Қазақстанда дамып келе жатқан ерекше 7 спорт

29.08.2017

Елімізде соңғы жылдары жазғы, қысқы, экзотикалық спорт түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Төменде келтірілген ойындар әлемдік деңгейде өз бағаларын алып қойғалы қашан. Бұл спорт түрлерімен жүз мыңдаған адамадар айналысып жүр, оның ішінде қазақстандықтар да бар екен.

Бейсбол

Бейсбол XIX ғасырда АҚШ-та пайда болған спорт түрі. Бұл ойын ағылшынның «раундерсінің» негізінде ойлап табылған деседі.

1995 жылы Алматыда АҚШ елшілігінің дмпломаттары мен басқа да компаниялардың қызметкерлері шағын бейсбол лигасын құрды. Бұл лигаға 8 команда мен жергілікті мектептердің 120 бастауыш сынып оқушылары кірді. Жаттығу жұмыстары Орталық стадионның қосымша алаңдарында өткізіліп, келесі жылы тіпті ойыншылар саны 240-қа жетті. Сондай-ақ, Шымкент қаласында да бейсбол қарқын ала бастады.

2004 жылы Қазақстанның ұлттық бейсбол мен софтбол федерациясы құрылды. Содан кейін-ақ, оңтүстік астанамызда шағын бейсбол лигасы жыл сайын ұйымдастырылып, командалар саны жиырмадан асып жығылды. Олар үш дивизонға бөлініп сынға түсіп, кім мықтыны анықтап жүр. Қазірде бір Алматыда бес мыңға жуық бейсболшылар бар екен. Қазақстан бейсболы әлемдік рейтингте 50 ші сатыда тұр. Өткен жылы бұл спорт түрі олимпиадалық спорттардың тізіміне кірді.

Америкалық футбол

Америкалық футбол «регби» мен «футбол» спорттарының қосындысынан пайда болған командалық ойын. АҚШ-та «soccer» атауымен танымал.

Бұл ойынның еліміздегі тарихы «Алматылық Титандар» командасынан басталады. Клубты 2004 жылы KIMEP университеттерінің студенттері құрған болатын. Көрші Қырғызтанда да осы жылы «Барыстар» командасы құрылып, екеуі бір-бірімен ұзақ жылдар бойы сынға түсіп жүрді. Жақында елордамызда, сондай-ақ ІТ университетенің базасында жаңа командалар жасақталды.

Америкалық футболдың өкілдері Қазақстанның басқа да облыстарында бұл спорт түрін дамытуды жоспарлап отыр. Олар республикалық деңгейде жарыстар ұйымдастырып, барша азаматтарды америкалық футболдың қызығына шақырады.

Спорттық пейнтбол

Спорттық пейнтбол – еңбек, көңіл-көтеру аралас ойын түрі. Пайда болғалы бері, әлемнің түкпір-түкпірінде қызығушылар саны артып, жылдам дами бастады.

2014 жылдан бері, пейнтболдың  Millenium нұсқасы бойынша Қазақстан Республикасының кубогы Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында ұйымдастырылып келеді. Қазірде басқа қалаларда да спорттық пейнтболдың федерациясы құрылып, жұмыс жасап жатыр. Қостанайлық «Шериф» командасы Ресейде өтіп тұратын Алтын дөңгелек турнирінің бірнеше рет жеңімпазы атанды. 2015 жылы Қызғалдақтар елінде чемпиондықты жеңіп алды. Сондай-ақ, Павлодарда да пейнтболдың Millenium нұсқасы негізіндегі спорттық лазертаг турнирі қалалық деңгейде ұйымдастырылып жүр.

Слэклайн

Слэклайн 1980 жылы Йосемити (Калифорния) аңғарында Адам Гроссовский мен Джеф Эллингтон екі жақтан тартылған арқан бойымен жүріп бастағанда пайда болды. Одан кейін-ақ, бұл спорт акробаттар мен жастардың арасында қарқын ала бастады.

Слэклайн адам тепе-теңдігі мен координациясын сақтауға лайықталған. Қазақстанда 2010 жылдан бері дамып, спорттық мерекелерде жыл сайын өткізіліп келеді. Оған кәсіби спортшылар мен қатар, әйесқойлар да, енді айналысуды бастап жатқан жастар да қатысып жүр.

Керлинг

Керлинг

Керлингтің тарихы XVI ғасырдан басталады. Шотландия жерінде пайда болған спорт түрі бертін келе үшке бөлінді. Оның неміс, швед және шотландиялық түрлері бар.

Қазақстанның керлинг құрамасы 2004 жылы алғаш халықаралық аренаға шығып, алғашқы кездесуін өткізген еді. Бірақ, ол кезде мұз айдынына енді ғана керлинг әліппесін ашқан спортшылар шығып, жеңілістен көз ашпады.

Ал осы жылы Алматыда өткен универсиадаға еліміздің ерлер мен қыздар құрамасы қатысып, жақсы нәтиже көрсете алмады. Дегенмен, соңғы жылдары осы спорт түрімен айналысатын қазақстандықтар саны күрт көбейіп, 800 адамға жеткен.

Виндсерфинг

Виндсерфинг – желкен қайықты спорт түрі. Спортшы су бетіндегі арнайы тақтайшаға орнатылған желкенді басқара отырып, толқындармен бетпе-бет келіп, түрлі әдістер жасап, шын шеберліктерін көрсетуі керек. Виндсерфинг олимпиадаға енген ойын болып саналады. Қазақстанда пайда болғанына он жылдан асып кетті. Виндсерфи-станциялары қазірде Қапшағай суқоймасы, Балқаш көлі мен Каспий теңізінде бар. Қазіргі кезде бұл спорт қызықты су спорты ғана емес, белсенді демалатындар мен қызық қуғандардың көңіл көтеретін ойынына айналып кетті.

Спорттық покер

Покер – карта ойыны. Ол Қазақстанға 90 жылдардың бас езінде келген болатын. Ал 2009 жылы Спорттық покердің ойыншылары мен әуесқойларының республикалық федерациясы құрылып, Дүниежүзілік покер федерациясына тіркелді. Сол жылы елімізде алғаш рет покер клубы ашылды. Қазақстандық «Лас-Вегаста» жыл сайын бірнеше ірі турнирлер ұйымдастырылып, онда екі жүзден аса «покершылар» бақтарын сынайды. Олар еліміздің атынан халықаралық ірі жарыстарға қатысып, әлемді аралап жүр.

Мақала авторы - Сандуғаш Мамышқызы Фотографии: Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз