Көкшетау – сексен көлдің саясында

11.09.2017

Қазақ даласының солтүстігінде, Сарырқа мен Батыс Сібірдің қиылысқан тұсында еліміздің ең көрікті өңірлерінің бірі Көкшетау орналасқан.

Еділ, Жайық – екі өзен,

Талсыз болар деймісің.

Көкшетаудың көп көлі

Елсіз болар деймісің, -

деп сонау жоңғар шапқыншылығы дәуірінде Ақтамберлі жыраудың жырына тиек болған Көкшетаудың жері қандай сұлу болса, ондағы көп көлді мекендеген қалың елдің тарихы да қат-қабат тұнған шежіре. Көкшетау дегенде көп жұрт қазіргі Бурабай курортының төңірегі деп ұғынады. Бұл, әрине қате ұғым. Көкшетауды егіз жатқан Айыртаусыз, жалдана созылған Жыландысыз, текше тасты Сандықтаусыз, етегі көлбеу Еліктісіз, қоңырбарқын Қошқарбайсыз, өкпегі үзілмес Желтаусыз, Қараорманды Қасқатаусыз, жыныс орманды Мақпалтаусыз, Көксеңгірдің кер жазығына шекара болған Жөкейсіз елестете алмайсыз. Тіпті Есілге қарай ұмсына жатқан Сырымбет пен Жаңғызтау да Көкшенің жаты емес. Осы бір табиғаттың өзі бар сұлулықты аямай бірақ төгіп бере салған ғажап өлкені Көкшетау деп атайды.

Расында да, Көкшетаудың көп көлі қашан да елсіз болмаған. Мұндай жанға жайлы, жер жұмағы іспетті сұлу өлкенің елсіз жатуының өзі де ақылға сыймайтындай. Оның анық дәлелі – жер жаннаты Көкшетау – Еуразияның жалпақ төсіндегі алғаш жылқыны қолға үйретіп мінген өлке екендігі. Бұған қандай дәлеліңіз бар дейсіз ғой?

Көкшетау өңірінің батысын ала жатқан, бір кездері Көкшетау уезінің, кейін Көкшетау облысының аумағында болған, қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы жеріндегі Ботай аулы маңынан жергілікті мұғалім, бүгінгі күні белгілі ғалым В.Зайберт тауып, ғылыми айналымға «Ботай мәдениеті» деп енгізген өңірге қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде б.з.б. екі жарым мың жыл бұрын жергілікті адамдар жылқы малын қолға үйретіп, сүтін сауып ішкені анықталып отыр.

Көкшетаудай көрікті өңірге көз алартушылар қай заманда да аз болмаған. Бұл өңірде тым арғысын айтпағанда батысқа қарай жөңкіле жылжыған қалмақтардың, солардың ізімен шұбыра келіп, қазақ даласына бірнеше ғасыр тыным бермеген жоңғарлардың, солтүстіктен емінген естектердің (башқұрт), бодандық дәуірде күні кешеге дейін қарақұрттай қаптаған қарашекпенділер мен тың игерушілердің көмескі де айқын іздері жатыр.

Көкше десе, ең алдымен кез келген қазақтың ойына осы өңірді мекендеп, аспандағы аққуға әнін қосқан әйгілі салдар мен серілер оралады. Иә, Көкшетау қазақтың ең көрнекті сал-серілері Ақан мен Біржан, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың төл бесігі. Бұлардың арғы бергі жағында Шал, Орынбай, Тезекбай, Қалия, Әміре, Молдахмет ақындардың салқар көші жатыр.

Сегіз қырлы бір сырлы батыр қазақ Мәлік Ғабдуллин, қазақ ғылымының атасы Шоқан Уәлиханов, одан бергі Шота Уәлиханов, Есмағамбет Ысмайылов, Айқын Нұрқатов, Еркін Әуелбеков, Баян Жанғалов, Кәкімбек Салықов сынды есімі елге елеулі азаматтар да сексен көлдің суына шомылып өскен дара қазақтар.

Сексен көл Көкшетаудың саясында.

Әрқайсы алтын кесе аясында,

дертке дауа, жұпар иісі –

 Көкірек қанша жұтса, тоясың ба? –

деп қазақтың сұлулық символы Сәкен Сейфуллин әндете жырлаған екен. Еркеш Ибраһим, Төлеген Қажыбай, Алмас Темірбай т.б белгілі ақындар сияқты жер жұмағы Көкшеде кіндігі кесілмесе де, Көкше топырағына табан тіреп, сұлу табиғатына тамсанып жырын төкпеген ақын сірә, жоқ-ау!

О, ғажап! Өзіңбісің Көкше деген?!

Тастарын жиған жүктей текшелеген.

Бурабай Оқжетпесті екшелеген,

О, ғажап!

Өзіңбісің Көкше деген?!

Мұқағали ақын Көкше сұлулығына осылай таң-тамаша таңырқаған. Көкшетаудың сұлулығын тілмен жеткізіп айту мүмкін емес, оны тек келіп көріп сезіну керек! Яғни, Мағжан сөзімен айтсақ:

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Басқа жер ойды ондай тербетпейді.

Бурабайдың көлі мен Көкшетауды

Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.

Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей

Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.

Арқада Бурабайға жер жетпесе,

Алашта Кенекеме ер жетпейді.

Ақын айтқанындай, Көкшетау дегенде біздің есімізге Үш жүздің басын қосқан, дәл осы Көкшетауда ордасын тігіп, қырық сегіз жыл билік құрған Хан Абылай мен оның даңқты ұрпақтары оралары және сөзсіз.

Ту баста Абылайды хан көтерген,

Қамқоры қарауылдың – шешен Қанай, -

деп «Батыр Баян» дастанында Мағжан ақын дәріптей жырлайтынындай, Абылайды 20 жасында осы өңірді мекендеген атығай мен қарауыл рулары алғаш сұлтан сайлап, басына үй тігіп, баурына қазан асып, болашақ ұлы карьерасына жол салғаны тарихи шындық.

Атығай Арыстанбай ақынның Кенесары ханға:

...Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын,

Атаңа алты қатын алып берген –

Атығай-Қарауылдың баласымын, - деуі осы еді ғой. Расында да Көкшетаудың жалпақ атырабында ақ патша мен кеңес тұсында келіп тұрақтаған жүзден астам түрлі ұлттарды қоса алғанда, рулық жөнімен алғанда негізінен Арғынның Жеті Момынына жататын сегіз ата қарауыл мен он екі атығайынан тараған қазақтар мекендейді. Бұлардан өзге керей мен уақтардың, Абылай заманында ақ үйлі аманат жолымен келген қырғыз ұрпақтарының да қарасы біршама. Осы ретте айта кетерлігі – Көкшетау өңірінде қазақтың үш жүзінің барлық дерлік рулары ауыл-ауыл, ата-ата болып отыруы тегін дейсіз бе? Орта жүзді айтпағанда, бұл арада Кіші жүздің тамасы мен табыны, жағалбайлысы мен керейті, Ұлы жүздің жалайыры мен қаңлысы т.б. ғасырлар бойы мекендеп отыр. Олардың бұл өлкеге табан тіреуі ғасырларға кетеді. Осының өзі Көкшенің қазақ тарихындағы орнын әйгілеп тұрған жоқ па! Бұл да бір арнайы зерттеуге тұралық тақырып.

Көкшетаудың сексен көлі туралы аз жазылған жоқ дедік қой. Бір заманда Көкшетаудың көлдері бір-бірімен жалғасып датқан. Кейінгі замандарда орынсыз буып-бұрып тастаудың салдарынан қаншама көлдер мен өзендер құрып кетті деуші еді, көнекөздер. Тіпті, қазіргі Бурабай деген атаумен әлемгі әйгілі көлдің өзі ХІХ ғасырдың ортасына дейін Әулиекөл, ал Үлкен, Кіші Шабақты көлдер Айнакөл, Күміскөл атанғанын белгілі гидрогеолог ғалым Айтқажы Қазбеков көзі тірісінде айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып дәлелдеп кетіп еді-ау! Өзінше қазақшалаған болып Шәбәши немесе Шабақты дегенге қалай назаланбайсың! Боровое, Чебачьелер болашақта өз айтын қайтарып алатын күн де туар. Көкшетаудың сексен көлінің бірталайы бүгіндері суалып, тартылып, орны қалды дегенімізбен, баяғы сән салтанаттың сұльасынан әлі айрылған жоқ.

Көкшетау өңірінің бас қаласы, қазіргі Ақмола облысының орталығы – Көкшетау. Қазақ даласындағы хандық билік жойылып, Сібір қазақтары туралы жарғы шыққан соң, 1824 жылы орнады. Жер өлшеуіштер алғаш қазіргі Жекебатыр тауының түстігін межелеп, қада қағып кетсе керек. «Кәуірдің табанына қасиетті жер тапталмасын», - деп, қариялар қаданы қазіргі Көкшетау орналсқан Бұқпа тауының етегіне апарып тастаған дейді, ел аузындағы аңыз. Бұқпа тауының етегі, Қопа көлінің жағасындағы сыңсыған қарағайды аяусыз отау арқылы салынған Көкшетаудың қазіргі үлкен көшелерінің бірі Капцевич атымен аталады. Ол кім еді десеңіз – Петр Михайлович Капцевич – бар болғаны Көкшетау дуанының құрылуына қол қоюшы, сол тұстағы Батыс Сібір генерал-губернаторы. Ал сол дуан орталығы құрылғанда күш-көлігін сайлап, алыс-жуықтан кірпіші мен тасын тасып атсалысқан аға сұлтан Жылғара Байтоқаұлы туралы былайғы жұрт көп біле бермейді. Қала тарихы музейінде болғанымызда да бұл туралы дерекпен таныса алмаған едік. Ерлердің еңбегі ескеріліп, есімі жаңғыратын кез жетті ғой дейсің де қоясың. «Бізде ештеңе болған жоқ», - дегізген кешегі дәуірдің сызы әлі кебе берген жоқ қой.

Бүгінгі Көкшетау – елорданы есептемегенде, солтүстік өңірдегі ең қазғының үлесі басым қала.

Тағы да оқитындарыңыз