Шымкенттік оқушыларды робототехникаға баулып жүр

Робототехника баланың математика, физика, химия секілді қиын көрінетін жаратылыстану пәндеріне қызығушылығын оятады

Абзал Әлібеков – жас мұғалім, кәсіпкер. Шымкент қаласында «Robo Park»  атты жеке білім орталығын ашып, оқушыларды робототехникаға баулып жүр. Ол мектеп бітірген соң, ауылдан Көкшетау қаласына аттанады.

– Менің әпкем информатика пәнінің мұғалімі. Бала кезден компьютерге құмар болдым. Информатика сабағынан тыс, өзім ізденуге көштім. Түрлі кітаптарды ақтардым, интернеттен видеоларды қарадым, компьютерге түрлі бағдарламалар орнатып, оны сынап көріп жүретінмін. Өзге сыныптас достарым қай мамандықты таңдарын білмей, басы қаты жүргенде, мен өз жолымды, бағытымды айқындап алдым, – дейді Абзал.

Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң Алматыға жұмыс іздеп барады. Жастарға робототехниканың қыр-сырын үйрететін орталыққа жұмысқа тұрады. Оқушыларды үйрете жүріп, өзі де түрлі курстарға қатысып, білімін шыңдайды. Бірақ отбасылық жағдайларға байланысты қайтадан Шымкентке оралуына тура келді.

– Анам қатты сырқаттанып жатты. Осылайша, бір жарым жыл бұрын Шымкентке келдім. Өкінішке қарай көп ұзамай өмірден өтті. Сосын осында қалуға бел будым. Зерттеп қарасам, біздің қалада робототехника үйірмесі жоқ екен. Банктен дереу несие рәсімдедім. Оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Қазір Шымкентте екі орталығымыз бар. Онда 100-ге жуық бала дәріс алып жатыр. Дәріс аптасына екі рет өтеді. Жарыстарға жиі қатыстырамыз. Оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда топ жарып жүр. Мысалы, Бейбарыс деген оқушымыз омыртқаны түзететін аппарат пен күннен энергия алып, ұялы телефон зарядтайтын әмиян ойлап тапты. Қазір патент алу үшін құжаттарды дайындауда. Бізде «КазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы бар. Оның президенті – Айжан Жекеева. Елімізде робототехниканы дамыту бағыты бойынша көптеген іс атқарып жатыр. Шымкентте Гүлбану Оралбайқызы екеуіміз сол федерацияның өкіліміз. Бірлесіп, дамытып жатырмыз, – дейді Абзал.

Абзал бастаған жастар алғаш рет Шымкент қаласындағы мектеп оқушылары арасында  «Roboshym-2018» атты байқау ұйымдастырды. Бұл байқаудың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді ғылыми ізденістерге баулу, үйрету, инженерлік мамандықтарды дәріптеу. Жарысқа 90-ға жуық команда қатысты. Олар өздері құрастырған роботтың ерекшеліктерімен таныстырып, сұрақтарға жауап берді. Жүлде алған балалар арнайы дипломмен марапатталды.

– Уақыт өткен сайын робототехникаға қатысушы балалардың саны артып, қызығушылық молайып келеді. Жалпы білім беретін мектептердің жанынан да тегін робототехника үйірмесі ашылған. Сол балалардың барлығының басын қосып, үздіктерін іріктегіміз келді. Осылайша, байқау ұйымдастыруды қолға алдық. Жеңімпаздар алдағы уақытта облыстық, республикалық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады, – дейді ол.

«Roboshym-2018» байқауында бірінші орын алып, топ жарған жүлдегер оқушыларды сөзге тарттық. Қуаныш Мәден Шымкенттегі Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы. Үш жылдан бері робототехника үйірмесіне қатысады. Досы Жолдыбай Дінмұхамедтің көмегімен әлемде теңдесі жоқ құбыртазалағыш робот ойлап тауыпты.

- Бұдан бұрын «3.2.1… Старт!» әлеуметтік жобалар байқауына қатысып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болғанбыз. Біз ол қаржыға роботты өндіріске дайындайтын құрал-жабдықтар сатып алдық. Сонымен қатар қазір роботты патенттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің ойлап тапқан роботымыз қала тазалығына өлшеусіз үлес қосады деп сенеміз. Оқушылар арасында осындай робототехника байқауларының жиі ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс. Бір-бірімізбен танысып, идеяларымызды ортақ талқыға салып, пікір алмасуымызға көмегі көп, – дейді Қуаныш.

Ал Айбек атындағы №14 жалпы орта мектептің оқушысы Севинч пен Назмина Шукуровалар робот-термометр жасапты. Ол зертханаларда маман өлшей алмайтын химиялық қышқылдарды өлшейді. Енді олар алдағы уақытта ауруханаларда жатқан емделушілерге немесе қарт кісілерге көмектесетін, ас-суын таситын робот құрастырғылары келеді.

Абзалдар «Roboshym-2018» байқауында, міне, осындай, білім мен техникаға құштар, дарынды ұл-қыздарды тапты. Байқауды ұйымдастырғандағы көздегені де осы еді.

Абзалдың командасы оқушылар жазғы канукулға шығысымен тау баурайында робототехника лагерін қолға алды. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған балалар тауға шығып, бассейнге түсіп ғана қоймай, күнделікті дәріске қатысып, робот құрастырды. Әр ауысымдағы әр күн түрлі тақырыптарға арналды. Бір күні робототехника әлеміне саяхат жасаса, келесі күні леголардың түрімен танысады. Құрастырудың қыр-сырын үйренеді.

– Сабаққа мүлдем қызықпайтын балалардың өзі біздің курсқа қатысқаннан кейін, математика, физика, химия секілді қиын көрінетін жаратылыстану пәндерінің маңыздылығын ұғады. Осыдан біраз уақыт бұрын бір топ оқушымды алып, Алматыда өткен жарысқа қатысып қайтқанбыз. Келе сала бәрі жапа-тармағай ағылшын тілі курсына қалмай бара бастапты. Ата-аналары келіп, «баламызды ағылшын тіліне баруға көндіре алмай жүр едік, жарысқа барып келген соң өзгерді. Айтқызбай-ақ барып жүр» дейді. Сол жарыста өз жобаларын шетелдік мамандарға ағылшын тілінде түсіндіру керек болды. Қиналды. Ыммен көрсетті. Сосын түсінді. Барлық бала қабілетті, дарынды. Тек қызығушылықтарына сай оларға дұрыс бағыт-бағдар, жол көрсетіп жіберу керек. Көшеде бос сенделіп жүргенінше, ата-аналары балаларының бойында тасып жатқан энергияларын дұрыс пайдаланып, түрі спорттық үйірмелерге, білім, өнер үйрететін курстарға жазып, олардың қатысуын қадағаласа, бала өзі ары қарай игеріп кететін еді. Сонда тәртібі, сабағы қиын оқушылар болмайтын еді, – Абзал.

Ол оқушылардың арасында өзін еркін әрі бақытты сезінеді. Жаңа технологияларды жетік білетін, жаңашылдыққа жаны құмар, білімді шәкірттерді тәрбиелеп, қоғамның ізгіленуіне үлес қосуды мақсат тұтқан. Және сол мақсат жолында нық қадам жасап, болашаққа беттеп барады.

 

Фотосуреттер автордікі

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер