Қисынға келмейтін жәдігерлер

Археология жәдігерлері тарих емес, болашақ құпиясын меңзесе...

Адам миы кез келген құбылысты өз тәжірибесінің тезінен өткізіп қабылдауға дағдыланған. Бізге сызықтық жүйенің бойымен ойлау оңтайлы. Мысалы, уақытты алайық. Осыдан жүз мың жыл бұрынғы адамды елестет десе, міндетті түрде - жүн басқан, маңдайы еңіс, өзі имек мақұлықты елестете саламыз. Автомобильдің бір кездерде арба болғанын да аңғарамыз. Бірақ кейде археология осындай қасаң санамыз үшін түрлі сюрприздер жасап тұрады. Сондай тарихи тарихи жәдігерлердің бірерін шолып шықсақ.

 

Бағдад аккумуляторы.

Кәдімгі батарейдің құрылысын білетін шығарсыз. Ең болмаса мектептегі физика курсынан таныс боларсыз. Гальвани, кейін Вольта ғұламалар оларды XIX ғасырда жасады деп айтылады.

Алайда 1936 жылы австриялық ғалым Уиллиам Киениг Бағдад қаласында мына бір қызық ыдысты қолға түсірді:


©iraqicivilsociety.org

Жәдігердің көлденең қимасына назар аударыңыз:

©pinterest.com

Онда мыс жапырақша темір өзекшені қоршай орналасқан. Төбесі шайырмен бекітілген. Қарап тұрсақ, бұған тек лимон, не бөтен қышқылды құйып жіберу ғана қалып тұр. Батарей болып шыға келеді!

1999 жылы солай болды да. Массачуссетс университетінің физигі Бағдад аккумуляторының дәл көшірмесін жасап, оған қышқыл құйғанда, кернеуі 1 вольт болатын ток тіркелген.

Біз білетін батарейдің алғашқы нұсқасы XIX ғасырдың басында жасалса, Бағдад батарейінің жасы шамамен - б.з.д. 640 жылдар. Сонда жәдігеріміз шамамен 2 000 жылдан астам уақыт бұрын жасалған болып шығады!

Оны ежелгі дүниеде неге пайдаланған болуы мүмкін? Ғалымдар мен әуесқойлар оны - бұйымдарды алтын не күміс жалату үшін қолданған дейді. Себебі сол заманның бұйымдарындағы өте жұқа алтын-күміс қабаттар электролиз әдісінің болғанына меңзейді.

Бұған қоса, ежелгі ғимараттардағы келесі жәйт те бар. Мысалы, Мысыр пирамидаларының ішіндегі суреттер мен иероглиф жазбалардың қандай сәнді екенін білесіз. Оларды қараңғыда от жағып тұрып салды дейін десек, төбеде я қабырғаларда күйенің, ыстың ізі жоқ! Электр шамының жарығымен салған емес пе екен?

Ертедегілердің ебіне біржола сүйсініп кетуге тағы болмайды. Себебі скептиктердің де салмақты пікірі бар. Алтын мен күміс жалату үшін амальгама әдісі (алтынды сынапта еріту)  ертеден белгілі дейді олар. Ал пирамидаларда оттың күйесі болмауы - ондағы тастарға суреттерді алдын ала салып барып қалаған дейді. Ал мынадай ыдыста папирустар сақталған екен олардың айтуынша.

...Бірақ батарейдің құрылысына қатты ұқсап тұр емес пе, айтыңызшы?!

 

Делидегі темір баған.

«Құтыб мұнарасы» деп аталатын бұл темір баған үнді астанасының шетінде орналасқан. Жеті метрлік бұл баған әлемге - 16 ғасыр бойы тұрса да тот баспағанымен әйгілі:


©mysteryofindia.com

 

Темірді ең болмаса тұрмыста көрген адам таң қалатындай іс. Коммуналды шаруашылық үйіп кеткен құбырлардан бастап, дос-жарандардың автосына дейін коррозиямен «дос». Мың алты жүз жыл тұрмақ, жыл жарымға жетпей шіритін темірді күнде көріп жүрміз. Антикоррозиялық қаптамалар заманымыздағы табысты бизнестің бірі. Ендеше Делидегі темір бағанды неғып тот баспайды?

Тылсым мен ғажайыпқа құштарлар бірден «таза темір» теориясын алға тартады. Қоспасы 0,12% артық болмайтын темірді космос жағдайында ғана алуға болатыны белгілі. Ендеше креационистер бағанның ғарышқа қатысы бар дейді. Таза темірден болғасын, тот баспайтын көрінеді-міс.

Дегенмен, скептиктер де бағанның ғажайып қасиетін түсіндіруде біраз табысқа жетті. Олар бағанның беткі қабатында фосфор көп дейді, ауамен әрекеттесуге кедергі келтіретін сол екен. Және бағанның бетінде оксид пленкасы қалыптасқан. Әрі бағанның түбін қазып қарағанда, ол жерін тот кеміре бастағаны анықталған. Аймақтағы басқа да темір бұйымдарды зерттеген ғалымдар, бұл бағанның шіру процесі осы жердегі басқа темірлердің шіру жылдамдығымен бірдей деп отыр.

Бірақ ежелгілердің таза темірді қалай алғанын ақыры ешкім түсіндірмеді...

 

Наска геоглифтері.

Перуден 1947 жылы аэрофото әдісі арқылы түсіріліп әкелінген бұл геоглифтер адамзатты  үндістердің мәдениетіне құрметпен қарауға үйретті. Жерге салынған аң-құстардың суреттері 50 шақырымдық алқапты алып жатыр. 30 шақты суреттер мен бірнеше мың белдеу сызық бар. Зерттеушілер мұны инк мәдениетінің жақұты деседі.


©outerplaces.com

Суреттердің ескі екеніне күмән жоқ, сол себепті де UNESCO-ға жалпыадамзаттық құндылық ретінде ресми тіркелген.

Бұл жәдігердің таң қалдыратын тұсы тіпті суреттер де емес. Асқан таланты әрі қиялы бар адам суретті төбеден қалай көрінетінін елестете отырып сала білді делік. Естеріңізде ме, бір кездері Қостанай облысындағы пентаграмма әлемді шулатқаны:


©vigilantcitizen.com

 

Алайда Наска геоглифінде сұмдық ғажайып жайт бар. Ондаы түзу сызықтар төбе-қырларды, сайлар мен өзендерді  еш қисаймастан кесіп өткен. Ал бұлайша тіпті заманауи технологиялардың өзімен, ең болмаса 6 минут (0,1 градус) ауытқымай сызып шығу МҮМКІН ЕМЕС! Ал биікте отырған біреу коррекция жасап отырды деуге - түзулер кесіп өткен жерлерде ешқандай биік жоқ.

Ғажап та, ғажайып та. Тіпті скептиктердің жарытымды жауабы жоқ жәдігерлердің бірі - осы.

 

Войничтің қолжазбасы.

Сараптама Қайта өрлеу дәуіріне тиесілі деп тапқан бұл қолжазба әлі күнге дейін лингвистерден бастап, криптографтарға дейін қинап келеді. Себебі қолжазба - белгісіз тілде жазылған!


©facsimilefinder.com

Мұны қалжың деуге болар еді. Бірақ орта ғасырларда қағаз бен қалам әзіл үшін тым қымбат дүниелер. Әрі түсініксіз қолжазбаның әлдебір ретпен жазылғаны, жазған адамның мәтінді түсініп отырып «тергені» көрініп тұр. Оның үстіне, қалжың үшін 242 бетті толтыруға  ең-ең әзілкештің де шыдамы жетпейтін болар.

Мәтіннің сыры осы күнге дейін шешілмеді. Арасындағы өсімдіктердің суретіне қарап, біреулер оны ботаникалық әлде дәрілік еңбек шығар дейді. Біреулер астрономия жөніндегі шығарма болар дейді. Қолжазба солдан оңға қарай жазылған дейді. Осымен бар мәлімет бітеді.

Тіпті Мысыр иероглифтері мен көк түркі жазбалары әшкере болған заманда осындай бір қызық болып тұр. Кім білген, сырын ашатын бір криптограф әлде лингвист біздің елде дүниеге келген шығар.

 

Саккара дискі.

1936 - жылы Мысырдың Саккара мекеніндегі қазба кезінде табылған бұл жәдігер де египтологтардан бастап, археологтарға дейін шытырман болып келеді.


