Құм жұтқан қалалар: Сығанақ қаласы

23.11.2017

Сырға толы Сығанақ өз замынында саяси-экономикалық маңызы зор қала болғанын тарихтан аңғарамыз. Шаһардың Ұлы жібек жолының бойында орналасуының өзі көп нәрседен хабар береді. Сығанақ қалашығы теңге соғып, атын әлемге мәшһүр еткен.  

  

Сығанақ қаласы – ежелгі қазақ жерінің мәдениет орталығы, теңге соғып әлемге аты жайылған, талай жаугершілік заманның діңгегі болған аты шулы орын. Оның даңқы тарихшыларды  ғасырлар бойы қызықтырумен келеді. Сығанақтың атынсыз қазақ хандары Ерзеннің, Мүбәрәк қожаның, Урустың, Тоқтамыстың, Барақтың, Темірдің ел билеу саясаттары мен жүргізген соғыстары мен, елдер арасындағы садалары мен жүргізген дипломатиялық іс-әрекеттері тарих бетіне түгел түспеген болар еді. Осындай даңқы бар, әлі күнге дейін елеусіз қалып келе жатқан бұл қаланың да тағдыры аса қызықты. Басынан даңқ пен қатердің  бұлтын талай ғасырлар бойы өткізген Сығанақ қазір қираған, елеусіз, белгісіз қалпында жатыр. Бүгінгі ұрпақ біздер де ата-бабамыздың әйгілі мекені, мәдениет ошағы жайлы мүлде мардымсыз білеміз.

Әуелгі әңгімемізді Сығанақ қаласының қазіргі жай күйінен басталық.

Сығанақ – қазір Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Төменарық темір жол станциясынан сегіз километр жерде. Қаратау қыратының оңтүстік батыс етегі мен Сырдария өзенінің жағалауынан он бес километр қашықтықтағы аралықта, Белқыр үстіртінде, қалың жыңғыл, жантақ, сексеуіл тоңайының арасында жатыр. Үлкен қырат, жал-жал болып үйіліп жатқан ежелгі қаланың қорғандарының орындары. Тосын көзге бірден түседі. Үйіндінің солтүстік жағы ұзыннан-ұзақ созылып жатқан биік белдеулермен ұштасады. Бетімізді шығысқа бере жүріп, қаланың бұрынғы қақпасына таяғанымызда үйінділердің сол қол жағы жайпау болады да, оң қол жағы бара- бара биіктеп, түйе тайланып кетеді. Бұл үйінділер қорғанның солтүстік бетінде жатыр.

Қорғанның оңтүстік жағын шолғанда, көзімізге үлкен қырат шалынады. Қорғанның оңтүстік бұл бөлігі әрі биік, әрі қос қолтығы кең, өзін орап жатқан қыраттан тұрады. Жай көзге үйреншікті бел тәрізді. Бірақ қыр үсті тақыр, қыш сынаптарынан, ескі құрылас бұйымдарынан және т.б. сынықтардан аяқ алып жүргісіз.

Қалаға кірер қақпа жалғыз. Бұл қақпа қорғанның оңтүстік бетінде биік төбешік болып қарауытып тұр. Басқа үйінділерден мұның бір айырмашылығы – биіктігінде, үйілген тасының көптігенде. Сығанақ қаласындағы қорған қалдығының жалпы аумағы 670 -700 шаршы метрдей болады. Ал кейбір жеріндегі құлаған қорғанның биіктігі үш метрдей болады. Дәл осы өлшемді А.Ю.Якубовский де анықтаған болатын.

Қақпа үйіндісін келер болсаұ, қазір басылып, аласарып кеткен. Ішке енгенде жал-жал, ойдым-ойдым болып жатқан көше қалдықтарына, мешіт, сарай, әр түрлі құлпы тастардың үйіндісіне кезігеміз. Бір қызығы, аяқ астында жатқан барша қыштардың өлшемі бірдей - 25х25х5 см-ге тең. Осы қалдықтарды талқандаған жай-мекендерді зерттеген ғалымдар - мұның барлығы да монғол шапқыншылығынан кейінгі салынған құрылыстар еді дегенді айтып жүр. «Төртбұрышты қорған қалдығы 1219 жылғы Жошы шапқыншылығынан жүз жыл өткен соң салынған» дегенді Якубовский де айтады. Оңтүстік беттегі қақпаның ішкі жағында, кіре берісте үлкен құрылыстың калдығы әлі қалқиып тұр. Бұл құрылыс не мешіт, не сарай болуы мүмкін. Құрылыс төртбұрышты екі үйден тұрады, үйдің кішірегі үлкен уйге қанаттастыра салынған. Оның архитиктуралық құрылысы әсем, бірден көз тартып, көңіл үйіріп әкетеді. қыршалып шығыс стилімен күмбезденіп өрілген қыш арқаның биіктігі6,24 метр, есіктің қалыңдығы 1,38 метр. Ең басты орталық күмбез бен шатырға дейінгі биіктік 7,1 метрдей.

Ішкі құрылысы тозып, біткен. Оған бір себеп – жергілікті халықтың сарайға салыстырып, өздерінше мекен салуы болған. Соның салдарынан көптеген әсем, өрнекті қыштар құлап кеткен.

Жергілікті шырақшы қарт осы уйді «Сунақата деп атап кеткен Алла-Умей Хисамутдин Сахиб-Нихай деген кісінің мазары, соның үстіне орнатылған мешіт» деп түсіндірді. Бірақ, бұл айтылған сөз ғылми жағынан онша дәл емес. Себебі, бұл сарайдың ішкі құрылысында шейхтер мен дәрушілер жиналып намаз оқитын орын жоқ. Оған қосымша, әлгі айтылған дәлелді теріске шығаратын жағдай – шығыс әміршілерінің сарайында кездесетіе архитиктуралық бөлмелердің байқалатындығы. Ал, шырақшы қарт айтқан мазар 1310 жылы дүниеден өткен атақты ақын Абул Хасан Сығанакидікі болуы әбден ықтимал. Бұл жайлы А.Ю.Якубовский де, В.А.Каллаур де дұрыс жорамал жасайды.

Қорғанның Оңтүстік бетінде 500 метрдей жерді алып жатқан үлкен қорым бар. Мұндағы мазар-зираттардың күллісі күйген қыштан жасалған. Қыштардың көпшілігінің формасы төртбұрыш. Мазар -зираттардың арасында кіші-гірім мавзолейлерде кездесіп қалып отырады. Мазар-зираттарда қаланған қыштарда да, оларға қойылған тастарда да ешкандай жазу байқалмайды.

Сығанақ қаласы мен оның маңындағы  суландыру жүйелері жойылып кеткен. Тек Сырдария өзенінен тартылған ежелгі каналдарғана қаланың етегін алыстан барып, орап өтеді. Бұл каналдардың коптпген салаларын қазіргі кезде тоғай басып, жоқ етіп жіберген. Ал бір кезде қалаға қажетті су Қаратау бөктеріненде келіп тұрған деп жорамалдауға болады. Өйткені Мыңбұлақ, Шолақ, Арыстанды, Қызылтал, Келтешалғай деген өзендер тұп-тура Сығанақ алабына құятын болған. қазір, бұл өзендердің суы мүлде азайып,  тарылған, алқапқа жетпей жоғалып кетеді.

Сығанақ – ежелгі қала. Ол «Туман жазбалары» дейтін ескі шежіреде Х ғасырда Сунах деп аталғаны айтылады. Бертін келе, ХІ ғасырда бұл қала жайлы мағлұмат молая түседі. Махмуд Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігі» деген еңбегінде: «Сугнак гуздар еліндегі қала» деген жолдарды ұшырастырамыз. Кейіннен араб тарихшылары Сығанақ қаласы мен Отырарды салыстыра отырып жаза бастады. Сол кезде Мавераннахрдың саяси және экономикалық жағдайына байланысты бұл қала саудагерлердің, елшілердің аузынан түспейтін болды.

Қыпшақтар елінің пайда болуына байланысты  «Дешт-и-Кипчак» деген атау Хорезмшахтың зәресін алатын еді. Өздерінің батыс және солтүстік шекараларын нығайту мақсатында Хорезм хандары Сығанақ қаласынан үнемі қауіптенді. Қыпшақтардың астанасы болып тұрған Сығанаққа Хорезм патшасы 1152 жылы қыруар қол жіберді. Бірақ, бұл қол қатты күйреп, кейін қайтады. Бұдан кейін Атсыз хан өмірінің ақырына дейін қыпшақтар қаласын бағындырып алуға тырысып бақты. Сөйтіп, талай жылдар бойы қыпшақтар мен хорезмдіктер арасында төгілген қан тиылған жоқ. «Сонымен, Хорезм жарты  ғасырдан артық уақыт қыпшақтардың даласын, олардың қаласын, сол еркін халықтың астанасы Сығанақты өзінің қол астына қаратып алу жолында өте ауыр, әрі азапты күрес жүргізіп жатты».

ХІІІ ғасырдың басына, яғни 1219 жылдың күзіне дейін Сығанақ қаласы ешкімге бағынбай келген. Қыпшақ елінің астанасы атанып, «Жібек жолының» бел ортасында тұрып дәуірлей берді, өсіп гүлдене берді.

Шығыстан келген қара дүлей – монғол шапқыншылығы 1219 жылдың күзінен бастап қала тағдырын өз қолына алған. Шыңғыс хан қыпшақ даласына жеткен соң-ақ Сығанақты басып алуға қатты құнықты. Сондықтан да ол бұл міндетті үлкен ұлы Жошыға жүктеді.

Сығанақ қаласына жақындап келген Жошы, әуелі қалаға жаушысын жібереді. Жаушы болып мұсылман саудагері Хасан қажы келеді. Хасан қажы серіктерімен бірге қалаға кірді. Шығыс ханының қаһарын айтып, кәрін төгеді. Қаланы берілуге шақырады. Егер өз еркімен берілетін болса, қан төгілмейді деп уәде етеді. Осы кезде екі қыпшақ жігіті шығып Хасан қажыны табанда шауып тастайды. Қақпа тарс жабылады. Енді Жошы қаланы қоршауға бұйырады. Қатты ұрыс жеті күнге созылады. Ақыры монғолдар басып кіріп, қыпшақ қаласын тонайды. Халқын қырады, аяулы ұлдарын құлдыққа  салады, медресе, мешіттерді, минареттерді – сәулетті сарайларды қиратады. Сөйтіп, дәуірлеп тұрған Сығанақ жаугершіліктің құрбаны болады.

Қаланы қиратып көңілі толған Жошы қайтадан атқа қонады. Сығанақтан соң Сырдарияның төменгі жағындағы Өзгент, Баржалығкент, Ашнас, Жент және Ташкент калаларын басып алады. Сығанаө даласы 1219 жылғы осы күйреуден кейін XIVғасырға дейін, яғни жүз жыл бойы қайта қалпына келе алмады.

Қыпшақтардың астанасы болған әйгілі қала көшпелілер мен қыпшақ цивилизациясының  дәнекеріндей еді. Ол қыпшақ хандарының  бас қосып мәслихат жасайтын орнына айналған. Қала бір жағынан керуен жолында жатса, екінші жағынан экономикасы дәуірлеген, бай көшпелі қыпшақтардың тізгінін ұстары ретінде де роль атқарды. Көне шежірешілердің айтуынша, әр күнде Сығанақ базарына 500 бас түйе түсіп, кешке дейін бәрі де сатылып кететін болған. Күн құрғақтай батыстан да, шығыстан да керуеншілер тасқыны келіп, қақпадан бірі кіріп, бірі шығып жатқан.

ХІІІ ғасырдың екінші жартысында армян тарихшысы  Киракос былай деп жазады: «Армян патшасы Хетум монғол ханы Мангумен тілдесіп, қайтар жолда көп шаһарларды басып өтті. Соның ішінде Сынгах (Сығанақ) қаласын, Харчук (Қаратау )тауын кезіктіреді».

Осы шақта қыпшақ жерінде де көптеген өзгерістер болып жатады. Арал теңізінен Алакөлге дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр жер Ақордаға бірігіп, үлкен патшалыққа бағынатын болды. Ақорданы біріктіруші Жошының ұлы Бати еді. Монғолдар қол астындағы мемлекетті нығайту мақсатында өздерінің ең қауіпті деген, әрі ең дамыған қазақ қалаларын уысынан шығарған жоқ. Батидан кейін Ақорданы билеген Сасы Бұқа XIV ғасырдың басында Сауран қаласында жерленді. Оның баласы Ерзен Сығанаққа орнығып алып көптеген құрылыс жұмыстарын жүргізді. Қала тіршілікке еніп, қайтадан жандана бастайды. Қалада медресе, хан сарайы, мешіттер бой көтереді. Осы тәрізді құрылыстарды салуға едәуір еңбек сіңірген Ерзеннің өзі Сығанақта жерленіп, басына құлпы тас орнатылды.

Ерзеннен кейінгі билікті жасауға оның баласы Мүбәрәк қожа келеді. Мүбәрәк қожаның тұсында Сығанақта теңге соғатын ұстаханалар жұмыс істейді. Қазір Ленинград эрмитажында Мүбәрәк қожаның тұсында соғылған (1374-1375 жылдары) бес теңге сақтаулы. Бірақ, тарихшылардың айтуынша, Мүбәрәк қожаның озбыр, оспадарсыз болғандығымен де хабардар боламыз.

Көп ұзамай-ақ Ақорданың басына Урус хан келді. Урус хан тұсында соғылған он бір теңге де қазір Ленинград эрмитажында сақтаулы тұр. Урус хан патшалығы тұсында Сығанақ қаласы тамаша дәуірлеп гүлденді. Ақорданың күллі басшылық жүйесі, сауда-саттығы, теңге соғу өндірісі осы Сығанақ қаласының қабырғасында жүрді. Әлгі айтылғантеңгелердің алғашқысы хижраның 772 жылы соғылған.

Тарихшы Ибн-Халдунның жазғаны бойынша осы кезде Еділ бойындағы Алтынордада бүлік шығады. Хижраның 776 жылы (1374-1375ж.) қашқын Мамай Алтынордадағы сарайды босып алып, хан болуға әрекет жасайды. Сөйтіп, ол біршама уақыт ел билігін өз қолына алады. Бірақ Астрахан биі Хожечеркес көп ұзамай-ақ Мамайды сарайдан қуып шығады. Мамай барып Қырымға бекінеді. Осы кезде Шығыстан келген Урус хан Хожачеркесті күйрете жеңіп, бүкіл Алтынорда билігін өз қолына алады.

Сөйтіп, Сыр бойынан шыққан Урус хан Ақорда мен Алтынорданы біріктіреді. Едәуір уақыт осы бір кең патшалықты жалғыз өзі билеп тұрады. Бұл дәуірдің айқын бір дәлелі ретінде Алтынордадағы сарайда Урус хан соқтырған теңгелерді айтуға болады. Қазір эрмитажда сақтаулы тұрған жалғыз теңгені хижраның 776 жылында Урус хан соқтырған екен. Сонда, біздің жорамалысыз бойынша, Урус хан билігінің ең дәуірлеген кезі осы жылдардың шамасы болған.

Алайда, қыпшақ даласыныңтыныштығы ұзаққа созылған жоқ. Тағы да қара дауылдай қол кең даланы дүбірге толтыра бастады. Бұл кезде Хорезм хандығын билеуге Темір келді. Ол өзінің қол астына қарайтын мемлекеттердің ішінде қыпшақ даласы, қыпшақ елінің болғанын қатты қалады. Солай болғанымен, ол бірден шапқыншылық жорыққа шыға алмады. Ғасырлар бойғы жаугершіліктің "мектебінен" өткен тәжірибелі, мәдениеті қалыптасқан қыпшақ елі хандарының саясатынан қаймықты. Әуелгіде батылы бармаса да, кейіннен айла амалға көшті. Ол қазақ даласынан өзінің қол астына  қашып келген Тоқтамысты пайдаланып, оны туған ел-жұртына қарсы қойды. Қол астындағы билерді жинап алып: "Тоқтамыс Сырдарияның бойындағы Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының одақтасы болады" деп жариялады. Осы сөзге желігіп, мол сөзге қол созған Тоқтамыс Урус ханға қарсы ұрысқа шығады. Тоқтамыс Темір берген калың қолмен екі рет атқа қонып, екі рет Урус хан қолына қыпшақтарға қарсы қатты ұрыс жүргізеді. Осы екеуінде де күйреп жеңіледі. Қашып барып, Темірге қайта тығылады. Тоқтамыстың жауыншерлігінен ештеңе шықпаған соң, үшінші жорықты Темірдің өзі жасайды. Отырар даласына қалың қолмен келіп, шеп құрады. Бұл кезде Урус хан да өз қолымен жауға қарсы жылжыған еді. Көп ұзамай-ақ, осыдан бір жарым ғасыр бұрын ғана монғол шапқыншылығынан ойран болған кең далаға тағы да қаптаған сарбаздар жиналды. Отырар даласы тағы да ат тұяғының дүбіріне толды. Сонымен ұрыс басталыпта кетті. Бірақ Сығанақ жақтан атын қан сорпа етіп жаушы жетті. Урус хан дүние салыпты... Мұның артынша, тағыда хабар жетті. Урус ханның үлкен ұлы қайтыс болған... Осының бәрі қыпшақ қолының жеңілуіне себеп болды. Сарбаздардың рухын түсірді. Халықты қырып-жойған Темір қолы жеңіске жетті. Бұл мезгіл хижраның 778 жылы (1376-1377ж.) еді.

                            Қаратаудың басынан көш келеді,

                            Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...

Талай ғасыр халық аузында келе жатқан бұл өлең жолдары тап осы мезгілде туған еді. Көп ұзамай Тоқтамыс қыруар қолмен Сығанаққа келіп тоқтады. Тарихшылардың айтуы бойынша Сығанақ қаласының қайта өрлеу дәурі Барақ хан (Урус ханның атасы) мен Урус ханның тұсында болған. Жоғарыда айтылған үлкен мавзолейлер мен қала қорғандары да осы мезгілде соғылған. Сығанақ қаласы Тоқтамыс тұсында да өркендей түсті. Теңге соқты, сауда-саттық тізгінін бұрынғысынша басқара берді. Бірақ көп ұзамай... Тоқтамыс Темірдің сенімін аяққа басты. Ол өзінің қол астындағы күллі қыпшақ жұртын бөліп алып, бір өзі басқармақшы болды. Хорезм билігінен шығып кетуге талпынды. Мұны сезіп қалған Темір Тоқатмысқа қарсы аттанды. Қыпшақ қолы тағыда келе жатқан жауға қарсы жол тартты. Бірақ Темір мен Тоқтамыстың қолы кездесіп, соғысты ма соғыспады ма, бұл жоғы әзірге белгісіз. Әйтеуір, осы ұрыстың болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мүмкін бұл ұрыстың болмауына төтеннен келген Темір қазасы (1405 жылы) себепші де болған шығар. Ескере кететін бір жай, қазақтың даласы мен қаласын билегендерді қашан да «Дәшті-қыпшақ» хандары деп атаған. Ал бұл өлкені «Дәшті-қыпшақ» елі деген. Осы атау ертедегі қазақтардың  бір шаңырақтың астына біріккен ұлысы мемлекет екенін аңғартады. Осынау шексіз кең өлке қазақтар мекені болды. Бірақ аласапыран жауынгершілік, тақ талас, бақ таластық даланың төсінен дүбір кетірген жоқ. Осы кезде тарихшылар арасында Сығанақ қаласын «қыпшақ даласының қақпасы» деп атау дағдылы нәрсе еді. Қаланың қорғандары биіктеп, ішкі құрылыстары өркендей берді. Мавзолей, мазар, мешіт, медресе, ұстахана, гүртхана тәрізді маңызы зор құрылыстар еңсе көтеріп, қатарға қосылды. Қала сыртында каналдар қазылып, суландыру жүйелері тартылды, егін салды. Міне, сол суландыру жүйелерінің ізін қала төңірегінен қазірде байқауға болады. Бір қызығы әлгі  көне каналдар сайлардан, терең жырадан өткенде көтерме құбыр пайдаланылған. Бұл көтерме құбырлардың қалдықтары қазірде кездесіп қалады. Шыжыған күннің ыстығынан су буға айналып ұшып кетпес үшін арықтарды, каналдарды жер астымен қазып шығарған. Міне, осындай егіншілік тәсілін жергілікті диқандар қазірде мақтанышпен әңгіме етіп отырады. Елдің әлеуметтік жағдайын айқындайтын бір жәйт- мәдениет. Мәдениетіміз калай дамыды, қай жағынан кенже қалды, осының күллісін түбегейлі түсіну үшін біз халқымыздың өткендегі жай-жапсарын терең зерттеуіміз қажет. Тарихи зерттеулерге қарай отырып, ежелгі қазақ халқының өзіндік мәдениетінің болғанын көреміз. Мавераннахрадан XV ғасырдағы қазақ жерін бөліп алып зерттеген орыс тарихшылары: «Қазақ хандары мәдениеті Түркістанның шекарасына дейінгі жерлерді билеп тұрды» десе, енді бірі: «Қазақтар біріккен мемлекет құруға шебер болғаны мәлім, оның басына уақыт өткен сайын өтк күшті хандар келген. Өкінішке қарай мәдениетті елдің XVI -XVII ғасырдағы жайы мүлде зерттеусіз. Бізге белгілісі, Сығанақ қаласының билігі осы уақытта дерліктей қазақ хандарының қолында болған». Бұл арада екі ғалым да «мәдениетті Түркістан», «мәдениетті дала» деген пікірлерді тектен-тек айтып отырған жоқ. Өйткені жауынгер халқы, мәдениетті қалалары бар талай ғасырлар өмір сүрген іргелі ел,мәдениетке ерте қол жеткен. Бірақ, соның өзінде де шапқыншылық соғыс көп тежеген. Хандар арасындағы дүркін-дүркін болған жаугершілік ес жиғызбай, халықты көп күйзелткен. Салынған мәдени құрылыстар жиі-жиі талқандалып отырған. соның салдарынан халық бір жерден екінші жерге көшуге, босқындап кетуге мәжбүр болды. Сығанақ үлкен білім орталығы болған. Оның топырағынан көптеген  ғалымдар,  ақындар, қолбасшылар шыққан. Соның бірі әйгілі ақын әл-Сығанақи. әл-Сығанақи аса дарынды адам болған. Өз замандастарынан оқшау көрініп, туған жұртына тамаша естеліктер, таңғажайып жырлар қалдырып кеткен. Ақын жырлары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, елінің шежіре тарихын шертті. Бірақ Сығанақидің көп жырлары белгісіз. Бұл жырды Сыр бойының көнекөз қариялары қазірде айтады. Сығанақидің бұдан кейінгі тағы бір салмақты да салиқалы еңбегі «Нихая» («Хикаялар») болып саналады. Әл-Сығанақиға байланысты, әрі сол кездегі қазақ-қыпшақелі, оның астанасы Сығанақ туралы Стамбул кітапханасынан табылған мына бір өлең жолдары әсерлі де қызықты мағлұмат бере алады.

                   «Ен далада мекендеген еркін, ерке ел едік,

                   Жұртымызды жеті қаттың ілімімен жебедік.

                   Мұнда «Нихаяны» жазған ақын туған,

                   Мұнда «Хидаяны» талдаған ғалым тұрған.

                   Болса тәңір екінші өмір  қиғандай:

                   Сығанақта көз жұмар ек қиналмай.

Әл-Сығанақи жерлестері математик әл-Түркстани, тарихшы әл-Қыпшақи сияқты ғалымдармен тұтас өмір сүрген. Қазақ Ленинград Кітапханасында әл-Түркстанидің «Бес таңбалы артфметика» деген трактатының қолжазбалары сақталуда. Сығанақ қаласындағы жоғарыда айтылған үлкен мазар осы әл-Сығанақидікі болар деген жорамал бар. Бұған бірнеше дәлел келтірейік. Бірінші дәлел А.Ю.Якубовскийдің мынадай пікірі: «Егер кіші сарайды әйгілі Хусам ад-дин-Сығанақидің қабірі дейтіе болсақ, үлкен сарайды (батысындағы) «ханака» (қонақ үй) деп қарауымыз керек». Екінші дәлел: Обейдуллаханның (1544-1634) құжаттарында ол қала Сығанақидің мазары болғандығы айтылатындығы. Соңғы, үшінші дәлел – қазіргі Сығанақ қаласының орнында отырған шырақшы шалдың айтқаны. Оның айтуынша: «Осы сарайлардың бірінде Сунақата жерленген, жұрт сол кісінің қабіріне әлі күнге дейін мінәжат қылады, садақа береді». Осындай пікірлерді ескеріп, қорыта келе әйгілі ақын әл-Сығанақи XIV ғасырда өмір сүрген. Оның қабірі өлі қаланың астында жатуы әбден ықтимал деген тұжырымды жасауымызға болатын сияқты.  

Әзірлеген - Ұшқын Сәйдірахман Дереккөз Тарихи деректер М.Қожаевтың "Отырардың қысқаша тарихы" кітабынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады