«Егемен Қазақстан» газетінде салауаттың насихатталуы

25.09.2017

Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде халықтың денсаулығын жақсарту, аурудың алдын-алу секілді «Саламатты Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасын қуаттайтын мақалалар «Руханият», «Әлеумет» айдарларында тұрақты жарияланып отырды. Сондай-ақ, «Ресми бөлімінде» бағдарламаға мемлекет тарапынан енгізілген түзетулер мен өзгерістер және осы бағдарлама аясында бөлініп отырған бюджеттік қаржы туралы материалдар, мәлімет-ақпарлар басылды.

Елдің саламаттылығын насихаттауды көздейтін бұл мақалалардың барлығы да халықтың саулығын жақсарту мақсатында жарияланғаны баршаға аян. Осы бағыттағы мақалалар арқылы «Егемен Қазақстан» газетінің әлеуметтік сипаты айқын көрініп тұр.

Мәселен,«Егемен Қазақстан» басылымының соңғы жылдарда жарық көрген сандарынан саламаттылықты насихаттайтын төмендегідей мақалаларды кездестіре аламыз:

№2 қалалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Мақсат Жантұрғановтың «Сапалы емдеу шарасы»,  Берік Садырдың «Темекі тұтыну туралы сауалдама жүргізілді», Ахметжан Есімовтың журналист Гүлзейнеп Сәдірқызына берген «Алматының денсаулық сақтау саласының деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары» атты сұхбаты,  Анар Төлеуханқызының «Дәру – тек дәріден емес» атты сұхбаты,  «Алматылық кардиохирургтер отаның жаңа деңгейін меңгерді» атты мақала, Айнаш Есалидің «Екпе керек пе, керек емес пе?» және Гүлзейнеп Сәдірқызының «Біз пайдаланатын тағамдар қаншалықты қауіпсіз?» атты зерттеу мақалалары, Асқар Тұрапбайұлының «Медицина – коммерциялық құрылым емес» атты мақаласы, Еламан Қоңырдың «Адам капиталының сапасы бойынша Қазақстан 37-орында тұр» Адам капиталының сапасы бойынша Қазақстан 37-орында тұр», Айгүл Сейілованың «ВИЧ-ке шалдықпауды әрбір адам ескеруі қажет» атты сұхбаты, Айдар Өрісбаевтың «Адам ағзасы үшін ең қауіпті ұялы телефондар анықталды» атты зерттеуі, Раушан Сүлейменованың «Шетелдік ғалымдар ауруханаларды аралады» атты ақпараты, Гүлзейнеп Сәдірқызының «Қатерге қарсы күрес»  мақаласы, Құттыгерей Смадиярдың «Тарихы терең ем-шара» атты мақаласы, Ділдәгүл Нұрмаханбеттің «Ерлер денсаулығы елеусіз қалмасын», Раушан Тәуірханқызының «Дәрігерлер жиыны», Гүлзейнеп Сәдірқызының  «Папиллома вирусы қатерлі ісікке әкеледі», Гүлзейнеп Сәдірқызының «Онкологиялық науқастарды емдеудің жаңа әдісі», Сатыбалды Сәуірбайдың «Мүгедектіктің алдын алу әдісі», «Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы» ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК-ның «Жалған дәрі-дәрмектерді қалай анықтауға болады?» атты ақпараты, Гүлзейнеп Сәдірқызының «Инсультті емдегеннен алдын алған тиімді»,  және «Эбола вирусының ерекшеліктері айтылды» атты мақалалары, «Антибиотиктерді тұрақтықолдану – денсаулыққа қауіпті қатер», Ержан Байтілестің «Дені саудың – елі сау», ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы дайындаған «Біз дәрі-дәрмекті дұрыс қолданып жүрміз бе?» атты ақпараты, Гүлзейнеп Сәдірқызының «Тегін тексерілуден өтіңіз!», Берік Садырдың «Денсаулыққа серпін берген бастама» атты мақала, Руслан Игіліктің «Қазіргі заманғы екпе: қауіпсіздігі мен тиімділігі» мақаласы,  «Ауылды ұйқы қысып тұр. Неге?» атты мақала, «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығының «Дәрі-дәрмектерді қалай тегін алуға болады?» атты ақпараты, Сатыбалды Сәуірбайдың «Скринингтік тексеру – тиімді тәсіл» мақаласы, ҚР ДСМ «ДСДРО» ШЖҚ РМК. Дәрі-дәрмек  ақпараттық-талдау орталығының «Дәрілерден жанама әсер пайда болғанда, қандай шараларды қолға алған жөн?» және «Дәріханаларда қатерлі мөлшер?» ақпараттары, сондай-ақ, Гаухар Ермекбаеваның «Емделуші, сіз өз құқығыңызды білесіз бе?»  атты мақаласы басылды.

Бұл мақалалардың барлығы дерлік ел саулығын жақсарту, аурудың алдын алу мақсатында жазылған журналистердің ақпараттық, зерттеу сондай-ақ, арнайы медицина мамандарының кәсіби кеңесі түрінде жарияланған мақалалар болып табылады.

Әрине, жалпыхалықтық «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген саламаттылықты сақтау бағытындағы мақалалардың тізбегін бұдан әрі жалғастырып, ондағы жарияланымдар жайында том-том зерттеу еңбектерін жазып, талдауға болады. Бірақ,  біз бұл жұмысты жазу барысында солардың бірқатарына тоқталып өтуді  жөн санадық.

«Егемен Қазақстан» – жалпыхалықтық басылым. Сонымен бірге, еліміздің бас газеті болып саналады. Сондықтан да бұл басылымның әлеуметтік потенциалы өте жоғары, ондағы жарияланымдардың халық арасында маңызы орасан зор. Басқару органдары мен бұқараның «алтын көпірі» саналатын ел газетінің мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағытындағы қызметі зор. Елдің денсаулығын жақсарту мақсатында қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын түсіндіру мен жүзеге асыру аясында да бұл газеттің атқарған рөлі мен қызметі шексіз. «Егемен Қазақстан» газеті осы бағытта көптеген мақалалар мен мамандармен болған сұхбаттарды тұрақты түрде  жариялап отырды.

Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» басылымының кезекті санында журналист Берік Садырдың «Темекі тұтыну туралы сауалдама жүргізілді» атты көлемді мақаласы жарық көрді.

Автор Қазақстанда темекі тұтыну туралы тұрғындар арасында алғаш рет сауалдама жүргізілгенін жазады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанда темекі тұтыну туралы тұрғындар арасында өткізілген ғаламдық сауалдама нәтижелері және темекіге бақылау шаралары туралы сектораралық ынтымақтастыққа арналған қорытындылар» тақырыбында өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының директоры Жәмилә Баттақова мәлімдейді. Басқосуға Дүниежүзілік ден­сау­­лық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақ­стандағы өкілі Мели­та Вуйнович, ДДҰ Еуропа бюросының темекіні бақылау бағдарламасының маманы Труди Винховен және Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің Ақпараттық-есептеу орталығының директоры Эльдар Қазғанбаев қатысты. Электронды сауалдаманы Статистика жөніндегі комитеттің Ақпа­раттық-есептеу орталығы жүр­гізіп, Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы нәтижелерге сараптама жасапты. Аталған ғаламдық сауал­дамаға барлығы 4 425 адам сұрауға қатысыпты. Олардың iшiнде 2 085 – ер-азаматтар, 2 340 – әйелдер. Зерттеу нәтижесi бойынша ерлердiң 42,4 пайызы темекi шегедi, ал әйелдердiң үлесi бiршама төмен – 4,5 пайыз. Жалпы, Қазақстан халқының 22,4 пайызы немесе 2,8 миллион адам темекi тартады. «Сауалдама барысында елдің ересек тұрғындары арасында темекі тартудың таралуы 22,4%, оның ішінде күн сайын темекі тартатындар үлесі – 19,1%, мерзімді тұтынатындар 3,3% құрайтынын көрсеткен. Ересек тұрғындардың 22,2% өндірісте өндірілген темекіні барынша жиі пайдаланады. Қазақстанға дейін мұндай тәжірибе темекі тұтыну көрсеткіші жоғары әлемнің 19 елінде өткізіліпті. Мәлімет бо­йынша әлемде жыл сайын темекі тартудан 6 млн.-дай адам қайтыс болады. Темекі тартудан болатын өлім-жітім үлесі ерлер арасында – 35%, әйелдер арасында 12%-ды құрайды. Қазақстанда өлім-жітім себептерінің 84 пайызын созылмалы инфекциялық емес аурулар құраса, бұл аурулардан болатын аурулар мен өлім-жітімнің басты себептерінің ішінде темекі тарту жоғары қан қысымынан кейінгі екінші орында тұр. Темекі оны белсенді тұтынушылармен қатар, пассивті темекі тартушылардың денсаулығына да зиянын тигізеді», – деді Жәмилә Баттақова. Өткізілген зерттеулер темекі тұтынудың таралу көлемін, тұрғын­дардың оны тұтынуға және темекі тартуға деген көзқарасын, БАҚ рөлін, т.б. анықтауға мүмкіндік берді. Оның нәтижелері ДДҰ Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Қазақстан 2004 жылы ДДҰ Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясына қосылса, конвенция 2003 жылы Женевада ДДҰ жыл сайынғы ассамблеясының 56-сессиясында қабылданған. 2006 жылғы 25 қарашада «ДДҰ Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Конвенция темекі тартудың таралу көлемін азайтып, тұрғын­дардың өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Олар темекі тұтынуды және алдын алу саясатын мониторингілеу, адамдарды темекі түтінінен қорғау, темекі тұтынуды тоқтату мақсатында көмек ұсыну, темекіге байланыс­ты қауіп-қатерді ескерту, жарна­маға салынған тыйымды қамтамасыз ету және темекі бұйымдарына салықты ұлғайту сияқты бағыттарды қамтиды. Қазақстанда темекі өнімдеріне сұранысты азайту бағытында белсенді шаралар қабылданып жатқанын айта кету керек. Алдағы уақытта «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындар арасында инфек­циялық емес аурулардың даму тәуекелдеріне, оның ішінде, темекі тартудың таралу жағдайына эпидемиологиялық қадағалау және мониторинг жүзеге асырылады. Ж.Баттақованың айтуынша, «Саламатты Қазақстан» бағдар­ламасы аясында 2011-2015 жыл­дарға мақсатты трансферттер арқы­лы саламатты өмiр салтын қалыптастыру қызметiн қаржы­ландыруға мүмкiндiкашылды. Жыл сайын 1 млрд. теңгеге жуық қаражат саламатты өмiр салтын насихаттауға бөлiнгені туралы айтылды.

Бұл шаралар Қазақстанның барлық 16 облысында өткізілетінін сөз еткен журналист Берік Садыр осындай шараларды өткiзу арқылы және салықтық ставкаларды жоғарылату арқылы темекі тұтынушыларының санын азайтуға ықпал етуге болатынын жазады.

«Егемен Қазақстанның»  кезекті санында саламатты өмір салтының көрінісі ретінде журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының «Қатерге қарсы күрес» атты зерттеу мақаласы жарық көрді.

Еліміз туберкулезбен күресте нешінші орында тұр? Туберкулезсіз Қазақстанды елестету мүмкін бе? Мамандар бұл қауіпті дертте тиімді әдістерді қолданып жүр ме? ДДҰ мамандарының отандық туберкулезбен күрес саласына берген бағасы қандай? Міне, осындай өзекті сұрақтарға Алматыда Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ұлттық сараптамалық орталығында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген конференцияда жауап іздеуге талпыныс жасалды. Қазақстан еуропалық аймақ­тағы көп дәріге төзімді тубер­кулездің деңгейі жоғары 18 елдің қатарына кіреді. Бұл жерде бірінші кезекте, еліміздің барлық аймақтарында туберкулез диаг­ностикасында инновациялық әдістердің қолданылуын атап өтуіміз керек. Соңғы 10 жылдағы осы ауруға қарсы арнайы бағыт­талған және үздіксіз шаралар елі­міздегі тұрғындардың туберкулезге шалдығу көрсеткішін 54,9, ал өлім-жітім көрсеткішін 77,4 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда ауруға шалдығу ықтималдылығы 9,5 пайызға азайы­п, көрсеткіштер 73,4-тен 66,4-ке дейін қысқарған. Өлім-жітім көрсеткіші 16,1 пайызға жет­кен. Бұған дейін 100 адамға шақ­­қандағы көрсеткіш 5,6 болса, ол 4,7-ге дейін төмендеген.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындар кез келген уақытта мамандардан кеңес алып, денсаулығын тегін тексертуге мүмкіндік алды.

Кешенді шаралар арқылы өлім-жітім көрсеткішін 70 пайызға дейін төмендеттік. Бұл – мемлекттік саясаттың же­місі. Дәрімен қамту мемлекет бюджетінің есебінен жұмсалды. Бүгінде орталықта соңғы диаг­носткалық жаңалықтардың бәрі іс жүзінде қолданыста бар. Тек Алматы қаласында ғана емес, барлық облыстарда да қолжетімді. Мемлекет басшысы мен Үкі­меттің қолдауының арқасында туберкулезбен күрес шараларына бөлінетін бюджет қаржысы жыл санап арта түсуде. 2014 жылы бұл салаға 36244,5 млн. теңге, ал 2013 жылы 35472,2 млн. теңге бөлінген. Соңғы үш жылдағы қызмет бюджетінің өсімі 12 пайызға артты. Осы орайда Орталық Азиядағы USAID компаниясы директорының орынбасары Дэвид Браун туберкулезбен күресте Қазақстан билігінің белсенділігін айтты. «Қазақстан жер көлемі өте үлкен ел болса да туберкулезге қарсы күресте барлық аймақтарды қамти алып отыр. Жалпы, бұл дертке көп болып, бірлесе қарсы тұруымыз қажет. Сондықтан, біз алдағы уақытта да әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниеттіміз», – деді Дэвид Браун. «Қазақстанға – туберкулезсіз болашақ!» Бұл – биылғы жылдың басты ұстанымы. Дамыған елдердегідей Қазақстанда да тубер­кулезге шалдығу деңгейін төмендету негізгі мақсатқа айналып отыр. Елімізде бүгінгі таңда сөз болып отырған ауруға қарсы күрес барысында атқарып жатқан шараларға ДДҰ мамандары да оң бағасын берді. Еске сала кетейік, ақпанның 17-19-ы күндері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандағы туберкулезді эпидемиологиялық бақылауда ұстау бағасы бойын­ша ДДҰ-ның сарапшылары арнайы талдау жұмыстарын жүргізген. Олар отандық туберкулез саласындағы ақпараттық жүйе мен өзге де есептерді сенімді деп бағалады. Және туберкулез бойынша ақпараттар мен статистикалық көрсеткіштердің растығына көз жеткізді. І, ІІ, ІІІ топтағы препараттармен науқастарды үздіксіз қамтамасыз ету бұл дертті жеңудің бірден-бір жолына айналып отыр. Сарапшылар мұны да назардан тыс қалдырмады. Сол жолы ДДҰ-ның өкілі Филипп Глазью Қазақстанда туберкулезге қарсы күрестің белсенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп: «Қазақстан мемлекеттік деңгейде туберкулезбен күреске ерекше назар аударып отыр. Диагностика мен емдеудің инновациялық жеделдетілген әдістері халықаралық стан­дарт­қа сай. Ең бастысы, бұл рес­пуб­ликаның әрбір азаматына қол­жетімді». Журналист Г.Сәдірқызы мақаласында медицина мамандарының туберкулезбен күресте БАҚ-тың рөлі мен көмегі өлшеусізекеніне дау жоқ. Олар таратқан әрбір ақпарат құнды екенін атап өткені туралы жазады.

Осы орайда, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» басылымының саламатты өмірді насихаттауда әлеуметтік қызметінің орасан екенін атап өткеніміз жөн.

«Егемен Қазақстан» газетінің кезекті санында ел арасындағы саламаттылықты сақтау мақсатында келесі мақала жарияланды. «Антибиотиктерді тұрақты қолдану – денсаулыққа қауіпті қатер» атты көлемді зерттеу мақалада автор антибиотиктерді тұрақты қолдану қатерге әкеліп соғатынын ескертеді.

«Саламатты Қазақстан 2011-2015» атты мем­лекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі – скринингтік тексерілу. «Егемен Қазақстанның» бетінде Сатыбалды Сәуірбайдың «Скринингтік тексеру – тиімді тәсіл» атты Ақтөбе облыстық орталығының директоры Дәмеш Қайдаровамен сұхбаты жарық көрді. 

         Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға, адамдардың өмір жасын ұзартуға баса назар аударылуда. Әсіресе, аурудың алдын алуға айрықша маңыз берілуде. Осы бағытта бірқатар бағдарламалар қабылданып, олар жүйелі жүзеге асырылуда. Соның бірі – скринингтік тексеру болып табылады. Скринингтік бағдарламалар – еліміздегі денсаулық сақтаудың немесе белгілі бір аймақтың проблемасы болып табылатын аурудың өлімге шалдықтыратын түрлерін ескере отырып, мақсатты түрде жүзеге асырылуы тиіс. Өңірдегі скринингтік бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ақтөбе облыстық орталығының директоры Дәмеш Қайдарованы сөзге тартқан едік. – деп журналист Сатыбалды Сәуірбай сұхбат берушіге өзінің сауалдарын бағыттайды.

– Дәмеш Қуанышқызы, елімізде Ұлттық скринингтік бағдарлама қашаннан бастап енгізіле бастады? – Ұлттық скринингтік бағ­дарлама балалар және ересектер арасында 2008 жылдан бас­тап жүзеге асырылуда. Соған байланысты қазір «Саламатты Қазақстан 2011-2015» атты мем­лекеттік бағдарлама енгізілді. Аталмыш жоба алдын алу шаралары, скринингтік тексерулер, ауруды анықтаудың әдіс-жолдарын жетілдіру, негізгі әлеуметтік маңызы зор ауруларды емдеу және оңалту мәселелеріне баса назар аударады. Бағдарлама аясында скринингтік тексеруді енгізу және одан әрі дамытуға байланысты қаржы бөлінуде. Біздің облысымызда 2008 жылдан бастап скринингтік бағдарлама аясында артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруларын, сонымен қатар, қандағы глюкозаны өлшеу және холестерин мөлшерін анықтау арқылы қант диабеті ауруларын ерте сатыда анықтау, жас балалардың туа біткен және тұқым қуалаушы есту патологиясын анықтау, әйелдерге арналған жатыр мойнының обыры мен сүт безі обырын ерте сатыда анықтау (50 жастан жоғары жастағы әйелдер үшін әр 2 жыл сайын), вирусті В және С гепатиттерін анықтауға негізделген скрининг, ерте сатыда глаукоманы анықтау, ерте сатыда қант диабетін анықтау 40 жастан жоғары) қолға алынды. Үстіміздегі жылы колоректальді обыр, қуық асты безінің, бауыр, асқазан, өңештің обырын ерте сатыда анықтауға негізделген скринингтер өз жұмысын бастады. – Аталған скринингтік тексе­рулерді қандай емханаларда өтуге болады? – Қала тұрғындары скринингтен қалалық №1, №2, №3, №4 емханаларында өтулеріне болады. Сонымен бірге, облыстық клиникалық диагностикалық орталық пен тұрғылықты мекен бойынша бекітілген облыстық орталық емханаларында да тексеріле алады. Қала және аудан емханаларында скринингтік тексерулер өткізу үшін алдын алу және психологиялық әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері ашылды. Аталмыш бөлімшелерде дәрігерге дейінгі бөлмеден кезексіз өтуге болады. Онда келушінің артериалды қан қысымы, көз ішіндегі қан қысымы, бойы-салмағы өлшеніп, зиянды әрекеттердің, салмақтың артық мөлшерін, шылым шегудің қаупін анықтап бере алады. – Тексерулер ақылы ма? – Қазақстандықтардың тексе­рілулері үшін ақысын мемлекет төлейді. Қазақстанда скрининг ақысыз, кепілді медициналық көмек тізбесіне кіреді. Скрининг – сіз тіркелген медициналық мекемеде өткізіледі. Скрининг жүргізу кезінде антропометриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, бел ауқымы), артериалдық қысымды өлшеу, 40-70 жас аралығындағы адамдар үшін көз ішіндегі қан қысымын өлшеу секілді жұмыстар жүргізіледі. Ал 25-64 жас аралығындағылар үшін қандағы глюкозаны өлшеу және холестерин мөлшерін анықтау жүргізіледі. Олар көрсеткіштері бойынша кардиолог, эндокринолог, офтальмолог дәрігерлердің тексерулерінен өтуі қажет. Бұл тексерулер ерте сатыда жүрек-қан тамыры ауруларын, қант диабеті, глаукома және оның қауіпті факторларын, сонымен қатар, гепатит сияқты ауруларды анықтау және де күрделі асқынған инсульт, инфаркт, соқырлық, бауырдың цирроз, обыры секілді аурулардың алдын алуға, сонымен қатар, солар жөнінде алдын ала ескерту үшін өте тиімді болып табылады. – Бұл бағытта қандай ақ­па­­раттандыру-түсініктеме жұ­мыстары жүргізілді? – Халықты ақпараттандыру мақсатында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында белсенді түрде бейнероликтер көрсетіледі, ал скринингтік тексеруге шақырту «Ақтөбе радиосында» күніне 3 рет беріледі. Қаланың орталық көшелері А. Молдағұлова мен ағайынды Жұбановтар даңғылында билбордтар орна­ласқан. Қалалық емханалар мен ірі стационарларда ақпараттық мәліметтермен терминалдар орнатылған. Аял­дамалар мен сауда үйлерінде, автовокзалда, теміржол вокзалында, әуежайда, жалпы білім беретін мектептерде, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында, ЖОО-да, ООО-да 5 мыңға жуық плакаттар ілінді. Барлығы 3329 парақшалар, 2500 бүктемелер таратылып, «Қазақтелеком» АҚ арқылы өзіндік қоңырау шалулар ұйымдастырылды. Осыған орай 30 мыңнан астам абоненттер скринингтік тексерулер өтіп жатқандығы жөнінде ақпарат алды. СМС арқылы-50 мыңнан астам абоненттер, коммуналдық қызмет түбіртектері арқылы – 30 мыңнан астам абоненттер хабардар етіліп, әуе және темір жол көліктерін пайдаланатын тұрғындар үшін, билетке қосымша ретінде скринингтік тексеруге шақырту қағаздары берілді. Аудан бойынша бекітілген дәрігерлер мен медбикелер емделушілердің скринингтік тексерулерден қай уақытта кезексіз өтетіндігі жөнінде аймақтық ұсыныстарды алдын ала таратады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 87854 адам жүрек қан-тамыр ауруларын, 20044 әйел сүт бездері обырын, 20877 қыз-келіншек жатыр мойыны обырын, 87854 адам қант диабетін, 60832 адам глаукоманы, 42669 адам колоректальды обырды ерте сатысында анықтау үшін скринингтік тексеруден өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасуда. Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баев өз Жолдауында «Ұлт­тың саулығы – біздің табыс­ты болашағымыз» деп атап көрсеткеніндей, скринингтік тек­серуді жүргізу арқылы біз саламатты елдің ертеңін қалы­п­тастыратынымызды ұмыт­пауымыз керек екенін жазады.

Дәл осы скриниг тақырыбында «Егемен Қазақстан» газетіне Петропавлдан мақала жолдаған Инна Келімбет өз өңірінен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан саламаттылыққа бағытталған шаралардан ақпар береді. «Денсаулықты қорғау жолында» деп аталатын мақала басылымның «Әлеумет» айдарында жарық көрген.

Елбасының үстіміздегі жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселесіне басты басымдық берілгені мәлім. Жалпы алғанда, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін орнықтыру, жоғары технологияларды енгізу арқасында күрделі операцияларды облыс орталықтарында жасау тәжірибесі қалыптасты. Сонымен бірге, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында да нақты жұмыстар атқарылып келеді. Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов жергілікті медицинаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде әңгімелейді. Облыс медицина мекемелерінің бәсекелестік қарымын көтерудің әлеуеті зор. Дәрігерлер еліміздің үздік клиникаларында, шетелдерде біліктіліктерін арттырып жүр. Мәселен, 2013 жылы Ресейде, Беларусьте, Оңтүстік Кореяда, Литвада, Австрияда білімдерін жетілдіріп қайтты. Бұдан тысқары медицина мекемелерінің базасында оқыту модульдеріне қатысады. Денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтырып отыру ұдайы назарымызда. Соңғы үш жылда көптеген озық үлгідегі техникалар сатып алынды. Мұндай бірегей жүйені жақсарту облыстық әкімдіктің қолдауымен және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен мемлекеттік лизингтік компания – «ҚазМедТех» АҚ арқылы мүмкін болды. Бұл орайда, алдын ала берілген тапсырысқа мұқият сараптама жүргізіліп, жете ескерілетінін айта кеткен жөн. Ол үшін жабдық көрсететін қызметтер спектрі мен сервистік қолайлылыққа баса көңіл аударылады.Сарапшылар медицина ұйымдары орындауға тиіс барлық талаптар көрсетілген тұжырымдама қорытындысын бергеннен кейін ғана техникаларды лизинг шартымен сатып алуға рұқсат алады. Лизингтік төлемдерді қайтару тетігі медициналық техниканы тиімді қолданумен қатар диагностикалық және емдік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға әсер етері сөзсіз. Былтыр «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 446 миллион 360 мың теңгеге 12 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 239 миллион 980 мың теңге жұмсалды. Бауыр ауруларын дәл әрі жедел анықтайтын аппарат пен компьютерлік томограф әкелінді. Жуырда облыстық балалар ауруханасына лизинг бойынша жаңа қондырғы орнатылды. Германиялық мультиспиралдық-компьютерлік томограф бас ми­ына, ішкі ағзаларға, сүйек-бұл­шық ет жүйесіне жан-жақты зерт­теу жүргізуге мүмкіндік бе­­реді. Жаңа жабдық 240 миллион теңге тұрады. Осындай нақ­ты шаралардың арқасында тұр­ғындарға көрсетілетін ме­дициналық қызмет түрлері кө­бейіп, сапасы да айтарлықтай жақсарды. Қазіргі уақытта мұн­дай медициналық көмекпен ал­ты медицина ұйымы айналысады. Былтыр кардиологиялық бөлімшеде 1347 коронарография, 539 стенд қойылып, ашық жүрекке 181 ота жасалды. Нәтижесінде жүрек-қан тамырлары аурулары айтарлықтай кеміді. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамытудың арқасында үшінші аурухананың травматология бөлімшесінде қимыл-ті­рек жүйесінің ауруымен және жа­рақат алған науқастар арасында мүгедектік деңгейін азайту, операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу мүмкін болды. 32 ем­делушінің жамбас-сан буыны толық ауыстырылды. Ірі буындарға 174 артроскопия, блок қойылатын интрамедуллярлық остеосинтез бойынша 100 операция жасалды. Облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінде глаукома, катаракта және басқа да көз ауруларына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Абдоминалдық және торакалдық хирургияда да заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Лапароскопиялық әдістер қолда­нылып жасалған операциялардан кейін қауіпті асқынуларға жол бермеуге болады. Қазіргі уақытта облыста өт шығу жолдарына жасалатын операциялардың 100, соқырішек операцияларының 65 пайызы лапароскопиялық әдістің көмегімен жасалды. Мемлекет басшысы қазақ­стандықтардың өмір сү­ру ұзақ­тығын 80 жасқа дейін арт­тыруға мүмкіндік беретін жолдарды айқындап берді. Өмір сүру ұзақтығының артуы – бұл медицинаның, экономиканың, инфрақұрылымның жақсы дамуы деген сөз, – деп жазған Инна Келімбет: «Адам денсаулығының 15-20 пайызы ғана медицинаға тәуелді екенін ескерсек, ұзақ әрі бақытты өмір сүру әркімнің өз қолында екені талассыз шындық», – деп қорытады мақаласын.

Мақала авторы - Тұмар Асыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз