Тараздағы Тектұрмас әулие

25.10.2017

Еліміздің жер-жерінен осы күнге дейін сақталып келе жатқан бірнеше мәдени ескерткіштерді кездестіруге болады. Оның біршамасы халқымыздың басына төнген қауіптен қиратылып, уақыт өте келе қайта қалпына келтірілген. Егемендік алған соң, мәдени мұраларымыз бен тарихи ескерткіштерімізге көңіл бөлініп, оларды қайта жаңғыртты. Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір жолдауында тәуелсіздік алған соң, жаһандануға қарамастан еліміздің мәдени іргетасы бекігенін баса айтқан болатын. Не түрлі төңкерістерге, патшалық дәуірдегі қиыншылықтарға, дұшпандардың озбырына қарамай қазақтар, сонымен қатар ел аумағында тұрып келе жатқан басқа да ұлт өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін қаз қалпында сақтап қалды.

Еліміздегі тарихи-сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру бойынша, оларды зерттеп, зерделеу үшін де көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырылды, әлі де асырылып жатыр. Соның бірі – Қазақсанның киелі 100 нысаны. Міне, осы жобаның тізімінде Тараз төңірегінде орын тепкен Тектұрмас сәулет ескерткіші де бар. Аталған кешен шамамен Х-ХІV ғасырларда қаланың оңтүстік-шығысына қарай, Талас өзенінің жағасында бой көтерген.

Кесене неге құлатылды?

Бұл кесене негізінде Сұлтан Махмұт ханның бейітінің үстіне салынған. Алғашқы ескерткіштің  сыртқы көрінісі туралы былай айтылады: астыңғы бөлігі төрт бұрышты, ал үстіңгі жағы күмбезді, күйген кірпіштен қаланып, есігі Тараз қаласына қаратылған. Бұл кесене бертінге дейін бұзылмай тұрған. Себебі, бізге ХІХ ғасырдың 80-жылдарындағы ескерткіштің фотосуреті жеткен. Тектұрмас кесенесі бірінші рет ХІХ ғасырдың екінші жартысында зерттелді. Оның орнын тапқан шығыстанушы ғалым Василий Каллаур еді. Осыдан кейін-ақ, бұл көне ескерткішке басқа да зерттеушілердің көзі түсіп, арнайы жұмыстар жүргізіле бастады.   

Мысалы, ХХ ғасырдың 40 жылдары Г.Пaцeвич, ал 1949 жылы Л.Peмпeль жетекшілік еткен Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының арнайы экспедициясы, 80-шы жылдары Қ.Байбосыновтың жетекшілігімен тағы да Жaмбыл мұрaжaйының экспедициясы, ХІХ ғасырдың бас кезінде К.Байпақовтың жетекшiлiгiмен Оңтүстiк Қaзaқcтaн кeшeндi aрхeoлoгиялық экспeдициясы зерттеген болатын. Осы зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей кесененің тiкбұрышты ауданы – 300х200 м2 болса, қалашықтың сол жағында орын тепкен цитадельдің көлемі – 70х70 м2, ал биіктігі он бір метрге жетеқабыл. Айналасы түгелімен қоршалып, оның сыртынан арнайы ор қазылған екен. Осы жерден табылған құpылыc қaлдықтapы, қыш ыдыcтapдың cынықтaры қалашықта VII-XIII ғасырлардың аралығында тіршілік болғанын дәлелдейді.

Күмбeздiң құpылысы ислам дінi келгенге дейін жүргізілген. Ескерткішке алғашқы залал келген уақыт, ол – қоқандықтардың шабуылы. 1864 жылы осы маңға орыс отрядтарының зеңбіректері орналастырылған екен. Міне, осы қаруларды жою мақсатында күмбез маңын жау нысанаға алған. Ал толық қиратылған кезі – ХХ ғасырдың 20-жылдары. Дінге қарсы шыққан большевиктер еш аяусыз діни ескерткішті құлатып, оның сан жылдық кірпіштерін қант зауытының құрылысына пайдаланған. Десек те, сәулет ескерткішін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2002 жылы ортағасырлық стильмен жаңа үлгіде ескерткіш қайта бой көтерді.

«Тектұрмас» атауы қайдан шықты?

Кесененің ерекше «Текұрмас» атауына байланысты бірнеше деректер кездеседі. Оның бірі филолог ғалым Ж.Дәдебаевтың айтуынша, Тектұрмас атаның азан шақырып қойған аты Сұлтан Махмұт екен. Оны өз дәуірінде хан сарайындағы бек қызметіне ұсынғанда, бас тартқан. Бектіктен бас тартқан соң, халық оны Тектұрмас деп атап кетеді. Сұлтан Махмұт көп ұзамай дін жолына түсіп, әулие атанады. Оның әулиелігіне көзі жеткен халық мазарының басына келіп, шырақ жағып, құрбандық шалып, тілек тілеген. Тіпті, балаға зар әйелдер келіп, түнейтін орын болыпты. Бұл әулие жайында айтылған әңгімелердің бір парасы ғана. Бір аңыздa Тeктұрмac Қapaхан дәуipiнде әскepбaсы болып, қызмет етіпті. Ол қызмет бабымен халық жиналған көп орындарға барып, жолаушыларды түгелімен тексереді екен. Ккүдікті жайтқа куә болса, арнайы шара қолданып, адамдарды жазалап отырған. Жалпақ жұртқа мезі болған оны, халық ашумен Тектұрмас деп атап, өз наласын білдірген.

Осы ғасырда салынған кесененің биіктігі 14 метрден асады, ал жалпы көлемі төртбұрышты, 7,5 метрден тұрғызылған. Кесене көпшілік орынға арналғандықтан бірінші шырақшылар үйінің құрылысы жүргізіледі. Кейін 300 метр арырақ күмбездің өзі бой көтереді. Екі аралықта арнайы құрылыс плиталары төселіп, айналасы таудың қатпарлы тастарымен көмкерілген. Ағаштар отырғызылып, көгалдандыру мәселесі де шет қалмағанын байқауға болады. Сондай-ақ, арнайы мал сойылатын жер мен құран оқитын орында да бар. Тектұрмас әулиенің басына түнеуге де болады. Ол үшін ыңғайлы орындар салынған. Тектұрмас әулиенің орналасқан жеріне орай келушілер де көп кездеседі. Себебі, бұл орын қаланың Көктөбесі іспетті. Тараз қаласының әсем көрінісін тамашалауға таптырмайтын орын.

Биікте тұрған Тектұрмас әулиенің бейітіне қарап, оның өмірде жасаған жақсылығына қарай алған бағасы дейтіндер де көп. Ісі ақ, жүрегі таза, әділ сөзді, орақ тілді, халықтың қамын жеп, уайымын бөліскен қасиетті әулие жетім мен жесірді жебеп, пақырға қол созып, кембағал жандарға жанашырлық танытқан дейді шырақшы. Оның осы жақсылықтары үшін халық жамбасы жерге тиген орынды киелі санап, жиі келіп, алақан жайып, дұға оқыған. Халықты адамгершіліктің асыл мұратына үгіттеп, имандылық пен қайырымдылыққа шақырып, әділдік пен ар жолын уағыздаған Тектұрмас әулие заман шындығын айтушы ретінде де сипатталады. Әрдайым ақиқатты іздеген Тектұрмас әулие зерттеушілердің болжамы бойынша ХІ ғасырда ғұмыр кешкен көрінеді. Ғалымдар оны үлкен ғұлама дін адамы ретінде көрсетеді. Бірақ, нақты ғылыми дәлелденген деректерді ұшырастыра алмадық.

Жесірді жебеген әулие

Бұрынғы Тибет халқы өмірдің жаңалығын терең білуші, дүниенің астарын әріден ұғынушы, кемелденген дарыны мен таланты бар, кемеңгер адамды – әулие деп атаған екен. Шындығында осы айтылғандарға дәл келетін, қасиеті мен ісі келіскен әулиелердің бірі – Тектұрмас ата.

Тектұрмас әулие жайында мына бір аңызға тоқталып кетсек. Атаның сыртқы пішіні, түрі, жүрісі, сөйлеу мәнері басқа адамдардан еш дараланбаған. Тек айырмашылығы ес білгелі діннің жолына түсіп, исламды дәріптеуі. Ол жетелі жас жетіге келгенде діни сауаты бар, сол замандағы шәкірт оқытушылардың бірі болған атасынан жер астындағы мектепте сауатын ашады. Өмірдің қым-қуыт тірлігінен, апырылыс-сапырылысынан аулақ ұстап, қараңғы жерге түскен шырақтың жарығымен немересінің бойына, санасына мұсылмандардың қасиетті кітабының нәрін, діни өсиеттерді, исламның ереже-қағидаларын құяды. Тектұрмас  атасынан алған білімді текке кетірмей, керегіне жаратып, халықтың да санасына сіңірді. Оның алғашында емшілікпен аты шыққан. Алдына келген ауру адамдар, бірден-ақ сауығып, тіпті қиын, емі жоқ дерттердің алдын ораған. Жұқпалы саналатын өкпе ауруы, алапес сияқты кеселдердің тамыры кесілген. Тектұрмастың аты осылайша ел аралап кетеді, алдына келушілерде тіпті сан жоқ еді. Осылайша, текке жүрмеген әулиелі кісіні халық өз атымен атамай, Тектұрмас деген лақап ат тағады. Дерт берген Алланың дәрмен беретіні анық, соған тек себепші болған әулиелі жан осылайша көптің алғысын алған екен.

Тектұрмасқа қатысты мына бір оқиға халық аузында әлі де айтылып жүр. Бір жас келіншек күйеуге ерте тисе де, жеті жыл бойы бала көтермейді. Барлық ем-домын қабылдаса да, жер-жердегі әулие-бақсыларды кезіп шықса да, діттегені болмай салы суға кетеді. Бірақ, Алла пендесінің шын тілегін естіп, жеті жыл, жеті ай, жеті күн дегенде бойына бала бітіреді. Ол тоғыз ай емес, жеті ай дегенде босанып қалады. Шала туған шаранасын ерінің бас киіміне салып, өсіре береді. Ол заманда күні-айы жетпей дүниеге келген баланы кесеқапқа салып жеткізетін дәстүр болған. Енді осы ырымды келіншек қолданып, әйтеуір баласын аман алып қалады. Жетілмей туған баласы бір жасқа келгенде ері мезгілсіз опат болып, жесірліктің тауқыметін әбден татады. Қорасында малы, қамбасында астығы, қараша үйде қоры жоқ келіншек баласымен әбден кедейшіліктің қиын күндерін басынан өткереді.

Бір күні ашаршылықтан мезі болған әйел жетідегі жарымжан баласын үйіне тастап, сүт іздеп ауыл-аймақты аралап, дала кезіп кетеді. Тау-тасты аралап жүріп, Тектұрмас әулиенің басына келіп қалған екен. Ол әулиенің бейітін көре сала,  білген дұғасын оқып, алақан жайып, бар ынтасымен тілек тілейді. Сөйтіп орнынан тұрып, тауы шағылып, іздеген сүті табылмай келе жатқанда, ен далада жайылып жүрген жалғыз сиыр кезігеді. Емшегі жер сызған сиыр мөңіреп келіп, келіншектің алдына тұра қалады. Қуанышы қойнына сыймаған ол, қолындағы ыдысын толтырып, сауып алады да, үйіне асығады. Әкелген сүтін босағаға қоя сала, бір үзім нан іздеп тағы көше кезіп кетеді. Осы кезде Қыдыр ата кейпіндегі жылан келіп, босағаға қойған сүтінен жеті рет ұрттаған екен. Кетіп бара жатқанда аузынан жеті тамшы тамып, сол сүт тамған жерлерге масақ өсіп шығады.  Қиын заман болса керек, әйел бір үзім түгілі жарты үзім нан таба алмай, үнжырғасы түсіп, үйіне келгенде масақтарды көріп, таң-тамаша болады. Әлгі масақтардан шыққан дәндерді жиып алып, оларды езіп, ұн жасап алады да, жеті нан пісіреді. Жеті жылдан бері бір қадам жасамаған баласына қараса, аяғынан тік  тұр екен. Көп ұзамай оның да дерті жазылып, халі оңалады. Халық арасында айтылып жүрген әңгіме осындай. Жалпақ жұрт Тектұрмастың әулиелігіне шын сенеді. Бар ынтасымен барған адамның тілегі қабыл болады деген түсінік бар.

Мақала авторы - Сандуғаш Мамышқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз