Мектеп жаңа оқу жылына дайын ба?

Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектебінің директоры Базыл Жангелді Сағынтайұлымен сұхбат

Жаңа оқу жылы басталып, еліміздің білім ұяларында күміс қоңыраудың үні сыңғырлады.  «Еl.kz» порталы Астананың  Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектебіне барып, ұрпақ тәрбиелеуді ұлы іс деп білетін мектеп директоры Базыл Жангелді Сағынтайұлымен сұхбаттасып қайтты.

- Жангелді Сағынтайұлы,  жаңа оқу жылына дайындық қалай?

- Мектебіміз дайын. Тамыз айының соңында құрамында қамқоршылық кеңесінің ата-аналары, төтенше жағдайлар мен СЭС мамандары бар белсенді топ келіп, мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп кетті. Мектебімізде 2000-нан аса бала оқиды, биыл 231 бала мектеп табалдырығын аттады, әлі де келушілерді қабылдап жатырмыз.

Түрлі пән олимпиадаларында жақсы нәтиже көрсетіп, сапалы білім беретін, өз дәстүрі бар таза қазақ мектебі болғандықтан, ата-аналар балаларын біздің мектепке беруді қалайды. Мысалы, биыл мектебімізді бітірген  45 баланың бәрі жоғары оқу орнына түсіп, оның 60 пайыздан астамы мемлекеттік грант жеңіп алды. Бала санының жыл санап артуына байланысты 2019 жылы мектебімізде 600 балаға арналған қосымша ғимарат салынады. Бұл – екі ауысыммен жұмыс істеуімізге мүмкіндік береді.

- Қазіргі атңда ұстаздар тек білім ғана емес, тәрбие беру функциясын орындап жүр. Рухани тәрбие беру жағы қалай?

- Мектептегі бала тәрбиесі ең алдымен, сабақта басталады, тағы баланың жан-жақты дамуына арналған қосымша курстарымыз да бар. Әлкей Марғұлантану курсы, Абайтану курсы баланың рухани азығының көзі деп білемін.  Абайдың қара сөздерінің өзі – тұнып тұрған тәрбие.  Биыл жаңадан өлкетану курсы ашылып жатыр.  

- Осы тұста «мектеп-бала-ата-ана үштігінің» ынтымақтастығына қаншалықты көңіл бөлесіздер?

- Біздің ата-аналарымыз мектеп өміріне белсенді араласады. Өрісі кең ұрпақты тәрбиелеп шығаруда мектеп пен ата-ананың жұмылдырылған күші қажет. Біз ата-аналарымызға арналған жиындарды ерекше етіп өткіземіз. Ата-аналарға баланың жас ерекшелігі, психологиялық-педагогикалық сұрыптан өткен тақырыптар алдын-ала таңдалып хабарландырылады. Олар өздері біраз  ізденіп келіп, мектепте пікір таластырып, жиналысты коучинг ретінде өткіземіз.  Сонымен қатар, баланың ата-аналарымен бірге қатысатын байқаулары да жиі ұйымдастырылады.  Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы қамқоршылық кеңестің жұмысы қайта жанданбақ. Бұл кеңесте ата-аналардан бөлек, бизнес, қоғамдық ұйым өкілдері болады. Кеңестің белсенді жұмысы мектеп өміріне жағымды жаңа өзгерістер әкеледі деп сенемін.

- Білім беру жүйесіне қатысты көптеп сын-пікірлер айтылуда. Маман ретінде қай білім жүйесін ұтымдырақ санайсыз, кеңестік кезеңде қалыптасқан ба, қазіргі ме?

- Мен қазіргі ж.йе әлдеқайда ұтымды деп санаймын. Өйткені қазір бізге өз бетімізбен шешім қабылдауға, ұстаздың еңбегін жекелей бағалап, ақысын төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Жалпы, қазір білім басқармасының ұстанымы – мектептерге көбірек бостандық беру. Өйткені мектеп тірі жан сияқты: өзінің талаптары, қажеттіліктері, мақсаттары, ерекшеліктері бар. Оны мектеп ұжымынан артық ешкім білмейді де, сезінбейді. Сондықтан мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы,   көптеген сұрақта тиімді жолды таңдау мүмкіндігі мектептің өзіне беріліп отыр. Меніңше, бұл – өте дұрыс қадам.

- Латын әліпбиіне көшуге алдымен мұғалімдерді дайындау керек екені белгілі. Дайындық басталды ма?

- Біздің мектеп латын әліпбиіне  көшу жобасына кіріп тұр. Мұғалімдер әліпбимен танысып, дайындық курстарынан өтіп жатыр. Жақында компьютердің клавиатурасының 5 нұсқасы ұсынылып, қоғаммен шешіліп жатқан мәселе болғандықтан, біздің ұжым өз таңдауын жасап, өз пікірімізді білдірдік. Латын әліпбиіне көшу – еліміздің түркі және жаһандық әлеммен  ықпалдасуына, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет. Таусылмас шабыт пен білімді шәкірттерді көптеп тілейміз.

 

Сұхбаттасқан Ақбота Садубаева

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер