Зүлфиядан 5 жүлде

Спортшыларымыз Берлиндегі Әлем кубогынан олжалы оралды

7-10 маусым аралығында Берлин қаласында өткен Әлем кубогында Қазақстан құрамасы 13 алтын, 9 күміс, 15 қола жүлдеге ие болды. 47 елден 517 спортшы қатысқан турнирде Паралимпиада ойындарының чемпионы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Зүлфия Габидуллина да бақ сынап 5 медальді мойнына ілді. 

Зүлфия Габидуллина 100 метрге еркін жүзуде және «Masters-1» санатында алтынды қоржынға салса, тиісінше «Masters-2» санаты мен әйелдер арасындағы еркін жүзу бойынша командалық эстафетада  (400 метр) күміс жүлдемен марапатталды. Ал 50 метрге шалқалай жүзу бойынша қола медаль иеленді. Осындай ірі халықаралық турнирде 5 медаль жеңіп алған спортшының бұл соңғы жетістіктері емес деп үміттенеміз.

– Германия еліне осымен үшінші жыл қатарынан барып отырмыз, турнирдің ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Ал көрсеткен өнеріме келер болсам, қатты көңілім тола қойған жоқ. Өзіме әрқашан сыни көзбен қарап, биік мақсаттар қоятындықтан, күткен нәтижелеріме қол жеткізе алмадым. Бірақ, жаттықтырушым бұл жетістігіме дән риза болып отыр.

Жалпы, Қазақстан құрамасы тамаша өнер көрсетті. Біздің құрамада өсіп келе жатқан жас таланттар жетерлік. Олардың көрсеткен жақсы нәтижелеріне шын қуаныштымын, – дейді спортшы.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның паралимпиада құрамасының капитаны бірнеше әлемдік жарыстарда, еліміздің ішкі біріншіліктерінде табысты өнер көрсетіп келеді. Ол 2013-2015 жылдардағы әлем чемпионатының күміс және үш дүркін қола жүлдегері, 2014 жылы жалауы желбіреген Пара-Азия ойындарының чемпионы, 2017 жылы Мексикада өткен паралимпиадалық әлем чемпионатының жеңімпазы, әлем рекордын 14 рет жаңартқан Зүлфия Габидуллина әлемдік бірнеше рейтинг бойынша сегіз үздік жүзгіштің қатарына кіреді.  

Зүлфиямен қатар, осы турнирде бақ сынасқан Ержан Сәлімгереев 100 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде 1:21,61 нәтижесімен қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Сондай-ақ, осы жүзу әдісі бойынша 50 метрлікте күміс олжаса, 100 метрлік еркін жүзуде қолаға қол жеткізді. "100 жаңа есім" жобасының тағы бір жеңімпазы Шахан Жолдасбаев 100 метрлік жүзуде 3-орыннан көрінді.

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер