Зере Бектасқызы: Ата-анам спорттан кеткенімді қалады

23.08.2017

Зере Бектасқызы әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының дзюдошысы. Дзюдоға келмес бұрын, самбо спортынан жастар арасындғы әлем чемпионы атанған. Осы спорт түрінен үстіміздегі жылдың 28 тамыз – 3 қыркүйек аралығында Венгрия астанасында 31 ші әлем біріншілігінде ел намысын қорғағалы жатқан спортшының дайындығымен танысқан едік.

– Зере, Будапеште өткелі жатқан әлем чемпионатына дайындығың қалай?

– Бұл ересектер арасындағы дзюдодан қатысқалы жатқан алғашқы әлем чемпионатым болғалы тұр. Қызу дайындалып, қарсыластарымның да күресу стилдерін оқып, күнделікті екі мезгіл үш-үш сағаттан жаттығып жатырмыз.

– Әлем чемпионатындағы басты қарсыластарың деп кімдерді есептейсің?

– Басты қарсыластарымның қатарында оңтүстік америкалық дзюдошы олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем чемпионы Юри Алвер, Нидерланды елінің палуаны Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының, әлем чемпионатының жүлдегері Ким Поллинг, француздық спортшы  әлем біріншілігін бағындырған Эмане Жеврис пен қатар Жапония мемлекетінің өкілі Чизуру Арай деген спортшылар бар. Менің салмағымнан (70 кг) әлсіз қарсылас таппайсыз, барлығы да тіс қаққан, өліспей беріспейтін әккі спортшылар. Оның ішінде біраз жылдан бері халықаралық ареналарда тер төгіп келе жатқан дзюдошылармен қатар, ересектер қатарына енді ауысқан мен секілді жастар да жеткілікті. Азулы қарсыластарымның алдын орап, бар білгенімді татамиде көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінем деген сенімім бар.

– Өзің жаттығатын «Семей» спорт академиясы туралы айтып кетсең...

– Аталған спорт академиясы 2016 жылдың желтоқсанында ғана қолданысқа берілген. Қазірде атауы «Семей қаласы бойынша №1 ШҚО олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» деп өзгертілді. Мұнда дзюдо, самбо, грек-рим, еркін күрес түрлері бойынша шәкірттер дайындауға негізделгенмен, қазірде спорт бөлімдерінің саны онға жетті. Бірнеше ҚР чемпиондары, Азия, әлем біріншіліктерінде олжа салып жүрген спортшылар жаттығып жатыр. Әлі де бұл мектептен еліміздің байрағын ірі турнирлерде желбіретін спортшылар шығатынына кәміл сенемін. Оқу-жаттығу жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында Ресейден, Моңғолиядан, Әзірбайжаннан арнайы мамандар шақыртылған. Мұнда алыс аудандардағы спортшыларға ыңғайлы болу үшін интернат та бар.

– Ал сенің жеке жаттықтырушыларың кімдер?

– Самбодан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мерейғалы Көшкінов пен ШҚО самбо құрамасының аға бапкері Біржан Имаханов деген қос бапкерден тәлім алып жатырмын.

– Енді, өзіңе тоқталсақ, қашан, қайда дүниеге келдің?

– 26 тамыз 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылында дүниеге келгенмін. Қарапайым отбасында өстім. Әкем – кішігірім жұмыстармен айналысады, анам – мұғалім. Отбасымда ағаларымның спорт үйірмелеріне барғандары болмаса, ешкім кәсіби спортшы емес.

– Сонда сені күреске кім әкелді?

– Мен өзім кішкентай кезімнен ұлдар секілді асық ойнап, төбелесіп жүреді екенмін. Көрінгеннің баласына тиісе беретін тентек болған соң, әкем мен анам «бойыңдағы тасып бара жатқан энергияңды жұмса» деп, ағаларыма қосып ауылдағы қазақша күрестің үйірмесіне жібереді. Саржал ауылында Шаймерден Тоқжігітов атындағы орта мектепте қазақша күрестің үйірмесі болатын. Күрестегі алғашқы жаттықтырушым Жақиянов Еділ деген кісі. Күрес әліппесін ашып берген бапкеріме әрқашан басымды иемін.

– Қыз балаға күрес жат спорт түрі емес пе?

– Басында әкем мен анам «спортқа бар» деп өздері итермелегеннен кейін өсе келе, «қыз баласың, денсаулығыңа ауыр болады» деп, шектеу қойғылары келді. Бірақ, жеңістің дәмін сезе бастағаннан кейін одан ары шабыттанып, спортты жарты жолдан тастап кету туралы мүлде ойламадым. Ешқандай қиыншылық та сезінбедім. Олар «бала ғой, тасып бара жатқан күшін татамиге «тастап» келеді, өсе келе қоятын шығар» деп жоспарласа керек. Шын мәнінде, осылай кәсіби түрде айналысады деген ойға бармаған ғой.

– Ал қазір не дейді?

– Қазір қос қолдарымен қолдайды. Менің ең бірінші жанкүйерлерім осы кісілер десем болады.

– Самбо күресінен айтарлықтай жетістіктерің бар, дзюдоға өтуіңе не себеп?

– Самбо күресінен Азияны 5 рет ұттым, жасөспірімдер арасында 2 рет, жастар арасында 2 рет, ересектер арасында 1 рет жеңдім. Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында жастар арасында әлем чемпионы болдым. Көптеген әлем кубоктарында жеңіс тұғырынан көріндім. Жазғы жағажайда өтетін Азия ойындарында жүлдегер болдым. Көптеген жетістіктерге жеткен соң, самбодан дзюдоға ауысайын деп шештім. Басты мақсат – олимпиадаға қатысып, Олимп шыңын бағындыру болғанын жасырмаймын (самбо олимпиадалық ойындардың тізіміне енбейді-авт.). Кез келген спортшының арманы сол төрт жылда бір келетін айтулы додада топ жарып, алтын жүлдені мойнына ілу ғой, Алла қаласа ол күн де алыс емес. 

– Дзюда күресі бойынша алғаш бағыңды сынаған ірі біріншілікте үшінші орыннан көріндің, бұған самбодағы жетістіктерің себепші ме?

– Солай десек те болады. Екеуі бір-біріне ұқсас спорт түрлері. Бұған  дейін жастар арасында дзюдодан әлем біріншілігіне қатысып, шеберлігімді шыңдағам.

– «Спортшы қыз» мектепте қалай оқыды?

– Мен мектепте белсенділер қатарында жүрдім. Туған жерім Абай ауданы болғандықтан, поэзияға қызығушылығым жоғары еді. Алған бағаларым төрттік пен бестік болды, тарих пен әдебиет пәндерін сүйіп оқыдым.

– Қазір қай елдің қыздары дзюдодан алдына жан салмай жүр? Біздің спортшыларға не жетіспейді?

– Біздің спортшыларды да әлсіз деп айта алмаймын. Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем мен Азияның алтынын алған Елдос Сметов, әлем чемпионатының қола жүлдегері Рустам Ибраев, әлемдік Гран-придің жеңімпазы, Азия ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы Гүлжан Исанова секілді аға-әпкелеріміз бар. Дзюдо жапондардың спорты болғандықтан, сол елдің дзюдошылары кімге болмасын ыңайсыз қарсылас болады. Қазірде  Еуропаның бірнеше елінде дзюдо жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Германия, Франция елінің өкілдері соңғы сындарда алдарына жан салмай жүр, Ресей елінің де дзюдошылары басқа мемлекеттің дзюдошыларынан бір бас жоғары тұр деуге болады.

– Қазақстандағы дзюдо спортының дамуы үшін не керек деп ойлайсың?

– Абай атамыз «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп босқа айтпаған, біздің спортшыларға тек қана еңбектену қажет. Әйтпесе, барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Оқу-жаттығу жиындарын өткізетін спорттық базаларымыз да жақсы жасақталған. Мемлекетіміз жасап отырған осындай жағдайды татамиде көрсетуіміз ғана қалып тұр.

– Спорттан тыс немен айналысасың?

– Семей қаласындағы Шәкәрім мемлекеттік университетінде дене шынықтыру мамандығында оқимын. Осы оқу жылында 3 курсқа барамын. Спорттан тыс ешнәрсемен айналыспаймын. Ойым, мақсатым, көздегенім барлығы – спорт, жеңіс!

– Ырымға сенесің бе?

– Ырымға сене бермеймін. Жарысқа шығарда, жалпы өмірде тек бір Аллаға сыйынамын, ешқандай ырым-сырым жасап көрмеппін.

– Жеңіліске тап болғанда спортты біржола қоямын деген ой келді ме?

– Ешқашан ондай ойға барып көрмеппін. Жеңілістерім келесі жеңісіме себепші деп түсінемін. Жеңіліс болмаған жерде, жеңіс те болмақ емес. «Жетемін десең мұратқа, байрағыңды құлатпа!» – деген өмірлік ұраным бар.

– Дзюдодан ел ішінде өз салмағыңдағы қарсыластарыңды атап өтсең...

– Ділбар Өміралиева деген спортшы қыз бар еді, ол қазір салмағын ауыстырып, 63 кг өнер көрсетіп жүр, одан бөлек Жанар Қашқын, Аэлита Щербакова деген Талдықорғанның спортшы қыздары бар. Бұл тізімге Перизат Жақыпбекова деген Шымкент қаласынан шығатын мықты дзюдошыны да қосып кетуге болады. Өсіп келе жатқан жас бірнеше палуандарымыз бар. Бәрі кілең «сен тұр, мен атайындар!». Қарсыластардың көптігі қайта босаңсуға мүмкіндік бермей, тек ілгері жылжып отыруға себепші болады. Ішкі біріншілік мықты болса, халықаралық жарыстарда олжа салатындар да көбейеді.

– Өзіңнің ең сүйікті, үнемі қолданатын қандай да бір әдісің бар ма?

– Менің сүйікті әдісім сырттан шалу, қырқа шалу. Ыңғайы келе қалса, осы әдісімді жасап алуға тырысамын. Азия чемпионатында қола үшін күресте моңғол палуанына осы әдісті қолдану арқылы жеңісті жұлып әкеттім.

– «Күрестің мәні жеңіс пен жеңіліс емес» деген сөз бар. Сеніңше, күрестің мәні не?

– Күрес – спорт түрі, спорт – денсаулық кепілі. Кез келген адам денсаулығы мен жан саулығы үшін спортпен шұғылданса құба-құп. Өзіңіз айтқан сөздің сыры осында жатқан шығар.

– Әлем чемпионатында сәттілік тілеймін, қазақ елін жеңістеріңмен қуанта бер!

Мақала авторы - Сандуғаш Мамышқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз