Головкин – Альварес. Әлемдік пікірлер.

18.05.2017

Жерлесіміз кәсіпқой боксшы Головкин мен мексикалық 26 жастағы Альварес арасындағы кездесу үстіміздегі жылдың 16 қыркүйегіне белгіленгелі, екі боксшы арасындағы «шаршы алаңдағы шытырманға» пікірін білдіріп, кім жеңетінін болжаушылар көбейіп кетті. Солардың біразын сараптап, назарларыңызға ұсынамыз.

Орта салмақтағы WBO бойынша әлем чемпионы британдық Билли Жо Сондерс:

Олардың арасында жақын қашықтықтағы «соғыс» болатынына сенімдімін. Алғашында Головкин жеңеді деп санағам, бірақ «Канелоның» да өзінің айла-тәсілі барын ұмытпайық. Осы арқылы Головкиннің жасы келгенін-келмегінін анық аңғаратын боламыз.

Бернард Хопкинстің көп жылдан бергі бапкері Назим Ричардсон:

Мен алғашында «Канелоға» сенбеген едім. Қазір, ол менің толықтай көңілімнен шығып жүр. Ол әр өткізген кездесулері сайын дамып, жетіліп отырды. Саульдің джебі өте күшті, меніңше, GGG-ді жеңуі керек. Головкиннен қорқып тұрған «Канелоні» көріп тұрғаным жоқ.

Риода өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері американдық Шакур Стивенсон Dontae’s Boxing Nation-ға берген сұхбатында былай дейді:

«Канелоның» жакүйерімін, оның күшіне толықтай сенем. Ол нағыз - жыртқыш. Генадий Головкинді тоқтатуы керек.

Тимоти Брэдли, Абнер Марес және Руслан Проводников секілді боксшылармен жұмыс жасаған мексика-америкалық жаттықтырушы Хоэль Диас:

«Канело» Головкинмен болатын бұл сынды әдейі кешіктірді дей алмаймын. Бұл – бизнес, стратегия. Альварес қазір өзінің жұлдызды шағында, нағыз бабында. Оның әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері толып жатыр, әрбір бокс кешіне адамдар лег-легімен келеді. «Конело» сонда да Головкинмен қыркүйекте емес, келер жылы кездескені дұрысырақ еді. GGG-дің соққылары ауыр, «Канелоға» оңай тимейтін болды.

Бұрыңғы мексикандық боксшы Исраэль Васкес AleetBoxing-ға әлемде қай боксшылардың мықты екенін айтты.

Әлемдегі мықты боксшылар сапында Андре Уорд, Сергей Ковалев, Сауль Альварес, Геннадий Головкиндер бар. «Канело» – өте мықты боксшы. Ол GGG-ді жеңсе, әлемдегі теңдессіз боксшыға айналмақ.

Үш салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы Феликс Тринидадтың әкесі үлкен-Феликс Тринидад:

Мен әрдайым Головкиннің жағында боламын. Ол «Канелоға» қарағанда әбден жетілген боксшы. Бокстаса біледі, техникалық жағы да мықтырақ. Альварес Чавеспен болған кездесуде өзінің орта салмақта күшті екенін көрсетті, бірақ ол Головкин секілді соққылар жұмсай алмайды. «Канело» ол бокс кешінде өзінің орта салмақта қалай бокстасуға болатынын білді, көрді, бірақ Головкин мен Чавестің арасы жер мен көктей.

Los Angeles Times-дің журналисі Лэнс Пагмир:

Головкин Джейкобспен болған соңғы кездесуінде біраз осалдық танытты, енді оны жас, әрі мықты Альварес күтіп тұр. Альварес, әлбетте, қорғаныстан бастап, комбинациялық соққылармен аяқтайды. Сауль Генадийден джеб бойынша әлсіздеу шығар, бірақ, апперкот бойынша басым екені анық. Сондай-ақ, бұл шайқасқа төрешілер мен Альварестің өзіне сенімділігі көбірек әсер етуі мүмкін. Менің ойымша, Альварес Головкинді 11 раундта нокаутпен жеңеді.

Дэниэл Джейкобс пен Автандил Хурцидзенің бапкерлері Андре Розье Behind The Gloves-қа берген пікірі:

Көбі GGG Джейкобсты әрең жеңсе, Альварес Чавесті оп-оңай ұтып кетті деп жатады. Өз кезегінде Чавес пен Дэнни екі түрлі деңгейдегі боксшылар. Дэнни үлкенірек, жылдам, орта салмақтағы ұрысуға қабілетті спортшы. Ал Альварес шаршы алаңдағы керілген арқанға көбірек жататын боксшы. Головкинге бұл айла-тәсілі жүрмейтінін анық айтуға болады. Арқанға арқа сүйеген сәтте Головкин оны «өлтіреді». GGG соңғы раундтардың бірінде жеңуге тиіс.

Британдық проумоутер Эдди Хирн:

«Канелоны» Головкиннен мықты деп есептемеймін. GGG-ді орта салмақта жеңетіндер жоқтың қасы. Ал Альварес сөз жоқ – фантастикалық боксшы. Оның Смитпен болған шайқасын көргенім бар. Смит жайында жағымсыз пікірлер болса да, ол элиталық деңгейдегі жақсы боксшы. Бұл кездесу бұрыңғыдан өзгерек болады. Головкин – нағыз жыртқыш.

Екі салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы Маркос Майдана Головкин мен Альварес ақыры шаршы алаңда қолғап түйістіретініне қуанышты.

«Қазір жақсы кездесулер өте аз. Керемет боксшылар болғанымен, олардың арасында нағыз бокс кештері жиі бола бермейді. Бұл екеуінен осындай үлкен «шоу» күтемін. Головкин бокстаспайды, ол берілмей ұрыс салады. Альварес те дәл сондай. Қайсысы жеңсе, сол әлемнің үздік боксшысы болмақ».

Головкиннің жеке бапкері Абель Санчес:

Екеуі үшін де кездесу ауыр өтеді. GGG өте мықты. Соңғы кездесуде Альварестің стилі «шаршаңқы» секілді көрінді. Бұл түн ұзақ болады. Энтони Джошуа мен Владимир Кличколардың арасындағы боксты халық көп күткен секілді болса деймін. Мүмкін тағы да кездесу немесе трилогия... Боксқа Моралес  Баррера, Маркес  Пакьяо және Маркес  Васкес секілді кездесулер керек-ақ.

Мақала авторы - Мөлдір Қайнар Дереккөз Кей мәліметтер sports.kz сайтынан алынды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз