Ұлттық сусын «Малтаны» брендке айналдырған кәсіпкер

«Малта» сусынын естуіңіз бар ма?

Кейде «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөз рас па деп қаласың. Шымкенттік «Applesin» компаниясының басшысы Нұрлан Құлымбетов «Малта» сусынын шығаруды қолға алды. Малта ұзақ сапарда адамға әрі сусын, әрі тамақ болған. Ұмытылып бара жатқан сусынды шығаруды бастаған кәсіпкермен сұхбаттасқан едік.

– «Малта» сусынын шығару идеясы қалай келді? Жұмысты қашан бастадыңыздар?

– Ауылда бала кезден бірге ойнап өскен Ербол досым екеуміз бірігіп, бір кәсіп түрімен айналысуды жөн көрдік. Бұған дейін мен бірнеше бизнес түрін қолға алып, өрге де шықтым, төмен қарай да құлдиладым. Мен мал немесе ауылшаруашылығынан кәсіп бастайық деймін. Ол жиһазбен айналысқысы келеді. Солай нақты бір шешімге келе алмай жүргенде досым «Мен не істеу керектігін білемін, үйге тезірек жет» деп қоңырау шалды. Сосын екеуміз ең жақсы қолдың құртын сатып алдық. Ол бала кезінде әжесінің бір сусын істеп беретінін айтып, дереу дайындауға кірісті. Дайын болғаннан кейін дәмін татып көріп ем, көзімнен от жарқ ете қалды. Бұрын-соңды аузыма татып алмаған дәм. «Бірден мынаны істеу керек қой» деген ой келді. Сөйтіп іске кірісіп кеттік. Досым цехтың ішкі жұмыстарына жауап береді. Ал сату, маркетинг, құжат сынды жұмыстар менің мойнымда. «Малтаның» шығып жатқанына енді бір ай болады. Нәтижеміз жаман емес.

– Сусынды шығаруға қажетті аппараттарды қайдан алдыңыздар?

– Негізі зауыттың әр аппараты кем дегенде 50 мың АҚШ доллары тұрады. Ал бізге төртеуі қажет болатын. Жұмысты енді бастаған біздерде ондай ақша қайдан болсын?! Сосын шығармашылық идеямызбен қажетті аппараттың барлығын қолмен құрастырып шықтық. Жартылай қолмен, жартылай автоматты түрде іске асырылады. Біздің сусын бес сүзгіден өтеді. Қолмен, көзбен бөлек тексеріледі. Кейбір адамдар қолмен жасалады дегенді естісе болды, біртүрлі сенімсіздікпен қарайды ғой. Туған інім Швецияның Стокгольм қаласында біраз тұрып, жақында елге оралды. Ол жақта керісінше қолмен жасалған өнімді сапалы деп санап, ерекше құрметпен қарайды. Цехта өзіміз ойлап тапқан аппараттар көп. Сондықтан әзірге коммерциялық құпия болғандықтан журналистердің ұсыныстарынан бас тартып жатырмыз. Цехымыз басқалардікінен кем емес. 10 адам жұмыспен қамтылды. Оларға қатаң қараймыз. Тазалыққа, ұқыптылыққа қатты мән береміз.

– Малтаның дәмі құртқа тікелей байланысты болатыны белгілі. Құртты қайдан аласыздар? Сырттан қабылдайсыздар ма?

– Жоқ, біз құрт қабылдамаймыз. Құртпен қамтамасыз ететін басқа адам бар. Бізге тікелей жеткізіп береді. Кәдімгі қолдың құрты. Өнім жасап жатқан кезде аппарат оны араластырып тұрады. Сол кезде бізде жұмыс істейтін әйелдер бетін ашып, біраз сары май сүзіп алады. Бұл – нағыз қолдың құрты екенінінің дәлелі. Сапасына ерекше мән береміз. Бүгін 10 тонна құрт керек десем, жеткізіп береді. Алғашқысы мен он мыңыншы құртының дәмін көрсеңіз, бірдей. Өзгермейді. Және біздің құпия рецептіміз бар. «Малта» сусынында ешқандай химиялық қоспа жоқ. 100 пайыз таза өнім. Зертханалық тексеруден өткенде нәтижесін көріп қуандым. Кей өнімдерде зиянды заттардың белгілі бір мөлшерде бар болуына рұқсат етіледі ғой, ал біздің сусында зиянды дүние 0 пайыз боп шықты. Бірақ, кейде бір дистрибьютор алып, ыстық жерде сақтап, кейін оны нарыққа шығарып жіберіп, адамдардан нашар пікір естуден қорқамын. Өйткені тұтынушының бір пікірге сеніп, беті қайтса, оның қайта оралуына кем дегенде алты ай уақыт керек. Біздер бір-бірімізден кемшілік іздегенді, аяқтан шалғанды жақсы көреміз ғой. Осы жағынан ғана қорқамын. Сол себепті дистрибьюторларды дайындауға шетелден білім алып келген інім кірісті. Ал сусынның сапасына 100 пайыз жауап бере аламыз.

«Малта» сусынының адам денсаулығына қандай да бір пайдасы бар ма? Адам неліктен басқа сусынды емес, «Малтаны» таңдау керек?

– Ата-бабаларымыз көп нәрсені біліп істеген ғой. Енді тек ғылыми дәлелдеу ғана қажет болып тұр. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін өзім де малтаны ішіп көрмеппін, атын да бұрын естімегенмін. Алдында бір әже «малта» деген жазуды оқыды да, немересіне «Малта деген – құрттың тас боп қатып қалған түрі. Соны жылы суға салып, езесің» деп үйретіп бара жаты. Үлкен кісілер болмаса, орта буын мен жастардың көбісі білмейді.

Сусынның сыртына «Ас болсын және ем болсын» деп жазуды жөн көрдік. Өйткені шынында да көп дертке ем екен. Ата-бабаларымыз осы арқылы іш жарасын емдеген. Асқазанның қыжылын басқан. Көп ата-ана балаларына калций жетпегеннен кейін 6-7 мың теңгеге дәрумен сатып алып береді. Оны балалар ішкісі келмейді. Ал «Малтаны» ішкізсе, көбірек пайдалы болары анық. Калций жетіспейтіндерге және спортпен айналысатын адамдарға  көмегі көп. Мұны өз өнімім болғандықтан мақтап жатқан жоқпын, айтқан сөзімнің растығын ата-бабаларымыздың тәжірибесі дәлелден. Біз тек ұлттық сусынымызды қайта жаңғыртып, еске түсіріп заманауи түрде шығара бастадық.

Қазір тұтынушылардың сұранысы қай деңгейде? Жақсы сатылып жатыр ма? Бағасы қандай?

– Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласына жіберіп жатырмыз. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары кезекте тұр. Астрахан мен Ташкентте де адамдар қызығушылық танытып отыр. Өзбектерде осыған ұқсас сусын болған екен. Қазір күніне 2 тонна шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл санды 6 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Қазір қолдағы бар дистрибьютормен дұрыс жұмыс істеуді үйреніп алуымыз керек. Бағасын дистрибьюторлар шешіп жатыр ғой. Бірақ дүкенде 330 теңгеден тұр деп естідім. Кейбіреулердің «қымбат» дегендерін де құлағым шалды. Бірақ онымен мүлдем келіспеймін. Өйткені құрт өте қымбат. Әсіресе қолдың құрты арзанға түспейді. Орташа құрттың өзі жүз теңге тұрады. Менің ойымша 3 құрт сатып алғанша бір литр «Малтаны» сатып алып ішкен дұрыс. Алты айға дейін жарамды.

– «Малта» шығаруға дейін де кәсібіңіздің болғанын айтып қалдыңыз. Кәсіпке қалай бет бұрдыңыз?

– Анамыз өмірбойы универмагта жұмыс істеген. 9-сыныпты бітіре салысымен мен де универмагқа жұмысқа кірдім. Қасында жүріп, сауданың қыр-сырын үйрендім. Кейін қалаға көшіп келдік. Анама базарда көмектестім. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін анам дүкенді жалға алып жұмыс істей бастады. Сол жерде сатушы болдым. Алғыр, епті, саудаға икемді едім. 17 жасымда үлкен-үлкен камаздардан заттар қабылдап, есептесіп, қойманың ісін жүргізіп жүрдім. 20 жасымда Тәуке хан даңғылының бойында диск сататын дүкен аштым. Студентпін. Ол сол кездегі компьютердің ең күшті – Пентиум-4-тің шыққан уақыты. Соны жинап саттым. Әйтеуір университетте оқып жүріп те, тыным таппайтынмын. Алғашқы кәсібім осылай басталды ғой.

Кәсіпкер Нұрлан Құлымбетов

– Сұхбаттың басында «төменге қарай құлдилаған» кезіңіздің де болғанын айттыңыз. Кейін аяққа қалай тұрдыңыз? Өзіңізді қалай жеңдіңіз?

– 2008 жылы оңбай банкрот болдым. Ол кезде сауда фирмам бар еді. Қалада үш грузовой машинам көтерме бағамен зат таситын. Маған қарыз адамдардың барлығы ақшасын қайтармай қойды. Бірнеше үй, жер, көлік алып қойған едім.  Бәрін сатып, кредиторларыма қайтарып бердім. Өзім нөл болып, астымда «Нексия» көлігі ғана қалды. Баспанасыз қалу әрі оған дейін қымбат көлік айдап үйренген маған өзбектің машинасына қанағат ету оңай тимеді. Көңіл-күйім түсіп, бір жылдай жұмыс істеуден қалдым. Содан Алматыға көшіп кеттім. Онда мал етін сатумен айналыстым. Шымкенттен жылқы сойып, жіберіп тұрады. Мен таңертең сағат 6-да күтіп алып, көтерме бағамен сатушыларға өткіземін. Түс қайта ақшасын жинап аламын. Қолым бос кезінде таксист болып қызмет атқардым. Алматыны мүлде білмейтінмін. Адам тасимын деп жүріп, екі аптаның ішінде қаланы бес саусақтай жаттап алдым. Таксист болуды кәсіп еткен жоқпын. Бірақ бір өзгеріс керек болды. Сол үшін Шымкенттен кетіп қалып, Алматыда жүрдім. Ол кезде де табысым жақсы болды. Бірақ мұның бәрі мен айналысқым келетін кәсіп емес еді. Төрт жылдай стрессте жүрдім. Бір жыл мүлде жұмыс істемедім. Ал үш жыл іздендім. 2013 жылы Шымкентке қайта оралып, «Applesin» компаниясын аштым. Интернет мені IT маманы, жобалар жүргізуді үйлестіруші, басқарушы ретінде жақсы танытты. Бір жылдың ішінде жас мамандардың басын қосып, қызықты, күрделі, интеллектуалды 100-ге тарта жоба жасадық. Осы салада мықты шәкірттерді тәрбиеледік. Олармен әрдайым мақтана аламын. Бизнесте біресе өрлейсің, біресе төмен сырғисың. Ең бастысы қолды бір сілтемеу керек. Біраз уақыт демалып, күш-қайратыңды жинап алып, қайта кірісу керек. Және ұнататын, жүрегіңе жақын, жақсы көретін кәсіп түрімен ғана айналысқан дұрыс. Сол кезде табыс пен жетістік сені іздеп өз келе бастайды.

Сұхбатыңызға рахмет! Қолға алған ісіңізге сәттілік тілейміз!

Суреттер сұхбат берушінің жеке қорынан алынды

#малта
Материал автордың рұқсатымен жарияланды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер