Ұлтын ойлаған ұлы ақын 

Абай - қоғам қайраткері

Абай туғанда қазақ елі отарлау саясатының құрған торының ішіне молынан байланғаны шындық. Халық жүз-жүзге бөлініп жүзі күйіп, ру-руға бой тасалап адамдығын төмендетіп жатқан кез. «Абайдың қоғам қайраткерлігі ерте оянған-ау» деп іштей күбірлеп, «Апырмай, ұлы адамның ақындығына кінәрат келтірген жоқпын ба?» – деп терең ойға шомғаным бар. Абайдың өлең сөздің патшасына тереңінен қол созып, соған ақылдың кенішіндей сіңісуін, данышпан атануын ешкім жоққа шығара алмас. Бауыржан Момышұлының «Ұлы стратек» деп қолын шошайтуы сондықтан шығар. Әкесі Құнанбай, ел билеуде ұстаған жолы, қағидасы болған. Үнемі құран жолына бет бұрып отырған және халқының салт-санасы, әруақ жолы оның ойынан тыс қалмаған. Осыларды жүзеге асыру үшін қаталдыққа да, тәртіптің көпшілікке жақсы ықпалы болуына да көңіл аударған. Осы ойдың шешімі қиын түйіндеріне Абайды араластыруы ертерек басталған.

Абай он сегіз жыл билікке араласқан. Соның он екі жылында болыс болып, қалған алты жылында билік айтқан. Мұның өзі қоғам қайраткерінің үлесіне тиетін сыбаға. Бас-басына би болып жүрген өңкей қиқымның ойын түзеп, бойына ықтиярлы ел билігін орнатуға, әділет жолымен жүруге ықпал еткен, құдайшылық шындық пен ғылымның таусылмас нұрлы жолы екенін ертерек болжаған. Қайраткерлік жолдан адаспас үшін, аузына мына сөзді ғарыштан келген бір сәуле нұрландырған сияқты:

Әркімді заман сүйрейді,

Заманды кім билейді?

Заманға жаман күйлейді,

Заман оны илейді.

Бұл Абайдың қайраткерлік жолындағы ұлы тіреуіші десе де болады. Осы өлеңнің әсері мен мән-мағынасының тереңдігін әлі түсініп болмаған сияқтымыз.

Сол кездің өзінде-ақ, ел билеушілерінің көбі кішігірім болыстар орыстың отаршыл саясатын түйсініп, түсінбей, өзіне қабылдап соған қызмет еткенін неге жасырамыз? Тіпті кеңес өкіметінің кезінде де, осыған шын берілген қайраткерлер, ақындар, жазушылар, жұмысшылар, шаруалар болғанын ешбір тарих өшіріп тастай алмайды. Оларды кінәла немесе кінәлама, бұл тағдыр, өмірдің қозғалысы, табиғаттың ұлы тартылыс күші сияқты, адамдарды өзіне әсерімен тартып ұйымдастырады. Кейде билік басындағылар кеудемсоқ дақпырт пен атақтың кесірінен бөлшектеніп, біріне-бірі сатқындық жасап, бағын тайдырып, басын талайға салатын да кезі де болады. Мұны Абай ерте байқаған, байқаған сайын мұның түп негізіне көз жүгіртіп, ертерек бойын аулақ салған. Сондықтан өлеңге кейінгі үш жолды енгізіп, тәубаға келуге қайраткерлік жасап, оның барлық қиыншылықтарын басынан өткізеді. Осының бәрін өлеңнің алтын сымына іліп, терең ойдың сырын жұртқа жеткізудің жолын іздеді.

Абайдың мені қайта-қайта ойландыратын мына сөзін әркім әр саққа жүгіртіп, бүгінгі өмірдің шындығымен өлшеуге ұмтылады: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек ...Екінші ол адам есепсіз бай болуы керек». Осыны бүкіл ақындық айтқыштығына, адами арлы талабына қарсы қоюға бола ма? Өз елін жақсы көретін орта ойлы қазақ та, демократ та, жәй қарапайым халықта іргесі берік, өз патшасы бар, жарлығы, билігі болған мемлекетті кім қаламаған. Барлық алдыңғы қатарлы елдерде осы үрдіспен өз іргесін нықтап, сонан соң дамудың әртүрлі толқындарында күн кешкен.

Демократиялық үрдіс бірден елге өкпе-назсыз, қырып-жоюсыз келе қалмағаны әркімге аян. Ендеше бақ пен сорға тап болудың ең алғашқы көрінісі мемлекеттің өз билігінің өзінде болуы емес пе?

Қарапайым адам ретінде Абайдың бұл мақсат пен мүддеге барар жолды қайраткер ретінде дұрыс таңдауы. Отаршылдар халықты жүз-жүзге, ру-руға бөліп, итше таластырып, мансапқа ұмтылуда күшін сарқып, төбелесіп, ұрыссып жатқан елге билік жүргізудің сайқал саясатын сұлу әйел ғып көрсетіп, жұртты қызықтырып қойғаны кімге болса да аян. Ақынның – биік мансап, биік жартас, оның басына екпіндеп ұшып қыран да шығады, ақырын өрмелеп жылан да шығады – деген өлеңі осы қырсыққан тартыс пен тобырдың жәй таба алмай, толқуынан, өрескелдіктің орын алуынан кейін туған шығар.

Оразбайдың Абайға қамшы сілтеуі осы ойдың бәлесі. Менің таң қалатыным, Оразбайды алдына жығып, айыппұл салғанда, осыған Абайдың «Біреу ит болып мені қапты екен – деп, менде оны қаппағым, ол да иттік» деуі, оның мәртебесі жоғары қайраткер екенін көрсетеді. Абай өлгенде Оразбайдың өкіріп тұрып жылауы қайраткердің терең ақыл иесі ретінде ой салуы деп білеміз.

Билік иесінің асқан бай болуын қалауы Абайдың ойы ғана емес, тіршіліктің мәні. Биікке жеткендерін де, одан кеткендердің бай болғаны өмірден көруге болады. Марксизм-ленинизм жеке адамдардың байлығын, қанау, зорлықты елдің ең жаман жоралғысы деп бағалады. Бірақ өкімет басына келген барлығы да байып шықты, қазіргі биікте жүргендердің көбісі сол шенеуніктердің баласы, туысы, жерлесі. Кімнің басында болса да байлық ел ырысы, халық үшін қызмет ететінін түсінгенше талай адамның басы кесіліп кетті.

Капитализмнің артықшылығы сол, өзі туралы айтылған қатал сын мен ескертпелерді ауыр қабылдаса да оны айтқан алдыңғы қатарлы адамдарды жойып жіберген жоқ, сол сыннан қорытынды шығарудың жолын іздеді және мұның жеңіл болмағаны да аян.

Ал социалистік қоғамның билеушілері бұған керісінше әрекет қылды, жойды, құртты, қазақтың алдыңғы қатарлы өкілдерінің дауысын жер астына тыққысы келді. Сайқал саясаттың сырына қанықпай, жақтаушы болып, бірімізді біріміз құртқанымызды неге жасырамыз? Осы кезде «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» - деген Абай сөзі Нұрсұлтан Әбішұлының аузына түсіп, қайта түрленіп шыға келді. Қайраткер қайраткерді әріден зерделеген ойға шомдырғаны. Қайраткерлердің аузына ақын-жазушылардың сөзінің түсуі, халықтың мақсат-мүддесіне елге қызмет қылуды тез түсінуіне мүмкіндік беретінін бәріміз білеміз.

Кейбіреуі тірісінде, кейбіреуі өлісінде ащы таяқ – ащы сөзге тап болып жүргенін білеміз. Соның көбісі өз етіне тиген таяқты Абайша шеше алмайтыны әмбеге аян. Саясатқа, мақсат-мүддеге қарсы шыққандарды Кеңес Одағында қалай жазалағанды көріп өстік. Сол қоғамның ең демократиялық, ең зайырлы, ең халықтық деп түсіндірілуі біздің де миымызды жаулап алғанын қайтеміз. Орыстандыру саясатының сайқалдығынан күні бүгінге дейін тілімізді түзей алмай жүрміз. Осы саясатты жүзеге асыруда кеңестің қайраткері Абайдың орысша оқы деген сөзін пайдаланды. Оның түпкі нәтижесінде не болу керек деген Абай қорытындысын алып тастап, бастапқы өздерінің жандарына жағатын нұсқасын жарнамалап отырды. Абайға сенетін халықты саясат қалай пайдаланғанын көріп қойыңыз. Саясат пен ғылым екі нәрсе болғанымен, біздің уақытымызда ғылым саясатқа қызмет етті. Ғылыми қорғалған жұмыстардың барлығын алып қарасаңыз, сол еңбектің үштен бірі, кейде үштен екісі саясатты мақтаумен күн кешеді. Сондықтан, жеке дара тұрған ғылым да, саясат та жоқ. Ең жақсысы саясат ғылымға қызмет етсе қандай жақсы болар еді. Абай қайраткерлегінің негізінде осы жатыр.

Абайға қиын түйін тап келді. Осы түйінді асыл оймен бағдарлап, қара сөздермен қалтқысыз қарап бейнеледі. Билікке араласты да кетті. Халықты түземек болды, ұрлық-қарлықты тыймақшы болып, теңсіздікке тереңірек үңілді. Күрес жолдарын поэзияның алтын тұғырына қондырып, ертеден қисса, дастан жаттап өскен қазаққа жаңаша әсер еткісі келді. Бірақ, ойшылдыққа құрылған, бұрынғы өлең дәстүрлерінен мазмұны да, ойы да, түпкі мақсатыда танымға жеңіл болмайтынын білген Абай алғашқыда өлеңді Көкбайдың атымен беруі қайраткерлік көрегендігі еді. Ортасына, маңайына өлең әсерінің тез қаулап өсуі, елін өрге сүйреген ақынның ашуы мен қуанышының, қайғысы мен жұбанышының тірегі болды.

Сенім болмаған жерде бірлік жоқ, бірліксіз тіршіліктің барлығы жеңіліске ұшырайтындығы әркімге аян. Жетпіс мың әскері бар қалмақтан қазақтың жүз мың әскер жеңілсе, бұл ауызбірліктің жоқтығы, мақсат пен мүддені жүзеге асыру үшін бірлесіп күресуге жетілмегендігіміз.

– Қайран сөзім қор болды-ау, тобықтының езіне, – десе, бұл Абайдың руын жек көруден шыққан ұғымы емес, рудан, тайпадан, жүзден жоғары тұруға ұмтылған қайраткерлігінен туған ой. Осы мәселені жиі қозғай беретініміз ертеден бар, қазірде орын алып отырған кемшілік.

Қызмет бабымен өзінің айналасына өзінің жүздесін, тайпаласын, руласын жинау, ең мықты деген қайраткерлердің де бойында болған кемшілік. Қазір білімі, іскерлігі мен икемділігі артықтарды, нарық заңын жақсы біліп, халыққа, мемлекетке пайдалы жастарды қолдауымыз дұрыс, бұл барлық жерде бірдей емес. Біз тобырлықтан құтылып келеміз, іскер басшыны да, қосшыны да танитын дәрежеде жеңіп келеміз. Білім жоқ жерде тобырлық ұйымдасу барлық істі кері кетіреді. Сондықтан Абай «Көп айтса болды, жұрт айтса көнді – әдеті надан адамның» деп кейбір топсымақтардың жалған ұранға бірігуін меңзесе керек.

Абай билікке араласқан. Ол кезде дауға билік айтудың өзіндік жолы болған. Билік айтушыны дауласушы жақтар өздері таңдап, өздері жүгінген. Олардың айтқан билігі басқа ешкімге  шағымдануға жатпаған.

Абайдың болыс болуына да, билік айтуына да халықтың өзі қалау жасаған, өзі ұсыныс жасаған. Біз өзіміздің Ұлы билеріміздің әділдікпен айтқан биліктерінің шындық жағында екені түсініп білдік. Сондықтан, оларды ел билеушілері және халықтың қамқоршысы, қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріп жүрміз. Ендеше көкірегі ашық, шындықты жақсы көретін, мейірім мен рахымшылықты жоғары бағалайтын Абайдың осы қатардан көрінуі заңды. Абайдың ақ жолдан таймағаны ел арасында аңызға айналған.

Қарапайым халықтың, үлкен-кішінің, қайраткерлер мен ғалымдардың, журналистер мен жазушылардың аузына жиі түсетін Абай өлеңдері мен қара сөздері әрбір қоғамның алға басқан қадамына тиянақты тұжырым, істің мәнісін тез түсінуге мүмкіндік беретін адами аян дәрежесіне жеткен. Мұның өзі ақын қайраткерлігінің күшін көрсетсе керек. Қазіргі жедел дамуымыздың кезегінде де Абай сөздерінің қолданыста болуы, қайраткерлік дәрежесінің көз алдымыздағы тұлғалық қалпын көрсетсе керек.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер