Қырыққыз тас мүсіні туралы аңыздар

18.05.2017

Қазақтың байтақ даласында жұмбаққа толы аңыз мекендер көп. Сондай ғажап жердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Өгем өзенінің жағалауындағы тас мүсіндерге айналған Қырыққыз ескерткіші.

Тас мүсінге айналған Қырыққыз

Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген ағамыз «Тас мүсінге айналған қырыққыз» атты мақаласында: «Қазақта киелі саналатын Қазығұрт өңіріне бара қалсаңыз, ғажайып тас мүсінге айналған Қырыққызды көресіз. Көп замандардан бері табиғаттың өзі жаратқан киелі ескерткіш болып саналады. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугер­шілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бұл ескерткіш тас мүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде. Ауылдан 5-6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасында», - деп жазады.

Қырыққыз туралы келесі бір аңызда  ханның қыз ұзату тойының салтанаты өтіп жатқанда тосыннан жау әскері шабуыл жасап, ер-азаматтардың барлығын жайрататындығы айтылады. Мал-мүліктерді талап, таңдаулы деген қырық қызды ұстап, елдеріне әкеткелі жатқанда қыздар қолдарын көкке жайып, құдіретке «жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, өз жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деп жалбарынған екен. Ақыры қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бірге тасқа айналған деседі. Бір ерекшелігі, осы мүсіндер маңында алшақтау, жеке тас мүсін тұр. Бұл жөнінде ел арасында екі түрлі болжам бар. Бірінде оны күйеу тас десе, екіншісінде қыздарды іздеп шыққан ақ кимешекті ана десіп, бұл араны қасиетті орынға санап, қастерлеп жүреді.

Мұзар тауы

Ең қызығы Қырық қыз туралы аңыз көрші қырғыз фольклорында да  кездеседі екен. Профессор Сұлтанғали Садырбайұлы өзінің еңбегінде мынадай деректерді алға тартады: «Қырық қыз» туралы аңыздың бірі «Мұзарт тауы» деп аталады. Мұзарт қырғыз еліндегі тау аты, мұзды тау дегенді білдіреді. Ол Нарын облысының Жұмғал ауданы мен Қошқарата тауының ортасында тұр.

Қайрат Исмаил есімді автор «Өткен заманда қырық қыз Қошқарата жаққа тойға бармақшы болып, Жұмғал жақтан шығады. Олар ауылдан шыққанда аспан ашық, тауда шөкімдей де бұлт болмайды. Қыздар тойға барамыз деп, сәнденіп, жеңіл-желпі киініп шығады. Бұлар ауылдан қозыкөш ұзап шыққан соң биік таулардың басына көтеріледі. Сол кезде қарсы беттен ақтүтек боран соғып, айналаны сұрғылт тұман басады. Сол сәтте қырық қыз бастарын түйістіріп, біріне-бірі ықтап, қорғана бастайды. Бірақ, иесіз тауда оларды кім аясын, таудың іші ұлыған үрейлі үнге толып кетеді. Сол жерде Мұзарт тауының басында қырық қыздың 39-ы мұзға айналып, тек түйе жүн, жыртық шапан киген кедейдің қызы ғана аман қалыпты. Екі туысқан елдің аңыз-әфсаналарында осындай ұқсастықтар кездеседі. Барлық жерде қырық қыздың аянышты тағдыры айтылады. Бұл көрші жатқан туысқан елдердің салт-дәстүріндегі ұқсастықтардың көптігінен болса керек-ті. Бәлкім, бұл қазақ пен қырғыз халықтарының 40 санын киелі санайтындықтарынан да болар. Қырық санына қатысты ырым-тыйымдардың да, мақал-мәтелдердің де жиі кездесетіні бекер емес» деп жазады.

Әзірлеген - Айша Керей
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз