Жаңалықтар

«Қазақтану» жобасы ұлтты бітім мен берекеге жетелейді

«Қазақтану» жобасы ұлтты бітім мен берекеге жетелейді
27.07.2018 10:46 4244

Қазір дамыған және дамушы елдер жаһандану үрдісіне ілесіп әлек. ХХІ ғасыр ақпараттық технология ғасыры дескен бірқатар ел ақпарат тасқынынан қалмауды бірінші кезекке қоюда. Ал, осы тұста әр ұлттың өзінің «гендік тектілігі» деген мәселе екінші орынға ысырылып қала бергені рас.

Бүгінде еліміздегі зиялы қауым өкілдерінің біразы «қазақ жаһандану дәуірінде де тектілігін ұмытпайтын қазақ болып қалуы керек» деседі. Тіпті, осы ретте ұлттық кодты мықтылап, ұлттық инновацияны жетілдіру үшін бірқатар мемлекеттік шаралар да атқарылып жатыр. Соның бірі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған «Қазақтану» жобасын атауға болады. «Қазақтану» жобасы рухани жаңғыруды, ұлттық танымды тереңдетуді, жалпы ұлттық инновацияны тереңдетуді негізге алмақ.

 Жалпы, «Қазақтану» жобасын «уақытысында қолға алдық» деген ғалымдардың бір парасы жобаның өміршеңдігіне сенім артып отыр. Мәселен, бұған қатысты филология ғылымының кандидаты Бақберген Жұмабеков «Қазақтану жобасы қазақтың құрылысын, тегін, болмысын жалпақ жұртқа ашып көрсете алатын жоба болуы керек. Осы жоба арқылы біз қазақтың ұлттық рухани болмысын әлемге танытуға күш салуымыз қажет» дейді. Ғалым Бақберген Жұмабаевтың айтуынша, бұл жоба біздің мәдени биіктігіміздің деңгейін көрсетеді. Сондықтан, болашақта Қазақстан Халқы Ассамблеясына үлкен жүк артылып отыр.

«Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына жауапкершілік жүктелді. Қазақтану жобасы арқылы өзге ұлт өкілдері қазақтың болмысын, мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуі тиіс. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Осы жоба біздегі ұлттарды ұйыстырып, қазақтың мәртебесін биіктетуге күш салуы керек. Біздің елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қазақтың болмысы кең, дархан ел екенін насихаттап жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «бірлігі жарасқан ел екенімізді және осы жолда талмай еңбектенуіміз қажеттігін» жиі айтады. Ендеше, аталмыш жобаның рухани жаңғыруға, мәңгілік ел рухын көтеруге қосатын өзіндік үлесі мол. Сондықтан, бұл жоба аяқсыз қалмауы керек» дейді филология ғылымының кандидаты Бақберген Жұмабаев.

Мамандардың пайымдауынша, аталмыш жобаның ұлттық бітімді жетілдіруге де қосар үлесі мол. «Жоба барысында елдегі қазақтардың ғана емес, шетелдегі қазақтардың жайы да зерттеліп, олардың жағдайы да насихатталып отырса жөн болар еді» дейді ғалым Бекмахан Сейітов.

Тарих ғылымдарының докторы, Бекмахан Сейітовтың байыптауынша, «Қазақтану» аты айтып тұрғандай, шалғайдағы қазақтардың да құрылысын, болмысын зерттеуге бағытталуы керек. «Бізде шетелдегі қазақтардың жайы да толық зерделенуі керек. Осы орайда өзінің ұлттық болмысын жоғалтпаған қандастарымыздың насихаты артса деймін. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, тарихының, руханиятының зерттелмей жатқан тұтсары көп. Сондықтан, Қазақстан Халқы Ассамблеясы қолға алып отырған осы жоба арқылы аталмыш жайттарды зерделеу жайы ауқымдырақ бола түссе жақсы болар еді. Шығыс ойшылы әл-Фарабидің «өзіңнің тарихыңды, әдебиетіңді, дәстүріңді білмей, зерттемей болашаққа қадам басу мүмкін емес» деген жақсы сөзі бар. Сондықтан, бұл жоба бізді болашаққа бастайтын жоба деп білемін. Осы орайда қандай да бір зерттеулер, ізденістер болып жатса, әрине, үнемі бақылап отырамын. Бұл жобаның өміршеңдігіне сенемін» дейді тарих ғылымының кандидаты Бақберген Жұмабаев.

Осылайша, ғалымдар алға тартып отырғандай, «Қазақтану» жобасының келешегінен күтер үміт мол. «Бұл жоба ұлт пен ұлттың ынтымағын нығайтып қана қоймайды, ол елдің келешегін, бейбітшілігін бітістіре түседі» дейді ғалымдар.

Жалпы, Қазақстанда 130-дан астам ұлттың ұйысып күн кешіп отырғаны рас. Бірқатар дамыған және дамушы елдер Қазақстандағы бейбітшілікке қызығып та, қызғанып қарайды. Осыған орай мемлекеттің іргесі берік болуы үшін бұған дейін де «Мәңгілік ел», «Қасиетті Қазақстан», «Ел бірлігі» тәрізді жобалар қолға алынып келді. Ал, биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы этностардың арасында қазақтың тілін, ділін, тарихын, мәдениетін, болмысын насихаттау мақсатында «Қазақтану» жобасын қолға алғаны қуантарлық жағдай еді. Үш жылға жоспарланып отырған жобаның мақсаты – елдегі әрбір істің ұйытқысы, қоғамдық келісімнің үйлестірушісі қазақ халқы екенін насихаттау. Қазірде «Қазақтану» дәрістері облыстарда, аудандарда, ауыл-аймақтарда өткізіліп келеді. Жобаны іске асыруға Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелері, төрт бірдей министрлік және жергілікті әкімдік жұмылдырылып отыр. Осы жоба төңірегінде сөз еткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко өз сөзінде: «Негізгі мақсатымыз ортақ құндылықтарды қалыптастыру арқылы Қазақстан халқының басын біріктіру. Қазақ халқы әрқашан біріктіруші ұлт болған. Осыны өзге этностарға насихаттау. Қазақ халқының дархандығының арқасында елімізде ешқашан қақтығыс болған емес. Тәуелсіз бейбіт елдігімізге сын түспеуі үшін қазақтың болмысын, тарихын, мәдениетін, дәстүрін насихаттау парызымыз» деген болатын.

Осыған орай отандық ғалымдарымыз «елдегі үш сабақтастық жетілгенде қоғам дамып, адам капиталының да беделі арта түседі» деседі. Мәселен, біріншіден, табиғатпен үндестік дамығанда адам рухани баюға ұмтылады. Екіншіден, адам еркіндігі жетілгенде қоғамда гуманистік жүйе жетіледі. Үшіншіден, береке-бірлік артқанда мемлекеттің тұрақтылығы нығаяды. Міне, мамандар осы үш сабақтастықты «Қазақтану» жобасы арқылы дамытуға болатынын алға тартып отыр.

Бұл ретте психологтардың да айтар өз ойлары бар. Мысалы, психолог маман Жандос Алдабергенов бұған қатысты:

«Менің ойымша, «Қазақтану» ілімін тереңдетіп оқыту арқылы біз бүгінгі ұрпақтың санасына қазақ халқының дәстүрін, ғылымын-білімін, салт-дәстүрін сіңіре аламыз. Бала күннен мектеп қабырғасынан қазақтың руханиятымен сусындап өскен бала ол ұлтқа да адалдық танытады. Сондықтан, өз басым «Қазақтану» ілімін мектеп қабырғасында қосымша факультатив сабақтары ретінде оқыту керек деп ойлаймын. Сонда өзге этнос өкілдері де, біздің өзіміздің жас ұрпақ та қазақтың болмысын нақты түсініп, зерделейтін болады. Бізге болашақта осы үрдісті жетілдірген жөн. Қазір көптеген елдер қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті сақтау үшін алаңдап отыр. Бірқатар елдер бейбітшілік деген ұғымды жетілдіру үшін мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып жатыр. Балабақшадан баланың санасына сіңіріп, түрлі интеллектуалды сабақтар өткізілуде. Бізге де осындай шараларды қазірден бастап қолға алған жөн. «Баланы — бесіктен» бейбіт өмірге тәрбиелесек, еліміздің де болашағы кемел болары даусыз» дейді.

Осылайша, мамандарымыз айтып отырғандай, бізге «Қазақтану» жобасының аясына көп нәрсені сыйдыруға болады. Қазақты тану деген сөз — оның бірлігін, елдігін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын тану деген сөз. Ендеше, өзге ұлт өкілдері болашақта қазақтың қайнар көзін танып, руханиятымен сусындауды мұрат етсе, алдымен Қазақтану іліміне назар аударғаны абзал. Қазақты тану бүкіл бір елді біріктіріп, мемлекеттің тұрақтылығын нығайта түсетіні даусыз. Олай болса «Қазақтану» жобасының ғұмыры ұзақ, әлеуеті жоғары болады сенгіміз келеді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға