Жаужүрек мың бала

08.12.2012

 «Жаужүрек мың бала» — Ақан Сатаевтың көркем драмалық фильмі. Фильмнің тұсауы Қазақстанда 2012 жылы 3 мамырда кесілді.

Фильмнің ұраны — «Туған ел, сүйген жар, намыс үшін от кешкендер»

Фильм туралы

Фильм қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Сол кезде қазақ жасақтары бірігіп, басқыншыларға тойтарыс беріп, майданда шешуші жеңістерге жеткен еді.

Кино желісі бойынша, осы соғыста ел үшін күрескен жауынгер ер-азаматтар қатарында, жаужүрек Сартай батыр да өзіндей өрімдей жас, жеткіншек сарбаздарды ту көтеріп, жорыққа бастап шығады. Мың бала атанған Сартай жасағы қарасы әлдеқайда көп жауға азғана қол қарсы шауып, арасалмақты қазақ әскері пайдасына өзгертеді.

Сюжеті

Фильм сюжетінің негізіне жоңғарларға қарсы күресте ересек сарбаздармен бірге кең-байтақ жері мен елін қорғауға бел буған өжет те жас мың жауынгер туралы аңыз желісі алынған.

Түсірілім барысы

Фильм күрделі климаттық жағдайларда түсірілді. Фильмді түсіруге атсалысқан топ 90 күн ішінде төрт локация мен 11 декорация ауыстырған. Түсірілім 2011 жылы ақпанда Қапшағай аймағында басталған болатын. Көктемде түсіру тобы Шарын шатқалы аумағына, сосын Қапал-Арасанға орналасты.

"Қазақфильмде" мәлімдегендей, "Жаужүрек мың бала" фильмі жайлы ақпарат түсірілім басталмай-ақ елге тарап кетті. Жалпы республикалық іріктеуге басты және қосалқы рөлдерге түсу үшін 22 мың 200 үміткер қатысты. Түсірілім алаңында бес жүзге тарта отандық БАҚ, сонымен қатар «The Independent», «Hollywood Reporter», «Variety» секілді әлемдік ірі медиа өкілдері де болды. Фильм түсіру барысында ауа райына қатысты кейбір кедергілер болды. Өйткені түсірілімнің 90 пайызы далада жүргізілді. Актерлер екі ай бойы актерлік шеберліктерін шыңдап, атпен шабуды, садақ тартуды меңгерді. Фильмді дайындауға жалпы саны 15-тей мемлекет атсалысты, со­ның ішінде дыбыс монтажы Францияда жүргізілді.

Қазір әлемдік дистрибьюторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Канн кинофестивалінде

27 мамыр күні Францияның Канн қаласында 65-ші мерейтойлық кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» бас жүлдесін тапсыру рәсімі өтті.

65-ші Канн кинофестивалінің аясында арнайы көрсетілген «Жаужүрек мың баланы» тамашалауға 40-тан астам агент пен дистрибьютер келген. Тарихи кинокартина сеансынан кейін оны америкалық нарыққа шығару туралы ұсыныс түсті. Сонымен қатар, «Жаужүрек мың баланы» әлемдік прокатқа шығарумен айналысатын канадалық компаниямен келісімге қол қойылды.

«Жаужүрек мың бала» фильмінің осы беделді халықаралық байқауда көрсетілуінен кейін әлемдік прокатқа шығаратын агент те анықталды. Қазақ тілінде түсірілген жоңғарлармен соғысқан жас жауынгерлердің тарихы, Аңырақай шайқасы, махаббат пен сатқындық, бостандық пен тәуелсіздікке деген ұмтылыс осының бәрі жақсы көрсетілген фильм көрерменнің барлығына түсінікті болып шықты. Фильмнің сюжеті, оның тарихы мен актерлердің шеберлігі Канн кинофестивалінде лайықты бағасын алды.

Ұлыбританияның кинопродюсері, Пьер Спенглер:

Фильмнің сапасы, актерлердің шеберлігі үлкен әсер қалдырды. Барлығы, эпикалық аясы, трюктері және басқа элементтері де жоғары деңгейде. Бұның барлығы көрерменді қызықтыруы керек. «Мың баланы» көрген сайын Қазақстанға баруға себеп іздеп, сонда бір фильм түсірсем деймін. Осындай сапалы кино мен үлкен әлеуетке ие қазақстандық кинематография саласы бағындырар биік әлі алда. Сәттілік тілеймін.

«TOKIO PIONIWA FILM» президенті, Такаши Нива:

Өте тамаша фильм! Көп нәрсе тарта білді, тарихи кезең жақсы бейнеленген, көрікті табиғи орындар көрсетіледі. Техникалық орындалуы мен фильм сапасы да керемет.