Айсұлтан Жақыпов
Атбегілер ауылы
Атбегілік атадан берілетін қасиет...
«Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған, Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар» деп ақын Қадыр Мырза Әлі бекер жырламаса керек-ті. Өзімізді «Жылқы мінездес халықпыз» деп әспеттеп жататынымыз және бар. Өмір сүру салты мыңдаған жылдар бойы аттың жалы, түйенің қомында қалыптасқан халық үшін бұлай болуы заңды да. Желідегі құлынға «Менікілеп» таласып, бие ұрғашы құлын туса көңілі түсіп қалатын балалар да осы біздің халықта ғана бар шығар.
Ауылдың қым-қуыт тірлігіне рең беретін, ара-тұра бір серпілтіп тұратын дүниелер болады. Соның бірі ат спортындағы түрлі деңгейдегі ат жарыстар. Яғни, аламан бәйге, құнан жарыс, тай жарыс, тоқ бәйге деген секілді дүниелер. «Елу жылда ел жаңа» демекші, заманның дамуы, селекцияның қол жетімді бола түсуі, басқа тұқымды жылқыларды елімізге әкеліп, өз климатымызға бейімдеу секілді дүниелер ауыл тірлігіне етене енгеннен бері бұл бәйгелердің де қашықтықтары өзгерді. Мәселен, осыдан он-он бес жыл бұрын орта есеппен тай жарысы 7–8 шақырым, құнан жарысы 12-15 шақырым, аламан бәйге 25-32 шақырым аралығында болатын. Атбегі бір бәйге атын ала жаздай 30 шақырымдық 5-6 жарысқа апара беретін.

Қазіргі таңда қазақтың жабы тектес, көнбіс, ұзақ жолға шыдамды аттары арнайы ұйымдастырылған жарыстарда 30-40 шақырымдық бәйгелерге қосылып жүр. Асыл тұқымды, таза қанды жылқылар бұл қашықтыққа көп қосыла бермейді. Оның басты себептерінің бірі олардың жылдамдықтарының жоғары болуында. Сондай-ақ, бәйге ұйымдастырушылар көбіне ат спорты федерациясы бекіткен маусымдық кестелерге (күннің ыстығына не салқындығына байланысты жаз мезгілімен күз мезгілінің қашықтықтары бөлек болады) сүйеніп отырады. Баяғыда айтылатын «Ұшқыр жарыс» «Тоқ бәйге» қашықтықтары дәп осы тұқымдағы жылқыларға арналғандай. Қазіргі тайлар 1,5-2 шақырымға, құнандар 5-6 шақырымға, аттар 7-10 шақырым аралығындағы қашықтыққа шауып, мәре сызығын кесіп жүр.

Қазақтың қай ауылына барсаңыз да құс салмаса да ат жүгіртіп жүрген бірер азаматтың болатыны анық. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз әр аймақтың өкілдері емес. Алақандай ғана бір ауылдан шыққан азаматтар. Сонымен, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының атбегілері жайлы сөз қозғасақ...

Бұл ауыл ежелден бері көкпаршы, атбегілерімен ел аузында жүрген ауыл. Кеңес заманындағы шопан тойларында қосқан аты бәйгенің алдын бермеген Матай ақсақал осы ауылдан, Қайып ақсақалдың сауырына су толы тостаған қойсаң су төгілмес "Қайпаң жорғасы" әлі күнге ел есінде. Мінекей, осындай көнекөздердің ізін жалғастырып жүрген азаматтар әлі де баршылық.
Қожа Ахмет Төлеуханұлы Жақыпов. Ахмет ағамыз алғаш рет 1994 жылы ат қоса бастаған. Нәтиже тәжірибе арқылы келетіні барлығымызға белгілі. Ел ішінде Қожа атанып кеткен бұл ағамыздың аттары араға бір жыл салып бәйгенің алдынан көрінген. Ауыл маңындағы жарыстарда қосқан тай-құнандары іркес-тіркес келіп отырған. Бәйгеге тай, құнан, ат әкеліп, сол тұлпарларының барлығы бас жүлделерді иемденген кездері болған. Тоқсаныншы жылдардың ортасында елдің пейілі кең болғанымен заманның әлі тарлық етіп тұрған тұсы ғой. Бас жүлдеге әрі кетсе кілем жабылған ат, өгіз, бұқа тігілетін. Тайбуырыл, Торғын, Мысыққара, Қайқыбел, Зеңбірек, Алаяқ секілді тұлпарлары ағамыздың атын сол замандарда асқақтата түскен еді. 1998-жыл Кеңес Одағының Социалисттік еңбек ері Сатан Сқақовтың 70 жылдық мерейтойында Торғын атты торы аты 42 шақырымдық аламан бәйгеде үш аяқты "Урал" мотоциклін ұтып алады.

"Баяғыда бір бай үлкен ас беріпті. Үш жүзге сауын айтылған бұл бәйгеге алысты-жақыннан бәйге ат ұстайтын игі-жақсының барлығы келген екен. Содан, аттардың көмбеге (ол кездерде "Сөре", "Мәре" деген қазіргі ұғым жоқ) тақалатын сәті де келіп жетіпті. Сонадайдан қара үзіп үш ат көрінген екен. Үшеуі көмбеден құйрық тістескен күйі қатарласа жұлдыздай ағып өткен көрінеді. Жиылғын жұрт "Бірінші келген кімдікі?" деп шуылдаса кетеді. Бұндай жағдайларда төрелігін айтатын "Кірегі" деп аталатын адамдар болған. Бұларды "Кірешімен" шатыстырмаған жөн. "Бостандікі" деп жауап беріпті кірегілер. "Екінші кімдікі?" "Бостанның аты". " Үшінші жүйрік кімдікі?". "Бостан, Бостан және Бостан" деп жауап береді кірегілер. Содан ел арасында әлгі тұлпарлардың иесі "Жәнебостан" атанып кеткен екен. Менің де басымнан осындай күй өткен болатын. Өзіммен қатарлас ат қосып жүрген жолдастарым "Қожа, бізге де кезек берсеңші" деп қылжақтайтын. "Машина ұтқан күні бәйгені қоямын" дейтінмін ондайда. Содан, 2008 жылы Құдай ауызыма салған көлікті де ұттым. "Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені" деген ұстаныммен содан бері ат қосуды қойдым. Болашақта балаларым ат қосамын десе қарсылығым жоқ. Білгенімді үйретіп, тілеулерін тілейтін боламын" дейді Ахмет ағамыз.

"Біз ат жарата бастаған тұста қазіргідей екінің бірі ат қоспайтын. Әркімнің ақылымен аттарды әр түрлі жараттым. "Қамау терін алу" деген ұғым бар. Сол қамау терді алу мақсатында жабуланған аттарымды аптап күндері туырлығы түрілмеген, түңлігі ашылмаған киіз үйдің ішіне де кіргізген кездерім болды. Келе-келе барлық істің мәнісін тәжірибе жинақтау барысында ұғына бастадым" деп сөзін аяқтады Ахмет ағамыз. Сөз соңында айта кететін бір ескертпеміз бар. Ахмет ағамыз Жаңаарқа ауданы бойынша аламан бәйгеде темір тұлпар ұтып алған алғашқы атбегі.
Жетпіс Фазылұлы Тұтқабеков. Жетпіс ағамыз иісі қазаққа "Күйші Фазыл" деген атпен танылған Фазыл ақсақалдың ұлы. Ат жүгіртумен 1992-93 жылдан бері айналысқан. Жүгіртіп жүрген қазақы аттары 1995 жылы бәйгеге іліге бастаған. Осы жылдың соңында Жетпіс ағамыз түрлі себептерге байланысты 7-8 жылдық үзіліс алады. Үй тірліктері ат жаратуға түпкілікті көңіл бөлуге мұрша бермейді. Дегенмен, жылқышылық кәсібінде жүрген Жетпіс ағамыздың миының бір түкпірінде атбегілік өнер әлі де мекен етіп жүрген болатын. 2006 жылы ат ұстаған қазақтың бәріне танымал атбегі Жолдыбай Кенжеғұлов ақсақалдан бір ат сатып алады.

"Бақ пен бап қатар шаппаса қиын ғой. Ол атымның бірде бабы келмеді, бірде бағы келіспеді. Ақырында бұл атым аяғынан қалды. Сәл күш түсірсең сылтып қалатынды шығарды. 2009-жылы Жағыпар атты ағамның астындағы "Ауди А6" көлігіне басына-бас айырбас жасап "Елтаны" атты асыл тұқымды бие алдым. Ол кезде әлгі машинаны екінің бірі тебе қоймайтын. Бұл әрекетіме бас шайқаушылар көп болды" дейді атбегі. Елтаны алған жылы-ақ ағамыздың үмітінен шығады. Алғашында екінші, үшінші орындарды иемденген тұлпар, келесі жылында бірінші орындардан көріне бастаған. Ат ұстаудың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Сол жылы күзде екі-үш күн ауырып, өліп қалады.

"Елтаныдан соң Қаратал атты тай сатып алдым. Ол тайым облыстық спартакиадаларда чемпион атанып, атымды асқақтата түсті. Одан бөлек "Жебе" деген атым болды. 2014-жылы Ресейдің Краснодарының ат зауытынан екі асыл тұқымды бие алып келдім. Сол биелерден түскен құлындар бүгіндері жақсы нәтижелер көрсете бастады. Қазір өзіммен бірге Елубай атты бауырым да ат жаратып жүр. Атадан балаға қалатын асыл мұраны осылайша ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатырмыз" деп сөзін аяқтады Жетпіс ағамыз.
Темірхан Қазкенұлы Тоқбергенов. Қазақы аттарды 1993 жылдан бастап қоса бастаған. Қосқан аттары 1994-95 жылдары нәтиже көрсеткен. Алмағайып тоқсаныншы жылдардың қамыты мойнына ілінген Темірхан атбегі біраз жыл үзіліс жасайды.

"Атбегілік өнерге 2006 жылдан бастап қайта ден қоя бастадым. Осы жылы ұрғашы тай сатып алдым. Бұл таймен аудан, облыс көлеміндегі түрлі бәйгелерде жүлделі орындардан көріндік. Атбегілік өнер ат жаратып, бәйгеге қосумен ғана шектелмейді. Жылқының қанын жаңартып отыру, тұқым айырбастау секілді дүниелері қатар жүреді. Мәселен, мен сол тайымның бие болуын күттім. Оны шалғайда жатқан жүйрік айғырларға апарып, содан жақсы құлындар тууын күттім. Бұрын алыстағы біреуде жүйрік айғыр бар десе ақшамызды салып алып сол жаққа тұра шабатынбыз. Қазір, Аллаға тәубе менің жылқыларымның тұқымын алуға алыстан келетін адамдар пайда болды. Қосқан аттарымыздың бәйге биігінен көрініп жүргеніне он шақты жылдың көлемі болды ғой. Солардың арқасында бірнеше мотоцикл, квадроциклдер ұтып алдым. Бәйгесінің қаншалықты екені маңызды емес. Бастысы сол еңбегіңнің жемісін жеуде" деп Темірхан ағамыз атбегілік өнердің басқа да қырын ашты.
Ержан Елдосұлы Алшынбаев. Талдыбұлақ ауылындағы атбегілер арасындағы жас буын өкілі. Ержанның атасы Бекеш қария ауылдың жас жылқышыларына бас-көз болып жүрген, ақсақал жылқышы болған. Сондай көнекөз қарияның әуелі ерінің алдында отырып, кейін артына мінгесіп атқұмар болып өскен жігіт. "Отбасымызда 6 баламыз. Әрбір қазақ атқұмар дегенімізбен атам жылқышы болғандықтан атқа бір табан жақын болу біздің тұқымда бар. Бекеш атамыздан дарыған бұл қасиет бүгінде маған белгілі бір дәрежеде өз пайдасын тигізіп жүр. Әуелгіде ауылдың әр баласы секілді шабандоздықтан бастадым. Өсе келе жарысқа алғаш қосқан жүйрігімнің аты Талисман еді. Алғашқы үштікке еніп жүрді. Ат жаратудың қыр-сырын рулас ағам, жеті атадан аспас жақын туысым Ахмет Жақыпов ағамыздан үйрене бастадым. Білмегенімді үйретуге, жол көрсетуге ол кісі де жалыққан емес. Біздің ауданмен шекаралас жатқан Шет ауданының Айса ауылындағы Талғат атты бапкердің үйінде айлап жатып, өзіме керекті дүниелерді ол жақтан да бойыма сіңірдім. Ат жарату ісіндегі ұстаздарым деп осы екі ағамды атар едім" дейді жас атбегі.

Осы екі аралықта Ержанның қолына Бұйрық есімді құнан түседі. Қосқан бәйгелерінің барлығында бәйгенің алдын бермей, жас жігіттің атын аспандатады. Балаларының бұл істің соңына шындап түскенін көрген ата-анасы және қалған бауырлары ақылдаса отырып, Ержанға көптен бері армандап жүрген асыл тұқымды бір жылқы алып бермек болады. Осылайша, Ержанның қолына "Махаббат" есімді тай түседі. Ержан бұл тайға расымен де бар махаббатын арнайды.

"Менің атымды облыс төңірегіне танытқан осы Махаббат. 2009 жылғы облыстық спартакиадада мәреге қара үзіп келіп, көңілімді көкке көтерді. Махаббатты қай жарысқа апарсам да жүлдесіз қайтқан кезім жоқ. Ат жаратудың өзіндік машақаттары қатар жүреді. Қазіргі тұлпарлар ерекше күтімді талап етеді. Оларға адамға қойғандай система қойып отырамыз. Әуелгіде қиын болып көрінген бұл іс қазір біз үшін үйреншікті дүние. Атбегілік өнер бізден кейінгі ұрпаққа да жетсе екен деп тілеймін. Осы оймен Досбал ағамның ұлы Арманды осы іске баулып жүрмін" дейді Ержан. Дәл қазір Ержанның қолында Талисман, Еркетай, Бұйрық, Қоянқасқа, Ханшайым және Best Boy атты тұлпарлар бар.

Мінекей, алақандай ауылда осындай жандар өмір сүріп жатыр. Жалпы, бұл ауылда жазамын деген адамға кеудесі әңгімеге толы жандарды табу қиын емес.