Еуропа лигасы: +2, -1

«Қайрат» пен «Тобыл» келесі кезеңге өтті

Қазақстан клубтары Еуропа лигасының алғашқы кезеңіндегі қарымта матчтарын өткізді. Алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» келесі кезеңге жолдама алса, павлодарлық «Ертіс» өз алаңында ұтылып қалды.

Эппельдің покері

«Қайрат» (Алматы) – «Энгордань» (Андорра) – 7:1 (4:0)

Гол салғандар: 1:0 Эппель, 4, 2:0 Эппель, 11, 3:0 Эсеола, 42, 4:0 Эппель, 44, 5:0 Исламхан, 52, 5:1 Лафонт, 72, 6:1 Эппель, 75, 7:1 Вороговский, 87.

Алматылықтар алда екі шабуылшымен өнер көрсетті. Андоррадан келген қонақтар жергілікті командадан мұндай жаңалықты күтпесе керек. Сол үшін де, 11-минутта таблода 2:0 есебі жарқырап тұрды. Бұл ойындағы алғашқы голды Эппель Коканың қателігінен кейін соғып кетті. Қақпашы Парагульговтың соққысын тура форвардтың алдына қарай қайтарған. Эппель мұндай сәтті қалай мүлт жіберсін? Алғашқы таймның соңына дейін Исламхан, Эсеола, Қуат пен Хуан Фелипеде есепті еселей түсетін мүмкіндіктер болып жатты. «Қайрат» сапындағы украиналық форвард қонақ киперді қарымта шабуылда керемет «ұстаса», ойынның аяқталуына бір минут қалғанда Эппель хет-триктің авторы атанды.   

Екінші таймда Карлос Феррер Эсеоланың орнына жас талант Швыревті жіберді. Бірақ, одан жаттықтырушы күткендей керемет пайда бола қойған жоқ. Кезекті голдың авторы болған Исламхан қарсыластарын тамаша алдап өтіп, спорттық снарядты қақпашыдан асыра салды. Бұл ойындағы әдемі голдың бірі осы Бауыржанның еншісінде кеткеніне күмән жоқ. Сол сияқты Алматыда «Энгордани» ойыншылары да құр алақан қайтпай, гол соғып, сүйінші сұрады. Батоның қателігін пайдаланған Лафонт Плотников қақпасына жойқын соққы жұмсаған, Владимир қайтара алмады. Бірақ, бұл кездесудегі соңғы қызықты сәт емес еді. Тағы сол венгрлік легионер Эппель ойынның 75-минутында покеріне көрімдік сұраса, кездесудің нүктесін Вороговский қойды. 7:1 – «Қайрат» үшін Еуропа лигасындағы алғашқы ірі жеңісі. Ендігі алматылық команда голландиялық «АЗ Алкмаарға» қарсы ойнайтын болады.

«Қайраттың» ізін жалғаушы

«Тобыл» (Қостанай) – «Самтредиа» (Грузия) – 2:0 (1:0)

Гол салғандар: Тұрысбек, 12, Дарабаев, 83.

Ойын өте қарқынды басталды. 2-минутта-ақ Нұрғалиев Тұрысбектің жолына пас қалдырған. Біздің шабуылшыны қонақтардың қос қорғаушысы әупірімдеп жүріп, жауып үлгерді. Содан кейін «Самтредиа» екі рет орта дистанциядан соққы жасаған. Бірақ, аса қауіпті емес. Тағы да Нұрғалиев корнерден Фединнің басына доп жеткізді. Максимнің соққысын Погорелый қақпадан алып шығып, шеберлігін көрсетті. Ойынның 12-минутында Квеквескири Зиданның финтіне салып бір уақытта Энделедзе мен Мамасахлисиден айналып өтіп, айып алаңға пас берді. Ал мұнда қорғаушылар аңдамай қалған Тұрысбек допты ыңғайын келтіріп алып, көрер көзді сүйіндіретін керемет гол салды.

Осыдан соң, Грузиядан келген ойыншылар алғашқы қауіпті шабуылына шықты. Энделедзенің орта дистанциядан бағыттаған добын Непогодов өткізе қоймады. Сол сияқты Погорлый да тамаша сейвімен көзге түсті. Бұл жолы ол Тұрысбектің дубль атануына жол бермеген. Бірінші таймдағы «Тобыл» ойыншыларының қарқыны бір сәтте төмендей қоймады. Қос грузиндік легионерлер Квеквескири мен Джабаның соққылары голға айналмаса, жақсы бір мүмкіндікті Мирошниченко жіберіп алды. «Самтредиа» футболшылары қостанайлық қорғаушыны шабуылға араласады деп ойламаса керек, оны аңдаусыз қалдырған еді. Бірақ, Погорелый Дмитрийдің көзге түсуіне бөгет бола білді.  

Екінші тайм грузиндік ойыншылардың белсенділігімен басталды. Мамасахлиси екі рет соққы жасаған, бірақ аяқдопшыға дәлдік жетіспеді. Содан соң, Липартиямен пас алмасқан Гуйдің жолы болмады. Оның жолын Дмитриенко сәтті жаба білді. Жарты сағаттықтан соң, «Тобыл» ойынды қолына алды. Федин Фатичті жасыл алаңда сырғанатып, корнер тебуге мүмкіндік жасап берген. Бұрыштамадан келген допты Таңат та, Азат та қақпаға бағыттай алмаса, Кассайдың соққысын Погорелый қаршып алып, қауіп бұлтын сейілтті. Осы уақытта «Тобылдың» бас бапкері алаңға тыңнан Дарабаев мен Жарынбетовты қосты. Оның бұл шешімі дұрыс болғандай. Себебі, ойын нүктесін Аслан қойды. Гурулиді алдап өткен Нөсербаев Дарабаевқа пас берген, ал Аслан алыстан тамаша соққы жұмсап, киперді шарасыз қалдырды. Жеңіс, әрі Еуропа лигасының келесі кезеңі. Владимир Никитенко шәкірттері алдағы ойынын 26-шілде күні өз алаңында армениялық «Пинюкке» қарсы өткізеді.

Соғылмаған пенальтидің зардабы

«Ертіс» (Павлодар) – «Тракай» (Литва) – 0:1 (0:1)

Гол салған: Чижас, 19.

«Ертіс» қарымта ойынды өз алаңында өткізіп жатқандықтан, қарқынды бастады. Алғашқы минуттардан Шведкаускастың қақпасына допты қарша боратты. Фонсекадан пас алған Гомес киперден айласын асыра алмаса, одан кейін Калининнің соққысы ойындағыдай шыға қойған жоқ. Ал 19-минутта «Ертіс» қорғанысы сыр беріп, соның зардабын тартқандай. 4-5 ойыншымен алға ұмтылған «тракайлықтар» орталық қорғанысты бұзып жарып, Чижастың көзге түсуіне жол ашып берді. Калмыков оң қапталға бағытталған допты қанша тырысса да, қайтара алмады. 0:1 есебі павлодарлықтардың алаңдауына сеп болды. Олар енді көз жұма алға ұмтылып, ең болмағанда тайм соңына дейін есепті теңестіру үшін барын салды. Шестаков пен Попадюк кезек-кезек қақпаға соққы жасады. Бірақ, сәтсіз. Бұдан кейін қонақтар қарымта шабуылға шығып, мәселенің бәрін шешіп тастауға шақ қалған. Чижас пен Казлаускас доп алмасып, соңғысы алдынан шыққан Есімовті айналып өтіп, допты ұрғанымен қиыс кетті. Әйтпесе, Калмыковтың шын толқуына тура келер еді. Оған жауап ретінде Калинин алға ұмтылғанымен, соққысы тағы да қақпа бағанасынан әлдеқайда алыс ұшты. Екінші ойын бөлігінде алаң иелері есепке өзгеріс енгізу үшін тырысып бақты. Бірақ, олардың шабуылына нүкте қоятын аяқдопшы болмағандай. Стандарттан Килицын Гомеске пас берген, испандық футболшының добы діттеген жерге жетпеді. Шабуылға әуестеніп кеткен «ертістіктер» қонақтардың қарымта шабуылынан зардап шеге жаздады. Жас теңбілдопшы Маразастың 3/2 шабуылын тұншықтырғаны ғана алаң иелерін аман алып қалды.

Ойынның басталғанына бір сағат өткен соң, Ойрат Сәдуов командасына аздап өзгеріс енгізу үшін Фонсеканың орнына Смаиловты жіберді. Карлос бұл кездесуде пайдалы болмаса да, оның орнын жас Арман баса қойған жоқ. Португалдық футболшы кеткен соң, Фуад Салами бар шеберлігін ортаға салды. Попадюктің де сылбыр ойыны, нигериялықтың жалғыз алға ұмтылуына түрткі болғандай. Ендігі, литвалықтар нағыз «автобус» ойынына көшті. Кибо Викунья қорғаушылар шебін жаңартып, осы есепті ұстап қалу үшін барын салатынын анық байқатқандай.

Ара-тұра ғана шабуылға араласқан қонақтардың кем дегенде 7-8 ойыншысы өз айып алаңдарынан алысқа ұзамай жүрді. Ал павлодарлықтар болса, олардың тас қамал қорғанысын бұза алмай әбігерге түсті. Калининнің дәл жетпеген пастары, Стаменковичтің блокқа түскен соққылары, Саламидің сәтсіз қимылдары бүгінгі ойында керекулықтардың анық жеңілетініне куәлік еткендей. Бұл ойында 1:1 есебі тірлкелсе, әділ баға болар ма еді? Бірақ, «Тракайдың» мықты қорғанысы, «Ертістің» шабуылдағы сәтсіз ойын өрнегі, біз күткен нәтижеге жеткізбей кетті.  Әрине, павлодарлық команданың биылғы маусымда жүйелі ойын көрсете алмауы, ақыры Еуропа лигасынан ертерек шығуына сеп болған сыңайлы. Төреші ысқырығы естілгенде, «Тракай» командасы және жаттықтырушылар құрамы кубокты ұтып алғандай шат-шадыман болды. Олардың қай жерге дейін шабатыны әзірге беймәлім. Ал «Ертіс» үшін биылғы Еуропа жорығы осымен тәмам!

 

#футбол #еуропа лигасы

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер