Хоккейдегі сәтсіздік

Қазақстан элиталы топқа шыға алмай қалды

Словения сан соқтырды

Әлем чемпионаты-2018 кезекті ойын күнінде Қазақстан құрамасы Словениядан ұтылып қалды.

Қазақстан атынан мына ойыншылар өнер көрсетті: Карлссон – Дэллмэн-Семенов, Страченко-Кучин-Рымерев; Лакиза-Метальников, Михайлис-Гренц-Евдокимов; Орехов-Полохов, Меркелов-Сагадеев-Акользин; Ибрайбеков, Петухов-Гурков-Әсетов, Волков.

Қос құрамада бұл кездесуге жеңіс үшін шыққандары көрініп тұрды. Бірақ, құраманың сылбыр ойыны, словендіктердің алғаш болып есеп ашуына алып келді. Миха Верлич лақтырған шайбаның жолын Карлссон жаба алмай, қарсыластардың алға шығуына жол беріп қойды. Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері алға ұмтылып, қақпа алдындағы тартыста Петухов гол салып, ойын көркін қыздыра түсті. 4 минуттан соң, Метальниковтің пасынан соң, жас хоккейші Гренц жігіттерімізді алға шығарған. Ойынның бірінші бөлігіндегі тартыс одан әрі жалғасып, Словения құрамасының хоккейшілері есепті теңестіре алды. Кезекті шайбаны лақтырған – Урбас. Екінші кезеңде біздің хоккейшілер қателіктерге бой алдырып, ереже бұзумен есте қалды. Ал кем ойыншымен словендіктердің қарқынды шабуылына төтеп бере алмадық. Ойынның 27 минутында Верличтің қанжығасы екінші рет майланып, словендіктерді алға шығарды, одан кейін қарағандылық «Сарыарқаның» экс-қорғаушысы Сабахудин Ковачевич тіпті жағдайымызды қиындатып, қақпамызға 4-шайбаны салып кетті. Десек те, арада көп өтпей, Әлихан Әсетов осы чемпионаттағы екінші шайбасына көрімдік сұрады. Қақпашыдан айласын асырған жас шабуылшымыз ойынды одан әрі шиеленістіре түсті. 3-кезеңде отандастарымыз матчты өз пайдамызға шешу үшін барын салар деп үміттенген едік. Бірақ, сылбыр қимылдап, бірін-бірі түсінісе алмай жүрген хоккейшілеріміз нәтижелі ойын көрсете алмады. Есесіне тағы бір шайбаны жіберіп алып, Верличтің хет-тригіне куә болдық. «Швед қамалы» қаншама соққылардың бетін қайтарғанымен, ойын тағдырын өзгертуге шамасы келмеді. Оған қорғаныстағы қателіктерді қоссақ, словендердің бүгінгі жетістігі әділетті болды. Бұл жеңіліс Қазақстанның турнир кестесіндегі жағдайын шиеленістіріп жіберді. Польшамен өтетін соңғы ойында көп нәрсе шешілмек.

Қазақстан – Словения 3:5 (2:2, 1:2, 0:1)

Шайбаны салғандар:

0:1 – 05:17 Верлич (Убрас, Голичич). Тең ойында
1:1 – 06:37 Петухов (Асетов). Тең ойында
2:1 – 10:48 Гренц (Метальников). Тең ойында
2:2 – 16:47 Урбас (Верлич, Голичич). Тең ойында
2:3 – 27:28 Верлич (Маговац, Саболич). +1
2:4 – 37:50 Ковачевич (Ограеншек). +1
3:4 – 38:04 Әсетов (Петухов, Полохов). Тең ойында
3:5 – 53:56 Верлич. Тең ойында

Ғалым Мәмбеталив ойын туралы өз пікірін білдірді:

– Словения бұл турнирді сәтсіз бастады, барлық ойындарын көріп, ой қорыттық. Бүгінгі кездесуде олар қарымта шабуылда өте сәтті ойнады. Соның кесірінен бірнеше шайба жіберіп алдық. Қорғаныста қателіктер көп болды. 2:1 есебімен алға шығып тұрып, қарымта шабуылды жіберіп алдық. Хоккейшілер олардың өте жылдам ойынына үлгере алмай жатты. Әрине, жігіттерге көп ескерту айттым, бірақ, ол ескертулер жетпеген секілді. Жастарды көп ойынға араластыруға тырыстық. Олар ойынды өз пайдамызға бұру үшін барын салды, бірақ, кей жерлерде шынымен шеберлік жетіспей жатты. Сол сияқты таблода 3:4 кезде де теңестіруге тамаша мүмкіндік болды. Шайба қақпа бағанынан қайтты. Мүмкін, сәттілік серік болмады. Бүгін бірінші төрттіктің еш ойыны жүрмеді, олардың ашылып ойнауына да қарсыластар мүмкіндік бермеді. Словендердің тас-түйін дайын болғандары көрініп тұр. Келесі кездесуде барымызды салып, турнир кестесіндегі жағдайымызды түзетуге тырысамыз. Польша да өз кезегінде өте тәжірибелі құрама.

Польшадан басым түстік, бірақ...

Алғашқы минуттан поляктар қарқынды бастаған. Бес минут бойы Карлссон қорғаған қақпана нысанаға алған Тед Нолан хоккейшілері шабуылға нүкте қоя алмай, әбігер болды. Әлихан Әсетов қос қорғаушының арасынан есеп ашуға ұмтылған. Бірақ қарсыластың кесе-көлденең қойылған ойын таяғынан жығылып қалды. Төреші бірден буллит белгіледі. Өкінішке қарай, мұндай тамаша сыйды Әсетовтың өзі орындай алмады. Бірақ, дереу ес жиған Мәмбеталиев ойыншылары алға ұмтылып, Рымеревтен пас алған Старченко есеп ашты. Араға бірер минут салып, Орехов ортадан қарсыластың ойыншысынан шайбаны тартып алып, Акользинге керемет пас қалдырды. Ол өз кезегінде мүлт кетпей, есепті еселей түсті.

Екінші кезеңді де қос команда да керемет қарқынмен бастаған болатын. Тартыстың ойын кезінде поляк хоккейшісі ереже бұзып, Қазақстанға сан басымдығын әперген. Бұл сәтте біздің жігіттер аянып қалмай, Старченконың көмегімен 3-ші шайбаны соғып кеттік. Ізін ала, Рымеревтің есепті еселеуге мүмкіндігі бар еді. Оның соққысынан кейін шайба қақапа бағанынан қайтты. Біздің қақпа алдында Полохов жоқ жерден қателікке бой алдырып, Запаланың есепті қысқартуына жол беріп қойды. Ойынның осы бөлігінде қазақстандықтар жиі ереже бұзумен көзге түсті. Бірақ, қарсыластарымыз сан басымдылығын жүзеге асыра алмай, кезекті рет көзге түсе алмады. Екінші кезеңнің нүктесін Роман Старченко қойды.

Үшінші кезеңде поляктар жиі қақпамызға қауіп төндірді. Карлссон қайта-қайта ойынға араласып, бұл ойында поляктардың екінші рет шайба соғуына жол бермеді. Есесіне, Старченконың покеріне куә болдық. Ал бүгінгі ойындағы соңғы шайбаны Кучин өз еншісіне жазды.

Сонымен, таблодағы есеп 6:1.

Казахстан – Польша 6:1 (2:0, 2:1, 2:0)

Шайба салғандар:
1:0 — 12:20 Старченко (Рымарев, Кучин). Тең ойында
2:0 — 13:34 Акользин (Орехов). Тең ойында
3:0 — 24:34 Старченко (Семенов, Даллмэн). +1
3:1 — 27:19 Запала (Лышчарчик). Тең ойында
4:1 — 39:13 Старченко (Даллмэн, Семенов). +1
5:1 — 46:03 Кучин (Старченко, Рымарев). Тең ойында
6:1 — 59:08 Старченко (Рымарев, Семенов). +1

Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалым Мәмбеталиев соңғы кездесу туралы ойымен бөлісті:

– Ойынның алғашқы минуттары өте шиеленісті болды. Бірінші қауіпті соққыны қарсыластарымыз жасап, Хенриктің ойынға араласуына тура келді. Есепті алғаш боп ашқанымыз бізге қол болғандай. Таблодағы көрсеткіш 2:0 болғанда аздап тынышталып, кездесуді қолымызға алдық. А дивизионынан шығып қалмас үшін Польшада мотивация мықты болғаны байқалып тұрды. Біздің де жоғары өрлеп немесе төмен қарай құлдилауымыз әбден мүмкін еді. Бүгінгі ойында үшінші төрттік барын салғанын көрдіңіздер. Жалпы, барлық ойыншыларға алғыс білдіремін, соңғы ойынды нәтижелі өткіздік.

Бірақ, бұл жеңіс Қазақстанды элиталы топқа шығара алмай, үшінші орында қалдырды. Алғашқы қос орын Ұлыбритания мен Италияның еншісінде кетті. Қазақстан осылайша қатарынан екі жыл бойы А дивизионынан жоғары көтеріле алар емес.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер