Теміртаудағы алғашқы жеңіліс

Премьер-лиганың 8-туры өз мәресіне жетті

«Астана» биылғы маусымда алғаш рет жеңіліс тапты. «Тобыл» өз алаңында қызылордалық футболшылардан оңбай ұтылды. Ал «Қайрат» «Жетісуды» қиындықсыз жеңіп, басты қарсыласына жақындай түсті.

8-тур, 5-мамыр

«Қызыл-Жар СК» — «Ақжайық» 2:1 (2:0)
Гол салғандар: Григалашвили 32 (1:0), Гогуа 36 (2:0), Ерсәлімов 90+3 (2:1)

Петропавловскте өткен ойын талас-тартысқа толы болды. Бұл жолы «Қызыл-Жар» бас бапкері Никола Спасов құрамды біршама өзгреткен екен. Алаңға алғашқы минуттан Шабаев, Попхадзе, Жанұзақов пен Гогуа шықты. Ал «Ақжайықта» алдын ала болжағандай, негізгі ойыншыларының бірі Еркебұлан Нұрғалиев өнер көрсетті.

Алаң иелері ойынды қарқынды бастады. Десек те, қанша тырысып баққанымен, есеп ашуға апаратын соққылар болмады. Тек Мульдинов алыстан оралдық қақпашы Боровиктің шеберлігін  сынап көргені болмаса, ойынды басқа бағытқа бұратын гол жетіспеді. Жарты сағаттықта ғана Спасов шәкірттері 11-метрлік айыпдобын тебуге мүмкіндік алды. Шабуыл Жанұзақовтан басталған, ол қиыстырып Гогуаның аяғына доп салып берді, өз кезегінде грузиндік легионер Венковты ойынға араластырған. Ал оны «Ақжайық» ойыншысы Ерсәлімов өз  қақпа алдында шалып жықты. Төреші бірден нүктені көрсетті. Тағы бір Грузиядан келген футболшы Шота Григалашвили соққы жасауды өз мойынына алған. Алғашқы тепкен добын «Ақжайықтың» қақпашысы тойтара білді, бірақ екінші рет аяғына доп келген Шота бұл жолы қателікке бой алдырмай, есеп ашты. Есеп ашылғанына 5 минут өтпей жатып, сол Григалашвили Гогуаны ойынға араластырып, есепті еселеуіне мүмкіндік берді.  30-минуттары салынған қос гол алғашқы таймда өзгеріссіз қалды.

Кездесудің екінші бөлігінде Оралдан келген теңбіл доп шеберлері ойынды құтқару үшін барын салды. Сондай сәттің бірінде Нұрғалиевте тамаша мүмкіндік болған. Бірақ, футболшы өз ойын жүзеге асыра алмай, сан соғып қалды. «Қызыл-Жар» ойыншылары да қарап жатпай, оқтын-оқтын Боровик қорғаған қақпаға ұмтылып, есепті еселеуге күш салды. Ойынның нүктесін қосымша минуттары өз қатесін жуып-шайған Ерсәлімов қойды. Осылайша, алаң иелері үш ұпайды еншілеп, турнир кестесіндегі жағдайын тәуірлетіп алды.

«Шахтер» — «Астана» 1:0 (0:0)
Гол
салған: Кояшевич 70 (1:0)

Турдың басты сенсациясы Теміртауда орын алды. Григорий Бабаян алғашқы минуттан Серікжан Мұжықов пен серб шабуылшысы Джордже Деспотовичты алаңға жіберді.  Алғашқы жарты сағаттықта сол Джордженің екі рет көзге түсуіне қақпа мүмкіндік бермеді. Оның тепкен добын қасқая күтіп алған бағана бүгін туған командасына болысты. Ойынның бірінші бөлігі тек «Шахтер» жарты алаңында өрбіді. Астаналықтар қанша тырысқанымен, Шацкийдің иелегін ала алмай жатты.

Ал келесі таймда Эрич үшін жұмыс табылды. Орта қашықтықтан Кояшевичтың бағыттаған қос соққысын қайтарып, бабында екенін көрсетті. 70-минутта қарағандылық ойыншылар тамаша шабуыл бастады. Мигунов ойынға енді қосылған Шаффқа керемет пас шығарған, бос тұрған қақпаны көздей алмаған Сергейдің қателігін Кояшевич қайталамай, қанжығасы майланды. Қалған 20 минутта елордалық аяқдопшылар ойынды құтқару үшін жан таласты. Бірақ, бұл матчта Игорь Шацкий бар өнерін ортаға салып, «Астана» ойыншылары бағыттаған соққыларға лайықты жауап қайтарып жатты. Осылайша, Теміртауда 8-тур сенсациясы орын алды. «Астана» жинаған ұпайы бойынша көшбасшылықты сақтап қалғанымен, бір ойын артық өткізгенін ескерсек, ендігі «Қайраттың» 1-орынға шығуға тамаша мүмкіндігі бар.

«Жетісу» — «Қайрат» 1:3 (0:2)
Гол
салғандар: Анене 10 (0:1), Рудосельский автогол 16 (0:2), Қожамберді 47 (1:2), Лунин 71 (1:3)

Екі бапкер де жасыл алаңға аздап жаңартқан құрамын шығарды. Алматылықтардың шабуыл өтінде алғашқы минуттан соңғы ойындары көзге түсіп жүрген Чума Анене пайда болды. Феррер шәкірттері алғаш болып есеп ашты. Исламханнан пас алған ардагер ойыншы Аршавин айналасына 3 бірдей жетісулықтарды жинап, Анененің бос қақпаға соққы жасауына жағдай жасап берді. Гол жіберіп алған талдықорғандықтар алға ұмтылып, қауіпті шабуыл ұйымдастыра білді. Бірақ, Покатилов өз орнынан табылып, командасының жаңа шабуылын бастады. Тағы сол Анене тоғыздықты көздеген, қақпадан кері қайтқан доп Рудосельскийді тауып, қорғаушы автоголдың авторы атанды.

Ал екінші тайм бастала сала, «Жетісудың» жолы болды. Алаң ортасындағы таласта Аршавин  Элекке дұрыс пас бере алмай, қорғаушының арқасынан өткен допты Жақып Қожамберді іліп әкетіп, есепті қысқартты. Офсайдтан оңай құтылған шабуылшының жолын Покатилов жаба алмай, есепті қысқартуға жол беріп қойды.

Одан кейін нағыз тартысты ойын басталған. Қаншама рет есепті теңестіруге мүмкіндігі болған жетісулықтардың бүгін ойыны жүрмеді. Оганесян, Малакян, Ибраев, сол Рудосельский өздеріне берілген мүмкіндікті жүзеге асыра алмады. «Сен салмасаң, саған салады» дегендей, 71 минутта Лунин көзге түсіп, «Қайратқа» тиесілі үш ұпайды алып берді. Турнир кестесінде нағыз тартыс орын алатын уақыт келген секілді.

«Атырау» — «Ақтөбе» 1:1 (0:1)
Гол
салғандар: Марьянович 37 (0:1), Сикимич 83 (1:1)

«Ақтөбе» бас бапкері бұл ойында 5 қорғаушы, 3 орталық қорғаушылармен өнер көрсетуге бел буыпты. Оның мақсаты – ортадан келетін «Атыраудың» шабуылына тосқауыл қойып, өз бақытын қарымта шабуылдар мен стандартты ойыннан табу. Оның ойы бүгін өз нәтижесін берді деп айтуға толық негіз бар. Бірінші Көкеев айдобынан Симчевичтің басын тапқан. Оның соққысы қақпа маңдайшасынан биік кетті. Ендігі Көкеев өзі қауіпті шабуылдың өтіне шықты. «Атырау» қақпашысы сыр бермеді. Тағы бір эпизодта Абат Айымбетов көзге түсуге мүмкіндік алған. Оның да жолы болмады. Тек бірінші таймның аяқталуына 10 минуттай қалғанда Милишевич Марьяновичке керемет пас жеткізді. Ал ол өз мүмкіндігін мүлт жібермей, Пасеченкодан айласын асырып кетті. Есеп 0:1. Ойынның екінші бөлігінде «Атырау» бас бапкері Сосновский ойынға жаңадан қос ойыншыны қосты. Өз алаңында ұпай жоғалтқанның қандай екенін жақсы білетін жаттықтырушы, шәкірттеріне сенім артты. Ойынның бітуіне аз қалғанда, мұнайшылардың нигериялық легионері Адениджи сол қапталдан Симчевичты алдап өтіп, қақпа алдына әуелетіп пас шығарды. Оған бірінші болып Сикимич жетіп, қақпаны дәл көздеді. Осылайша, қос батысқазақстандық командалар арасындағы кездесу тең аяқталды.

«Тобыл» — «Қайсар» 0:3 (0:1)
Гол салғандар: Жанғылышбай 37 (0:1), Нәрзілдаев 47 (0:2), Курьор 82 (0:3)

Еуропа лигасына жолдама алған «Тобыл» өз алаңында осылай тас-талқан болады деп ешкім күтпесе керек. Тіпті, «Қайсарлықтардың» өздері де... Кеше орталық стадионға жиылған 5 000 жанкүйердің жүзі төмен қараған күн болды.

Алғашқы қауіпті соққы қостанайлықтардың еншісінде қалды. Өз айып алаңынан Максим Федин Исламқұлов қорғаған қақпаға пас жеткізем деді ме, тура соққы бағыттады ма, түсініксіз, әйтеуір Марсельдің қақпасын жанап өтті. Бұдан кейін қызылордалықтар ойынды өз қолдарына алып, бірнеше бұрыштама добын орындау мүмкіндігіне ие болды. Сондай сәттің бірінде Тоқтардың қанжығасы майланып, есеп ашты. Екінші таймның басталғанына екі минут өтер-өтпес қарсыластың айып алаңынан допты тартып алған Нәрзілдаев керемет соққы жасады. «Тобыл» қақпашысы Непогодов дайын болмай, есеп 0:2-ге жетті. Қалған уақыттары ойынды құтқаруға барын салған Никитенко шәкірттері жиі-жиі Исламқұлов қорғаған қақпаға соққы жасады. Бұл жолы «қасқырлардың» киперін айналып өту мүмкін болмағандай. Матчтың аяқталуына аз қалғанда Аржановтан пас алған Курьор есепті 0:3-ке жеткізді.

«Тобыл» осылайша соңғы турларда өз білгенінен жаңылып, турнир кестесіндегі жағдайын шиеленістіріп жіберді. Еуропа лигасының да жақын қалғанын ескерсек, қостанайлықтардың тезірек ойын өрнегіне біршама өзгертулер енгізгенін қалаймыз. Ал өз кезегінде орнын босатуға аз қалып жүрген «Қайсар» бас бапкері Стойчо Младеновты әлі де кулб басшылығы біраз сынайтын сияқты. Анығы, бұл ойыннан кейін басшылықтың ойы өзгергеніне күмәніміз жоқ.

«Ордабасы» — «Ертіс» 1:0 (0:0)
Гол салған: Бочаров 54 (1:0)
Алаңнан қуылған: Есімов 61

Психологиялық қиын жағдайда қалған шымкенттік «Ордабасы» ойыншылары жергілікті стадионға жиналған өз жанкүйерлері үшін ойнағандай...

Соңғы ойындары жеңіске жете алмай жүрген қос клуб, бүгін сол сәтсіздікті артта қалдыру  үшін барын салды («Ордабасы» үш кездесу бойы, ал «Ертіс» бес ойында жеңіске жете алмай келеді). Бірақ, қанша тырысқанымен, қақпашылардың айып алаңында соншалықты қауіпті ойын жүрген жоқ. Кездесудің бірінші бөлігі аяқталуға аз қалғанда Бертольодан әдемі пас алған өзбекстандық шабуылшы Иван Нагаев Бекбаевтан айласын асырған еді. Бірақ, қақпалдағы төреші жалаушасын көтеріп үлгеріпті. Ал ойынның келесі бөлігінде көптен күткен гол орын алды. Досмағамбетовтың соққысын қайтарған Бекбаев Бочаревтың аяғына доп салып бергенін білмей қалды. Ал ресейлік жартылай қорғаушы мұндай мүмкіндікті өз пайдасына шешіп кетті. Павлодардан келген ойыншылардың жағдайы Есімовтың алаңнан қуылуымен тіпті қиындап кетті. Бұған қарамастан, «Ертіс» ойыншылары біршама Нарзиқұлов қорғаған қақпаға қауіп төндірді. Керемет сәттерді өздері тұншықтырып, Шымкенттен ұпай әкету мәселесін кейінге шегере берді. Саламидің өзінде неше мүмкіндік болған еді... «Ертіс» бүгін жеңілуге лайық болды ма? Әрине, тең ойын олар үшін жаман нәтиже болмас еді. Бірақ, шымкенттік клубтың жолы болып, үш ұпайда еншілеріне жазып, турнир естесінде 3-орынға көтерілді. «Ордабасы» келесі ойынын «Қайратқа» қарсы өткізетін болады. Нағыз тартысты ойынды Алматыдан күтеміз.

8-тур ойындары осылайша, өз мәресіне жетті. «Астананы» ұтқан «Шахтердің» ерлігін жанкүйерлер біраз уақыт есте сақтайтыны анық. Қостанайда жергілікті команданы жерге қаратқан «Қайсардың» да жетістігін ерекше айта жүруге болады.

Фото: sports.kz

#премьер-лига

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер