Ғаламтор жұлдызы – Айнұр Әмірәлі

20.04.2017

Айнұр «youtube» арнасына кавер нұсқалы әндермен қатар, авторлық туындыларын да ұсынып, көпшіліктің көзайымына айналды. Оның қос арнасына жазылушылар саны 10 мыңға таяу. Айнұр алғашында гитарамен орындаған әндерді Оспанова тегімен жүктеп, миллионнан аса қаралымға қол жеткізіп жүрді. Оның әндеріне ғашық болған тыңдармандар өз ақ тілектерін жаудырып, үлкен сахналардан көргісі келетіндерін жиі жазды. Нәзік даусы, әсем әндерімен ғаламтордың жұлдызына айналған Айнұрмен тілдесудің сәті түскен еді.

 – Айнұр, қай өңірдің тумасысыз? Қазіргі уақытта немен шұғылданып жүрсіз?

 – Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келгенмін. Осы ауданның мәдениет орталығында жұмыс жасаймын.

 – Гитарамен ән айтуды қашан бастадыңыз?

 – Бала кезімнен әнге құмар боп өстім. Сол бала шақтарда гитарада ойнай алатынмын. Ән де жазамын, сол әнге сөзін де өзім жазған кездер болды.

 – Бір хабарласқанымда "концерттен шығып едім" деп қалдыңыз, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрсіз бе?

 – Үлкен сахналарға әлі шыға қоймадым. Әзірге ауылдық жерлерде кішігірім концерт өткізіп жүрмін. Ауылдық өңірлерге жүрегімнен жарып шыққан әндерімді насихаттағым келеді. Өзімнің Қазалымның біраз ауылдарына концерт бердім, енді Арал, Шиелі аудандарын араламақпын.

 – Авторлық әндеріңізді де ютубтан көргеніміз бар. Қазір шығармашылығыңыз қалай өрбіп жатыр?

 – Өте жақсы. Жақында осы авторлық әндерімнің басын қосып, ірі қалаларда концерт өткізбек жоспарым бар.

 – Қай қалаларда өткізбексіз?

 – Ақтау, Атырау, Ақтөбедегі тыңдармандарым концерт беруімді өтініп жүр. Мамыр, маусым айларында осы батыс қалаларын араламақпын. Ол концерттерде тек авторлық әндерімді орындаймын.

 – Бүгінге дейін қанша авторлық ән жаздыңыз?

 – 10-15 әнімді жинақтап жатырмын. Алла қаласа, ән сайттарынан Мр3 нұсқасын тыңдап, жүктей аласыздар. Әндерімнің ішінде кеңінен таралып жатқаны «Мен енді қатты адаммын» әні. Сөзі де, әні де өзімдікі.

 – Музыкалық біліміңіз бар ма?

 – Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық коледждің фортепиано бөлімін тәмәмдағам. Әншілік бағытта білім алмағанмын. 

 – Сіздің шығармашалығыңыздың өрбуіне ютубтың қаншалықты әсері болды?

 – Әншілікке бет бұрамын деп мүлде ойламағам. Ютуб маған екінші дем сыйлады. Бір видеодан соң сұраныс көбейе түсті. Тыңдармандар Мр3 нұсқасын естігіміз келеді деген тілектерін жолдап жатты. Міне, солардың сұранысы, қолдауы шабыт беріп, алға жетелеп жатыр.

 – Ютубта Оспанова және Әмірәлі деген қос текпен жүрсіз...

 – Алғашында Оспанова деп жүктей бастадым. Әмірәлі деген әкемнің есімі. Жақында марқұм болған әкемнің аты өшпесін деген оймен осы текке ауыстым.

 – Жеке өміріңіз жайлы білгіміз келеді...

 – Жеке өмірім құпия қалса екен...

 – Шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!

 – Рахмет!

Тағы да оқитындарыңыз