Перизат Кәрімқұл
Онлайн оқу: тегін білім беретін платформалар
Іздеу жүйесіне не тересіз? "Тегін білім" әлде "тегін фильм"...
МООС (Massive оpen оnline сourse) - қашықтықтан білім алу саласына революция әкелген термин. Бұған дейін ғылым мен білім адамзатқа мұнша жақын болмаған шығар, сірә. Кез келген елдің кез келген тұрғыны кез келген уақытта шетел аспай, көп қаражат жұмсамай-ақ әлемнің үздік университеттерінің профессорларынан сабақ ала алады. Сондықтан да онлайн білімнің мүмкіндігін цифрлы дәуірдің ең үлкен жемісінің бірі десе артық болмас. Назарларыңызға тегін білім беретін үздік онлайн платформалар жайлы материалды ұсынамыз.
Қазақ тілді платформа
Әзірге Қазақстанда онлайн білім беретін бір ғана платформа бар. Ол - бір жыл бұрын ашылған Қазақстанның ашық университеті. Математика, физика, философия, web-бағдарламалау және басқа да салалар бойынша сабақтар ұсынатын платформадағы контенттің 80 %-ы қазақ тілінде. Курс саны аз демесеңіз, сапасына сын келтірмеуге болады. Сізге дәріс оқитын Қазақ-Британ техникалық университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты еліміздің үздік оқу орындарының оқытушылары. Сонымен қатар ІТ саласындағы белгілі кәсіпкер Арман Сүлейменов сияқты білікті мамандардан сабақ ала аласыз.
1 000 +

Студенттер саны
10

Курс саны
5

Университеттер саны


Сондай-ақ ашық университеттен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында іске асқан "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық" жобасы бойынша аударылған кітаптарды таба аласыз. Ең бастысы - курстар мен кітаптардың барлығы тегін, платформаға тіркелу жеткілікті.
Ағылшын тілді платформалар
The New York Times 2012 жылды MOOC жылы дейді. Оған себеп, төменде ұсынылған әлем бойынша үздік онлайн платформалар өз жұмысын дәл осы жылы бастаған.
Coursera-ның негізін қалаған Стэнфорд университетінің профессорлары Дафна Коллер мен Эндрю Ын. Олардың өз білімдерімен бөлісу мақсатында құрған жобалары бүгінгі күні әлемдегі онлайн білім беретін үлкен платформалардың көшін бастайды.
Coursera қызығушылығыңызға қарай техникалық саладан гуманитарлық ғылымдарға дейінгі алуан түрлі курстар ұсынады. Курстардың көбі тегін, ал курсты аяқтағаныңызды растайтын сертификатты сатып алғыңыз келсе, 40-150 аралығында "АҚШ теңгесін" төлейсіз.
33 000 000 +

Студенттер саны
2 700 +

Курс саны
150 +

Университеттер саны

Coursera-ның басқа онлайн білім беру платформаларынан ерекшелігі аккредитацияланған университеттерден онлайн түрде магистр дәрежесін алуға болады. Мысалы, мұхит аспай-ақ Илон Маск білім алған Пенсильвания университетің магистранты атана аласыз. (бірақ магистратура ақылы - 25 мың доллар). Егер мүлде басқа салаға ауысқыңыз келіп жүрсе, Coursera Сізге ол мүмкіндікті береді.
Платформаның Android және iOS нұсқасы бар.
Массачусет технологиялық университеті мен Гарвард университетінің бірігіп жасаған edX жобасында қазір әлемнің үздік профессорларының лекциялары бар. Платформа білімнің барлық адамға қолжетімді болуымен қатар, сапасына үлкен мән береді.
Сіз бұл жерде өзіңізді қызықтырған сала жайлы негізгі білімді тегін ала аласыз. Егер курсты ұсынған университеттің мөрі басылған сертификатты алғыңыз келсе (мысалы, Гарвард, Оксфорд), ол ақылы (49 доллар).
14 000 000 +

Студенттер саны
1 800 +

Курс саны
120 +

Университеттер саны
Ал кәсіби курстардың көбі ақылы. Мысалы Гарвард университеті ұсынған Дата ғылымы жайлы курста Сізге бұл саланы бүге-шүгесіне дейін түсіндіреді, жұмыс жасайтын бағдарламарды үйретіп, зерттеу жұмысыңызды жүргізуге көмектеседі (құны - 491 доллар). Сондай-ақ белгілі компаниялар ұсынған курстарға қатысса аласыз. Мысалы, 990 долларға Microsoft-тың жасанды интеллект жайлы 10 курстан тұратын кәсіби бағдарламасын сатып алуыңызға болады.
Платформаның Android және iOS нұсқасы бар.
Интернет арқылы білім беруді дамытуға Udacity-дің негізін қалаушы Себастян Тронның қосқан үлесі жайлы естіген боларсыз. Тіпті кейде оны онлайн білімнің "өкіл әкесі" деп атап жатады. Udacity алғашында басқа платформалар сияқты университеттік білім беруді көздеген еді. Бірақ уақыт өте келе тек кәсіби курстар ұсынатын болды. Платформада нанодеңгейдегі курстардан басқасының бәрі тегін, тек сертификат алғыңыз келсе қосымша ақы төлейсіз. Дәрістердің бәрі дерлік жаңа технологиялар саласын қамтиды.
8 000 000 +

Студенттер саны
200 +

Курс саны
50 +

Серіктестер саны

Жоғарыда атап өткендей, платформада тегін және ақылы "nanodegreе" курстары (990 доллардан бастап) бар. Соңғысы өз саласында мықты болғысы келетін кәсіби деңгейге ие адамдарға арналған. Сондықтан, егер Сіз "өмір бақи студент" категориясына жатсаңыз, өз салаңызды тереңірек зерттеп, Google, Amazon сияқты "алыптардың" жетекші мамандарынан сабақ алғыңыз келсе, онда бұл таптырмас платформа.
Android және iOS нұсқасы бар.
Орыс тілді платформалар
Лекториум орыс тілінде тегін контент ұсынатын ең үлкен жобалардың бірі. Одан бөлек платформаның жеке баспасы мен оқу орталығы бар. Курстар іскерлік қырды дамытудан бастап робот жасауға дейінгі дәрістерді қамтиды.
105 000 +

Студенттер саны
50 +

Курс саны
100 +

Серіктестер саны


Сондай-ақ Лекториумның онлайн-мұрағаты бар. Ол жерден Сіз ең үздік орыс тілді лекторлардың 4000-нан аса дәрісін таба аласыз.
Тағы бір қызықты ақпарат, платформаның негізін салған Яков Сомовтың жоғары білімі жоқ екен. Университетті орта жолдан тастап кеткен ол онлайн жобалардың жоғары оқу орындарына қарағанда берері көп екеніне сенеді.
1 500 000 +

Студенттер саны
150 +

Курс саны
50 +

Серіктестер саны
Универсариум Ресейдің үздік университеттерін біріктірген платформа. Мұнда Ломоносов Мәскеу гуманитарлық университетінен бастап Орыс шахмат федерациясының курстары ұсынылған. Жоба Ресей азаматтарына бағытталып жасалса да, қызықты курстар аз емес. Мысалы, өз киноңызды қалай түсіруге болатыны жайлы кеңестер мен авиация жайлы ашық лекцияларды тыңдай аласыз.



Универсариумның басқа онлайн білім беретін платформалардан артықшылығы бар деп айта алмаймыз, бірақ ағылшын тілін жетік білмейтін болсаңыз Сізге көмегі тиері сөзсіз. Тіркелу тегін.
Arzamas онлайн білім беру платформаларының қатарына жатпаса да, бұл жобаны гуманитарлардың "жұмағы" деуге болады. Бұл жерден Сіз өнер, тарих, әдебиет және мәдениет тақырыбындағы сан алуан курстарды таба аласыз. Сондай-ақ "Миядзакидің туындыларын қалай тамашалау керек?", "Гарри Поттерді қалай оқыған дұрыс?" сияқты қызықты нұсқаушы материалдармен танысуыңызға болады.



Дәрістермен қатар, платформа Сізге онлайн-журнал, ликбез және аудио-подкаст түрінде контенттер ұсынады. Radio Arzamas-тың Android және iOS нұсқасы бар.