«Қазақ» газетіндегі ұлттық идея

18.09.2017

Түрлі зобалаңды алып келген ХХ ғасыр қазақ даласын да бей-жай қалдырмады. Сананы шырмаған отарлық саясат елдің тынышын алып, берекесін жойды. Қазақты орыстандыру үшін мұжықтар көшіріліп, қазақ құнарлы жерінен айрылды еркінен айрылды. Біліс алмақ түгілі, бас амандығы мұңға айналды. Елінің жоғын жоқтаған Міржақып бұл жолы да қарап қалмаған болатын.

Әрине Міржақып миссиясын аяқтады, көздеген мақсатына өле-өлгенше ұмтылумен болды. Мыңнан бір шығып топ бастағанда, жүзден бір қолдаушы болмай, керісінше жүзден он шалушы, сатқын болып аяғын алшаң бастырмады. Алайда қараңғы қоғам арасында жарқын болашақтың отын үрлеп, идеялық бейнесін жасап кетті. Егеменді елдің ұрпағы болып отырған біздің міндетіміз – сол идеяны жүзеге асыру. Бірақ біздің санада алаштықтардың санасындағы егемендік болмаса керек.

«...Алланың әр күні «Азат» деп зарланар,

Алаштың оғылан ұлдары

Сол үшін мерт болып,

Сол үшін шәһит боп өлді олар», - деп ақын жырлағандай олардың егемендік түсінігі бодауда бір күнде шыдатпас еді.

Міржақып шығармаларын оқығанда әлі де ұйқыда жүргеніңді түсінесің. Өткен ғасыр кемшіліктері бойымызда әлі де толып жатыр. Ұлттың мінезі ғасырлар бойы болған соғыстың, аумалы-төкпелі заманның, ашаршылықтың салдарынан өзгеріске ұшырап, ол өзгеріс ұзақ уақыт ұрпақ бойында қалып қояды. Міржақып мұндай ұлт бойына жұққан жағымсыз мінездер жайлы көп жазды.

Міржақып шығармашылығы неге әлі де толық сұранысқа ие? Неге Міржақып шығармашылығына тарихи факт ретінде ғана қарай алмай келеміз?  Оны күн сайын зерттеп, зерттеген сайын қажеттілігінің арта түсуі неде? Бұның себебі – сана күресінің аяқталмағанының белгісі. Міржақып аңсаған егемендіктің, болашақтың әлі келмегендігінде. Біз бүгінгі күні шекарамызды анықтап бекітіп, бөлек отырғанымызбен санамыз әлі де бөліне алған жоқ. Санамыздағы бодандықтың қамыты әлі де түскен жоқ. Міне, Міржақыптың күресінің астары осында. Сана ішіндегі идеялардың күресі. Егемендіктен айырылу айықпас дерт емес, мал мен жерден айырылу жазылмас жара емес. Ел ішінен ер туар – егемендігіңді қайтарар, дана туар елді бастап ата жұртын түгелдер, дарқан даланы малға толтырар. Ең сорақысы немесе ең ақырғысы – дана мен данышпанды, батыр мен шешенді тудырар сананың жойылуы. Санаң өшті – қазақ өшті. 

«Сана қайда» мақаласын оқысаңыз автордың соншалықты күйзелісін сезесіз. Мақала 1917 жылы «Мадияр» деген бүркеншік атпен жарияланған болатын. Мақаланы жазудағы себеп алда шешімін таппаған істерге халықты даярлау еді. Қолға тиген бостандықты баянды ету үшін саналы түрде ұлт болып бірігіп, ұлағатты істер атқаруға шақырады. Көп жерлерде баяғы ескі әдеттерден арылмағанына өкініш білдіреді. Мәселен, комитет сайлауы кезінде бұрынғы болыс сайлауы тұсындағыдай жікке бөлініп, халық мүддесі естен шығарылғаны сынға алынады.

Мақала авторы елдің ақсақалдарына, ел билігінде жүрген жақсыларға мынадай сөз арнайды: «Талас-тартысты қойыңдар! Алда тұрған зор істерге қамданыңдар! Ынтымаққа қайтыңдар! Жұртты ойлаңдар!»

Алда келер зор істер дегені – қазақтың ұлт ретінде дамуына қажетті Земство мен Құрылтай жиналысының сайлауы. Автор халықтың санасына осындай істерді санамен атқарайық, бұғанасы бекімеген бостандықтан айырылып қалмайық деген ой салады. Себебі санасы орыстың бұйрығын ғана қабылдайтын, бұйрықты орындау барысында ұлтын таптап өтуге даяр роботтар қазақ даласында да пайда бола бастаған. Бодандықтың бастапқы жылдары қорқынышты болмағанымен зияны орасан зор болатын. Судың физикалық үш күйі болатын секілді идеяның да үш күйі бар. Бу күйінде ешкімге зияны тимейтіндей сезілгендіктен, аса бір қайшылық пен қарсылыққа ұшырамаған соң жалпы жұрт аяғын тарта қоймайды. Сыналап еніп, көздеген аймағын толық тұман басқанда отарлау саясатының атомдары тығыздала түсіп, бу суға айналып көкірегіңді кере дем алдырмайды. Адымыңды алшаң бастырмайды, ұлт ретінде дамуың тежеле береді. Үшінші кезең – әбден күшіне еніп, ашық шайқасқа көшкен, отаршыл атомдардың өте тығыздалып мұзға айналуы, соңғы үміт пілтесінің мұз құрсауында сөнуі.Бумен адамға зиян келтіре алмассың, ал мұзбен адамды жоюға болады. Екеуі де бір атомнан тұрады. Бұл құбылысты Міржақып ерте байқап, қалың тұман арасына меңіреу қалыпта кіріп бара жатқан ұлтына «Оян, қазақ!» деп жар салды. Алайда орыс үкіметінің бұл идеологиясы да жеміссіз болмады. Санасы мұзға айналған, ұлт деген ұлы ұғымнан айрылған роботтар орыстың қызметіне даяр еді. Орысқа жан-тәнімен берілген, ұлттан байлықты биік қойған, өзін аман алып қалу үшін өзгенің өлуін тілейтін арам ниетті, санасы төмен жандар көбейіп кетті.

Кейбіреулері қожаларының көңілін тауып жақсы көріну үшін, әрбір осалдық, жамандыққа даяр еді. Өздерінің жолдастарын ұстап беріп, қожалары не жамандық қыл десе соны істеген.

Құлдықтың ең жаман жері де сол еді (Қожа болсын, құл болсын – адамды бұзу). Қожалардың жанын тат басып, өздерін еркін бір жыртқыш аң қатарына жеткізу, құлдарды мал секілді, жалғыз-ақ тамағының тоқтығын уайымдатып, қорқынышта: «Мені тез өлтіріп тастамаса жарар еді» демекте. Құлдықтағы негр халқы жайлы жазылған «Жұмыс хайуаны» атты бұл мақаласындағы көріністер қазақ даласында айна қатесіз қайталанып жатты. 

Қазақты сол «жұмыс хайуаны» дәрежесіне түсіруге орыс үкіметі түрлі әрекеттерге барды. Қазақ даласында адам саудасы пайда болды. «Аштықта амалсыз қатын-баласын сатқалы отырған босқындардың мұқтаждығын пайдаланып, адамын сатып алу өртеніп жатқан адамның киімін тонағанмен бірдей. Бұл іс – қазақтың қазақшылығына бітпес таңба». Сүйегімізге таңба болар істерді өз қолымызбен жасадық. 1918 жылы жариялаған «Адам саудасы» атты бұл мақаласының соңында ел азаматтарына сұрақ қояды. «Мұны ел азаматтары ойлау керек. Ғұмыр бойы ашаршылық, босқындық бола бермес. Адамы босқан елдер де ертең есін жияр, сонда солар айтпай ма: Қарайласқанда, ел-жұртым, туған-туысқаным деп барып паналағанда, не опа көрсеттіңдер, айран-шалаптарыңды адамға айырбастап, ұлымызды құл, қызымызды күң еткендерің бе десе, не беттеріңді айтасыңдар?».

Кешегі тасқа басылып жазылмаған, әр азаматтың санасында жаңғырған дала заңымен жүретін, сатқындықты кеше алмайтын, дауын екі ауыз сөзбен шешкен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ жұрты енді басқа кейіпте еді.

Сасық мінездің халық бойына сіңбеуі үшін рухтандыру идеясы жедел жүрді. Тіпті түрмедегі күндерінің өзі күреспен, ұлтты ағарту жолындағы жанталаспен өтті. Адам санасы бос кеңістікті көтере алмайды. Идеологияның құрбаны болады. Я ол жақсы болсын, я, жаман болсын адам идеологияның қызметкері. Кейінгі заманда не жақсылық, не жамандық көруі сол ұстанған идеясының жемісі. Сондықтан, орыс патшалығы да езгіні күшейтіп, қараңғылықты қоюлата түсті, алаштықтар халқын бұл санадан айырып алуға, құлдық құрбандарын азайтуға асықты. Сана күресінде жеңе алмаған үкімет енді ашық шайқасқа шықты. Бұл жолғысы – санаңды «өлтіруге» ұзақ уақыт жұмсағанша, аз уақытта өзіңді өлтіру еді. Осы мақсатта ашаршылық жасалды.

«Бұрынғы Россия империясының территориясында 1917-1949 жылдар аралығында, яғни отыз екі жыл бойы тарихи эксперимент жүргізілді. Осы эксперимент барысында жоғарыда айтылғанның барлығы да расталды. Енді совет халқына айналған қоғамның азық іздеуге жұмсаған уақытының көлемі адам айтқысыз өсіп, азық-түлік карточкасын табу, олардың бағасын өсіріп сату, түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ұзындығы бірнеше шақырымдық кезекке тұру, азық-түлік іздеп базарларға бару, «қара базарды» аралау, тамақ үшін неше түрлі жұмыстарға жалдану т.т. Тиісінше, басқа ермекке арналған уақыт көлемі мүлдем азайды /мысалы, театрға бару, көрме, кітапханаға, таныстарға бару, серуенге шығу тоқтады/. Адам өмірінің мәні тек «қарын тойғызуға ғана айналды», – деп жазады П.Сорокин. Сорокин айтқандай орыс үкіметінің келтірген зияны бұл ған емес.

         «1932 жылдың аштығы бұрынғы патша саясатының жалғасы болатын. Бұл жолы большевиктер американдық тәжірибені алды. «Бизон болмаса, үндіс те болмайды» дейді американ мақалы. Миллиондаған бас мал кәмпескеленгеннен кейін қазақ даласына екінші «Ақтабан шұбырынды» келді десе де болғандай еді».

«Аштықтан есі кеткен адамдар бір үзім нан іздеп темір жолды жағалады, қалаларға ұмтылды. Ал қалаға кіре берісте оларды пулеметтің жаңбырдай жауған оғы қарсы алды. Барнауылдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Турксиб және басқа темір жолдардың бойы самсаған өлік болды. 1933-35 жылдары мындаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен айналысты».

Қазақ халқының қабырғасын қайыстырған, алаш зиялыларының жанын жай таптырмаған бұл зобалаңның ұлтқа келтірер зардабы мұнымен де аяқталмайды. Адамды саны жағынан да, руханиатың жағынан да орны толмас шығынға ұшыратар ашаршылыққа қарсы күрес жолында олар аянбады.

         «Аштық рефлекстері топтық қорғану рефлекстерімен бітіспес антагонизмде болады, екеуі ешқашан да бір-бірімен жараспайды. Және барлық ретте, осы текетіресте аштық жеңіп шығып отырады. Трефотаксис кұбылыстары өзінің қарсыласын әлсіретіп, адам бойындағы, оның санасындағы топтық қорғану рефлекстерінің ең терең ұялаған қасиеттерін жоққа шығарып жояды».

Шынында да аштық біздің ұлттық санамызды, елдік деңгейде ойлау қабілетімізді әлсіретіп жіберді. Қазақ даласының бір жағы аштықта қырылып жатқанда, екінші басының күйі жақсы болатын. Аш-жалаңаш қалған бауырларын аман алып қалу үшін жаппай жылу жинап, ел болып бірігіп көмек қолын созу болмады. Бұл жайында Міржақып оқыған жанның сай-сүйегін сырқыратар мақала жазды. Сөз қадірін түсінер, ел қадірін түсінер қазақтың мәрт ұлдары әлі де бар деп сенді. Соларға арнап хат жолдады.

«Басы-қасында болмаған, көздеріңмен көрмеген алаштың балалары, бір минут көздеріңді жұмып, қиялға салып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар: біреу тәлтіректеп аяғын баса алмай жығылып жатқан, біреу аштықтан ісініп, қандай күнә-сұмдығымыздан мұндай күйге ұшыраттың, Құдай! – дегендей, қимылдауға шамасы келмей, көлге қарап жатқанын, жолдың бір шетінде өліп, өлгеніне рақаттанғандай, мәңгілік ұйқыға кеткен шалды көресің. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйінде өлген жас қатынды көресің. Бұлардың мұндай қаліне қайғырар һешкім жоқ, тек қуанышпен ас пен тойға жиналғандай, топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердің көзін шоқып, етін жеп, сүйегін кеміріп жатқанын көресің. Бұл өліктер Құдайдың кең даласын сасытқан. Ық жағынан жан жүрерлік емес, мұның иісін өзің иіскегендей боласың», - дей келе Міржақып санасы сөнбеген мейірімді алашқа сөз арнады.

«Мейірімді, алаш!

Рулы елің қан жұтып тұрғанда, сен май жұтпа!

Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетіп, маңдайынан сыйпап, күнге, желге қақтырмай отырғанда, өздеріңдей адамдардың балалары сатылып, көздеріне шыбын үймелеп, жетімдікте жүргенін, бір түйір тамаққа, бір жұтым сусынға зар болып, жылап отырғанын ойлаңдар! Сендердің қатын-қыздарың алтын-күміске малынып, бойларын түзеп, жылы үй, жайлы төсекте отырғанда, олардың қатын-қыздары күңдікте, аш-жалаңаш, абұйырын жаба алмай отырғанын ойлаңдар.

Атқа мін, азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса, басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кірісіңдер!

-        Намыстан, Алаш!

-        Жігерлен, Алаш!

-        Тас бауыр болма, Алаш!».

Бұл қазақтың тарихындағы ұлт болып көтеріп, жұрт болып жеңетін қайшылық еді. Ұрпақ санасындағы өзгеріс осы кезеңнен қаншалықты сауатты өткеніне байланысты болатын. Жалпы халық топтаса алмады. Алайда топтасқан бөліктерде өз кезегінде сатқындыққа ұшырап отырды.

«Топтық қорғану инстинктерін депрессиялаудың енді бір формасы – сатқындық. Бір жапырақ нанға бола өз тобын сатып жауға өту, діни, партиялық немесе басқа сатқындықтың түрлері».

Сатқындық көбейіп, саны аз болса да күресті алаштықтар тоқтатпады. Міржақып саналы жұртынан күдерін үзбеді.

Саналы, алаш!

Мына екі облыстағы бауырларымыздың жайы жоғарыда айтылды, біз жұрт боламыз, тізгінімізді өзіміз аламыз деп отырмыз, жұртымыздың бір жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда, кіммен жұрт боламыз. Кеше бір облысымыз ойран болса, бүгін екінші облысымыз мынадай апатқа ұшырап тұрса, ертең үшінші, арғы күні төртінші облысымыздың басына, сүйте-сүйте бәріміздің басымызға мұндай халдің келмесіне қайдан көзіміз жетеді?!  Тұтанған өртті мезгілінде сөндірмесек, ол өртке ертең бәріміз де шалынбаймыз ба? Шарпылмаймыз ба? Сонда бізді кім жұрт қылады! Онда біз жұрт болмаймыз, жоғаламыз. Екі облыс қазағын аман алып қалуға тырыспау елдің қазақ жұрты ретінде сақталып қалуға тырыспауы. Мұндағы ұлтқа селқос көзқарастың арты жақсылық емес болатын.

Аштық діни, құқықтық, моральдық, эстетикалық, барлық әлеуметтік құлықтың түрлерін аздырады.

Аштық атаулының бұл салдары қазақтарды да айналып өтпеді. Дінін сатқан, ұлтын сатқандар марапатқа ие болып, бір күндік қуанышына мас болып жүрді.

XX ғасыр гуманизмнің күйреген ғасыры болып саналады. Қиянат, зорлық пен зомбылық жалпыға бірдей низамға айналды. Аштық адамның бет-пердесін, үстіндегі «мәдениет» деп аталатын киімін аяусыз сыдырып алып, оның шын кейпін, жалаңаш жердің бетіндегі жалаңаш айуан екенін көрсетті.

Осылайша «Алтын ғасырлық» адамзат тарихындағы ең озық өркениет жаңа сатыға өтер тұста әлсіреп, сатқындықтың, ашаршылықтың салдарынан ұмытыла бастады. Жақсы мінездеріміздің орнын жаман мінездер, асыл ниеттеріміздің орнын пасық ниеттер алмастырды. Қай заманда да діні берік қазақтың қайсар ұлдары азайып, заманға күйлегіш құлдар өсіп-өнді. Халықтың белгілі бір бөлігі «мимикрия» қабілетін бойына жұқтырды.

«Мимикрия – жәндіктерге тән қабілет. Мысалы, кейбір жәндіктер, қауіп төнгенде ағашта тұрса сол ағаштың, жапырақта тұрса сол жапырақтың жасыл түсіне, жерде отырса топырақтың түсіне ене алады, терісінің бедерін өзгерте алады. Сол жәндікті аулап келе жатқан басқа жәндік, оны жапырақтан, бұтақтан, немесе топырақтан ажырата алмай қалады. Осылайша, жәндік өзінің жанын сақтайды. «Мимикрирующее приспособленчество» – қандай да болмасын саяси жүйеге, әлеуметтік ортаға, қандай да болмасын заң жүйесіне лайықталып, өзінің түсін өзгертіп отыратын, осылайша қандай да болмасын жүйеде жанын сақтап, өз тіршілігін ары қарай жалғастыру қабілеті деген сөз».

Яғни қазаққа қарсы бағытталған соққыдан аман қалғысы келіп, орыс кейпіне енген жаңа орыстар пайда болды. Міржақып дүниеге келгенге дейінгі уақытта, ол өмір сүрген уақытта ұлт бойына жабысқан кемшіліктермен күресіп өтті. Оның әрбір шығармасы бойыңдағы бір кемшілікті айқындап тұрады.

Қандай да болмасын ой, үш кезеңнен өтеді. Алғашында от шашып алаулап тұрған кезінде ол ой күпір болып саналады (күпірлік кезең). Содан соң жаңа ой қоғамдық санамен жарасым табады. Бұл оның қоғам тарапынан мойындалған даңқты кезеңі (ұлы идеялық кезең). Ең соңында ескіріп, артынан жеткен келесі лек жаңа ойдың жолына кес-кестеп тұрып, қоғам өміріне, мәдениеттің өркендеуіне кедергі келтіре бастаған кез (өлген, кертартпалық кезең).

Міржақып ойының бірінші күпірлік кезеңі, яғни қалық тарапынан қолдау да тапқан, қорлау да, сатқындық та тапқан бірінші кезеңі өзінің ғұмырымен аяқталды. Оны мойындап, басымызды шұлғып келіскенімізбен оның ойындағы санаға жете қоймағандықтан, екінші кезең басталғанымен ұзаққа созылыр түрі бар. Ал Міржақып ойының біздің ұлттық даму жолында уақыты жағынан ескіріп, жөн сілтеу жөнінен бізге керітартпа болар кезі қашан келері жайлы ойлау тіпті артық.

Міржақыптың жүйелі түрде, ешқандай қарсылыққа қарамай жүргізген күресі өз алдына даңғыл жол. Бұл жолды ол ең әуелі жұртының жағдайын өздеріне түсіндіре келіп, ұлттың ақшасын пайдалы іске жұмсауға, елдік жолында атқарар істерде береке-бірлікте болуды үндейді.

Бұрынғы замандағы қазақтың басшылары есік пен төрдей жерден арғыны болжай алмайтын болғанда, жалпақ жұртқа өкпе жүреме. Халыққа өкпелеуден артық ақымақтық болмас.

Қазақ жас бала мысалында. Жас балаға қараушы, билеуші қандай керек болса, қазақтың да сондай билеуші, көздеушілері даяр тұрады. Бір кісінің тізгін біреуде болып,  еркі болмау қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың өз еркі өзінде болмауы онан мың есе жаман. Осы күні қазақтың өзін-өзі билеп отырған бірі ісі жоқ. Жұрттың тіршілік, шаруа істерін өзі билемей, төрелер билейтін жол зиянды екені айдан анық болған соң, ескіні қалдырып, жаңа заң шығару керек еді. Ол заңымыз земство, яғни жұрттың билігі өзінде болу. Автор өзгенің жетегінде жүріп адасқан елін тура жолға салу үшін әрбір істің мазмұнын халық назарына газет арқылы жариялап отырды. Өзі дұрыс деп тапқан әр ісін халыққа түсіндірді. Ондағы мақсаты қазақ түсінсе жүзеге асырар деген ойы еді.

Қазақ түсінер де һәм істер де еді, бірақ бұл күнге шейін түсіндірудің шарасына кіріскен адам аз. Бірақ бұл гәп қазақта емес, шәкірттерде деп білемін. Шәкірттер осы кезде өз міндеттерін білмей адасып жүр, сондықтан  олардың еткен еңбектері де жеміссіз. Мұндағы ойы шәкірттерді сөгу емес, олардың ел ісіне араласар шағы туғанын, ел ертеңі үшін шәкірттердің де жауапты екенін сезіндіру болатын. Тек шәкірттер ғана емес исі қазақ ел ертеңі үшін жауапты. «Әрбір ақыл иесі адам қара қазан, сары баланың қамын ойламай, бұрынғыдай пайдасыз дүрмекпенен кете берсе, құдай алдында мойындарынан үлкен борыштары түспей, кейінгі нәсілінен де қарғыс алуы шибһе жоқ». Тек биліктегі қазақтың, оқыған қазақтың ғана күресуі жеткіліксіз. Әрбір жан иесі өз міндетін толық атқарғанда жұрт жұртығын сақтамақ, айы оңынан тумақ.

Ал, енді, біздің қазақ жайына келсек, әуелі бұл заманның өнер-білім заманы екені ойында да жоқ! Құрығын таянып, қалғып, әлі малының артында. Салған егін жоқ, қылған кәсіп жоқ, жиылып салған тұрақ жоқ, құр мал айдағанына мәз болып жүр. Бұл қалпымен барса жердің бәрі кеткен соң, мал салуға жер таба алмай, жұт жылы қазақ малынан айырылып, қарақасқа кедей болып қалуы анық. Басқа кедейлік түссе, көрші шет жұртқа жұмыскер болып, құрып кету – о да белгілі. Күрес жаңа кейіпке көшті. Қарулы қақтығыстың заманы өткен. Білімнің күресі басталды.

Өзгелерден кем болмай, тең боламын деген жұрт қатарынан қалмасқа тырысады. Тең болғанда адам болсын, жұрт болсын, білімі, өнерімен тең болады. Қалыспаймын дегенде осыларымен қалыспасқа тырысады.

Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды боп келген бәйгенің алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстін түсіп, қалғанның ісін баспақшы. Ғылым, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіздерді білімімен жығып, аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап, жұмысқа жекпекші. Біз өзімізбен өзіміз болып, басылып бара жатқанымызды бір-ақ білетін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ... Бұларды енді керек қылмасақ, күні бұрын өзімізді құдайға атаған малдай, басқалардың есігіне арнап қою керек. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке ебі жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды. Малын да алған, ақшасын да алған орыс үкіметі қазаққа пайдалы істер жасамады. Қазақ қана барын беріп, шарасыз қалған. Қолда бар байлықтан басқа пайда болмай, қайта зиян туа бастады. Енді қазақ білімсіз болумен қатар бай болу құқығынан айрылды.

Қожалар: егер бұларды оқыта бастасаң, көздері ашылып бізге қарсылық көрсете бастар, онан да осы күйінде қалсын, өзінің кім екендігін біліп, еркіншілікті ойлаған адамдардан бір қора малды бағу оңай. Бізге бұлардың оқығаны, көздері ашылғаны, жүректері тазарғаны керек емес. Бізге керек күшті қызметкерлер. Негр халқы өзі де оқуға лайықты емес. Ауыр жұмысты істеу үшін жаралған бір хайуан» - дейтін еді», - деп жазды. Осы мақала арқылы автор еліне орыс үкіметінің ниет-пиғылын, мақсат-мұратын сездіріп отыр. Қазақ даласын байлықтың қоймасы ретінде пайдаланып, қазақтарды қызмет атқарушы құлдар ретінде ұстамақ болды. Бұл жоспардың көп мөлшері жүзеге асқанда еді. Қолда бардың, өз меншігіне жататын байлықтың бәрін беруден бас тартқандарды, құлдықтан қорланып бас көтергендерді жойып отыруы айқын дәлел. Байлықтан да, білімнен де қазақты алыс ұстағысы келген патшалық үкіметтің ендігі мақсаты - жаңа заман негрлерін жасамақ болды.  Азапты заманнан зарлап өткен негрлердің де жеңіске жеткенін айтып, халыққа ой салған автор, талай жылдық қалыптасқан рухы бар қазақты бас көтеруге, біліммен қарулануға шақырды.

Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің дінін,  хақын сақтай алмай, дүниемен ақыры есебін бітіруі ықтимал. Сондықтан бастың аманында білімге ұмтылу қажет. Білімді топтардың көмегі қажет.

«Азамат Алашұғлы» бүркеншік есімімен 1911 жылы «Айқапта» жарияланған «Қазақ халқының бас адамдарына»мақаласында оқығандар мен байларға сөз арнайды. «Біздің әрбір ісіміздің негізі бос, өмірі қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесе де қосылмайды». Осындай берекесіздіктен қазақтың дамуы кешеуілдеді. Автор бай мен оқыған бірікпей көздеген мақсатқа қол жеткізе алуымыз қиын екенін ескертеді. Бірігіп білім жолында күреспей жұрт қатарына қосыламыз деу бекер әурешілік екені даусыз. «Жүз айтсақ та бір тілек: надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз».

Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаржының көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады. Қазақтың ақшасын алғанмен орыс қазаққа келіп мектеп салып бермесі анық. Бірақ, билік орыс үкіметінде болғанмен ерік өзімізде болатын. Мысалы: медресе-мектеп ашамыз десек, оқыған шәкірттер ауыл-аймақты аралап ағарту жұмысын жүргізем, байлар оқытушы ұстаймын десе де ерік өздерінде болды.

Бізде негізгі бір зор адасқандық – өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сенгендік. Өзіміз жай жатып сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді. «Жығылған күреске тоймас» деген, алмаса да қазақ сұрауын қоймайды. Сұрауда да парық бар екенін есіне де алмайды. Бір сұрау бар – ол есікте тұрып, еңкейіп бас ұрып, жыламсырап, аяныш түсіріп, көңілін жібіту жөнімен сұрау. Бұл қайыршылардың сұрауы. Оған ойланбай, қамданбай, осал, оңтай нәрсе, тиын-сиын бере салады. Бұл – елеусіз сұрау. Екінші түрлі сұрау бар – ол төрде отырып, төбесін тең ұстап, қадіріне сүйеніп сұрау. Бұл – елеулі сұрау. Бұлай сұрағаннның қолқасы ескерусіз жерде қала қоймайды. Сұрағанын береді, бермесе де ойланып, қиналады.

Қазақтың сұрауы бұл екі сұраудың қай түрі екенін өздері біледі. Біздің айтатынымыз: қазақтың сұраудан арманы да жоқ, сұрағанын алғаны да жоқ. Сонда да әлі сұрасақ молығар едік деп қамданады. Сұрағаннан молықса, қайыршылар молығар еді. Қайыршылықтан байығандар бек сирек. Есіктен есікке жүріп, қайыршылықпен күнелткен тіршілік қандай, өз бетіңмен кәсіп қып, мал жиып, өз еңбегімен күн көрген тіршілік қандай? Қайыршылықпен күн көремін деген – оңбайтын адамның ісі, сұраумен молығамыз деген оңбайтын жұрттың ісі. Автор айтқандай қазақтың орыстан сұрағанын алғаны жоқ. Ортайғанының сұраумен толғаны жоқ. Себебі бір ұлтқа керектіні сол ұлт өз күшімен табуы, жасауы тиіс. Бұл тарихи шындық. Автор өзгеден үмітіңді үз, тек өзіңе сенім арт, өзгеде бар өзіңде де бар деді. Тек ретін тауып қажетке жарата білу керек.

Қазақтың қолында малы болса, шәкірттердің айырбасқа білімі бар, білімнен мал қымбат емес. Шәкірттер осыған қаулы қылса – қазаққа үлгілі іс шығарғаны, өздері тіленшіліктен құтылғаны. Бірінің жоғын бірі толтырып, жаппай білімге ұмтылсақ қана өз билігіміз өзімізге тиетіні белгілі еді. Адамшылық жағына шықпай қазақтың оңалмайды.

Енді біздің адам санына қосыла алуымыз үшін не керек?

Біздің ойымызша, бізге де осы өнерлі жұрт жүрген жолменен жүрмей болмас. Олар құрық таянып, мал артынан жүрмеген, аз ұйықтаған, аз күлген, мектеп-медресе салған, күні-түні оқыған. Жарық көрейік десек, біз де солай етелік.

...Қысқасы, менің айтатыным, кешеуілдемей, оқу-өнер артынан түсуден басқа шара жоқ. Қорқақтықты тастап, бел байлап, қала болып отырсақ, мектеп-медреселер салып, өнер-білімге жабыссақ, біздің көш те жүре-бара түзелер.

Қазақтың кемтігі, керегі көп. Кемтігін толтырып, керегін табуға істегені аз, тіпті жоқ. Біздің керегіміздің көбі – бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер. Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік. Заманында сол қалпымыз жайлы да, жақсы да еді. Заман қазірде сол қалыпты болса, қазаққа ғылым, өнер керек болмас еді. Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер адам үшін шыққан, адамның өз тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. Не нәрсені де болса, адам керегі болса іздеп жоқтайды, қажеті жоқ нәрсені кісі жоқтамайды.

Қазақ жұрты қай салада да жұтап тұрған осынау уақытта барлығында басынан бастау керек еді. Өмір сүру салтынан бастап барлық сала жаңа сатыға өтуге тиіс. Жұрт өзінің бойындағы ескі-құсқыға айналып өңін келтірмей тұрған дүниелерден арылуы тиіс. Сонда ғана жұрт өзгелерден қалмай, жаңа заманға ілесіп отырады. Бұл тұста тағы бір ескерер ақиқат бар.

Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұрады. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі түрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек.

Жаңалықтың елу пайызы ескіден тұруы тиіс. Қазақ қазақ болуымен ғана мәңгі. Әлемді қазақ таң қалдырса өзінің тарих тамырымен біте қайнасқан, қанына сіңген құндылықтарымен таң қалдырар. Өзге елдің өзінікін өзіне көрсетіп абырой таппаймыз. Сондықтан қазақтың әлемге танылуы үшін, алты құрлықты аузына қаратуы үшін өзге емес «өзі» болып құлпыруы тиіс. Өзің болып құлпыруың ұлттың өзегі – салт-дәстүрің, ұлттық санаң. Жаңа заманға, жарқын болашаққа ұмтылыс әр салада көрініс тауып жатты.

Заң жағында өткенге сүйене отырып қайта қалыптастырып, қазақ арасындағы ескі ғадеттерді сылып алып тастауға тырысты.

Қазақтың заң дегені – Шыңғыс хан заманында, онан бұрын Момын хан шығарылған жол. Қазақ мүфтиге қарағанда  Шыңғыс ханның дүниеден қайтқанына алты жүз жыл, Момын ханның қайтқанына бір мың алты жүз жыл болған екен. Қазақтың заңы – бір мың алты жүз жылдан бері қуып келе жатқан жол...  Манағы мың жылдық заңның жолы шариғат қағидаларына үйлеспейтін болды. Мысалы: бірінші, байы өліп жесір қалған қатын төрт ай он күн ғадет сақтау тиіс. Ғадеті толған соң бір жаққа барам десе де, өзі тілеген біреуге тием десе де шариғаттың хұкімі бойынша – ерік. (Құран – 2-сүре, 23-аят). Қазақ мың жылдық заңды қолым деп, жесір қатынды күштеп әмеңгеріне қосады. Екінші, бір адам өлген соң, артында баласы қалмаса шариғат бойынша мүлкінің төрттен бірі қатынына тиеді. (Құран – 2-сүре, 11-аят). «Қатын мал билеуші ме еді» деп қазақ баса-көктеп, малын тартыа алып, өзіне әмеңгер табыла кетеді. «Атым өлсе – сауыры мұра, ағам өлсе – жеңгем мұра» деген қағидасы даяр тұр. Осындай шариғаттың хүкімі мен заңның жолы ереуіл келетін орындар толып жатыр.

Жұрт өзінің жоғын өзі жоқтап іздемесе ешкімнен көмек қолы созылмайды. Тізгінді өзгеге беріп қарап отырудың қаншалықты пайдалы екенін халықта сезіне бастағандай.

Бұл соттардың шешімдері бойынша жанымен, тәнімен туған халқына берілген азаматтар асылып, атылып кетті. Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр немесе түрмелерде отыр.

Айтылып отырған орыс сотының қазақтың қанша арысын айдап жібергенін, не үшін айдалғанын, атылғанын жұрттың көңілі сезе бастаған. Әрине көбінде кінәлі өзіміз едік. Билік орыста болғанымен ерік өзімізде деп айттық. Сондай-ақ арыз жазу немесе жазбау, сатқындық жасау немесе жасамау да өз еркімізде болатын. Енді менің кезегім қашан деп қарап отыру жарамасты. Міржақып ес білер ел азаматтарына қайта-қайта ой тастап, тізгінді өз қолымызға алуға тырысты.

Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы. Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес. Ағаштың тамырына балтаның жүзі тисе қурамақшы. Сондықтан да қолда ерік барда барды пайдаланып, қазақ баласын сауаттандырып қалуға тырысты. Олар біздің елдің жапырағы сарғайған, артық деп есептегені бұталған кезеңде тамырымызды аман алып қалған екен. Бүгінгі көркейіп келе жатқан қазақ елі сол тамырдан нәр, сол тамырдан күш алады.

Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ ғадетіне ыңғайлы қылып қазақ мәдениетін құрып, бір жағына қазақ әдебиетін тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы. Әлбетте қазақ қияметке дейін жасайды.  Міржақып сол үшін күресіп білім жолына үндеуден жалықпады.

Қараңғыны жарық, надандықты ғылым жеңіп, біздің жұртқа да денсаулық, бақыт, байлық заманы бірте-бірте туар. Ол үшін әрбір іс дұрыс, әрі тиянақты орындалуы керек. Сонда ғана еткен еңбек еш, төккен тер текке кетпейді. Ал әр істің ақ-қарасын ажыратып дұрысын таңдау үшін білім қажет. Мұнымен қатар автор дамыған мемлекеттерден үлгі алуға тырысты.

Бізге мағлұм, әрбір істі дұрыс істеуге болады, егер білімді жұрттардың қалай істеп, нендей пайдалы нәрселер ойлап шығарғанын, істерінің қалай тез ілгері басқанын көріп үйренсек. Егер бір істің мәнісіне түсінбей істесең, уақыт та, еңбек те, ақша да босқа кетеді яки аз пайда келтіреді. Ең әуелі земство ашыла бастағанда, земство берілген елдердің адамдары білген: қашан халық надан күйде тұрғанда, істеген ісі де ілгері қозғалмайтын.

Жаңаға қол созбай бұрынғыңды сақтап қалу, қайта жаңаша түрде жаңғырту мүмкін емес. «Қазақ – бұрынғышыл жұрт». Бұлақ басы – Абай болып табылатын алаштықтар әлі де біз жетпеген болашақтан хабар береді.  Алаштықтардың мәңгі санамызда жаңғырып отыруы бұрынғышыл жұртты әрқашанда алға сүйреуінде еді. Әр істің артын, бүгінгіні емес болашақты ойлаған олардың идеясы әлі де бізбен бірге жасай бермек. Солар айтқан жаңа заманнан негізгі ұлттық өзекті сақтай отырып орын алуға тиіс болғанбыз. Өз бетімен жаңа заманға лайықтап әдеп-ғұрып, сана,  заңын икемдей алмаған қазақ халқын орыс үкіметі басқа тарапқа салып жіберді. Бұл жерде кінәліні іздеп қажеті болмас. Алаштықтар өз міндетін толық атқарған болатын.

Отарлау саясаты кезіндегі пайда отырлаушы жақта болды. Себебі, толық құрылған, ғасырлар бойы талқыланып жасалған жоспар бар. Сол жоспарды тек кезең-кезеңімен жүзеге асырып отыру ғана қалған. Және де оның жартысынан астамы жүзеге де асып қалған болатын. Сол тұста шайқастың орта тұсынан қосылып жеңіс туын желбіретіп кеткен Алаштықтардың азаматтығын бағалай беріңіз. Кемшілік атаулының көбі біз жақта еді. Басыңда ерік болмауы себепті еркін қимылдай алмады. Жерінен айрылып байлық жағынан да әлсірей бастаған болатынбыз. Оған ел аман жұрт тынышта ашаршылыққа ұшырағанымыз дәлел. Ең бастысы орыс үкіметінің қолындағы тайға таңба басқандай анық жоспарды, алда не күтіп тұрғанын білмейтін едік. Бізді осы тар жер, қараңғы қапастан алып шыққан алаш азаматтарының көрегендігі.

Тәуелсіздікті сақтап қалды, әрине санадағы тәуелсіздікті сақтап қалған. Себебі санадағы кең түсініктер жойыла бастаған, болыстар болмашыға жауласып, билер болмашыға таласатын дәрежеде еді. Бірлігіміз кеміді, түсінігіміз таяздады. Қазақ билік, берекеден айрылған соң намысы да ұнтақталып кеткендей. Болмашыға намыстанып жаға жыртысқан оларға бодандық, сауатсыздық ұят болып көрінбеді.

Басқа жұрттың адамдары азғантай пұлменен миллиондар жинап, ой байлығыменен халқына ғылым-білім таратып, дүниені нұрландырған заманда, біздің қазақтың мырзалары тоқты-торымның дауынан файда іздеп шаталып-маталып жүруден шыға алмайды. Баяғы қазақ заманы өтті ғой. Ондай істі азайтуға уақыт жетті. «Шөлмек мың күн сынбас, бір күн сынар» деген мақалды ұмытпайық, - деп жазып еврей халқын үлгі етті.

Қазақтың басқалардан саны аз болғанмен, оқымысты болса, қай жұртпен болса да қатар тіршілік ете алмайды деуге болмайды. Бізде мақал бар: «Білегі – жуан бірді, білімі жуан мыңды жығады» деген. Мысал үшін мынаны айтуға болады. Дүниеде 11 миллион еврей бар: өнерлілігі, өткірлігі арқасында бұлар еш халықтан кем емес. Еврейлердің көрген қысымшылығының мыңнан бірін қазақ көрсе, әлдеқашан дүниемен қош айтысқан болар еді. Олар аздығына қарамай, азуы алты қарыс жұрттармен жағаласып теңдікке жетіп жүр. Бұл қазақ секілді өнерсіз жұртқа өнеге емес пе?

Теңіз тамшыдан құралады. Ұлт үшін атқарылар игі істің үлкен-кішісі болмайды. Түбінде бәрі біріге келіп асқан жарасыммен үйлесім табады. Қолдан келген әр істі ұлт пайдасына шешуге тырысу қажет. Бар адамның тек өзі атқарар ұлт алдыңдағы міндеті бар. Сонда ғана ұлттық күрес толық жүзеге асады.

Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы – мекемеден шеткері болған әрбір істі орында «қырғыз» деген жаңылыс атты қойып, «қазақ» деген атты қолдануы тиіс. Яғни болмайтын іс жоқ, тек ебін тауып атқару ғана бар. Ұлттық санадағы егемендікке ұмтылыс, қозғалыстың басы осындай кішкене болғанымен маңызды істерден басталады. Қазақтың өзін қырғыз емес қазақ деп жазуы орыстың айтқанына көне бермейтіндігінің, айдауына жүре бермейтіндігінің белгісі.  Қазақ орыс айтқандай қырғыз емес. Яғни орыс қырғыз деп бағалаған әлсіз халық біз емес, біз асқақ рухты санасы азат қазақпыз. Сананы ояту өз жемісін беріп ел ішінде қозғалыс белең ала бастады. Ел бірігіп ел ертеңі үшін бірігіп, бір тудың астына жиналып жатты. Бұл алаштықтардың, Міржақыптың жеңісі еді.

Мақала авторы - Айша Керей
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз