Тамаққа күнде қосылатын 8 қауіпті қоспа

Тағамдық қоспалардың қаншалықты зиянды екенін білесіз бе?

Біз күнделікті қолданып жүрген тағамдарымызда қаншалық қауіпті қоспа барын елестете алмаймыз. Ғалымдар оларды әбден зерттеп, пайдалануға рұқсат бергеннің өзінде, зиянды тұстары жетерлік. Бүгінгі мақаламызда осы зиянды қоспаларға тоқталатын боламыз.

Натрий нитриты

Е250 тағамдық қоспасы – тотықсыздандырғыш ретінде қолданатын азот қышқылының тұзы. Ол – етті тағамдардағы алқызыл түсті сақтап тұрушы және зиянды ботулизмнің қоздырғышын жоюшы. Егер натрий нитритын артық қолданса, адам ағзасы улануы мүмкін. Мәселен, 65 келі салмақтағы адамға қалыпты нормасы 4,6 г. Натрий нитритын тағы бір зияны концерогенділігінде. Еттегі азот қышқылы мен аминдер әрекеттесіп, нитрозаминдерді тудыруы мүмкін. Ал ол өз кезегінде онкологиялық ауруға шалдықтыруы ғажап емес. Бірақ, өндірушілер ет өнімдеріне аскорбин қышқылын қосу арқылы нитрозаминдердің жолын бөгеп, қауіпсіздендіреді. Е250 тағамдық қоспасын мөлшерден тыс қосу тұтынушылардың денсаулығына аса зардабын тигізетінін ұмытпаған жөн.

Натрий нитраты

NaNO3 формуласындағы азот қышқылының натрий тұзы E251 кодымен белгіленеді. Натрий нитратын шұжық, консерві, сыр өнімдерінде қолданады. Бұл тағамдық қоспа сақталу мерзімін ұзартып, балғын алқызыл өңін сақтайды. Өндірушілер олар тудыратын концерогендерді аскорбин қышқылы арқылы тотықсыздандырады.

Тартразин

Газды сусындар, кондитерлі өнімдер мен консервантты жемістерде қолданылатын Е102 бояғышы сары түс береді. Кей адамдарда тартразин аллергия беруі мүмкін. Бірақ, зерттеушілердің мәліметінше, ол тек 0,01% тұтынушыға әсер етеді.

Күкірттің еселенген тотығы

Е220 тағамдық қоспасы кей шараптар мен құрғақ жемістерді дайындағанда қолданылады. Ол тауарлық өңін сақтап тұрады және бактерия, саңырауқұлақтармен күреседі. Күкірттің еселенген тотығы демікпесі бар жандар үшін өте қауіпті.

Бутилгидроксианизол

Е320 қосылғышы антиоксидант пен консервант ретінде қолданылады. Ғалымдар тышқандар мен сириялық алтынтүсті атжалмандарға жүргізген зерттеулерден соң, бутилгидроксианизолдың онокологиялық аурулар шақыруы мүмкін екенін айтты. Егер мөлшерден аз қолданса, зияны жоқ.

Бензой қышқылы мен натрий бензоаты

Е210 бензой қышқылы мен Е211 бензоат натрийі консерванттар болып саналады. Ғалымдарды бензол мен аскорбин қышқылын қатар қолдану күдік тудырып отыр. Себебі, бензол улы және концергенді. Бірақ, 1 келі дене массасына 5 мг бензол қышқылы қауіпсіз деп саналады.

Натрий гидросульфиты

Е222 қоспасын шарап пен кей сусындарға пайдаланады. Мөлшерден тыс салынған натрий гидросульфиты демікпесі бар жандарға аса қауіпті.

Гауһар қара BN

Е151 қара бояғышы АҚШ, Бельгия, Дания, Франция, Германия, Швеция, Австрия, Швецария, Жапония, Финляндия секілді мемлекеттерде қолдануға рұқсат берілмейді. Бірақ, біздің елде мұндай шектеу жоқ. Ол тағамдық аллергия тудырып, демікпеге ұшыратуы мүмкін.

#тағамдық қоспалар

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер