Әлемге танымал қазақ қыздары
Олар өнерімен, талантымен және іскерлігімен әлемді мойындатқандар. Өз елімізде емес, бірінші шетелде танымал болған қазақ қыздары жайлы не білеміз?
Гүлжан Молдажанова
Гүлжан Молдажанова 1966 жылы Алматы қаласында туған. Ол Ресейдегі жоғары жалақы алатын менеджерлердің қатарына кіреді. Оның жылдық еңбекақысы шамамен 7 млн долларға жетеді екен.
Гүлжанның есімін Forbes-тан бөлек америкалық Fortune журналы да екі рет әлемнің ең ықпалды 50 әйелінің тізіміне қосқан еді. Сол секілді Молдажанованың атын Wall Street Journal-дан да көруге болады. Оған ресейлік «Известия», «Финанс» және «Карьера» басылымдары «алюминий ханымы» деген ерекше атау берген. Көрші Ресейде осындай беделге ие болған Гүлжан Қазақстанда мұндай табысқа жете алмайтынын жасырған емес. 1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің асперантурасын үздік тәмамдаған Гүлжан сол оқу орнында кандидаттық диссертация корғауға шешім шығарады. Ол кезде Гүлжанның жасы 27 еді. Диссертациясын сәтті қорғаған соң, барлығын таң қалдырып жалақысы 200 доллар болатын олигарх Олег Дерипасканың иелігіндегі холдингте директордың хатшысы қызметіне орналасады. Гүлжан ол уақыты туралы «Forbes» журналына былайша сұхбат береді:
«Бірінші жұмыс күнімде компьютерден «Windows» бағдарламасын алғаш рет көрдім. Оқу орнында менің экранымда «Norton Commander» болатын. Алайда, қаріпті теру жылдамдығым керемет еді. Оның үстіне, ішкі телефондарды жатқа білетінім бар. Осылайша, екі жетіден соң, қаржы жөніндегі директордың көмекшісіне жетіп, қызметім өсті»
Гүлжан Молдажанова
Гүлжан Молдажанова табысқа жету жолында сәттіліктің маңызды рөл ойнағанын жасырмайды. Өзінің керек кезде, керек жерден табылатынын ылғи айтып жүреді.
«Ең үлкен мақтанышым деп қызым Алинаны айтар едім. Ал жұмыс бабында керемет дейтіндей бір үлкен жетістікке жеттім деуге тілім бармайды. Біздің жұмыс – бірнеше жылдың еңбегін ғана нақты көрсете алады. Бірден көзге көрінуі қиын» - дейді ол.


Сауле Рахмедова
Сәуле Рахмедова – әлемге танымал прима-балерина. Оның туған жері – Қарағанды облысы, Теміртау қаласы. Сәуле Мәскеу ұлттық театрында Сергей Радченконың жетекшілігімен жұмыс жасаған. Гастрольдік сапармен Ұлыбритания, Жапония, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде, АҚШ-та болған. Бір жылдай Германиядағы Гете институтында дәріс алады. Ал 1999 жылы мұхит асып, АҚШ-қа тұрақтайды. «New Jersey Ballet» балет құрамында бас балерина болып, бірнеше спектакльдің бас партиясында өнер көрсетеді. Оның ішінде «Жизель», «Аққулы көл», «Дон Кихот», «Ұйқыдағы ару», «Раймонда», «Баядерка», «Щелкунчик», «Ромео және Джульетта» және т.б қойылымдар бар. Америкада өткізген он жылынан соң, отанына оралып, жергілікті балаларды балерина өнеріне баулып, дәріс бере бастайды.
«Менің кәсібім әрқашан сырт келбетіңді жақсы ұстауды талап етеді. Балерина бала кезден өзіңді дамытып, өз денеңмен жұмыс істеуге үйретеді, содан соң бұл қалыпты нәрсеге айналады. Мен өмір бойы бір салмақты ұстап келем, тіпті сахнаға шықпасам да артық салмақтан өзімді қатты ыңғайсыз сезінемін» - дейді қазақ балет өнерінің жұлдызы Сәуле Рахмедова.

Сәуле Рахмедова 2016 жылы тұрмыс құрып, бүгінде бір баланың анасы атанып отыр.
«Баланы осындай жаста дүниеге әкелсең, өмір стиліңді біраз өзгертуге тура келеді. Мен әрқашан өзіме көңіл бөліп келген адаммын. Бос уақытым болса, тек өзіме арнайтынмын. Ал қазір артық сағатым бар ма, көз іліп алуға тырысам. Сосын, осы жайт 20 жасымда басымнан өткенде, оңайырақ болар ма еді деп ойлаймын. Барлығы өз уақытында болғаны дұрыс емес пе? Не десе де, осы бақытқа жеткенім үшін Аллаға шүкір. Уақыты маңызды емес».
Сәуле Рахмедова
Алтынай Асылмұратова
Алтынай Асылмұратова А.Ваганова атындағы Ленинград хореографиялық училищесін бітірген. 1978 жыл мен 2000 жылдың аралығында С.Киров атындағы Ленинград опера және балет театрының прима-балеринасы болып тер төгеді. Ол әлемнің мықты балеринасы ретінде бірнеше театрлармен (Ковент-Гарден, Гранд опера, Ла Скала, Ролан Петидің Марсель театры) келісімге отырып, керемет спектакльдерде өнер көрсетті. 1999-2013 жылдар аралығында Алтынай Асылмұратова Санкт-Петербор орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі қызметінде болды. Ол Ресейдің Халық әртісі, Достық орденінің кавалері, «Алтын софит» театр сыйлығы мен «Evening Standard» газеті ұйымдастырған ағылшын театры сыйлығының лауреаты.
Алтынайды әлем Жизель ретінде таниды. Иә, дәл солай. Ол өзінің осы Жизель арқылы жер жүзіне атым мәшһүр болады деп ойламаса керек. Бірақ, оны әлем осы рөлі арқылы таныды. Сол сияқты Алтынай – Аврора («Ұйқыдағы ару»), Одетта, Одиллия («Аққу көлі»), Зарема («Бақшасарай фонтаны»), Медораны («Корсар») өз нақышында орындай білді. Қазақ қызын әлемдік балет өнер шын жақсы көріп кеткен еді.

Бүгінде Алтынай Асылмұратова Қазақстанға оралып, Қазақ ұлттық хоеография академиясының ректоры болып отыр.

«Мен ректор болуға, не көркемдік жетекші болуға талпынған емеспін. Талпынатындай ештеңе жасағаным жоқ. Жаңа қызметке шақырғанда «неге көрмеске?» деген ой келді. Маған әртістермен жұмыс жасаған ұнайды, себебі оларға үйретерім бар. Бағыма орай, жақсы репетиторлар сабақ берген үздік балет мектебін аяқтадым, оған шетелдік мектептен өткен жақсы тәжірибемді қосыңыз. Басты мақсатым – жиған-терген тәжірибем мен білімімді жастарға беру, үйрету. Шәкірттерім жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатса, бойымды шаттық кернейді».
Алтынай Асылмұратова
Материалға пайдаланған деректер мен фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды.