Қош бол, Реал

19.06.2017

Криштиану Роналду «Реалдан» кетуі мүмкін. Бұл футбол әлемінде ең қызу талқыланып жатқан жаңалық. 32 жасар португалдық жұлдызды Испанияның прокуратурасы 14,7 млн евро көлемінде салықтан жалтарды деп айыптап отыр. Оқиға осы тұста шиеленіседі. Салық төлемеудің амалын жасаған жалғыз Роналду емес. Осыған дейін Месси мен оның әкесін Испания билігі дәл осы салық төлемегені үшін 21 айға шартты түрде бас бостандығынан айырған болатын.  

Даудың басы — Роналдудың Реал Мадрид басшылығына ренішінен басталды. Месси мұндай қиындыққа тап болған кезде Барселона клубының басшылығы ақпараттық қолдау білдіріп, жанкүйерлерге арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қолдарынан келгенінше көмектескен еді. Ал Роналдудың жағдайында Реал Мадрид басшылығы әлеуметтік желіде бір ғана жазбамен шектелген. 

Спортшының шамына тигені де осы болуы керек. Ресейде өтіп жатқан Конфедерация кубогында Роналду командаластарына: «Мен Реалдан кету туралы шешім қабылдадым. Шегінерге жол жоқ» деген.  

Испания салық қызметінің айтуынша әлемдегі ең бай спортшылардың бірі Роналду 2011-2014 жылдар аралығында өзінің бейнесін жарнамада пайдалану құқығынан түскен табыстан салық төлемеген. 2011 жылы футболшы 1,4 млн евро төлемеген болса, 2014 жылы 8,5 млн евроны мемлекеттен жасырған-мыс.  


Ал өз кезегінде Реал Мадрид клубының президенті Флорентино Перес мадридтік клубта ешкімді өз қалауынсыз ұстамайтынын, алайда Роналдудың ешқандай заң бұзушылық жасамағанына сенімді екенін жеткізді. Сондай-ақ, команданың бас бапкері Зинедин Зидан мен команда капитаны Серхио Рамос Роналдуға қоңырау шалып, оның командада қалуын өтінген.

Бүгіннің өзінде Криштиану Роналду үшін қомақты қаражат ұсынып отырған клубтар бар. Олардың ішінде париждік ПСЖ, ағылшынның Манчестер Сити және Манчестер Юнайтед клубтары бар. Сыбыстарға сенсек аяқдоп шеберінің өзі Манчестер Юнайтед клубына қайта оралғысы келеді.

Егер Роналду Реал Мадридтен кететін болса, футбол әлемінде тарихи өзгерістер болары сөзсіз. Біріншіден: Месси-Роналду текетіресі тең дәрежеде аяқталуы мүмкін. Екіншіден: Реал Мадрид Роналду үшін қомақты қаражат алғанымен, алдағы жылдары португалдық шабуылшыны алмастыратын футболшы табуы екіталай. Үшіншіден: Әлемнің ең үздік бапкерлерінің қатарына кірген Зинедин Зидан өзін дәлелдеуі керек болады.

Бұл даудың немен аяқталатындығы Ресейде өтіп жатқан Конфедерация кубогынан кейін белгілі болмақ. Жарыстан кейін Криштиану Роналду, Зинедин Зидан және Флорентино Перес үшеуі жеке кездесіп, нақты шешім қабылдайтын болады.

Мақала авторы - Алмас Саудамбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз