосон рекде екса саряк» (Сеул, 1895)  «Ил-ло Ченги» (бұл орыс-жапон соғысы туралы. Сеул, 1907), «Донгук саряк» (Кореяның қысқаша тарихы. Сеул, 1906).

Медицина: «Донг-и» (Көптомдық шығыс медицинасы), «Якчо-якбо» (Дәрілік өсімдіктер. Токио, 1874)

География: «Чонсо чжичжи » (Корей географиясы, Сеул, 1887), «Дэхан син чжичжи» (Кореяның қысқаша географиялық очерктері. Сеул, 1908).

Әскери өнер: Бұл саладағы кітап топтамалары Қытай мен Кореяның әскери тарихының тактикасы мен стратегиясын сипаттайды. Мысалы, Ылчи Мундок, Ан Джунг Гыне, сонымен қатар, анықтама, сөздіктер бар.

«Дедурок» деген анықтаманың 68 беті түгелдей 1850 жылы Кореяда 5 санат бойынша жұмыс істеген Корея кітапханалары туралы мәлімет береді.

Бұл құндылықтардың осы уақытқа дейін сақталып келуінің себебі, кітаптардың қағаз беттері баспадан өте жоғары дәрежеде басылған, яғни, күріштен жасалған. Бұл құжаттар сол ғасырдағы баспа-өңдеу қызметкерлерінің хас-шебер болғанын көрсетеді.

 Корей елінің Теджон қаласында «Корей мәдени мұраларын зерттеу» институты бар. Осы институт Бүкіл әлемдегі корей әдебиетін жинақтап, библиографиялық көрсеткіш шығару жобасымен айналысады. ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорының тұрақты, үздік оқырманы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті корейтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Герман Николаевич Ким өзінің мерзімді басылымдарға жариялаған мақалаларының бірінде: «Мунхон биго» қолжазбаларының ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақтаулы жатқандығын келтіреді.

Ғалым 2000-шы жылдардың басында жоғарыдағы аталған институтта жұмыс жасады. 2005 жылдың сәуір айында Институттың директоры Пак Санг Гук, Ұлттық университетінің профессоры, кітапхана ісінің маманы Кенгбук Нам Квон Хви және көне қытай жазбалары бойынша зерттеуші Ли Джунг Соб, сондай-ақ, институт қызметкері Янг Джин Хо Ұлттық кітапхананың сирек қорына келді. Олар сирек қордағы «Мунхон биго» энциклопедиялық қолжазбасын көріп, ерекше әсер алды.

Сирек қордағы кітаптарды зерттеу барысында 436 аталымның үштен бір (125) бөлігі көне тәсілдердің бірі — ағаш ксилографиясымен басылғандығын анықтады. Корей қолжазбаларының ішіндегі ең көнесі — ХVІ ғасырдағы  «Чачхи тхонгамчжэлье согпхен».

Адам баласына теңіз түбіндегі ақмаржан қаншалықты қымбат болса, корей халықтары үшін де көне жәдігерлері соншалықты құнды. Ғалымдар бұл қолжазбалар жайында ел аузынан естіген, енді көріп, бұл деректердің нақты бар екендігіне көз жеткізді. Ғалымдар қолжазбалардың көне қытай «Вэньян» тілінде жазылғандығын анықтап, қазіргі корей халықтарының оқи алмайтындықтарын айтты.

ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған корей кітаптарының топтамасына Оңтүстік Корей елінен келген ғалымдар, кітапхана қызметкерлері және көпшілік оқырман үшін корей тіліндегі кітаптардың каталогын жасап берді. Алдағы уақытта осы кітаптардың ғылыми айналымға түсуіне себепші болатын аудармашы, ғылыми зерттеушілерді біз асыға күтеміз.

Ұқсас материалдар