©strangehistory.net

Бұл не? Ыдыс па? Жоқ. Тамақ құюға келмейтінін айқын көріп тұрсыз. Дөңгелектің нұсқасы ма? Жоқ. Дөңгелектер әлдеқашан белгілі еді. Мүмкін бірдеңелерді араластыруға арналған шығар? Қайдам. Қалақшалардан сол «бірдеңелердің» химиялық ізі табылмады. Ақыры сырын бүккен күйі қазір Каир музейінде тұр.

 

Кенсингтон рунасы.

Миннесота штатының (АҚШ) Кенсингтон қаласы маңынан 1898 жылы табылған тасқа қашалған жазба.


©kensingtonrunestone.us

Дүниеде руна аз ба дерсіз. Бірақ бұл руна - швед тілінде жазылған. Және жасы болжаммен - бес жүзде. Ал бұл - скандинавтардың Америкаға Колумбтан бұрын келгеніне меңзейді!

Руна тез-ақ шешіліп, тәржімаланды. Ол әлдебір саяхатшылардың хабары болып шықты. Дереу қызу пікірталастың нысанына айналды. Оның түпнұсқа екенін жақтайтын көбіне скандинав халықтарының өкілдері болды; онлағы кейбір сөздердің неологизм екеніне нұсқап, бұл тастағы жазбаны жасанды дегендер де көп болды.

Бұл жәдігердің қызық тұсы - оның физикалық және лингвистикалық қасиеттерінің қайшылығында. Айталық, тастың қисаю бұрышы - оның жасы бес жүзде екеніне нұсқаса, жан-жағында өскен талдардың жасы небәрі қырықта болып шықты.

Даудың нүктесі 1998 жылы қойылды. Тасты жаңа технологиялармен зерттеген геолог Скотт Уолтер оның жасанды екенін түбегейлі анықтады. Бірақ...

Бірақ тас табылған жердің байырғы халықтарында «бөгде адамдар» туралы аңыздар бар көрінеді...

 

Нимруд линзасы.

Адамдардан аспанға алғаш рет жабдықпен сығалағандардың бірі Галлилей XVII ғасырдың басында ғұмыр кешті. Линзаларды ойық қылып жасап, беттестіру арқылы алысты жақындатып көру идеясы сол кезеңнің ұлы жетістігі болып есептеледі.


©youtube.com

Алайда адамзат оптикадағы айтарын бағзы замандарда айтып тастаған болса керек. Қазіргі Ирак жеріндегі тарихи Нимруд қаласынан 1858 жылы табылған тау хрусталінен жасалған линза зерттеушілерді күмілжітті.

Себебі, қазіргі оптиканың барлық талаптарына сай қырналып, өңделген, 3 есе күшейту қабілеті бар бұл линза б.з.д. 750 жылдарда жасалған екен.

Бұл линзаның айналасында алып-қашпа әңгімелер жоқ. Археологтарды таң қалдырған күйі Лондон музейлерінің бірінде сақтаулы.

 

Топқапы картасы.

Түріктің 10 лиралық банкнотындағы картаға назар аударсақ. Тарихы тереңге кететін карта:


©3.bp.blogspotcom

Бұл карта 1929 жылы Топқапыда қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған. Таң қалатын тұсы - түрік адмиралы Пири-рейс бұл картаны Колумбтың саяхатынан кейін небәрі жиырма жылдан кейін жасаған. Солай бола тұра - бұл картада Оңтүстік және Солтүстік Америкалар, сонымен бірге - тек 1820 жылы ғана ашылған Антарктида да бар:


©youtube.com

 

Ғажайып мұнымен бітпейді.

 

1959 жылы ағылшын-швед экспедициясы Антарктида мұздығы жауып жатқан жердің бедерін анықтайды. Ендеше 1513 жылғы картада тіпті сол бедерге дейін дәл берілген!

Бұған қоса, Топқапы картасындағы дәлдік үшін - тригонометрияны жетік білу керек, ал Пири-рейстің заманында ол әлі жетілмеген болатын. Бұған қоса, бойлықты сонша дәл анықтауға - бірнеше ғасыр кейін шыққан хронограф, бұрыш өлшеуші сияқты жабдықтар қажет.

Түрлі жылдарда Топқапы картасының мәселесімен тарихшылардан бастап, тіпті АҚШ әскери және барлау қызметтері де айналысты. Жасалу құпиясы ашылса, тарих саласында төңкеріс жасайтыны сөзсіз.

#қызықты деректер #таным

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер