Бақытгүл Абай, Бэлла Орынбетова
Полиэтилен пакеттен бас тарту мүмкін бе?
Қазақстанда күнделікті 2 млн астам пластик пакеттер қоқысқа тасталады.
Полиэтилен пакеттердің біздің өмірімізге сіңісіп кеткені соншалық, бұрынырақ оның функциясын қағаз орамалар, матадан тігілген дорбалар атқарғанына сену қиын. Қазақстанға целлофан пакеттер алғаш келгенде сөмкенің орнына пакет ұстау сәнге айналып еді. Ол кезде пакеттің бағасы да жоғары болатын. Қазір супермаркетте пакет сатылса, тіксініп қаламыз. Пакеттерді мұқият бүктеп, бір бірінің ішіне салып жинап қоятын адамдар да қалмаған шығар бүгінде. Қажеттілігі де шамалы... Дүкендерде тегін таратылатын пакет, ас үйдегі сөреде аузы-мұрнынан шыққан пакет, қонақкәде салынған пакет, кеңседе, көшеде, далада аяққа оралған пакет...
Кеңестік кездері дәнді дақылдар осындай қағаз қалталарда сатылушы еді
Тарихи дерек
Ақпарат көздеріне сенсек, 1911 жылы швейцар химигі алғаш рет дастарханды дақтан қорғайтын жұқа қабат ойлап табу мақсатында сұйықтық өткізбейтін целлофан жасап шығарған. Осылайша тауар өнімі тұңғыш рет Францияда жолға қойылып, 1913 жылы өндіріле бастаған. Ал, 11 жылдан кейін бұл технологияны DuPont компаниясы патенттеп, целлофан өнімдерін шығара бастаған.

Келесі бір деректе полиэтиленнің өзін XIX ғасырдың аяғында неміс ғалымы Ганс фон Пехманн ойлап тапқаны туралы айтылады. Өз заманында яғни 1899 жылдары еш аналогы болмаған жаңа өнімді Пехманның екі әріптесі Ойген Бамбергер мен Фридрих Тширнер полиметилон деп атаса керек. Алайда тек арада 34 жыл өткеннен кейін ғана тұтынушылар полиэтиленнен жасалған өнімдерді тұтына бастаған. Ал, қазір біз қолданып жүрген полиэтилен өнімдер 1933 жылы нарыққа енді деген дерек те кездеседі. Алғаш рет полиэтиленнен жасалған дорбалар Британ сауда үйлеріндегі сөрелерде 1950 жылдары пайда болғаны туралы ақпарат бар.

Тағы бір ақпаратқа назар салсақ, Кеңес Одағына полиэтилен пакеттер 1970 жылдары ғана келгені айтылады. Бұған дейін Одақ құрамындағы елдерде азық-түліктер қағаз қаптамаларда оралып, беліне берік жіп байланып сатылған.
Қазақстандағы биопакеттер өндірісі
Қазақстанда биоыдырайтын пакеттер өндірісі саусақпен санарлық. Алайда нарықта бұл компания өнімдеріне сұраныс аз. Себебін сұрап «БИОПАКЕТ» компаниясының техникалық директоры Мирас Аббасовпен сұхбаттасқан едік.
Био ыдырайтын пакеттердің полиэтилен пакеттерден қандай айырмашылығы бар?
– Био ыдырайтын пакеттерді әдетте органикалық шикізаттан жасайды, ол жануарлар өнімдерінен немесе өсімдіктерден алынуы мүмкін. Ауыл шаруашылық өнімдерінің қалдықтарынан биополимерлер жасайды. Яғни пакет құрамы органикалық тектес молекулалардан тұрады. Ал, біз өндіретін пакеттер неден тұрады десеңіз, бұл кішігірім гранулалар. Құрамы 100 пайыз өсімдік тектес шикізат – компаунд: целюлоза, модификацияланған крахмал, леднин. Шіруге қолайлы ортаға түскенде бактериялар органикалық қосылыстарды жеп, пакет құрылымы ыдырай бастайды. Сол себепті дамыған елдерде қоқысты іріктеп, сұрыптайды. Био пакеттердің полиэтилен пакеттерден ерекшелігі оларды қайта өңдеудің, өртеудің қажеті жоқ. Бастысы компост шұңқырына түссе болды, судың, күннің қажеті жоқ. Оған микроорганизмдер мен жәндіктер сондай-ақ жоғары температура болса болғаны, шіру процесі жүзеге аса береді. Қалған органикалық қалдықтар жылдам ыдырап кетеді, әрі қоршаған ортаға еш зияны жоқ.
Ал полиэтилен пакеттерге келетін болсақ, біріншіден ол өте арзан. Біз дүкендерден тиынға, кейде тіпті тегін аламыз. Бір алғанда бірнеше пакет алуға тырысамыз. Үйге келіп қалған қоқысты сол пакетке салып, тастай саламыз.
Ары қарай ол қайда барады, қандай жағдайға ұшырайды бізді ойландырмайды. Полиэтилен шын мәнісінде бір рет өндіріліп, мың жылдап өмір сүретін синтетикалық полимер. Ол не сөрелерде тұрады, немесе далада жатып улы заттарын бөле береді. Уланған жерден улы өсімдік өседі, оны жеген мал ағзасында улы қосылыстар кездеседі. Полиэтилен пакеттер жыртылуы мүмкін, бірақ шірімейді. Себебі табиғатта оны шірітуге, ыдыратуға қауқары жететін зат немесе қосылыс мүлдем жоқ. Полиэтилен пакетті қайта өңдеуге болады. Бірақ небәрі екі-ақ рет. Содан кейін тек полимер трубалар жасауға ғана қолданылуы мүмкін.

– Биопакеттер қанша уақытта ыдырайды?
– Ыдырау уақыты температурасына байланысты, қысым жоғарылаған сайын жылдам шіриді. Біз пакеттерімізді іс жүзінде сынап көрген едік. Қалыңдығы 100 микрон пакетті алып қала сыртына көміп тастадық. Ол үшін арнайы қара топырақ немесе сазды жер іздемедік, кәдімгі жерге көме салдық. 3 айдың ішінде пакет толығымен ыдырап кетті. Органикалық қалдықтар болса, тіпті жылдамырақ ыдырауы мүмкін. Бұл пакеттердің өзі органикалық заттарды салуға арналған. Сондықтан қоқыспен бірге арнайы жәшіктерге тастай беруге болады.
Бізде органикалық қалдықтар үнемі проблема тудырады. Неліктен бізде қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі жолға қойылмай отыр? Себебі органикалық қалдықтар мен пластиктерді, әйнектерді бір шұңқырға тастауға болмайды. Органикамен араласып кеткен полиэтилен пакетті қайта өңдей алмайсыз. Қазір Астана қаласында көптеген тұрғын үй кешендерінде түрлі тұрмыстық қалдықтарға арнайы жәшіктер орнатылды. Қоқысты сұрыптап лақтыруға қала халқы әлі дайын емес. Үйренгенше біраз уақыт керек. Кейін қайта өңдеуге болатын дүниені қайта өңдеп, кәдеге жарататын боламыз деп ойлаймын.
– Иә, Астанадағы кейбір тұрғын үй кешендерінде 3 түрлі жәшік қойылған. Бірақ бұл жалпы қоқыстың 5-10 пайызы ғана? Олар жеке-жеке өңделе ме әлде қоғамның көзін, бойын үйрету шаралары ма?
– Астана Қазақстандағы ең озық қалалардың бірі. Бізде қоқыстарды сұрыптайтын кәсіпорынның жұмыс жасап жатқанына 5 жылдай уақыт болды. Әрине, Қазақстанның өзге аймақтарында да мұндай кәсіпорындар ашылды. Өкінішке қарай дені жабылып қалды. Бұған сауатсыз менеджмент, қымқыру-жымқыру фактілері сынды өзге де себептер кінәлі болуы мүмкін. Ал Астана қаласындағы кәсіпорынға қалалық әкімшілік қолдау көрсетіп отыр. Қоқыстарды сұрыптау қайта өңделетін шикізаттар шығынын төмендетеді. Сонымен қатар қоғамды да тәрбиелеу керек. Түрлі қоқысты өмір бойы бір жәшікке төгіп келген адамдар бір күнде қоқыс сұрыптай қоймайды. Алдымен қоғамның өзін тәрбиелеу керек. Сондықтан бұл процес ұзаққа созылуы мүмкін. Әрине, экологиялық тұрғыда бұл тым көп уақыт екенін ескерсек, асыққан дұрыс. Мәселен, жыл сайын Астанада орташа есеппен 250 мың тонна қоқыс түзіледі. Оның ішінде 9 тоннаға жуығы полиэтилен пакет қалдықтары. Мұнай өнімдерінен жасалған қарапайым полиэтилен пакеттер жақсы жағдайда 700-1000 жыл аралығында ыдырайды. Алайда осы аралықта ол улы заттар түзіп, суға, топыраққа, ауаға тарайды. Бізде адамдар бұған сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Дегенмен осы ортада жұмыс жасайтындықтан білемін, негізгі тізбек құрылды. Сәл уақыттан соң бұл кәсіпорындар толық күшпен жұмыс жасай бастайды. Әрбір адам жекелей алғанда ең алдымен қоқыс өндіруші екенін ұмытпауымыз тиіс. Сіз бір дүние сатып алсаңыз, сізге мүлдем қажеті жоқ қанша қаптамасы болады. Сіз оны ойланбастан тастай саласыз. Ал Еуропада қазір тауарларды қалдығы мейлінше аз болатындай етіп шығаруда. Себебі олар бұл қалдықты ақылы негізде утилизация жасау керек болады.
Былтыр ЭКСПО аясында Қоқыс қалдықтарын өңдеу ассоциациясы бізді Астана маңындағы полигонға апарған болатын. Кәсіпорын шынымен жұмыс жасап жатыр. Қазір қосымша полигон салынып жатыр. Білуімше ол полигонға мүлдем өңдеуге келмейтін қоқыстар ғана жерленеді.

– Сіздің кәсіпорын шикізаттарды қайдан алады?
– Біз шикізатты Испаниядан сатып аламыз. Еуропалық Compoctable standarts бар. Аталмыш стандартпен жасалатын өнімде синтетика аз ғана мөлшерде болады. Бұл әрі арзандау шикізат. Бірақ соның өзінде оның бағасы қарапайым полиэтиленнен екі есе қымбат. Алайда біз мұндай өнімді алудан бас тарттық. Бұл дегеніңіз арам өнімнің сыртына «халал» заттаңбасын жабыстырып қоюмен тең. Қазіргі ең заманауи стандарт – OK compost home деп аталады. Осы стандартпен өндірілген пакеттерді өз бау-бақшаңызда утилизация жасауға болатыны жазылған. OK compost home полиэтиленнен 6 есе қымбат. Оның үстіне біз шикізатты еуромен сатып аламыз, тасымалдау шығындары бар. Сол себепті валюта бағамдарына тәуелдіміз. Сондықтан бір полиэтилен пакеттің құны 5 теңге болса, біздің пакет 27 теңге тұрады.
– Сонда 27 теңге тұратын биопакетті сатып алатындар кімдер?
– Дені шетелдіктер, шетелдегі өркениетті көріп келген қазақстандықтар, экологиялық мәселеге алаңдайтындар. Тағы бір айта кетерлігі бізде көптеген өндірістер 80 жылдардағы стандартпен жұмыс жасайды. Бұл стандарт бойынша полиэтиленннің адамға зияны жоқ делінеді. Алайда ғалымдар полэтилен пакеттер фенол, формальдегид бөліп, ішіне салынған азық-түлікке тарап, адам ағзасына түсетінін дәлелдеген. Бұл улы заттар адам ағзасынан шықпайды, жинала береді. Содан барып жүрек, эндокринді жүйе, қан ауруларына әкеледі. Еуропада полиэтилен пакеттерді тағаммен бірге қолданбайды. Сол жақта білім алған, жұмыс жасаған адамдар мұны жақсы біледі, елге келген соң қоршаған ортаға да, адамға да зияны жоқ биопакеттерді іздей бастайды. Сонымен қатар клиенттеріміздің бір парасы салауатты өмір салтын ұстанатындар. Соңғы уақытта қоқысты минимализациялау, экологияға зиян тигізбеу принциптерін ұстанатын ағымдар трендке айналуда. Көптеген адамдар полиэтилен зияны туралы білмейді. Білген соң одан бас тарта бастайды. Матадан жасалған дорбалар алып жүреді. 2016 жылы өндірісімізді енді бастағанда жыл бойы 100 мың дана пакет қана шығарғанбыз. Біз көбіне ақпараттандыруға көбірек қаражат жұмсадық. Адамдарға полиэтилен мен біз өндіретін биоыдырайтын пакеттер туралы көбірек мағлұмат беруге тырыстық. 2017-2018 жылдары өніміміздің көлемі 15%-ға артты. Өндірістің ақталуына әлі ерте. Өзім осы кәсіпті 2015 жылы бастадым. Ол кезде сауда-саттықпен айналысып жүрдім. Сөйтіп Қытайдан технологиялық желіс жабдықтарын сатып алдым. Бар қаражатымды салып, өндірісті ретке келтірдім. Бірақ қаражат таусылған еді, сондықтан қосымша инвесторды тарттым. Сөйтіп 2016 жылы ЖШС аштық. Қазір осы сала менің негізгі қызметім.
Бізде биоыдырайтын пакеттер жақсы, оны дамыту керек деп көп айтады. Бірақ түптеп келгенде қарапайым халықтың қолы жете бермейді. Тұтынушылар бірден тегін пакеттен бас тартып, қымбат пакет сатып алуға дайын емес. Дамыған елдерден көрген тәжірибемен бөліссем, шетелдерде биопакеттер субсидияланады. Болмағанда полиэтилен пакеттерге тыйым сала алмасақ та, тым болмаса тегін таратуға шектеу қойсақ жөн болар еді. Тегін келген дүниеден ешқашан бас тарта алмаймыз. Көптеген шет елдерде полиэтилен пакеттердің бағасын жасанды түрде көтереді. Мысалы, Англияда полиэтилен пакет 40 фунт тұрады. Осылайша бағасы арқылы тұтыну көлемін реттейді. Сондықтан өз дорбаңмен жүру әлдеқайда тиімді. Ал түскен қаражатты био ыдырайтын пакет өндірісін қолдауға жұмсайды. Мұны әділетті деп санаймын. Себебі бұл шешімін кейінге шегеруге болмайтын экологиялық мәселе. Полиэтилен пакеттің зияны үшін әлі тым қымбат төлейтін боламыз. Қазір жаңа экологиялық кодекстің жобасы жасалуда. Сол жерде осы мәселелерді қарастырып, полиэтилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды ұсындық.

– Қазір адамдардың санасы әлі де түбегейлі өзгеріп кеткен жоқ. Ең жағымды жағдайдың өзінде сіздің өндірісіңіздің ақталуына әлі де біраз уақыт қажет болар. Неге қаражатыңызды дәл осы бизнеске салдыңыз?
– Әркім патриотизмді әрқалай түсінеді, әрі көрсетеді. Мен 2002 жылы Алматыдан Астанаға көшіп келдім. Астананы сол кезде әзіл-шыны аралас ұшатын пакеттер мен камаздар қаласы деп атайтын. Шынымен де бірінші келгенде есімде қалғаны ауада қалықтап жүрген полиэтилен пакеттер еді. Қала кеңейген сайын камаздар қаланың сыртына кетті. Ал пакеттер қалып қойды. Бұл мәселе мені ойландырды. Сол кезде полиэтилен пакеттерді зерттей бастаған едім. Содан бері түрлі кәсіппен айналыстым, азық-түлік, киім-кешек саудасымен де, кеңсе жабдықтарның өндірісімен де шұғылдандым. Білесіз бе, биоыдыраушы пакеттер өндірісі Еуропада 15 жыл бойы жолға қойылды. Ал мен небары 2 жылда өндірісімді жолға қойдым. Мұның өзін мен табыс деп есептеймін.

– Ал қағаз пакеттер ше? Мүмкін мәселені шешетін ең зиянсыз қағаз пакеттер болар?
Шын мәнісінде қағаз пакет өндірісінің шығыны көп. Оны жасауға кететін электр қуаты, су, шикізаттың өзін алыңыз. Мәселен, қағаз пакетті өндіруге бір ағаш кесіледі. Ол кесілмесе әлі талай жыл жайқалып тұрар еді ғой. Егер табиғатқа зиянсыз дүние жасаймыз деп, пайдалы нәрсені шауып тастасақ одан не пайда? Мен бұл мәселе туралы көп зерттеп, ұзақ ойландым. Сондықтан да биоыдырайтын пакетке келдім.

– Биоыдырайтын пакеттің зияны бар ма? Мүмкін термиялық өңдеу кезінде зияны бар шығар? Микротолқынды пешке салғанда зияны болмай ма?
– Микротолқынды пешке салсаңыз, немесе күйдірсеңіз, биопакет күйген қантқа айналады. Егер күнге қойып қойсаңыз бірнеше күннен соң пакет газет сияқты қытырлап қалады. Бұл сахарозадан және крахмалдан жасалған зат қой. Тіпті қазірдің өзінде иіскеп көрсеңіз органикалық майдың иісін сезесіз. Былтыр EXPO кезінде акция жасап, пакеттерімізді таратқан едік. Сонда көптеген адамдар біздің пакеттеріміздің иісін бауырсақтың иісіне ұқсатыпты. Кейбіреулері попкорнның иісіне ұқсатып жатады. Біздің пакеттердің еш зияны жоқ, бірақ қолданыс мерзімі ұзақ емес. Дегенмен өте шыдамды, 17 кг салмақты көтере береді.
– Сіз өзіңіз полиэтилен пакетті қолданасыз ба? Одан бас тарту оңай ма?
Мүлдем қолданбаймын деп айта аламын. Бастапқыда дүкенге барғанда өзіммен ыдыстар алып баратынмын, жарма, қант алатын кезде. Бірақ сауда орталықтарында шамалы түсінбестік болған еді. Дегенмен қазір өнімдерін экологиялық таза қаптамаға салатын, өз брендінің абыройына мән беретін компаниялар көбейді. Қазір өзім де, жанұям да бір де бір полиэтилен пакет алмаймыз да, тастамаймыз да. Негізі полиэтилен пакеттен бас тарту қиын дүние емес.

Редакцияда осы пакеттерді сынап, тәжірибе жүргізіп көрген едік. Микротолқынды пешке екі пакет салдық. Бірі био ыдырайтын пакет, бірі полиэтилен пакет. Максималды қуатта 30 секунд ұстадық. Био ыдырайтын пакет бірден балқып кетті. Полиэтилен пакетте ешқандай өзгеріс байқалмады. Био ыдыратын пакет балқымасының иісі қант кәмпиттердің иісін еске салады.
Редакция эксперименті
Полиэтилен пакет және биоыдырайтын пакетпен эксперимент
Қазақстанда дәл осындай био ыдырайтын пакеттер шығаратын өндірістер көп пе?
– ТМД аумағында біздің компания жалғыз. Дәл осы біз жасайтын стандарт бойынша өндіретін компания жоқ. Мен Қазақстанда биопакет деп сатылатын пакеттерді жиі кездестіремін. Бірақ олардың аты бар да, заты жоқ. Өкінішке қарай біздің елімізде биоыдырайтын пакеттер жасау стандарты бекітілмеген.
Биопакеттер сапасын тексеретін құзырлы органдар да жоқ. Осыдан бір жылдай бұрын Қазақстандағы ірі ритейл компаниямен келісімшарт жасамақ болып жүрдім. Келіссөздердің соңғы кезеңінде компания айнып, басқа
компаниямен жұмыс жасайтынын айтты. Олардың бағасы әлдеқайда төменірек екен. Кейін тұтынушы ретінде өнімін сатып алып, пакетін ұстап көрдім. Биопакет белгісі бар болса да шын мәнсінде сол пакеттің биопакетке еш қатысы жоқ болып шықты. Қарапайым тілмен айтқанда жалған. Қазақстанда биопакеттер ғана емес, стандартқа сай келмейтін өте арзан әрі өте зиянды полиэтилен пакеттер көп. Полиэтилен пакетті асып кетсе екі рет қана өңдеуге болатынын айттым. Ал бұл пакеттер қолдануға болмайтын қалдықтардан жасалады. Олардың дені көршілес Қытай, Өзбекстан елдерінен жеткізіледі. Бұл өнімдер бізге бір-екі данамен емес, тонналап келіп жатыр. Экологиялық зиянын бағамдай беріңіз...
Адамзатқа тигізетін зияны
Полиэтилен пакеттердің адам денсаулығына тигізер зияны зор екені туралы ашық айтыла бермейді. Асылында зияны шаш етектен. Неге десеңіз, оның құрамында қорғасын бар. Бұл металлдың уытты екені айтпаса да түсінікті. Қорғасынның уыты ағзада түрлі ауруларды тудыруға әрі қоздыруға қауқарлы.

Өндірушілер полиэтилен дорбаларды жарнамалау үшін түрлі фирмалардың логотипін ашық әрі тартымды түспен безендіріп, сәндейтіні бар. Тұтынушылар тіпті оған қандай зиянды бояулар қолданылатынына мән берместен азық-түлігін салып, арқалап кете береді. Шын мәнінде оның құрамында адам ағзасына өте зиян улы заттар қолданылатынын бірі білсе, бірі білмей жатады.

Дорбаларды біріктіру үшін ағазаға өте зиян желім қолданылатынынан да бейхабар болуыңыз мүмкін. Ол желім тек сізге ғана емес сіз тұтынатын азық-түлікке де зиянын тигізеді. Сонда полиэтилен пакеттің адам ағзасына тигізіп жатқан зияны туралы бағамдай беріңіз.
Тағамдарды полиэтилен дорбаларда сақтау өте зиян екені әлдеқашан дәлелденген. Алайда бұл ақпаратты алып өндірушілер бизнесіне кері әсері тимеу үшін барынша бүркемелеп келеді.

Полиэтилен пакеттерге салынған азық-түлік тез бүлінеді себебі онда түрлі бактериялар бар. Нан немесе одан өзге де тағам түрлерін дорбаға салып, аузын мықтап жауып көріңізші белгілі бір уақыттан кейін тағамның көгере бастағанын байқайсыз.

Ашытылған қырыққабатты немесе өзге де қышқылдығы жоғары тағамды полиэтилен пакетте сақтап көрсеңіз, пакеттің үстіңгі бөлігі өзгеріске ұшырағанын аңғарасыз. Химиялық қосылыстардың бірігуі нәтижесінде одан келер зиян дорба ішіндегі азыққа сіңіп, оны тұтынған ағзаңызға өтеді деген сөз. Ал, полиэтилен дорбаға ас салып, оны мұздатам десеңіз ол да өте қате түсінік әрі қадам. Мұздату барысында дорбадан адамның ағзасына зияны көп уыт бөлінеді.

Жартылай фабрикат өнімдерден келер зиян көп. Ғалымдар жоғары температура барасында пластиктен формальдегид атты улы газ бөлінетінін әлдеқашан дәлелдесе де, көптеген өндірушілер тағамды қаптамадан алмай-ақ қыздыруға кеңес береді.
Мен балық аулағанды ұнатамын. Қым-қуыт тірлікте, алқымнан алған жұмыс та, негативке толы әлеуметтік желі де жоқ. Табиғатпен оңаша қалып, өмірдің мәні сияқты пәлсапа ойларға берілемін. Өзіңнің мына әлемдегі орныңды, мүмкіндігің мен міндетіңді ойлауға таптырмас жер. Бажам да балықшы. Қарағандыда балыққа жиі бірге барып тұратынбыз. Бірнеше жыл болды Астанаға қоныс аудардық. Енді балық аулауға қолайлы Астананың маңындағы су айдындарын жағалай бастадым. Бастапқыда таза жер іздеуге тырыстым. Яғни, айналасы қоқыстан таза жер тапсам деген ниет болды. Өкінішке қарай мен қалаған ондай жер жоқ болып шықты, амалсыз бұл келеңсіздікке де де бой үйренеді екен...

Жақында бажам отбасымен демалуға Астанаға келді . Әйелім мен бала-шағам қаланы көрсетіп әлек, ал мен ең балықты жерлерге апармақ болдым. Әдетте Малаводныйда балық көп, керек-жарақтарымызды алып сонда тарттық. Келе сала бажам қармақ салмай тұрып қатты ренжіді. Мұндай жерде балық ауламақ түгілі отыруға жиіркенетінін айтты. Бізде Астанада балық аулау орындары толығымен тегін. Ал тегін жақсының жауы дер едім. Қарағандыдағы барлық балық аулайтын жерлер ақылы. Есесіне таза. Ақы төлеген соң адамда жауапкершілік сезімі болады. Жағажай жанындағы ескерту тақтайшаларындағы «Қоқыс тастағаныңыз үшін айыппұл салынады!» жазуларының жай ескерту емес екенін түсінеді.

Жағажайдағы қоқыстың дені полиэтилен пакеттер. Мүмкін органикалық қоқыстар шіріп, ыдырап кететіндіктен аса байқалмайтын шығар. Ал суда ерімейтін, жел мен күннен бұзылмайтын пакеттер кеше ғана тастап кеткендей жарқырап жатады. Күннен күнге көбейіп, жер дүниені пакет басып бара жатқандай әсер қалдырады. Экологиялық зияны өз алдына, табиғатқа оңаша шығып, балығыңды аулап, пәлсапаға беріліп немесе эстетикалық ләззат алайын деген ниетіңді көкке ұшырады.

Пакеттерді қолдануға мүлдем тыйым салу мүмкін емес деп ойлаймын. Мен өзім де бас тарта алмас едім. Бірақ оны қайта өңдеуге болады ғой? Мүмкін жол жабынын немесе шірімейтін құбырлар жасауға болар? Қайта өндіріс болса, оларға сұраныс та болады, сұраныс болса қала мен далада бұлай шашылып жатпас еді деп ойлаймын.
Арман Мухатов
фотограф-натуралист
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды. Авторы: underworld
Экологияға тигізер зияны

Әлем елдерінің экологтары пластик пакеттердің зиянын алға тартып, бас тартуға үндеп келеді. Жыл сайын триллион тонна полиэтилен қоқыс полигонына аттанып, жер ананы улы қалдықтарымен нәрлендіруде.

Қалыпты ретпен олар кем дегенде 100-500 жылға жуық уақытта ғана ыдырайды. Егер дер кезінде үн қосып, дүниежүзі болып қолдап, полиэтиленнің өндірісіне тосқаул қоймасақ, бүкіл планета тұтынылған пакеттердің құрсауында қалуы мүмкін. Қауіп басым.

Ондай қоқысты өртеу де зиян. Өртеген жағдайда атмосфераға ауаны ластап, озон қабатын бүлдіретін канцоргендер тарайтын болады. Ал, сол қоқысты екінші деңгейде өңдеу өкінішке қарай өте баяу дамыған. Экологтардың пікірінше 1 пайыз ғана полиэтилен пакеттер екінші рет өңделеді.

Жеңіл болғандықтан пластик дорбалар желдің арқасында әп-сәтте талай қашықтықты бағындырып, өзен мен көлдерді, ормандар мен тауларды ластап жатыр. Өкінішке қарай тонна пластиктер Тынық мұхитына тап болады. Сол мұхитта судың ағысы біздер тұтынған зиянды қалдықтарды ағызып апаратын екі үлкен қоқыс аумағы бар. Деректерге сенсек, қазір қоқыс көлемі АҚШ мемлекетінің территориясын алып жатқан жер аумағынан асып түскен. Өкінішке қарай жыл сайын бұл көрсеткіш ұлғайып келеді.

Полиэтилен дорбалар – сан мыңдаған құстар мен балықтардың қырылуына себеп болып отыр. Көз тартарлық қаптаманы олар тағам деп қабылдап, жұтып қояды. Улы қалдықтар олардың жаппай қырылуына немес жапа шегуіне әкеліп отыр.
Қазақстан полиэтилен пакеттерден қашан бас тартады?
Бұл сұрақты біз ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Қалдықтарды басқару департаменті Тұрмыстық қатты қалдықтар басқармасының сарапшысы Абылай Алмұқановқа қойған едік.
– Қазіргі уақытта әлемнің көп елдерінде заңнамалық деңгейде бір рет пайдаланылатын полиэтиленді пакеттерді пайдалануға тыйым салу немесе шектеу енгізілуде. Аталған норма полиэтилен пакеттің биологиялық ыдырау немесе шіру процессіне баяу ұшырайтынына байланысты енгізілмек. Олардың толық ыдырау мерзімі 100 жылдан астам уақытты құрайды. Сонымен қатар осы нормаларды қабылдауға полиэтилен пакеттерді өртеу кезінде атмосфераға диоксин және фуран секілді улы заттар бөлінетіндігі де себеп болып отыр.

Тұрмыстық қатты қалдықтардың көп бөлігі, соның ішінде пайдаланылған полиэтиленді пакеттер полигондарда көмілетінін атап өткен жөн. Қазақстанда полиэтилен пакеттерді көму бойынша қолданыстағы тәжірибе адам денсаулығына және экологияға айтарлықтай зиянын тигізіп отырғанын ескере келе, біртіндеп олардан бас тарту көзделген. Алайда, полиэтилен пакеттерді шектеу үшін оның тез ыдырайтын, натуралды материалдардан жасалған баламалары нарықта жеткілікті болуы қажет. Сол себепті Қазақстан ондай зиянды пакетттерге бірден шектеу қойып, бас тартуға дайын емес. 2017 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігі бөлшек саудада полиэтиленді пакеттерді қолдануды кезең-кезеңмен шектеу мәселесін мүдделі мемлкеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен, жауапты ұйымдармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп пысықтап келеді.

Полиэтилен пакеттерді тұтынудан бас тартқан әлемнің дамыған елдерінің озық тәжірибелерін негізге ала отырып, Қазақстан да біртіндеп бас тартуды көздеп отыр. Атап айтқанда АҚШ сондай-ақ бірқатар Еуропаның дамыған елдерінің тәжірибелері бізге үлгі болды. Қазір министрлік жаңа Экологиялық кодекс әзірлеуде. Полиэтилен дорбалардың мәселесі осы бір маңызды құжаттың шеңберінде шешілетін болады.
– Жыл сайын әрбір қазақстандық 300-500-ге жуық полиэтилен дорба тұтынады. Сіздің пікіріңізше адамдардың түсінігін өзгерту үшін, күнделікті қолданыстағы полиэтилен пакеттердің зиянын түсіндіру үшін қандай жұмыстар жасалуы тиіс?

– Энергетика министрлігі Білім және ғылым сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар министрліктерімен, әрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2018-2022 жылдары қалдықтармен жұмыс істеу бойынша халық арасында түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды қолға алмақ. Қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілді. Жоспар аясынд мектепке дейінгі сондай-ақ білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарының оқу жоспарлары қайта қаралмақ. Оқушылар мен студенттерге қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану тақырыбында арнайы дәрістер енгізілетін болады. Қараша халықтың түсінігін арттыру мақсатында кең коммуникациялық компания мен білім бағдарламалары жүзеге асырылмақ. Қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты мінез-құлық модельдерін өзгерту жоспарланып отыр.

– Сіз қызмет жасайтын басқарма немесе еліміздегі өзге де осындай экологиялық проблемалармен айналысатын ұйымдар полиэтилен пакеттерден бас тарту бойынша қандай да бір бірлескен жобалармен шұғылдана ма?

– Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 292-бабына сәйкес Жергілікті атқарушы органдар (яғни Әкімдіктер) коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштарын бөлек жинауға, сақтауға, қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға әрі залалсыздандыруға, сондай-ақ елді мекеннің аумағын тазартуды көздейтін коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруға жауапты. Осыған байланысты полиэтилен пакеттерден бас тарту бойынша жобалар жергілікті деңгейде де жүзеге асырылатын болады.

– Өзіңіз полиэтилен дорбадан бас тарттыңыз ба?

– Иә, әрине бас тарттым! Өзім көп рет пайдаланылатын матадан жасалған сөмкені пайдаланымын.
Өзге елдер полиэтилен пакеттермен қалай күресуде?
Танзанияда полиэтилен пакет өндіру ғана емес, елге әкелуге де тыйым салынған. Елге полиэтилен пакет әкелетін болсаңыз 2 мың доллар айыппұл төлейсіз немесе 1 жылға дейін абақтыға қамалуыңыз мүмкін. (Танзаниядағы орташа жалақы 20 доллар)

2002 жылы Бангладеш полиэтилен пакеттің өндірісі мен сатылуына тыйым салған алғаш ел болды. Заң бұзғандар 12 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді немесе 6 жыл абақтыға қамалады.

2002 жылы Ирландия полиэтилен пакеттерге қатысты басқа шешім тапты. Мұнда әр сатылған пакетке 0,15 Еуро акциз-салық салынды. Қазір бұл салық мөлшері 0,22 еуро. 2008 жылғы деректер боынша полиэтилен пакеттер тұтыну көлемі күрт түсіп кеткені айтылады. Адам басына шаққанда 328 данадан 22 данаға дейін төмендеген.

Қазір ҚХР (2008 жылдан бастап өте жұқа пакеттерге қатысты), Италия (2011 жылдан бері), Марокко (2015 жылдан бері), Францияда (2016 жылдан бері), Кенияда (2017 жылдан бері) полиэтилен пакеттер сатуға тыйым салынған.

Батыс Еуропа елдерінде пакеттерге экологиялық салық салынады. Германияда мұндай салықтардан соң көптеген супермаркеттер биоыдырайтын пакеттерге көшті. Ұлыбританияда мұндай салық 2011 жылы пайда болды (әр сатылған пакеттен 0,05 фунт стерлинг) және 2015 жылдан бастап бүкіл ел аумағында қолданысқа ие. АҚШ-та салық немесе тыйым бойынша ортақ заң жоқ. Кей штаттар мен муниципалитеттер бір реттік қолданысқа арналған пакеттерге тыйым салды (мысалы, Калифорния штатында), көптеген штаттарда қосымша ақы немесе манималды баға мөлшері қарастырылған (әдетте ол 5-20 цент, кей жерлерде 1 долларға дейін).
Әлемде күн сайын 5 триллион полиэтилен пакет өндіріледі. Пакеттердің қызмет мерзімі орташа есеппен 20 минут. Ал олардың өмір сүруі ғасырларға созылады.

Тағамдық тізбек бойынша полиэтилен үлдір біздің дастарқанымызға да келеді. Қазіргі адамдардың организмінде осыдан 50 жыл бұрын мүлдем болмаған 100 жуық синтетикалық химиялық қосылыстар бар.

1980 жылдардың соңында полиэтилен пакеттер Бангладештегі канализация құбырларының бітеліп қалуы нәтижесінде туындаған су тасқындары тіркелді. Бұл 1988 және 1998 жылдары 2,3 мың және 1 мың адам қаза тапқан еді.

1988 жылы Тынық мұхитында қоқыс қалдықтарының дағы анықталды. Бүгінде оның көлемі 0,7-1,5 млн шаршы шақырым. Бұл қалдықтардың 80%-ы Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка жағалауларынан жеткен полиэтилен пакеттерден тұрады.
Дэвид Кац The Plastic Bank негізін қалаушы және бас директоры. The Plastic Bank -пластик қалдықтардың монетизациясымен айналысатын әлемдегі жалғыз компания. Ол жағдайы төмен адамдарға пластик қалдықтарды жинау арқылы ақша табуға мүмкіндік береді. Мұхиттың ластануы мен жоқшылық мәселесін бір оқпен жою мүмкін бе? Бұл амбициялық мақсатты The Plastic Bank халықаралық дүкендер желісі іске асыруда. Мұнда пластик қалдықтармен оқу ақшасын төлеуге, отынға ақша табуға болады. Компания пластикті сұрыптап, өндірісінде «әлеуметтік пластикті» қолданатын компанияларға сатады. Дэвид Кац TED-те осы жөнінде айтады.
TED Дэвид Кац "Мұхиттардың пластикпен ластану проблемасын шешудің ғажайып жолы"