Темекіден бас тартсаңыз...

Зиянды әдеттен арылайық!

Бүгінде әлем бойынша 1,1 миллиард адам темекі тартса, 367 миллион адам табакқа әуес. ХХІ ғасырдың басында да шылымға құмар жандардың көрсеткіші осындай болған екен. Дүние жүзінде 24 миллион бала (17 миллионы ұл, 7 миллионы қыз) 13-15 жасынан темекіге құмар болса, балалардың 4%-ы 13-15 жасынан түтінсіз табакқа тәуелді. Осындай көз сүрінетін көрсеткіштер көптеген елдерді темекімен белсенді күресуге итермелеп отыр. Оның нәтижесі бар. 80-нен астам мемлекетте шамамен 53 миллион адам табактан бас тартып, 22 миллион адам салауатты өмір салтына бет бұрды. Бұл ретте Қазақстан да шылым шегумен белсенді түрде күресіп келеді.

Темекінің зияны туралы нақты деректер

Темекінің түтіні 4800 химиялық қосылыстардан тұратынын білетін бе едіңіз? Оның шамамен қырыққа жуығы денсаулыққа аса қауіпті. Соның кесірінен әлемде әрбір 6,5 секунд сайын бір өлім тіркеледі. Ал қасақана өлтірілгендермен салыстырғанда, табактан 20 есе көп адам бақилық болады. Күнделікті 5 өлімнің біреуіне шылым себепкер. Дүние жүзінде жылына 50 мың адам пассивті темекі тартудан ажал құшады.

Темекіден туындайтын негізгі үш дерт бар: өкпе рагы, созылмалы бронхит, жүрек ишемия ауруы (жүрек коронар ауруы). Одан да басқа көптеген аурулардың бастауы – бір шылымның тұқылы. Ал ең қорқыныштысы – өлімге әкеп соқтыруы. Әлгіндегі 50 мың адамның 95 %-ы жүрек дертінен мәңгілікке аттанады. Сол сияқты осы жаман әдетке әуестердің 25%-ы ажалы жетпей, өмірден ерте озады екен.

Бір жылда 6,3 триллион темекі өндіріледі. Яғни, жер бетіндегі әрбір адамға шамамен 900 темекіден тиесілі.

Қазақстандағы шылымқорлар саны мен темекі құны қанша?

Біздің елде темекіге тәуелді ер адамдардың көрсеткіші 46%-ды құраса, тиісінше әйелдердің 5%-ы зиянды әдеттен арыла алмай отыр. Соңғы уақыттары темекі өнімдеріне акциздік саясат жүргізу қолға алынып жатыр. Бұл саясаттың бірден-ақ тиімділігі байқалған еді. Мәселен, темекі өніміне акцизді 10%-ға көтеру дамушы елдердегі балалар мен жасөспірімдер арасында тұтынуды шамамен 8 %-ға, дамыған елдерде 4%-ға азайтқан. Қазақстанда орта жастан асқан ерлердің 40%-ы темекінің тұтынушысына айналып отыр. Біздің елдегі шылым құны басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен (шамамен бір доллар). Ал көрші Ресейде екі есе, Еуропа елдерінде 7 есе, АҚШ-та 13 есе қымбат. Ілгеріде айтып кеткен акцизді өсіру арқылы, яғни темекі құнын арттырып, пайдаланушылардың санын біршама азайтуға болады. Осыған орай, өткен жылы елімізде темекі акциздері мың данаға 6,2 мың теңгеге артқан еді. Осы жылы тағы 7,5 мың теңгеге өсіп отыр. Ал келер жылы оған 1,2 мың қосылмақ. Ендігі, қалтасы көтеретіндер ғана зиянды әдетін жалғастырады, мүмкін қалғандары темекі тұтынуды біршама азайтатын болар.

Белгілі  уақыт ішінде  темекі шегуден бас тартқан соң, ағзада қандай өзгерістер болады?

20 минуттан соң

20 минуттан соң, тамыр соғысы мен артерия қысымы қалыпқа түседі, аяқ-қолыңыз да қалыпты температурада жылына бастайды.

8 сағаттан соң

Осынша уақыт өткенде никотиннің жартысы және көміртек тотығы қаннан шығарылады. Мұның маңызы қанша? Көміртек тотығы – қандағы оттекті ығыстырып, тіпті миға жетуіне кедергі келтіретін химиялық зат. Алайда, көміртек тотығы азайған сәтте-ақ, қанға оттек жеткілікті мөлшерде келетін болады.

Дәл осы уақытта сіздің шылым шегуге құштарлығыңыз артады. Бірақ, ондай ынтызарлық уақытша. Қолыңыздан келгенше шыдаңыз. Шыдамдылығыңызды арттыру үшін сағыз шайнап немесе лимон қосылған су ішіп көріңіз. 

12 сағаттан соң

Ал жарты тәулікте қандағы оттек бір қалыпқа түспек. Ол үшін жүрегіңізге түсетін салмақ жеңілдейді. Себебі, ол енді қалыпты оттекті өзіне жеткізу  үшін артық жұмыс істемейді.

24 сағаттан соң

Егер сіз бір күнде бір қорап темекіні тауысатын болсаңыз, шылым шекпейтіндерге қарағанда жүрек ұстамасына ұшырау қауіптілігін екі есеге арттырасыз. Ал бір тәулікте зиянды әдетіңізді қойған болсаңыз, бұл дерттің бетін біршама қайтардым деп есептей беріңіз.

48 сағаттан соң

Екі күніңізді темекісіз өткізсеңіз, өзіңізді тәтті бәлішпен немесе өзіңіз сүйетін тағаммен қуантыңыз. Себебі, бұл уақытта дәм сезу мүшеңіз жақсы қызмет атқарып, иіс сезу анализаторыңыздың жұмысы жақсарады. Бұл уақытта сіздің ағзаңыз шылымнан келген барлық зиянды заттарды сыртқа шығарып үлгереді. Оның ішінде никотин де бар.

Ескере кететін жайт, бұл кезеңде денсаулығыңызда аздап кінәраттар туындауы мүмкін. Бас айналу, ашығу, шаршау, күйзеліс, апатия – бұлар қалыпты жағдай. Жайсыздықты төмендету үшін кинотеатр немесе шопингке шығып қайтыңыз.

3 күннен соң

3-тәулікте сіздің тыныс алуыңыз жеңілдейді, сонымен қатар энергияңыздың артқанын байқайсыз. Сол секілді өкпеңіздің жұмысы жақсара түседі. Өзіңізді жақсы сезінетін боласыз.

2 аптадан соң

Құттықтаймыз, сіз қиын кезеңнен өттіңіз. Осынша уақыт темекіден бас тартқаныңыз үлкен жетістік. Бұл жеке өмірде де, спортта да, жұмыста да жақсы табысқа жетуге мүмкіндігіңіз жоғары екенін білдіреді. Енді сіздің ауыз қуысы, тамақ, өңеш және қуық рагына шалдығуыңыздың қауіпі екі есе төмендеді.

10 жылдан соң

Шылымқорлармен салыстырғанда өкпе рагына ұшырау қауіпі екі есе, көмей мен ұйқы безі обыры он есе төмендеді.

15 жылдан соң

Бұл уақытта сіздің жүрегіңіз темекі тартпағанға дейінгі қалыпқа оралды. Оған қосымша сіздің ағзаңыз 100% қалпына келді. Бұл - жүріп өткен ұзақ жолыңыздың жемісі!

Ескерту. Темекі тарту сіздің денсаулығыңызда аса қауіпті!

#темекі тарту зияны

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер