«Қауіпті» жеңіс

«Астана» чемпиондар лигасындағы жорығын бастады

«Астана» (Қазақстан) – «Сутьеска» (Никшич, Черногория) – 1:0 (1:0)

Гол салған: Муртазаев, 28 (пенальтиден),

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Кляйнхайслер, Маевский, Томасов, Мұжықов (Зайнутдинов, 90+2), Муртазаев (Станоевич, 86), Деспотович (Щеткин, 73).

«Сутьеска»: Гильен, Мил.Вучич, Чичмил, Недич, Булатович, Лончар, Стефанович, Мар.Вучич (Гривич, 90+3), Четкович (Вукович, 78), Мердович, Кордич (Бозович, 85).

«Астана» футбол клубының бапкері Роман Григорчук командаға жаңадан қосылған қорғаушы Антонио Рукавинаның алаңға шығуы әбден мүмкін екендігін айтқан. Расымен де, серб «Астана» жейдесінде чемпиондар лигасының алғашқы матчын өткізді. Жалпы, жергілікті команданың ойын схемасы 4-2-3-1 болды. Ойын қарқынды бастау ала қоймады. Астаналықтар өз қарсыластарының күшін таразылап жүріп алса, Черногориядан келген қонақтар тіпті де алға ұмтылмады. Ойынның алғашқы он минуттығында «Сутьеска» қақпашысы Владан Гильен Деспотовичтің айып добын торға жібермеді. Одан кейін Серікжан орта дистанциядан қақпашының шеберлігін бір сынап көрді. Ізін ала қонақтар қарымта шабуылға шығып, Аничичтің ережені бұзуымен ғана қауіптің беті қайтты. Марин сары қағазбен жазаланса, төреші көрсеткен нүктеден Милош Вучич қиыс тепті.

«Астананың» тағы бір шабуылын Маевский бастап көрген. Дәл паспен Томасовты жарылқағанмен, Маринге офсайдтан айналып өту мүмкін болмағандай. Өз қапталынан Шомко да алға ұмтылып, қарсыластың айып алаңына өтіп, қақпа алдына пас шығаруымен белсене бастады. Бірақ, еш нәтижесіз. Бұрыштамадан көтерілген доптар да «Сутьеска» үшін ешқандай қауіп тудырмады. Олар өздерінің қарымта шабуылын күтіп, әліптің артын бағып жүрді. Сондай сәттің бірінде қарсыластар Эрич қақпасына жақындай түскенмен, тура соққы бола қоймады. Алдымен, Вучич өз қапталынан Кордичті паспен қамтамасыз етуге ұмтылған, ойындағысы жүзеге аспады. Дегенмен, қорғаушылардан кері серпілген допты Чичмил қабылдап алып, соққы жұмсады. Қиыс ұшты! Жергілікті команда қонақтардың бұл шабуылына екі стандартпен жауап берді. Корнерден келген допты да Гильен тамаша қайтарып, қақпасын голдан сақтап қалған. Ласло одан келген допты қақпаға бағыттағанымен, черногориялықтар сәтті қорғана білді. Бұдан кейін төреші Ференц Карако Деспотович пен Недичтің арасындағы тартысты Джордженің пайдасына шешіп берді. Өз айып алаңында біздің форвардты ережеге сай  емес қимылмен тоқтатқан қорғаушы командасына 11 метрлік пенальти алып келді. Нүктеге келген Муртазаев Гильеннен айласын асырып, есеп ашты. Қонақ қақпашы Романның қай бағытқа соққы жасайтынын аңғарғанымен, қақпасын қорғап қалу бақыты бұйырмағандай.

Есепте алға шыққан астаналықтар алға ұмтылуын жалғастыра берді. Бірақ, еш нәтижесіз! Томасов өз қапталынан бірнеше рет қақпаны көздеді, кипер өз орнында. Одан кейін Шомко да белсене бастаған. Оның да ойлағаны іске аса қоймады. Екінші ойын бөлігі бастала сала, Серікжан Мұжықов тамаша екі шабуыл ұйымдастыра алғанымен, нүктесін қоюға шеберлігі жетіспеді. Әсіресе, екінші шабуылда қапталда ашық тұрған Муртазаевқа пас берудің орнына, өзі өте әлсіз тепті. Тағы бірде жер бауырлата тепкен спорттық снаряды Гильеннен әрі аспады. Келесі жарты сағаттықта Томасов Деспотовичке пас жеткізбек болды. Ал Джордже өз кезегінде қақпашымен бірге-бір шығуға әзір болған. Тағы да сәтсіздік. 30 секунд өтер-өтпес уақытта Марин қақпаға жақын жерден айып соққысын тебуге мүмкіндік алды. Оған қарсы ереже бұзған Булатович сары қағазбен жазаланды. Томасов әулете пас берудің орнына, қақпаны көздегенді жөн санаған. Бұл жолы да доптың жолына Гильен тосқауыл бола білді. Келесі стандартты Кляйнхайслер алып бергенімен, нүктеге келген Томасов тағы да допты өз пайдасына асыра алмай, сан соқты.

«Астана» одан әрі қонақтарды өз алаңдарында тықсырып ұстады. Оң қапталдан Рукавина шабуылға арласқанымен, қақпа алдына дәл пас жеткізе алмаса, Томасов та шеберлігін барынша көрсете алмай жатты. Шабуылдағы сүреңсіз ойын Григорчукты алаңдатып қойса керек, ол алда жүріп ештеңе бітірмеген Деспотовичтің орнына Щеткинді жіберді. Ойын схемасы соншалық өзгере қоймады, Муртазаев пен Томасов инсайд болып ойнағанның өзінде, «Астана» командасы екі анық шабуылшымен ойын жүргізуге сол күйі көшкен жоқ.

Соңғы 15 минуттықта тағы да жергілікті футболшылардың бірлі-екілі шабуылдары көзге ілікті. Тағы сол хорват легионері Томасов керемет соққы жұмсады. Гильен бұл допты да усынан шығарған жоқ. Араға бірер минут салып Ласло орта дистанциядан оң жақ бұрышты көздеген. Оның да ойлағаны жүзеге аспады. «Сутьеска» бапкері командасының ойынын күшейту мақсатында Четковичтің орнына Вуковитчті жіберді. Бұл аяқдопшы жасыл алаңға шыға сала, Эрич қорғаған қақпаның кілтін табуға ұмтылған. Ненад үшін бұл қиындық туғыза қоймады. Бұдан соң, қонақтар бірнеше бұрыштама орындауға мүмкіндік алған. Эричтің ойынға араласуымен, қауіптің бұлты кейін сейілді. Кездесудің соңына қарай қонақтар қарымта шабуылдар ұйымдастырып, «Астана» айып алаңына жиі-жиі оралып тұрды. Бірақ, олар кішігірім ереже бұзылу орын алса болды, жата-жастанып, уақытты созуға барынша тырысып бақты.

Мәселен, Мұжықов тепкен допты Гильен қайтара сала, медицина қызметкерлердің көмегіне жүгінді. Сол секілді, жай қақтығыстарда қонақ қорғаушылар қолдарынан келгенше ауырсынып жатып алды. Осының бәрін ескерген венгр төрешісі негізгі уақытқа 5 минут қосты. Оның бірінде Иван Маевский офсайдтан гол салды. Одан кейін алаңға жас жартылай қорғаушы Зайнутдинов шықты. Ол бір-екі шабуылға араласып, есепті еселуге барын салды. Алаңға тыңнан қосылған Станоевич те астаналық ойыншылардың қанжығасын майлай алмады.

Сонымен, «Астана» 1:0 есебімен басым түсті. Ендігі «Сутьеска» өз алаңында осы есепті ұстай отырып, біздің команданың қақпасына 2 доп соғуға қауқарлары жете ме екен? Соны ескере отырып, елордалық футболшылар тағы да бір-екі гол соғып, Никшичке сенімді түрде аттануы қажет еді. Осы тұста бас бапкер Роман Григорчуктың Бахтиер Зайнутдиновты неге ертерек ойынға араластырмағанын түсіне алмай-ақ қойды. Оң қапталдан ойқастайтын Твумаси жоқ. Командаға жаңа қосылған Алмейда дайын емес, ал  Серікжан ойын соңына қарай, тым сылбыр қимылдады. Премьер-лигада жасындай жарқылдап жүрген Бахтиердің командаға бір пайдасы тиері анық еді. Сол сияқты Станоевич те ойынға тым кеш қосылды. Алыстан соққы бағыттаудың шебері Марко Гильеннің мазасын алатынына сеніміміз мол еді.

«Сутьеска» ойыншылары бұл құраммен алғашқы ресми кездесуіне шыққан еді. Олар өткен маусымның ойындарын мамыр айының соңында өткізген. Қаншама үзілістен кейін, қорғаныста да, шабуылда да жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бір ғана доппен есе жіберген черногориялықтардан не күтуге болады? «Астана» үшін бір жетіден кейін өтетін матчтың бағасы тым жоғары болмақ. Соңғы жылдары чемпиондар лигасының алғашқы раундын місе көрмейтін ел чемпиондарының жағдайын келесі аптаның сәрсенбісінде білетін боламыз.

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер