Есік обасының құпиялары

29.09.2017

Сақтар дәуірі Еуразияны мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар үшін үлкен әсер қалдырды. Тарих тегершігі тоқтаусыз айналғанда Дунай мен Қытай қорғанының арасында емін-еркін көшпелі жұрт-сақтар үлкен әскери қауіп қана емес, мәдениет пен өркениеттің жаңалықтарын тасушы да іспетті еді.

Біздің дәуірімізге дейінгі VII-III ғасырларда пайда болған сақтар тайпасы сол заманның мәдениеті мен өнерінің, ғылыми жаңалықтары мен ірі шаруашылығының топтасқан ортасы болды. Бұл Еуразияның барлық территориясына бірдей тарайтын, барлығына ортақ қару-жарақ, тұрмыс заттары мен ат әбзелдерінен байқуға болады. Айқын дәлелі ретінде ой мен қырдағы, тау мен жазықтағы халықтар арасында кеңінен кездесетін «аңшылық стильдегі» заттарды айтуға болады.

Сақтардың пайда болуы туралы негізінен үш аңыз кеңінен тараған:

Бірінші нұсқа бойынша сақтар автохтондар болған, яғни алдыңғы дәуірлердің дамуы есебінен пайда болған халық екен-мыс. Бірақ олар жайлаған территорияның тым үлкен екенін ескерсек мәдениет пен өнердің біркелкі тарауы ешқандай да мүмкін емес. Сондықтан бұл ең жеңіл және дәлелі аз гипотеза саналады.

Екінші нұсқада Еділдің екі жағын жайлаған отырықшы және көшпелі халықтардың мәдени будандасуы арқасында пайда болуы ықтимал дейді. Бірақ үлкен жерді жайлаған, салты мен көзқарасы басқа халықтардың араласып, ортақ мәдениет тууы үшін ұзақ уақыт қажет болатыны түсінікті. Сондықтан бұл нұсқа да ғалымдар тарапынан көп қолдауға ие бола бермейді.

Үшінші нұсқа бойынша сақтар Азияның түпкірінен келген жаулап алушылар. Нақты қай жерді мекендеп, қандай мәдениеттен шыққаны белгісіз, бірақ өз мәдениеттерін тарата отырып олар жаулап алған жерлердің салт-дәстүрімен ассимилияция жасап ортақ мәдениет қалыптастырған болуы бек мүмкін. Шығу тегі де Қазақстан мен Алтай тауларының маңайы болуы мүмкін деген болжам да шындыққа саяды. Себебі тек жаулап алушылар ғана үлкен территорияға кез-келген мәдениетті жылдам тарата алады.

Сол заманның жаршысы ретінде әлі күнге дейін Венгрия, Украина, Қазақстан, Шыңжаң, Орал мен Алтай тауларында сақ обалары кеңінен тараған. Осы обаларды (кейбір ғалымдар қорған деп те атайды) зерттеу нәтижесінде сақтардың тұрмыс салты, өмір сүру кездері, әскери дағдысы мен мәдени өнері, діни көзқарастары жайлы сандаған зерттеулер жүргізілді.  

Негізі батырларын, сыйлы айзаматтарын биік қорғандарға жерлеу барлық көшпелі халықтарға тән нәрсе болған. Бірақ сақ қорғандары басқалардан ерекшеленіп тұрады: олар бастан аяқ тек алтынмен аптауға негізделген. Сақтарға дейінгі және кейінгі қорғандардың ешқайсында дәл осындай көлемде алтын табылған емес. Бұл кез-келген халық үшін алтынның байлық көзі болғанымен қатар сақтар мифологиясында сары металл о дүниедегі қорған бола алады деген наныммен түсіндіріледі.  Олардың сенімінше алтын байлық пен биліктің, өздері табынатын Күннің және мәңгілік өмірдің белгісі. Қайтыс болған адамның моласына алтыннан жасалған бұйымдар сала отырып, ол ана дүниеде пайдаланады деп сенген.

Міне, өкінішке орай сақ обаларына тарихи құндылық берген алтын бұйымдар олардың жиі тоналуының да басты себебі болған. Алматы облысының аумағынан табылған Есік обасы мыңдаған қорғандардың ішінде тоналмай қалған біреуі ғана.  Сол кездегі республика астанасынан 50 шақырым жерде орналасқан қорғанды қазу жұмыстары 1969-70 жылдары археолог, ғалым К. Ақышевтың бастамасымен жүргізілді және тарихтағы ең маңызды, мұрағатқа бай археологиялық жаңалықтардың бірі болып есептеледі.

Жер қабаттарын зерттеу обаның мөлшермен біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларда салынғанын көрсетеді. Орталық камераны қазғанда оның бұрын тоналғаны белгілі болады. Және тонау кезінде еш қауіпсіздік ережелері сақталмай обаның бір қабырғасы құлап, оңтүстік жағындағы екінші-негізгі камераны басып қалған. Сол абырой болған екен, ешкім тимеген моланы ашқанда сақтардың мәдени жәдігерлері ашылып, тянь-шань шыршаларынан өрілген камерадан мөлшермен 18 жастағы сақ ханзадасының сүйегі табылды. Обадан Тутанхамон пирамидасынан кейінгі мол қазына шықты, жәдігерлер саны шамамен бес мыңға жететін еді. Ханзаданың оңтүстік-батыс жағында патшалар тұтынатын заттар: әшекейлер, ыдыс-аяқтар, қасық, ожаулар қойылған. Барлығы алтыннан жасалған. Және ішіндегі ең ірі күміс табақта 26 символдан тұратын көне сақ жазбасы табылған. Оған «Есік жазбасы» аты берілді және әлі күнге дейін толық сыры ашылған жоқ.  Сырт көзге жазба орхон-енисей жазбаларына келеді. Осы уақытқа дейін сақтарда жазу мәдениеті болмаған, оның дәлелі жоқ деп ғалымдар үшін бұл шынымен де үлкен жұмбақ еді. Бірнеше тіл зерттеуші ғалымдар өз нұсқасын ұсынып көрді, бірақ ол аудармадан еш мағына шықпады. Бұл түркі тіліне де келетін, кей жері ирантілдес топқа да ұқсап кетеді.  Ресми аудармада: «Бауырым, (бұл) Отаның! (Бейтаныс жан) аяғынан тік тұр! Халықтың қазынасы көп» деп беріледі. Бірақ қандай мақсатта, кімге қарата айтылғаны белгісіз.     

Моланың солтүстік жағында қиюластырған 10 тақтайдың үстіне ханзада жатқызылған. Оның үстінде тек алтыннан жасалған мерекелік киім кигізіп, басын теріскейге қаратып қойыпты. Бас киімі (шамамен 65-70 см) алтыннан құйылған 200 әшекеймен әспеттелген. Киіміне қарап ханзадаға «Алтын адам» есімі беріледі. Археолог Ақышев сүйекті қазып алған соң бірден Алматыдағы ғылым академиясына, антрополог Исмағұловқа жеткізеді. Бірақ оның өте нашар сақталғанына байланысты мөлшерлі жасы болмаса басқа ерекшеліктерін зерттеу мүмкін болмаған.

 Әшекейлердің барлығы «аң стилінде» жасалған. Ішінде арқар, барыс, жылқы мен құстар жиі кездеседі. Мойнындағы алқаға жолбарыстың бейнесі орнатылған. Үстіндегі алтыннан оқылған бешпетке бұғының мүсіні сияқты белдік тағылған. Белінің сол жағында қысқа қанжар-акинак байланса, оң жағында алтын жалатқан қылыш бар. Екеуі де шауып бара жатқан жылқы тәріздес тері қынға салынған. Қолында патшаға тән бас киім киген адамның қырынан бейнеленген сақина-перстень киігізілген. Алтын адамның киіміндегі пластинка түріндегі алтын әшекейлер 4000 мыңға жуық.

Есік обасынан табылған алтындатылған әшекейлер, тұрмыстық заттар мен жалпы жерлеу рәсімі жоғары технологиямен дайындалған. Жерленгеннен кейін қаншама ғасыр өтсе де археологиялық жәдігерлердің еш бүлінбестен сақталуы осының айқын дәлелі. Бірінші зерттеуден бастап-ақ сақтар дәуірінің қаншалықты әлемдік өркениеттен алда болғанын байқауға болады.

Есік обасы әртүрлі көлемдегі 45 моладан тұрады. Олардың әрқайсының диаметрі 30 бен 90 метр аралығында, биіктігі 4 метрден 15 метрге дейін жетеді. Сырттай басқа обалардан еш айырмашлығы жоқ. Қазақ даласында сан мыңдап саналатын бұл обалар біздің дәуірімізге дейінгі 1 мыңжылдықта салынған және барлығы дерлік тоналған. Тіпті Есік обасының өзіне қарақшылар екі рет түсіпті, бірақ еш археологиялық технологиялық шаралар қолданбаған соң қорғанның төбесі ортасына түсіп, барлығын тонап кетуге бөгет жасапты. Міне, сондықтан да сақталып қалған Алтын Адам ұазіргі ұрпаққа тәуелсздік пен бабабалар тарихының символы болып отыр.

Бірақ қорғаннан шыққан ханзада кім деген сұрақ көптеген адамдарды алаңдатады. Ғалымдар зерттеу негіздеріне талай пікірталас та ұйымдастырды. Бұл жерде кешенді түрде үш сұрақты зерттеген ғалымдар келесідей тұжырымдар айтады:

Бірінші жұмбақ: сақтар қайдан болған? «Бұл үлкен, әлі шешілмеген сұрақ» дейді Ресей ғылым академиясының профессоры Валерий Гуляев. Жоғарыда айтылған үш сұрақтың шешуін ұзақ уақыт іздеп келе жатқан ғалымдар үшін Есік обасының ханзадасы отқа май құя түскендей болды. Сеебі жәдігерлер қай нұсқа болсын сөзін сөйлеп тұр еді. Әзірге бұл сұрақ ашық күйінде қалды, мүмкін Қырым өңірінен табылған сақ қорғандары бір жарық берер деген үміт бар.

Екінші жұмбақ: Қорғаннан табылған еркек пе, әйел ме? Бұл сұрақтың жауабын қазіргі технология бойынша ДНК-сараптама жасап оңай табуға болатын еді, бірақ сүйек қазір жоғалып кеткен. Ия, дәл солай. Қазба жұмыстарының жетекшісі Ақышев оны Исмағұловқа бергенін айтады. Сол археологиялық топта болған Б. Нұрмұхамбетов «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштері» атты кітабында «Біз сүйектерді жеке бір корапқа жинап, антрополог оның жасы мен жынысын анықтауы үшін беріп жібердік» деп жазады. Ал Исмағұлов мырза: «Маған Кемал Ақышев сүйектерді берді, бірақ қайтадан алып кетті. Қайда, не үшін алып кеткенін білмеймін. Мен толық зерттеу жасап үлгермедім, себебі археологтар қателік жіберді. Олар антропологты бірден шақыруы керек еді, бірақ бізге кеш айтып, келгенше сақтау жағдайы жасалмаған сүйектер бұзыла бастаған. Оның үстіне мен толық дене сүйектерін емес, маңдайын, жағын, жамбасының бір сынығын ғана көрдім...» деп жазады.  Исмағұлов жақтарын зерттеу негізінде жерленген адам 18-20 жаста болғанын анықтайды. «Жақтары нәзік, сүйір еді. Бірақ бәрібір бұл әйел адам үшін тым үлкен болатын. Мұрын, маңдай тұстарына қарап еркек екенін бірден анықтауға болады. Бірақ күдік әрқашан қалады ғой, әттең қазір хромосомалық зерттеу жасауға мүмкіндік жоқ» деп күйінеді Исмағұлов.

Бірақ Алтын адамның қасынан табылған заттар оның жігіт болғанына күмән тудырады. Мысалы обадан табылған әрлеуші бояулар салынған сөмке. Бұл мөлшермен сол заманға келетін әйелдер моласынан табылған заттармен үндеседі. Және де кішкене акинак-қанжар да әйелдерге тән қару болған. Жерленген кезде  киімдер сақталмаған, тек алтын әшекейлер қалып қойған. Сондықтан да киіміне қарап жынысын анықтау мүмкін емес. Бірақ барлық ғалымдардың бір ауыздан келісетін бір анықтамасы – моладан табылған адам Жауынгер болған. Соғысқа қатысқанына ешкімнің күмәні жоқ.

Киіген киімдеріндегі әшекейлер Алтын адамның текті болғанынан хабар береді. Сақтар үшке бөлінгенін білеміз: хаомварга, тиграхауд және парадарайя. Алтын жауынгердің қайсы тайпаға жатқанын да анықтау мүмкін емес. Бір нұсқа бойынша бас киіміне қарап тиграхаудтарға келетін сияқты. Себебі биік, шошайған бас киім сақтардың сол тайпасына тән болған. Бірақ нақты бір шешім әлі шыққан жоқ.

Және де ғалымдар бас қатыратын үшінші сұрақ: Сақтарда жазу болған ба? Үлкен күміс табақтағы жазу «осы уақытқа дейін сақтарда жазу болмаған, қажеттілік туындамаған» деген гипотезаны жоққа шығарды. Бірақ бұл сақтар жазбасы ма, мүмкін басқа өңірден сыйға келген, соғыста олжа болған ыдыс болуы да мүмкін ғой? Себебі «Есік жазбасына» ұқсас таңбалар Ауғанстанның біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырлардағы жәдігерлерінен, Өзбекстан мен Тәжікстанда табылған,  б.д.д I-V ғасырларда жазылған деп танылған таңбаларға өте ұқсас. Ал академик А. Аманжолов «Бұл жазбалар көне түркі тілінен келуі мүмкін» деген болжам айтады. Бірақ қалай болғанда бұл бей-берекет салына салған таңбалар емес, белгілі бір орфографиялық заңға бағынатын жазба екені анық.

Осылайша есік обасынан табылған жәдігерлер осыған дейін мүмкін емес деп есептеліп келген сақ мәдениетінің бар екенін, тіпті Жетісудың сақ мәдениетіндегі ерекше орнын дәлелдеп берді. Бұл «қас сақ» болып қалыптасқан қазақ халқының түбін, генаологиялық тамырын анықтады. Біз де бабаларымыздың мәдениетін құлақпен естіп қана қоймай, көзбен көріп, қолмен ұстайтын дәлелдер таптық. Сондықтан Есік обалары қазақ тарихындағы қасиетті орын болып саналады.

Мақала авторы - Алмас Тоқабаев
Материал автордың рұқсатымен жарияланды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз