Көптен күткен жеңіс!

Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Қазақстан – Андорра – 4:0 (2:0)

Голдарды салған: Сейдахмет, 21, Тұрысбек, 39, Гомес, 61 (автогол), Муртазаев, 74

Қазақстан: Эрич, Бейсебеков, Постников, Логвиненко, Сүйімбаев (Вороговский, 81), Жуков, Мұжықов, Сейдахмет (Федин, 77), Исламхан, Зайнутдинов (Муртазаев, 70), Тұрысбек.

Андорра: Гомес, Хесус Рубио (Гарсия, 84), Лловера, Лима, Сан-Николас, Валес (Морено, 79), Ребес, Родригес, Пуйоль (Ферре, 90), Сервос, Алаес.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов Ригадағы ойыннан соң, негізгі құрамға біршама өзгерістер енгізетінін айтқан болатын. Болгар маманы сөзінде тұрып, алғашқы минуттан қорғаныста Логвиненко (Юрий Малыйдың орнына шықты) мен Сүйімбаев (Шомко аздап жарақат алып қалған сияқты) пайда болды. Ал орталық алаңда Латвиямен өткен матчты қызыл қағазына байланысты жіберген Мұжықов пен «Қайраттың» орталық қорғаушысы Жуков өнер көрсетті. Оң қапталдағы шабуылды өрбіту міндеті жас талант Сейдахметке жүктелді. Өткір шабуыл өтінде Тұрысбек жүрсе, екінші форвард рөлі Зайнутдиновке берілді. 4-2-2-2 схемасы қандай нәтижеге жеткізерін көрелік. Капитан міндеті жүктелген Исламхан орталықтан сол қапталға ойысыпты. Бұл да бір Станимир Стоиловтың ойлап тапқаны болар. Бауыржанның жылдамдығы мен техникасы сол қапталды күшейтуге әбден жеткілікті. Ал Андорраның негізгі құрам сапында Грузиядағы ойында алаңнан қуылған Мартинес пен артық сары қағазы бар Виейра ойнамайды. Олардың орнын жарақатынан айыққан Макс Лловера мен «артқы тіреуші» Марк Валес басты. Ал шабуыл шебінде біраз жасқа келіп қалған Марк Пуйоль мен Андорра-ла-Вельеде Эрич қақпасының кілтін тапқан Хорди Алаэс өнер көрсетті.  

Кездесудің сценарий белгілі еді. Андорра футболшылары қорғаныстан ойнайды. Олар алғашқы минуттан «автобус» тактикасына көшті. Десе де, қос құраманың осы Ұлттар лигасындағы алғашқы ойыны қонақтардың қорғанысы қаншалықты берік екенін көрсетіп берген еді. Алда жүрген ұзын бойлы Муртазаев пен Щеткиннің болмағанына қарамай, жергілікті ойыншылар қос қапталдан кросс арқылы матчты бастады. Ірі денелі қонақтардың қақпашысы мен қорғаушылары да алаң иелерін шошытқан жоқ. Исламхан сол қапталдан өтіп келіп, қақпа алдына пас берген, аса ірілігімен көзге түспейтін Сейдахмет баспен соққы жасады. Бұл жолы Еркебұланға дәлдік жетіскен жоқ. 5-минуттан соң, андорралықтар қауіпті шабуылмен жауап берді. Стандарт орындалып, Сервос ортаға пас жеткізді. Ал Лловера дәл алдында тұрып, 7 метр Ненад қақпасын көздей алмады (біздің бағымызға орай).  Әйтпегенде, есеп ашылуы ғажап емес еді. Шабуылдың дәмін сезінген қонақтар тағы бір соққы жасады. Бұл жолы Алаэс допты маңдайшадан биікке жіберді. Матчтың 20-минутында кипер Хосеп Гомес бірінші рет ойынға араласты. Ол Мұжықовтың соққысына лайықты тосқауыл болды, екінші деммен шабуылдауға көшкен Бейсебеков Зайнутдиновпен доп алмасып, айып алаңында қорғаушымен қақтығысып қалған. Алайда, Украинадан келген қазы бұл эпизодты назарға да ілген жоқ. Бір минуттан кейін, Исламхан сол қапталдағы қос қорғаушыны қапы қалдырып, қақпа алдына керемет пас жеткізді. Бұл жерде қорғаушылардан жылдамырақ қимылдаған Сейдахмет допты баспен торға түсірді. Оған Лопес үлгермей қалса, басқа қарсыластың теңбіл допшылары қауіпті дәл Еркоштан күтпесе керек. Осылайша, есеп ашылды.  Гол жіберіп алған қонақтар қалайда, есепті теңестіреміз деп алға ұмтылды. Олар бір шабуылдан соң, тек корнер (Андорраның бұл матчтағы жалғыз бұрыштамасы) орындауға мүмкіндік алды. Алайда, ол да андорралықтарға түк бермеді. Аздан кейін Хорди ойыннан тыс қалса да, баспен соққы жасаған, Эрич керемет сейв жасады.

Ойынның 30-минутында допқа иелік ету көрсеткіші 80%/20%-ды құраған еді. Алаң иелері өз бақыттарын шабуылдан іздеумен болды. Сондай сәттің бірінде Исламхан сол аяғымен соққы жасады, бірақ қорғаушы Лловера керек кезде керек жерден табыла кетіп, капитанның соққысын әріге жіберген жоқ. Сүйімбаевтың да тандерболты андорралықтардан өтпеді. Ал Бейсебековтың соққысы Лопестің шындап іске кірісуіне итермеледі. Қақпашының қолғабынан серпілген доп дәл қақпа бағанына тиді. Одан соң, Абзал өз қапталынан өтіп келіп, ортаға пас тастады, Тұрысбек құлап барып баспен ұрып көрген. Бауыржанға дәлдік серік болмады. Үзіліске дейін «Тобылдың» шабуылшысы Лимамен қақтығыста әртістікке салынып, төрешіні сендірердей жығылған болатын. Сергей Бойко ойланбастан стандарт орындауға мүмкіндік берді. Бауыржанның құлаған тұсынан басқа Бауыржан допты ойынға қосты. Баториктің добы Логвиненконың басын тапқан. Юрийдің соққысын кипер қайтарып тастады. Бұдан кейін қонақтар бас қазымен ұзақ сөйлесті. Себебі, олардың ойыншылары әбден Мұжықовтан зардап шеккен еді. Серікжан кейде шынтағымен қойып қалып,  кейде шалып жығып, қонақтарды әбден мазалады. Андоррада алаңнан қуылса да, «Астана» ойыншысы өз ісінен қайтпайтын секілді ме? Ойынның 39-минутында Бейсебеков оң қапталдан жақсы шабуылдың шетін шығарды. Доп Сейдахметті тапты. Еркош спорттық снарядты қақпаға өзі бағыттамай, Тұрысбекке пас берді. Бауыржан мүлт кеткен жоқ. Ол Гоместің сол бұрышын дәл көздеген, Жозеп қанша секірсе де форвардтың добын алып шығуға шамасы келмеді. Есеп 2:0!

Алаң иелері алғашқы таймды ойдағыдай өткізді. Екінші ойын бөлігі де қазақстандықтардың қарқынды шабуылымен басталды. Футболшылар «бүгінгі ойында қалайда ірі есеп орын алу керек» деп шешкендей. Сүйімбаев сол қапталдан өтіп келіп, қақпа алдына пас жеткізбек болған, әуедегі таласта доп бір футболшыдан кейін серпіліп, Сейдахметке келді. Еркош шалқалай соққы жасады. Гомес керемет сейв жасап, қазақтың жас талантына екінші рет көзге түсуіне мүмкіндік берген жоқ. Қонақ қақпашы одан кейінгі Исламханның да добын қайтарып тастады. Баторик өз стилінде Мартинесті алдап өтіп, тамаша соққы жасаған. Алайда, көп өтпей капитан қақпашының қателесуіне әкеп соқтырды. «Қайраттың» футболшысы сол қапталдан қорғаушылармен таласта жеңіске жетіп, қақпа алдына пас жеткізбек болған. Гоместің қолғабынан қайтқан доп, бағанаға соғылып келіп, Жозептің кеудесіне тиді де, қақпаға қарай домалап кетті. Кипердің өрескел қателігі. Есеп 3:0! Одан әрі ойын қыза түсті. Себебі, Андорраның шабуылшысы Алаэс екі минуттың ішінде екі сары қағаз алып, ойыннан қуылуға мәжбүр болған еді. Жорди алғашында сондай қатты ереже бұзбаса да, екіншісінде Мұжықовты орта алаңда оңдырмады. Серікжан сұлап түсіп, дәрігерлер көмекке келіп жүріп, футболшының жағдайы оңалып, ойынды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды. Бір ойыншыға кем қалған Андорраның халі шынымен мүшкіл еді. Қорғаныстан бас алмаған қонақтар, ойда-жоқта Зайнутдиновты шалып жықты. Бахтиерге ереже бұзылған жерден Тұрысбек Гомес қорғаған қақпаға тура соққы жасап көрген. Соққы Бауыржанның ойындағыдай бола қоймады. Оның үстіне Гомес те енді қателессе, командаластары оны кешірмесі анық. Стоилов Зайнутдиновтың аздап жарақаты барын ескеріп,  орнына Муртазаевты жіберді. Роман ойынға кірген 3-4 минуттың ішінде ерлік жасап, есепті 4:0-ге жеткізді. Сүйімбаев қақпа алдына пас берген, Роман қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, Гомес қайтара алмайтын, тоғыздыққа допты тоғыта салды. Төреші қосқан қосымша уақытта Исламхан корнер орындады. Ондай сәтте жұлдызы жанатын Логвиненко бар өнерін ортаға салған. Бірақ, Юрийге бұл ойында көзге түсу бұйырмағандай. Оның соққысы қиыс ұшты.  Әрине, голға құныққанымыз соншалық, «тағы соқса екен» деген ниетпен отырғанымыз рас. Десе де, барға қанағат. Андоррада болған тең есептен алған өшіміз бұл. Бұл ойындағы екі голды Андорра мен Латвияда салғанда, тіптен керемет болар ма еді деген арман да жоқ емес. Себебі, Грузия Ригада жергілікті құраманы 0:3 есебімен, тізе бүктіріп, бұл топта ешкімге жеткізбей кетті. Енді, Владимир Вайсс шәкірттер өз бақтарын С дивизионында сынап бағады. Ал біздің құрама жігіттері ендігі Ұлттар лигасының топтық кезеңін күтетін болады.

Андоррада өткен ойында да бүгінгі басымдық орын алған еді. Бірақ, сәттілік жетіспеген. Бұл кездесуде болгар маманының алғашқы минуттан шығарған футболшылары бар шеберлігін ортаға салып, алдыңғы матчта кеткен қателіктердің орнын толтырды деуге болар. Кеш болса да, қуануға мүмкіндік берді. Оның үстіне Қазақстан ресми ойындарда бес жыл бойы жеңістің дәмін сезінбеген еді. 2016 жылы қонақта Латвияны ұтып келгеніміз ғана бар. Бұл ойында Бауыржан Исламханды ерекше атап өтуге болады. Капитан жекелей қарсыластардың қорғаушыларын сан соқтырып, өткір пастар беріп, ойынға кәдімгідей қарқын қосты. Сол сияқты өз командасында «торда» отырып қалған, Сейдахмет те ресми ойындағы алғашқы голына көрімдік сұрады. Ендігі қалған қос ойында осы қарқынды жоғалтып алмаса игі дейміз. Ол ойындардың аса маңызды болмаса да, ФИФА рейтингіне керек ұпайлар қоржынға түседі.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Андорра құрамасының бас бапкері Кольдо Альварес Қазақстан футболшылары өз шәкірттерінен бір бас жоғары тұрғанын мойындады.

–  Қазақстан ойыншылары біздің футболшылардан бір бас жоғары тұр. Бізде жеке ойын эпизодтарында қателіктер көп болды. Алғашқы таймда жақсы өнер көрсетіп, қорғанысты берік ұстауға тырыстық, осынша гол жіберіп алатындай өрескел қателіктер болған жоқ. Үшінші гол соғылып, ойыншымыз алаңнан қуылған соң, жағдайымыз тым нашарлап кетті. Меніңше, үшінші голды өз қақпамызға соғып алмағанда, ойын барысын өзгертуге мүмкіндік бар еді. Ал қазір алаң иелері Андорра футболшыларынан деңгейі жоғары екеніне анық көзім жетіп отыр. Жасанды төсенішке келер болсақ, бізге үйрену соншалықты оңай болған жоқ. Жергілікті ойыншылар әбден төселген, сондықтан да олар тез ойын өрнегін жүргізіп, біздің алдымызды орап кетті. Олар өте жоғары жылдамдықты көрсетті. Бұл ойын маған екі күн бұрын болған Грузияға қарсы кездесуді еске түсіреді. Менің футболшыларымның жиі ереже бұзатыны туралы айтылып жатыр. Допсыз жүрген соң, басқа не істеуге болады? Негізі, Қазақстан мен Грузия құрамасының деңгейлері бірдей. Тек айырмашылық, олардың өткен ойындарда жинаған ұпайы ғана.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов бұл ойынның көңілінен шыққанын айтты:

– Ұлттар лигасында өткізген үш ойыннан кейінгі нәтиже ұнамаған еді. Бірақ, ол кезде де жақсы матчтар болды. Бүгін ойын да, нәтиже де көңіл қуантарлық. Алайда, кейбір сәттерде одан жақсы шешім шығаруға болар еді деп есептеймін. Меніңше, дәл осы команданы әрі қарай дамыта түсу керек. Бұған дейін өзіміз қалаған көрсеткішке қол жеткізе алмай, үнжырғамыз түскені рас. 4:0 есебінен кейін, бәрі бізде керемет деп айтуға да болмайды. Әрқашан дамып отыру керек. Келесі ойындарда осындай сапалы ойын өрнегін көрсетеміз деп үміттенемін.

Төрешілердің жұмысын талқылауды ұнатпаймын, бірақ бүгін олар көп тәртіп бұзушылыққа көз жұма қарады. Андоррадағы ойында Мұжықов екі рет тәртіп бұзып еді, қызыл қағаз алып алаңнан қуылғанын білесіздер. Бұл жайында Андорраның бас бапкерімен ғана тілдестім. Біздің топта әлі мұндай ірі есеппен ешкім жеңіске жеткен жоқ. Андорра секілді қарсылассқа гол салу оңай деп ойламаңыздар. Алайда, бүгін біздің алғашқы матчпен салыстырғанда ойынымыз жүріп, сәттілік те серік болғандай. Бүгін Андорра барынша уақытты созуға тырысты. Менің командам жылдам футбол ойнайтындықтан, уақытты құр босқа сырғыту ұнамағаны рас, бірақ 60-минутта ойында қайтадан динамика орнап, нәтижелі футбол жүре бастады. Исламханды бір ай бұрын Андоррада өткен ойында сол қапталға шығаруды жөн деп тапқанбыз. Маған қапталда өнер көрсететін техникасы жоғары, жақсы пастармен қамтамасыз ете алатын футболшы керек болды. Бұл кездесуде Исламхан нәтижелі пастармен көзге түсіп, бар шеберлігін ортаға салды. Тас қамал Андорраның қорғанысын бұзып өтуді ойладым. Ал Бауыржанның жеке шыққанда да кез келген ойыншыны алдап өте алатын техникасы бар. Бастысы, футболшылардың барлығы дін аман. Мен үшін маңыздысы қиын 3 ойыннан соң, жақсы нәтижеге қол жеткізу. Андоррамен болған алғашқы ойында он жылда бір келетін сәтсіздкке тап болдық. Дәл сол қателік бізді маңызды ұпайдан айырды. Сонымен қатар, онда өте нашар көгал болды және қарсыластардың қорғанысы сыр берген жоқ. Әрине, бүгінгі мүмкіндіктермен салыстырғандай, ол матчта жөні түзу шабуылдар ұйымдастыра алмай жаттық. Әйтеуір дегенімізге жетіп, 4:0 есебімен жеңіске жетіп отырмыз. Барлықтарыңызды осы жеңіспен құттықтаймын!

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#футбол

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер