Бедеулікке әкелетін психологиялық себептер

Психологиялық бедеулік туралы естуіңіз бар ма?

Репродуктивті функцияның дұрыс жұмыс істемеуі психосоматика мен эмоционалды көңіл-күйдің бұзылуынан болуы мүмкін.

Бедеулік деп бала сүйе алмауды айтамыз. Бұл диагноз әдетте екі жыл ерлі-зайыпты адамдардың бір шаңырақ астында тұрып, жүктілік бақытына кенеле алмаған жандарға қойылады. Сонымен қатар әйел заты бірнеше рет түсік тастап, жатырына бала тоқтамаған жағдайда бедеу деп айтып жатады.

Көп жағдайда әйел адам мен еркек те бедеу болуы мүмкін. Қазіргі медицина берген статистикаға сенсек, жұптардың 8 пайызында бедеулік қасірет кездеседі. Бұл жұптарды бірінші кезекте күйзеліске алып келеді. Бедеулік сондай-ақ өзін өзі бағалауды төмендетсе, бір-бірінің алдында кінәлі сезіну мен ұятты ұлғайтады. Ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуі мен қарым-қатынасының бұзылуына итермелейді. Тіпті отбасындағы әлеуметтік рөл мен өмірлік мақсаттарға да кері әсерін тигізуі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген дерекке назар салсақ, некедегі бедеуліктің 40-50% тұқым қуалаушылықтан болады екен. Ол әрине әйелге де ерге де қатысты.

Күйзеліс бедеуліктің басты себептерінің бірі. Психоэмоционалды күй мен соматикалық денсаулықтың бұзылуы бірнеше психологиялық себепке тікелей байланысты болуы мүмкін:

Жоғары эмоционалды күйзеліс ағзаны түрлі ауруды қабылдап алуға бейімдейді. Созылмалы күйзеліс жабық тоқырауға әкеліп соғады. Нәтижесінде түрлі дисфункциялар ұлғайып, небір дерттерді жылдам қабылдап алу екі есеге күшейеді.

Эмоционалды күйзеліс тек иммундық жүйені тұншықтырып қана қоймай, гормоналды бұзылуларға апарады. Бұл бұзылыстар ішкі ағза жұмысының бұзылуына итермелейді. Шын мәнінде дәл осы кезеңде сіздің ағзаңыз қалыпты жұмысты талап ететін шығар бәлкім.

Психологтардың пікірінше, психологиялық тұрғыдағы бедеулік кез-келген кері факторға қорғаныс қабілетін көрсетуі мүмкін. Осылайша, ішкі факторлар бедеулікке жетелеуі мүмкін. Мәселен, баспананың жоқтығы немесе қос жұптың бірі мансапты биік қойып, тек соның жолында ғана тыраштанса, ата-ана жауапкершілігінен қорқу, отбасылық қарым-қатынастың тұрақсыздығы, екеуара сенімсіздік, көзге шөп салу, сатқындық, балалық шақта басынан өткерген терең психологиялық жарақат сынды себептер болуы мүмкін. Көп жағдайда мұндай себепке, психологиялық жарақатқа әйелдің өзі ата-анасы қаламаған жүктілік нәтижесінде өмірге келгені себеп болып жатады.

Жұптардың арасында келесідей сценарий жиі кездеседі: репродуктивті кезеңде туындаған қызының психогендік бедеулігі қаламаған жүктілікпен байланысты болуы ғажап емес. Қызы тарапынан анасына деген жасырын агрессия пайда болады. Ондай балалар жатырда жатқанда-ақ керексіз екенін түсініп, масыл болатынын сезіп, ешкімге керексіз әрі оны ешкім жақсы көрмейтінін сезініп туады. Осының салдарынан кері эмоцияларды бойына сіңіріп, өзі ана болудан қорқуы мүмкін. Баласы өзін де жек көрсе немесе қабылдамаса қалай болмақ деген ойлар мазалап, кезінде өзі басынан өткерген күйзелістен қорқуы әбден мүмкін.

Кейбір әйелдер толғақтан, босанудан қатты қорқады. Психосараптамалық зерттеулер нәтижесі жүкті әйелдердің арасында босанудан қорыққанның салдарынан ағзаның эндокриндік жүйесі бұзылып, соның кесірінен жүктіліктің қалыпты өтуіне кері әсері тиюі мүмкін деген пайым жасайды. Мысалға, түсік тастау, құсу немесе жүйке анорексиясы пайда болуы бек мүмкін. Тіпті жүктілік жақсы өтіп жатса да, құрсағында бала көтеріп жүрген әйел орынсыз сабырсызданып, байбалам салса жатырдағы нәрестенің дамуына міндетті түрде зияны тиеді. Күйзелістің пайда болуы мен дамуы, түрлі қорқыныш пен шизофреникалық психозға әсер ететін регрессия – «босанғаннан кейінгі психозға» жетелеуі, соқтыруы мүмкін.

Күшті бейсана агрессия, реніш, қызғаныш, көреалмаушылық, ерлерді мүсіркеу сынды себептер де психологиялық бедеулікке алып келуі мүмкін. Репродуктология саласындағы жетекші мамандардың бірі Е.С.Фордт жүргізген зерттеулер нәтижесінің бірінде бедеу деп диагноз қойылған әйелдердің ешқайсысы да шын мәнінде бала сүюге құлықты болмай шыққан. Бедеуміз деп жыласа да, түпкірінде өз анасына деген өшпенділік немесе күйеуіне деген агрессивті имитация бар екені анықталған. Тіпті жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы сәби сүйгісі келсе де, әйел өз ойы мен мақсатын өзгертіп, өмірлік құндылықтарын бағаламайынша жүктілік бақытына қол жеткізу мүмкін емес.  

   

#медицина #бедеулік

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер