Ұлттар лигасындағы жеңіліс

Ұлттық құрама ұтылып қалды

Қазақстан – Грузия – 0:2 (0:0)

Гол салғандар: Чакветадзе, 69, Малый, 74 (автогол)

Қазақстан: Эрич, Бейсебеков, Постников, Малый, Шомко, Қуат (Тұрысбек), Жуков, Исламхан (Зайнутдинов, 81), Мұжықов, Муртазаев (Сейдахмет, 88), Щеткин.

Грузия: Лoрия, Какабaдзe, Квиpквeлия, Kaшия, Нaвaлoвcкий, Кaнкaвa, Квeквecкиpи, Меребашвили, Казаишвили (Xoчoлава, 84), Чaкветaдзе (Окpиашвили, 75), Квилитaя (Гвилия, 65).

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов алаңға шығаратын футболшылармен таң қалдыра қоймады. Қорғаныс пен қақпа «Астана» футбол клубының аяқдопшыларына сеніп тапсырылды (Эрич, Бейсебеков – Постников – Малый – Шомко). Орта алаңмен оң қапталдағы орталық қорғаушы міндеттері, тиісінше «Қайраттың» жігіттерінен құралды (Исламхан, Қуат, Жуков). Ал қалған үш ойыншы тағы да елордалық команданың жейдесін киетіндер: Муртазаев, Мұжықов, Щеткин.  Соңғысы өткір шабуыл өтінде жүрсе, бапкер Жуковты көзіміз үйренбеген оң қапталға жіберді. Стойловтың ондай шешім шығаруына Голландия чемпионатында Георгийдің атқарған жұмысы әсер еткен болар. Ал Грузия құрамында аздап өзгерістер орын алған. «Тобылда» доп тебетін Квеквескири орталықты берік ұстаса, шабуыл шебінде Квилитая ойнады. Ал 19 жастағы талантты аяқдопшы Чакветадзе сол қапталда жүрді. Оң қапталдағы вингер рөлі Казаишвилиге жүктелді. Негізгі құрамнан польшалық «Висла» клубының хавбегі Меребашвилидің орын алуы Вайсс дайындаған «ерекше» тактиканың бір белгісі болса керек. Ал жарақатынан енді ғана айыққан талантты грузин ойыншысы Окриашвили бұл жолы ойынды алаң шетінен тамашалады.

Қазақстан ойынды қарқынды бастады. Алаң иелері бар болғаны 20-секундта алғашқы бұрыштама орындауға мүмкіндік алды. Мұжықов Квеквескириден бір сәтте көз жазбауға тырысты, Исламхан орталыққа жиі алаңдап, шабуылды тереңнен бастауға күш салды. Муртазаев Щеткинге көмек беруші ретінде жиі шабуылға араласып жүрді. Матчтың басталғанына 5 минут болғанда Жуков алаң ортасынан допты Щеткинге жеткізген. Ал оның жолына Наваловский тосқауыл болып, сары қағазбен жазаланды. Қақпаға 20 метр қашықтықтан допты торға түсіруге әбден болады. Алайда, Исламхан допты қақпа бағанынан қиыс тепті. Жылдам гол соғып алу міндеті осылайша біртіндеп кейінге шегеріле берді. Кездесу басынан Грузия құрамасының жігіттері көз жұма алға ұмтылған жоқ. Тек Меребашвилидің Эрич тойтарған соққысын айтуға болады. Қазақстандықтардың алғашқы қарқынына тойтарыс берген қонақтар одан кейін ойынды қолдарына ала бастады. Сондай шабуылдардың бірінде сол Меребашвилидің қақпа алдына шығаруға талпынған пасы Шомкодан кейін серпілді. Грузин аяқдопшысы төрешіге Дмитрийдің қолмен ойнағанын алға тартып, наразылық білдірді. Бірақ, түрік қазысы нүктені көрсете қоймады. Сонымен, қонақтар аздап бәсеңсігендей болған. Исламхан шабуылды бастау үшін тағы да тым төмен түсіп, Жуковты ойынға қосты. Ол оң қапталдан Щеткинге пас жеткізді. Соңғысының баспен жасаған соққысы маңдайшадан тым биік ұшты. Алғашқы он бес минуттық осылай өте шыққан. Бес минуттан соң, Лория шындап ойынға араласты. Квеквескири алыс дистанциядан күтпеген жерден қақпаны тура көздеп, жойқын соққы жасады. Эрич өз орнында! Сол секілді қонақ кипердің де іске араласуына тура келді. Ол Щеткиннің оң қапталдан жасаған соққысына тосқауыл бола білді. Одан кейін Грузия фтуболшылары біршама ойында өз басымдықтарын көрсетті. Меребашвили баспен ұрды. Бірақ, сәтсіз. Ал Казаишвилидің өткір пасына ұмтылған Наваловский мен Квилитая алғашқы гол соғып кетуге шақ қалды. Шомко допты қақпа сызығынан алып шықты. Бас төрешінің көмекшілері голдың болмағанын нұсқап, жиылған жанкүйерлердің жүрегін орнына түсірді. Айтпақшы, екінші деммен тағы бір соққы жұмсалған, Эрич оны сәтті қайтара алды.

Жарты сағаттан соң, ойын қыза түсті. Енді, алаң иелерінің есеп ашатын тамаша мүмкіндігі болған. Шомконың сол қапталдан жеткізген пасына секірем деп жүріп қонақ кипер сәтсіз қимылдады. Одан қайтқан допты Қуат қақпаға бағыттаған. Алайда, Наваловский әрең дегенде допты қақпадан алып шықты. Өкінішті. Лория араға бірер минут салып, Бейсебековтың орта дистанциядан жасаған соққысына тосқауыл болды. Ал Қуаттың соққысы, тіпті қақпаға маңына жолаған жоқ. Бірінші таймның соңы қонақтардың шабуылымен өтті. Какабадзеге дәлдік жетіскен жоқ, ал Меребашвили Қуатты «сары қағазбан» жазалануына себепкер болды. Сондай-ақ, стандарт тебуге мүмкіндік алған қонақтардың діттегендері бола қойған жоқ. Сонымен, алғашқы 45 минуттықта қос команда да есеп ашатын мүмкіндіктер болды. Бірақ, ондай бақытты сәт екінші ойын бөлігіне шегерілді.

Екінші таймға алғашқы матч бөлігіндегі футболшылар өзгеріссіз шықты, сол секілді ойын жүрісі де ерекшелене қоймады. Басымдық үшін күрес жасыл алаңда қызу жүріп жатты. Тағы да қазақстандықтар өткір ойын өрнегін көрсете бастады. Муртазаев өз қапталынан қарсыластардың фуболшыларымен таласа-тармаса қақпа алдындағы Щеткинді доппен жарылқады. Алексейге тағы да дәлдік жетіспей, бір жақсы шабуылды желге ұшырды. Одан кейін Роман спорттық снарядты қақпа алдына дейін әкеліп, Бейсебековке қалдырды. Ал Абзалдың соққысы көңіл қуантарлықтай болған жоқ. Оған көмекке келген Қуатты Квирквелия жауып үлгерді. 

Эричтің де қақпа алдында осындай қызу ойын сәттері бірінен соң бірі туындап жатты. Сондай эпизодтың бірінде қорғаушылар сәтті қимылдады. Қарымта шабуылда Муртазаевтың өткір пасына Щеткиннің аздап үлгере алмағаны тағы үнжырғаны түсірді. Алма-кезек шабуылдар орын алып, ашық ойын жүре бастады. Енді Меребашвилидің өз қапталынан тепкен добы тағы біздің аяқдопшылардан кейін серпілді. Ойынның бір сағаты өткендей Владимир Вайсс алаңға тыңнан Гвилияны шығарды. Ол ашылып ойнай алмаған Квилитияны алмастырды. Страйкерсіз ойынға көшкен қонақтардың тактикасы расымен де таң қалдырды. Бірақ, алаңда жас талантты Чакветадзе барда грузиндерге не уайым. «Генк» ойыншысы сол қапталдан сәтті өтіп, барлық қорғаушыларды жұмыссыз қалдырып, тоғыздыққа жақын жерден керемет соққы жасап есеп ашты. Эрич қанша тырысса да, бұл голдың соғылуына ешқалай кедергі келтіре алған жоқ. Сонымен, есеп 0:1. Енді, алаң иелері есепті теңестіру үшін бірден алға ұмтылды. Муртазаевта жақсы мүмкіндік болған. Оның сол аяғымен жақын бұрышты көздеуге тырысқан соққысын Лория қайтарып, бұрыштамаға жіберді. Алға ұмтылам деп жүріп қазақстандықтар екінші голды жіберіп алуға шақ қалған (бірақ, ол бәрібір орын алды). Алғашқыда Казаишвили көзге түсуге барын салды. Біздің қақпашы сәтті қайтарды. Алайда, келесі шабуыл қорғаушымыздың сәтсіз қимылымен аяқталды. Казаишвили Ненадтың арғы сол қапталына допты тастай салуға тырысқан, қақпашы қауіптің бетін қайтарғанмен, одан ұшқан доп Малыйдың аяғынан торға қарай домалап кетті. Алаң иелерінен салы суға кетті. Ендігі, ойынды құтқарамыз деген сенімдерінің күлі көкке ұшқан болар. Себебі, ойынды ары қарай қарқынды жалғастыруға деген олардың құлшынысы азайып, жүрістерінде сылбырлық аңғарылды. 0:2 есебі тіркелгенде, ойынның аяқталуына бар болғаны 15 минут қалған, ал қос голдың арасы бар болғаны 5 минутты құрады. Бізге де осындай аз уақытта таразы басын теңестіретін бақыт бола ма екен? Ойыншылар алға жүгіріп, ең болмағанда есепті қысқарту үшін тырысып бақты. Осыдан кейін Бейсебеков бір сәтсіз соққы жасап көрді. Сосын алаңға тыңнан екі қазақстандық шықты. Тұрысбек Қуатты, Зайнутдинов жарақат алып қалған Исламханды алмастырды. Ал 88-минутта Сейдахмет қосылды. Грузия қақпашысы Тұрысбектің бір соққысын өткізген жоқ, сол секілді Зайнутдиновтың қос соққысына лайықты жауап қата білді. Екінші голды соғып алған қонақтар қалған 15-минуттықта тек Канкаваның соққысымен ғана шектелді. Владимир Вайсс өз жұмысын керемет атқарған Чакветадзені ойыннан алып тастады. Одан кейін қорғанысқа Хочолавой көмекке келді. Словак бапкерінің ойлағаны толық іске аса қоймаса да, командасы керек голдарын соғып алды. Футболда ең бастысы – осы. Қазақстан 90 минут бойы 15 соққы жасады. Бұл қарсыластарымен бірдей көрсеткіш. Дегенмен, оны түйіндейтін шебер футболшы табыла қоймады. Станимир Стойловтың қателігі деп, алаңға ойын тәжірибесіз жүрген футболшыларды жібергенін айтып жатқандар көп. Мұның барлығы бос сөз. Енді, ештеңе өзгермейді. Осылайша, Ұлттар лигасы Қазақстан үшін өз алаңында өте сәтсіз басталды. Біздің топтағы басқа қос команда Латвия мен Андорра тең тарқасып, біздің құраманы кестенің соңғы орнына жіберді. Алда әлі 5 ойын бар. Жақсы өзгерістер күтеміз.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Грузияның бас бапкері Владимир Вайсс былай деді:

– Үш ұпай үшін өте қуаныштымын. Қазақстан белсенді ойын өрнегін көрсетті, бірақ біз бұдан да жақсы ойнай аламыз. Барлық ойын тактикамыз жүрді деп айта алмаймын. Бірінші таймда орын алған шабуылдарды түйіндеуіміз керек еді. Әдемі гол салдық. Екінші гол да салып алғанымызға құдайға шүкір. Малый сәтсіз қимылдады. Бұл – футбол, ондай сәттер болып тұрады. Екінші таймда тағы да доп соғып, матчтың тағдырын тезірек шешіп алуымыз керек еді. Қатты шаршадық, бірақ бұл шаршауымыздың жемісі бар.

Исламхан жақсы ойыншы. Ол алғашқы таймда басқа футболшылардан ерекшеленіп жүрді. Сіздердің құрамаларыңыздың деңгейі өскен, ойын өрнегі өзгерген. Бұл топта ешкімге оңай соқпасы анық. Қазақстандықтар жақсы қарсылық көрсетті. Мен Стойловқа қарсы ойнап тұр деп қабылдамаңыздар. Қазақстан мен Грузия бақ сынасты. Жалпы, бапкерлік жолымда Стойловты жеңген де, жеңілген де кездерім болған. Біздің қоржынымызда үш ұпай бар. Мұның маңызы жоғары. Барлық ойыншыларым аянып қалмай, бар күш-жігерін сарп етті. Бұл біз үшін алтын ұпайлар. Енді, демалып, үйімізге аттанамыз. Латвияға қарсы жақсы дайындалуымыз керек. Шәкірттерім бұл топты жеңіп шығуға ниетті екендерін танытты. Бүгін олар бұрын болмаған эмоцияны көрсетті. Ал қазақстандық құрамаға сәттілік тілеймін. Олар жақсы ойын тактикасын қойып, допты бақылап, стандарттарды тамаша орындауға тырысып бақты. Бұл ойын «Астанаға» қарсы өткен сияқты, оған қосымша Қуат, Исламхан, Жуковты қоссақ болады. «Астана» – еуропа деңгейіндегі мықты команда. Соңғы уақыттары клуб қарыштап дамып келеді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов:

– Өкінішке қарай, өз алаңымызда жеңіліс таптық. Өзімізге берілген мүмкіндіктердің барлығын жіберіп алдық. Грузиндер керемет гол сала білді. Ал біздің ойыншыларға жеңіске деген сенім жетіскен жоқ. Шабуыл өтінде агрессивті ойнай алмағанымызды мойындаймын. Команда жасыл алаңда өте сенімсіз қимылдады. Оған қоса физикалық динамикада жетпей жатты.

Барлығы біздің футболдағы ситуацияны жақсы біліп отыр. Егер мықты құрама болғанын қаласақ, клубтардың көмектескені керек. Бүгін футболшылар өзін көрсету үшін артық күш жұмсап қойған сияқты. Әлі де жеңістер болатынына сенемін. Егер жеңбесек, болашақта сенімді ойнай алатын құрама жинақтауымыз қажет. Андоррада көп өзгеріс енгізбеймін. Кімнің жағдай келісіп тұр, соларды шығарамын.

Грузиядан 0:2 есебімен ұтыламыз деп ойлағаным жоқ. Егер сәттілік серік болса, гол салып, қарымта шабуылға иек артамыз деп болжаған болатынмын. Бірінші ойынды жеңуіміз керек еді. Грузия топтағы фаворит болып қала береді. Бізге жеңіл болмайды. Бүгін бірінші нөмірмен ойнауды тапсырдым. Бірақ, кей футболшылар ондай матч өткізуге жүрексінді. Бірақ, өз тактикамнан таймаймын. Бізде шабуыл шебінде ойнай алатын, бәсекелестік тудыратын аяқдопшылар жоқтың қасы. Қолда бар шабуылшыларды пайдаланамыз, басқа амал жоқ, – деді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#ұлттар лигасы

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер