Астаналық кәсіпкер қағаздан тауар жасауды қолға алды

Сіздің кеңсеге эко-бокс орнатылды ма?

Әлеуметтік желіде желдей ескен тың жаңалық біздің назарымызды өзіне аудармай қоймады. Елордалық кәсіпкер Ерлан Мұстафин «Жасыл кеңсе» жобасы аясында жарамсыз болып қалған қағаздарды арнайы эко-боксқа жинауды қолған алған екен. Игі бастамаға ұйытқы болған кәсіп иесіне хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық. Кеңсемізге келген жігіттер құр алақан келмей, эко-жәшіктерін де арқалай келіпті.

Ерлан Мұстафин «Жасыл кеңсе» жобасы аясында елімізде тұңғыш рет қоқысқа шыққан қағаздарды қайта өңдеп, тауар жасауды қолға алмақ. Кәсіпкер әзірге өз күшімен кәсібін бастап та кетті.

Идея қайдан келді?

– Бұрын ұлттық компанияда жұмыс істедім,- дейді кәсіпкер Ерлан Мұстафин. – Күнделікті кеңседен шығарылатын қағаз қалдықтарының өңделмейтіні мені алаңдататын. Бағалы шикізаттың қоқысқа айналғаны мені толғандырмай қоймады. Іс-қағаздар айналымындағы қаншама қағазды жұмыс күні аяқталғанда қара полиэтилен дорбаға салып, қоқыс жәшігіне аттандыратын. Ол шикізат бірден қоқыс полигонына кетеді. Қоқыс полигонына түскен қағаз толы дорба шірігенше сонда жатады деген сөз. Ал, полиэтилен дорбаның шіруіне кемінде 100-150 жыл керек. Сонда көзіңізге елестете беріңіз, әсіресе үлкен шаһарларда күніне қанша қағаз қоқыс жәшігіне аттанады? Бір жағынан бұл экологияға тиімсіз болса, екінші жағынан мемлекет қаншама қаражатын шығындайды. Сонда қанша тонна қағаз қалдықтары 100 жылдап сол күйі жататынын бағамдай беріңіз. 

Кейіпкеріміз Қазақстан жасыл орманға бай ел деп айтуға келмейтінін алға тартады. Ерланның пікірінше, сол себепті Қазақстанда қағаз өндірілмейді. «Бізде бәрі сырт елдерден әкелінген қағаз өнімдері, не болмаса жартылай шикізат қана. Өзімізден шыққан шикізаттан өнім өндіруді неге қолға алмасқа деген ой келді. Осылайша «Жасыл кеңсе» атты жобаны қолға алдық. Қазір біз Целиноград ауданында орналасқан құс еті өнімдерімен қатар жұмыртқа өндіретін «Астана Феникс» компаниясының бір бөлімшесі «Астана Эко Пак»  кәсіпорынымен серіктесіп, жұмыртқа салатын ыдыс өндіруге атсалысудамыз. Бұл тек бастапқы жоспар. Кәсібімізді жолға қойып, ісіміз өрге басып кетсе өз күшімізбен кеңселерден жиналған қағазды қайта өңдеп, дәретхана қағазы, майлықтар, қағаз сүлгілер өндіруді жоспарлап отырмыз. Әрине сол мақсатқа жету үшін біз алдымен айына 50-100 тонна шикізат қабылдауымыз керек. Жеткілікті шикізат жинағаннан кейін біз жаңа кәсіпорын ашып, қазақстандық тауар өндіруді қолға аламыз. Жоғарыда атап өткен «Астана Эко Пак»  кәсіпорынынының шикізаты жоқ. Сол себепті біз оларға шикізат жеткізіп беруді қолға алдық»,- дейді кәсіпкер.

Қазақстанда қоқысты сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған

– Бір өкініштісі, бізде қоқысты сұрыптау мәдениеті әлі қалыптаса қоймаған, - дейді кейіпкеріміз таңданысын жасырмай. – Біз үйден шыққан қоқысты бір дорбаға араластырып, қоқыс жәшігіне апарып тастай салуға бейімделгенбіз. Дамыған мемлекеттердегідей қоқысты сұраптап, лақтыру мәдениеті қалыптасса, экологияға тигізетін зардап әлдеқайда азайған болар еді. Бұл әрине уақыттың еншісіндегі дүние. Десе де алдағы уақытта «Жасыл кеңсе» жобасы аясында осы мәселеге ден қою жоспарлармыздың қатарында бар.

Әзірге жаңа жобаға бірнеше ірі ұлттық компаниялар қолдау көрсетіпті.  «Самұрық қазына» ұлттық компаниясы мен «Бәйтерек» холдингі,  Оқушылар сарайы, бірқатар мектептер, бірнеше БАҚ құралдары қолдаған екен.     

«Бізге қолдау көрсету тегін. Біз қағаз қалдықтарын салуға арналған эко-бокстарды кез-келген мекемеге өзіміз апарып орнатамыз. Олар тек кеңседен шыққан жарамсыз қағаздарды қоқысқа лақтырмай, біз орнатқан жәшікке салып отырса болғаны. Жәшік толғанда мекеме қызметкерлері эко-бокстың сыртында көрсетілген телефонға қоңырау шалса, біздің қызметкерлер барып, дорбаны ауыстырып кетеді. Қарапайым қадам. Бізді қолдаған мекемлерден басқа ештеме талап етілмейді»,- дейді ол.  

Енді кәсіпкер осы жаңа бастаманы көпшілікке түсіндіру жұмыстарымен шұғылданбақ. Ерланның жоспарынша, мүмкіндігінше, ірі қалаларды ғана емес, бүкіл өңірлерді қамту ойда бар.

Жасыл технология 

Жасыл технологияны дамыту мәселесі Елбасының жолдауында айтылды.

Жолдауда ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту туралы: «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет. «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды. Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді», - делінген еді.

Міне, осы тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизация жасап, оны қайта өңдеуді қолға алған кәсіпкер Ерлан Мұстафин алдағы уақытта өңірлердегі жас кәсіпкерлерді де осы бір игі бастамаға жұмылдырып, серіктесіп жұмыс істеуге шақырмақ ниетте.

«Мәселен, Ресейде «Бумажный бум» атты қозғалыс бар. Осы қозғалысқа тек шикі зат жинаушылар мен қайта өңдейтін зауыттар ғана қатыспайды. Олар мектеп пен колледждерде экологиялық сабақтар өткізеді. Біз де осы бағытта жұмыс істегіміз келеді. Түсіндірме жұмыстарын өткізіп, балаларға үйреткіміз келеді. Мәселен, ертеңге бізде «Назарбаев» интеллектуал мектебінде семинар өткізу жоспарланған. Оқушыларға түсіндіргіміз келеді»,- дейді кейіпкеріміз жоспарларымен бөлісіп.  

Кәсіпкердің ісі өрге басып, жоспары орындалса, болашақта қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорынның қуаттылығы айына 50-100 тонна болмақ. Ерланның есебінше, қанша шикізат жинаса, сонша өнім алатын мүмкіншілік бар. Бұл біріншіден, мыңдаған тонна қоқыстың көлемін азайтса, екінші қырынан экологияға зияны жоқ, үшіншіден жаңа жұмыс орындары ашылады, әрі ішкі нарықты отандық өніммен қамтамассыз ету мүмкіншілігі туып отыр.        

Суреттерді түсірген Мөлдір Дарханбаева

Материал автордың рұқсатымен жарияланды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер