Балдың қуаты жайлы не білеміз?

Күнделікті қолданыстағы балдың құнарлығы мен пайдасы жайлы қаншалықты ой жүгіртеміз?

Анамның балалары ауырса, дәрі-дәрмекке жүгірмей, ыңғайы келсе табиғи жолмен емдеп алатынына таңым бар. Тамақ безі қатты асқынып іскен кезде үнемі бал мен сүтті пайдаланатынын көп көрдім. Сол екі нәрсенің өзі-ақ адамға кәдімгідей күш береді. Адам бойындағы зат алмасу процесін жөнге келтіріп, иммунитетті көтереді.

Жуырда анамызбен қаламызда орналасқан белгілі сауда базарына бардық. Үнемі бал сатып алатын Ирина Николаевна деген орыс сатушы бізді көріп қуанып қалды. Бал дегеннің түр-түрі бар. Барлығын ерінбей бөліп көрсетіп, түсіндіріп жатыр. Тыңдап тұрып, балдың адам баласына тек пайдасы ғана бар екен деген ойға келдім. Осы орыс ұлтының денсаулық дегенде ешнәрсені аямай, не нәрсенің пайдасы жоғары болса, сол туралы толық мәлімет білетіндеріне риза боламын. Ирина апайдың да сыпайы, асықпай түсіндіру тактикасы, тұтынушымен жұмыс жасауын өте жоғары бағаладым. Ол кісінің аса назар қойып айтқаны: «балды ешқашан қатты отқа қайнатып пайдалануға болмайды. Және өте жоғары ысытылған сүтке де салып ішуге болмайды. Себебі, бал тәтті дәмінен айырылады және бойындағы емдік қасиеттерінің барлығынан жойылады», - деді. Сүт немесе шай болсын құрамындағы бал жылы температурада, жай еріуі тиіс екен.

Өте еңбекқор саналатын кіп-кішкентай аралардың бөліп шығаратын шырышты балы осыншама керемет деп ойламаппын. Зерттеулерге сүйенсек, балдың 26 түрлі емдік қасиеті бар. Адамның 90 пайыз ішкі ағзасының жақсаруына бал оң нәтижесін бере алады. Тістің ағаруына, құлақ ауруларының кей түрлеріне ем. Сонымен бірге, жүрек, қан аздық ұйқысыздық және қан қысымының жоғары-төмен болып тұруын ретке келтіріп отырады. Тіпті, бал мен шоколад ұнтағын біріктірсе, салмақ тастауға әсері бар екен. Міне, қызық. Біз балдың пайдасының бірін білсек, бірін біле бермейді екенбіз. Тек есте ұстайтын ең басты нәрсе, балды өз мөлшерінде ғана, өз орнымен пайдаланған жөн.

Сатушы апай бізге қою қоңыр түсті балды көрсетті. Оның кәдімгі сұйық балдан айырмашылығы, ол массаж жасауда пайдаланса емдік қасиетке ие екендігін айтты. Сонымен, балды тек ішуге ғана емес, сыртқа да қолдануға болады екен. Қала тұрғыны, зейнеткер Марал Мадреимова осы балмен массаж жасау арқылы аяғына жиналған тұздан айыққан. Ол кісі: «Аяғым қатты ауыратын. Кейін бал арқылы емдеу жолын естіп, оны өзім жасауды үйреніп алдым. Ол үшін балды ерітіп, ауырған жеріңе жағып, оны өте баяу түрде, бір қалыпта алақанмен ұрып отыру керек. Ол жарты сағат, қырық минуттай уақытты алады. Кейін денеңнің орны қызарады. Бірақ нәтижесі бірден байқалады. Ем соңында қолың еш кілегейленбей, терінің бетіне түйір болып тұз шығады. Тек мұны бір күнмен тоқтап қалмай, толық 5-7 күн үзбеу керек», - дейді. Иә, біз білмейтін табиғаттың сыйы көп. Әйгілі математик-ғалым Пифагор өз естеліктерінде: «Менің ұзақ өмір сүргенім – балдың құдіреті» деген болса, философ Демокрит те өзінің бір ғасырлық ғұмырының өлшемін бал өнімімен байланыстырған екен.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер