ҚазақшаҚазақша
Мақала

Қазақ драма театры


| 8.11.2012, 17:24 | Автор | 455

 

Соңғы редакциялау:

19 қазан, 2012

 

Қазақ драма театры, М.О. Әуезов атындағы, Еңбек Қызыл Ту және “Халықтар достығы” орденді Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры – тұңғыш кәсіпқой ұлттық сахналық мекеме. 1925 жылдың ақырында қазіргі Қызылорда қ-нда Ұлт театры болып ұйымдастырылды. Алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі Д.Әділов. М.Әуезовтың “Еңлік – Кебек” трагедиясының 3-актісімен (С.Қожамқұловтың қоюы бойынша) және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен 1925 ж. желтоқсандағы өткен Қазақ өлкелік 5 партконференция кезінде тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды. 1926 ж. 31 қаңтарда болған Ұлт театрының ресми ашылуында Қ.Кемеңгеровтың “Алтын сақинасы” ойналды. Театр репертуарын жақсарту үшін Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасовтың тікелей басшылығымен арнайы бәйге өткізілді. Театр труппасы 1929 ж. Алматыға қоныс аударды. 1937 ж. академиялық театр атағын алды. Театрға 1961 ж. жазушы, драматург М.О. Әуезовтің есімі берілді. Алғашқы құрылған жылдары театр құрамында көркемөнерпаздық пен халық шығарм-ның танымал шеберлері – И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Әлібекова, Ш.Байзақова, М.Шамова, Ж.Шанина, т.б. ойнады. Актер әрі реж. Шанин театрдың шығарм. жағынан қалыптасу жолында зор еңбек сіңірді.

30-жылдардың 1-жартысында қазақ жерінде кеңес өкіметі тұсындағы ұжымдастыру шараларын жүзеге асыру барысын бейнелейтін пьесалар қойылды. Осы жылдары К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Бейісов, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, К.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ш.Айманов, С.Майқанова, З.Құрманбаева, С.Телғараев, А.Абдуллина, О.Жұмағұлов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Г.Сыздықова, т.б. сахна шеберлерінің келуі театрдың күрделі драм. шығармаларды меңгеруіне жол ашты. Сондай-ақ, театрға арнайы шақыртумен келген орыс режиссерлерінің де (М.Г. Насонов, И.Г. Боров, М.А. Соколов, Ю.Л. Рутковский, М.В. Соколовский, Я.П. Танеев) еңбегі ерекше болды. Олар қойған әрбір спектакль актерлердің нағыз сахна мектебіне айналды. Реж. Насонов Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясын (1933) қайта қойды. Ол спектакльдің сахнада бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі үрдісін сақтаумен бірге, басты рөлдердің (Еңлік – Байсейітова, Кебек – Байсейітов) психол. тұрғыда шешім табуына баса назар аударды. 1934 ж. Қ. д. т-нан муз. театр (қазіргі Қазақтың мемл. академиялық опера және балет театры), т.б. өнер ұжымдары бөлініп шықты. 1935 – 37 ж. М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, Ғ.Мүсіреповтың тарихи тақырыптағы туындылары, орыс кеңес драматургиясынан, орыс және шет ел классикасынан қойылған спектакльдер театр ұжымының шығармашылық бағыт-бағдары мен ізденіс-табыстарын айқындады. 1941 – 45 ж. туған елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімін, адамдарымыздың асқақ, адал, ынтымақшылдық рухы мен берік достығын, майдан мен тылдағы қаhармандық күресін көрсететін пьесалар театр репертуарынан мол орын алды. Театр труппасына Алматы, Москва, Ленинград және Ташкенттің арнаулы оқу орындарын бітірген маман актерлер келіп қосылды. Соғыстан кейінгі жылдары бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті, республика еңбеккерлерінің жаңа тұрмыс-салтын, ұжымдастыру құрылымын нығайту және кеңестік қатаң жүйеге негізделген жаңа қоғам орнату жолындағы күресін баяндайтын, қазақ зиялылары мен жастардың мақсат-мұратын, ізгі арман-тілегін бейнелейтін Ә.Әбішевтің “Достық пен махаббат” (1947, реж. Айманов), “Күншілдік” (1955, реж. М.И. Гольдблат), “Мансап пен ұждан” (1974, реж. Ә.Мәмбетов) және “Кәусар” (1985, реж. С.Асылхан), Ғ.Мұстафиннің “Миллионер” (1950, реж. А.Тоқпанов), т.б. авторлардың сахналық шығармалары көрермен көңілінен шықты. Әуезовтің “Абай” (1952, реж. Айманов, суретші В.В.Голубович пен рөлдерді орындаушылар Қ.Бадыров, Бөкеева, С.Қожамқұлов, Қойшыбаева, Қуанышбаев, Өмірзақов) және Ә.Нүрпейісовтің “Қан мен тер” (1974, реж. Мәмбетов, суретші А.С.Кривошеин мен рөлдерді орындаушылар А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Ы.Ноғайбаев) спектакліне КСРО Мемл. сыйл., ал Ш.Айтматовтың “Ана – Жер-Ана” (1966, реж. Мәмбетов, суретші А.И.Ненашев пен рөлдерді орындаушылар Майқанова, Шәріпова, Римова) мен А.Я. Каплердің “Ленин 1918 жылы” (1970, реж. Мәмбетов, рөлдерді орындаушылар М.Сүртібаев пен Қожамқұлов) спектакліне ҚазКСР Мемл. сыйл. берілді. Театр ұжымы 1958 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, мәскеуліктердің назарына 5 спектакль (Әуезов, “Еңлік – Кебек”; С.Мұқанов, “Шоқан Уәлиханов”; Мүсірепов, “Ақын трагедиясы”; Ә.Тәжібаев, “Жалғыз ағаш орман емес” және У.Шекспир, “Асауға тұсау”) ұсынды. Театр ұжымы орыс және бат. еуропа драматургиясының классик. туындыларынан Н.В. Гогольдің, М.Горькийдің, А.П. Чеховтың, Лопе де Веганың, Шекспирдің, М.Метерлинктің, К.Гоццидің пьесаларын қойды. ТМД елдері драматургиясының таңдаулы туындылары да театр репертуарынан берік орын алды. 1980 – 90 ж. бүгінгі күн тақырыбына жазылған, басқа да алуан жанрлы драм. шығармалар театр сахнасына шықты. А.Сүлейменовтің “Төрт тақта жайнамаз” (1989, реж. Ә.Рахимов), Ж.Аймауытовтың “Ақбілек” (1990, реж. А.Әшімов), Ш.Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” (1990, реж. Ә.Мәмбетов), т.б. туындылары театр сахнасына шықты. 1990 жылдан кейінгі кезеңде театр репертуары жаңа шығармалармен байып, әлемдік және қазақ драматургтерінің классик. шығармаларын көрермендер назарына ұсынды, кейбіреулерін қайта сахналады. У.Шекспирдің “Кориалан” (1991), “Асауға тұсау” (1994), С.Жүнісовтің “Кемеңгерлер мен көлеңкелер” (1994), Сүлейменовтың “Жетінші палата” (1993, барлығын сахналаған реж. Ә.Мәмбетов), Иран-Ғайыптың “Шыңғысхан” (1994, реж. Б.Атабаев), К.Гоццидің “Турандот ханшайым” (1994, реж. Әл-Тарази), М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері” (1996, реж. М.Байсеркенов), Р.Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” (1996, реж. Атабаев), М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” (1997, реж. Қ.Сүгірбеков), Әуезовтің “Қилы заман” (1997, реж. Рахимов), “Қарагөз” (1997, реж. Мәмбетов), Шахимарданның “Томирис” (2000, реж. Әл-Тарази), Ш.Айтматовтың “Ана – жер Ана” (2002, реж. Мәмбетов), Г.Гаутман “Ымырттағы махаббат” (2002, реж. Р.Андриасян), т.б.

Театр ұжымы 1926 жылдан бастап жазғы гастрольге шығуды игі дәстүрге айналдырып, республиканың елді мекендерінде өнер көрсетіп келеді, сонымен қатар гастрольдік сапармен Мәскеу, Нөкіс, Қазан, Уфа, Шираз, Ташкент, Нанси қ-ларында болды. 1930 жылдан актерлер даярлайтын студия (үзілістермен), 1971 жылдан Ұзынағашта (Алматы обл. Жамбыл ауд.) театр бөлімшесі жұмыс істеді. Қазіргі кезеңде Қ. д. т-ның құрамында  Ш.Жандарбекова, Ф.Шәріпова, С.Оразбаев, З.Шәріпова, Ш.Ахметова, Т.Жаманқұлов, Ә.Кенжеев, Ж.Медетбаев, Қ.Тастанбеков, Т.Тасыбекова, т.б. талантты актерлер еңбек етеді (2003). 1981 ж. театрдың жаңа ғимараты (арх. О.Баймырзаев, М.Жақсылықов, А.Қайнарбаев; ҚазКСР-і Мемл. сыйл., 1982) пайдалануға берілді. Ғимараттың көлемдік-композициялық құрылыс өзегіне үлкен (1000 орынды) және кіші (250 орынды) көрермендер залы алынған. Ғимарат алдына 1981 ж. М.Әуезов ескерткіші (мүсіншісі Е.А.Сергебаев, ҚазКСР Мемл. сыйл., 1982) орнатылды. Театр Еңбек Қызыл Ту (1946), “Халықтар достығы” (1976) ордендерімен марапатталған.

К. Нұрпейісов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 
Пікірлер
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus

Іс-әрекеттер
Рейтинг
 
0 дауыс
Бөлісу