Қарымта кездесудегі сенімді жеңіс

«Астана» чемпиондар лигасының алғашқы кезеңін артқа тастады

«Сутьеска» (Никшич, Черногория) – «Астана» – 0:2 (0:1)

Гол салғандар: Деспотович, 38, Мұжықов, 66.

«Сутьеска»: Гильен, Мил.Вучич, Чичмил, Недич, Булатович, Лончар, Стефанович (Бубаня, 61), Мар.Вучич (Денкович, 54), Четкович, Мердович, Кордич (Грбович, 71).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Маевский, Кляйнхайслер (Алмейда, 81), Томасов, Мұжықов, Муртазаев (Зайнутдинов, 85), Деспотович (Щеткин, 79).

Қос команданың бас бапкерлері Никола Ракоевич пен Роман Григорчук бір жеті бұрын шыққан негізгі құрамның аяқдопшылар алаңға жіберуді жөн санапты. Ойын өрнегіне де айтарлықтай өзгеріс енгізілмеген. Алғашқы 15 минуттықта допқа иелік ету көрсеткіші 80 %-да 20 %-ды құрады. Әрине, «астаналықтардың» пайдасына. Осындай басымдыққа ие бола тұра, қонақтар қақпа маңына жақындай алмады. Тек Томасовтың Деспотовичке шығарған күштірек пасы ғана көзге ілінді.  «Сутьескидің» қарымта шабуылы голға айналуға шақ қалған. Мердович айып алаңда доп қабылдап, дұрыс соққы жасап та үлгермеді, пас та шығарып бере алмады. Маевскийдің аяғынан кейін серпілген теңбіл допты Милош Вучич баспен ұрып, Эричтің іске араласуын міндеттеді. Ненад қауіптің бетін қайтарған соң, допты қорғаушы Постниковке қалдырған. Ол қателесіп, дәл Лончардың аяғына пас берді. Черногорлік жартылай қорғаушының бағыттаған соққысы қиыстау кетті. Одан кейінгі кезек «Астана» ойыншыларына келді. Ласло Маевскийдің соққысынан кейін серпілген допты, қайта ұрған. Гильен өз орнын жақсы таңдай біліпті. 3-4 минут өте Кляйнхайслер кипердің шеберлігін тағы бір сынап көрді.

Алғашқы таймның басым бөлігінде доп елордалықтардың аяғында болды. Ал черногориялықтар қарымта шабуылға иек артқан. Олар «Астана Аренада» өткен матчқа қарағанда, біршама белсендірек ойнады. Сондай сәттің бірінде Милош Вучичтің Кордичке тереңірек берген пасы соңғысына жете қоймады. Ал оған жауап болған Томасовтың жойқын соққысы Булатовичтен қайтты.  Қорғаушы жолын жауып үлгермегенде, Гильен үшін аса ауыр соққы болары анық еді. Содан соң, аса қауіпті сәт орын алды: Деспотович қарсыласпен таласа жүріп, Ласломен пас алмасып, ойын снарядын Томасовқа жеткізген. Қақпашының қателігін өз пайдасына шешіп, допты торға тастай салған Мариннің голын қапталдағы төреші бұзды. Офсайд! Бірнеше минуттан соң, Маевскийден доп алған Томасов орта дистанциядан тепкен, доп қарсыластың ойыншысынан кейін, бұрыштамаға кетті. Корнерден Гильеннің жолы болып, қауіптің бетін кері қайтарды. «Сутьеска» бұған Мердовичтің алыстан дәлдік жетіспеген соққысымен жауап қайтарды. Сосын Деспотович оң қапталдан қарсылас ойыншыларының арасынан өтіп келіп, дәл қақпа бағанын көздеді. Егер шабуылшыға дәлдік жетіскенде кипердің оны қайтаруға анық шамасы келмес еді.

Алаң иелері де стадионға жиылған жанкүйерлерін жерге қаратпауды ойлап, шабуылға шығып, өз бақтарын сынап көрді. Марко Вучич сол қапталдан Лончарға пас жеткізді. Ал оның жолына тағы да Аничич бөгет болып, Эричтің жұмысын жеңілдетіп берген. Гильен араға бірер минут салып Роман Муртазаевтың орта дистанциядан бағыттаған соққысына тосқауыл болды. Бірақ, Деспотовичтің техникалық шеберлікпен орындаған соққысын қайтаруға мүмкіндігі жетпеді. Шабуыл былай басталған. Мұжықов Рукавинамен пас алмасып (пас болғанда қандай, серб өкшесімен Серікжанды доппен жарылқады), алғашқысы айып алаңдағы Джорджені байқады. Ал астаналық шабуылшы Владанға ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Есеп ашылған соң, оны еселейтін Томасовта жақсы сәт болған. Бірақ, ол алдынан шыққан Гильеннен допты асырам деп, маңдайшадан биікке жіберді. Осымен ойыншылар 45-минутты аяқтап, үзіліске аттанды. Ал екінші тайм бастала сала, «Астана» алаң иелерін қарымта шабуылда «ұстап» алып, жазалауға аз қалған. Мұжықов сол қапталдан Муртазаевты алға қарай жіберді. Оның тепкен добын кипердің қолғабынан табылды.

Бүгінгі ойын өрнегі черногориялық команданың бас жаттықтырушысы Никола Ракоевичке ұнамаса керек. Ол тыңнан Денковичті алаңға жіберді. «Сутьеска» ойынында аздап өзгеріс орын алғандай. Мердович оң қапталға өтіп, екі шабуылшы Эричті мазалауға кірісу керек болатын. Сол сияқты ойынды жандандырады деп, жас Бубаня кірді. Дегенмен, қанша тырысса да, қазақстандық команданың ойыншылары олардың қарымта шабуылын жауып, қауіптірек ойынауына еш мүмкіндік бермей жатты. Екінші таймның орта белінде Серікжанның есепті 2:0-ге жеткізуге мүмкіндігі болған. Командаласы Марин жіберген қателіктен Мұжықов сабақ алмағандай (ол да қақпашының төбесінен допты тастай салам деп, маңдайшадан асырып жіберді). Бірақ, ойынның 66-минутында ол өз қателігін жуып-шайды. Деспотовичтың соққысы Гильеннен кері қайтып, біздің жартылай қорғаушыны тапты. 7-нөмірлі футболшы бұл жолы мүлт кетпеді. Таблодағы көрсеткіш 2:0-ні көрсетті.

«Сутьеска» қос голдан соң, есепті қысқарту үшін барын салды. Сондай сәттің бірінде Денкович Четковичтің керемет пасын пайдаланып, соққы жұмсады. Біздің қуанышымызға орай, бағанадан аздап қиыс кетті. Істің насырға шауып бара жатқанына алаңдаған бапкер Ракоевич алаңға тыңнан Грбовичті жіберді. Бірақ, хавбекге Эричтің қақпасын алу бақыты бұйырмапты. Қақпашы Гильен ойын аяқталғанша, астаналықтардың бірнеше соққысына тойтарыс беруіне тура келді. Алғашында Кляйнхайслердің соққысын тосса, одан соң, осы кездесуді белсенді өткізген Шомко мен Деспотовичтің тепкен доптарын қаршып алды. Ал ойын аяқталуына 10 минут қалғанда «Астана» сапында тыңнан бразил-әзербайжандық Ришард Алмейда қосылды. Ол өз кезегінде бірлі-екілі шабуыл ұймыдастыруға тырысып, гол салудың сәтін таба алмады.

«Сутьеска» ойын соңына дейін астаналықтар қақпасының кілтін табуға амал іздеді. Кездесу соңына дейін өз командасын қолдап-қолпаштаған жанкүйерлер алдында олардың оңай жеңіле салуға хақы жоқ еді. «Астана» әр таймда бір-бірден гол соғып, келесі кезеңге өту үшін барлығын жасап қойды. Бұл ойында Эричтің де қырағылығына ерекше қошемет көрсетуге болады. Алғашқы соғылған гол қазақстандық жанкүйерлердің жүрегін орнына түсіргені анық. Никшичте өткен матчта Роман Григорчук шәкірттері бар күшін салып ойнамағаны көрініп тұрды. Ендігі олар Дания елінің чемпионы «Мидтьюлландқа» қарсы еркінсуге болмайтынын жақсы біледі. Бұл жылы «астаналықтар» чемпиондар лигасында қай жерге дейін жетер екен? Алға, Астана!

#астана фк #чемпиондар лигасы

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер