«Ботай мәдениеті»

05.10.2017

Табиғат сұлулығымен қоса көне тарихты қойынына алып жатқан Айыртауда әлемнің назарын аудартқан «Ботай мәдениеті» деген атпен танымал жер бар. Ол Иман Борлық өзенінің жағасында орналасқан. Ботай – жер атауымен бірге жеке адамның да атымен байланысты екенін ғалым Ә.Шалтықов өзінің жазған кітаптарында бірнеше тарихи деректерді келтіріп, дәлелдеп кетті. «Ботай мәдениетінің» Андрон мәдениетінен де ары жатқанын айтып, тарих тереңіне сүңгіп, болашақ ұрпақ үшін маңызды айғақтарды алып шықты.

Жалпы, Ботайдың әкесі өз кезегінде Абылайханмен қатарлас, оның жақын серігі болған екен. Он сегізінен-ақ хан жасағымен бірге, жауға қарсы шауып, ерен ерлігімен танылған. Әкесі Досан Абылайханның Петербургқа жіберген елшілігін бастап барып қайтқан. Бұл құжаттар қазіргі Шоқан Уәлихановтың мұражайында тұр. Ботай Айғаным ханшамен көрші болған екен. Кіші жүз ханы Кенесарының көтерілісіне кіші баласын жіберген. Өмірден түйген-білгені көп, көзі ашық көкірегі ояу Ботай бабамыз отаршылдық әрекеттерге ашық түрде қарсылық білдіріп, патшаға бас имеген. Халықтың басын қосып, жер үшін күрес жүргізіп, елдікті биік қойып, нағыз азаматтылығымен көзге түскен. Енді міне, Ботай атауына "мәдениет" сөзі қосарланып, тек еліміз үшін емес, әлем үшін де үлкен маңызға ие тарихи орын болып отыр.

Бұл мәдениет жайлы бірінші рет мәлімет ұсынған ХХ ғасырдың 70 шы жылдарындағы өлкетанушы, тарих пәнінен дәріс берген Есләмбек Зәкіриянов болды. Ол өз шәкірттерін Ботай ауылының көне жұртына апарған кезде, шашылып жатқан тарихи жәдігерлерге куә болған. Яғни, мал сүйектерінің қалдықтары, аңшылыққа қолданған құрал-сайманның бөлшектерін, тастан, балшықтан жасалған ыдыстардың сынықтарын ұшырастырып, бұлардың бостан бос жатпағанын сезіп, облыс мұражайына апарып береді. Міне, осыдан кейін-ақ, бұл жерге басқа да ғалымдар мен өлкетанушылардың назары түсе бастады.

"Ботай мәдениетін" әлемдік аренаға алып шыққан Виктор Зайберт болды. Ол мұражайда жатқан экспонаттарды көріп, олардың құрылыстарын қарап шығып, жасалу әдістерін зерделеп, жәй нәрсе емес екенін бірден аңғарады. 1980 жылдары Петропавлдағы педагогикалық институтта сабақ беретін тарих пәнінің оқытушысы Зайберт осылайша Ботайға аттанады. Ол мұнда арнайы экспедиция ұйымдастырып, қазба жұмыстарына кірісіп кетті. Оның ізденістері өз нәтижесін беріп, 150-ден аса елді-мекеннен, жүз жиырма мыңға жетеқабыл заттар тапты. Ең басты тапқан олжасы – жылқы малының сүйектері еді. Олардың саны 70 мыңнан асты. Ботайды ежелгі адамдардың мекені екенін дәлелдеген Виктор Зайбертке осы еңбегі үшін Берлин оқу орнының мүшесі ретінде ғылыми атақ берді. Ол талмай зерттеудің нәтижесінде «Ботай мәдениетіне» төрткүл дүниенің назарын аудартты.

Десек те, Зайберттің мәлімдемесіне сыни көзбен қараушылар жетіп артылды. Олар бұл оқиғаны әлі нақтылауды талап етіп, «ұлы державалық» ойдың жетегінде қалып, сенбейтіндіктерін көрсетіп бақты. Кеңес Одағы тұсындағы бұл оқиғаға тосырқап қараушылардың көп болғаны таң қалдырмайды. Сонымен, 1983 жылы Ботай мекенінде бүкіл одақтың басын қосқан, ал тәуелсіздік алғаннан соң 1995 жылы әлемдік деңгейдегі семинарлар ұйымдастырылып, бұдан бес мың жыл бұрын жылқы малының қолға осы жерде үйретілгені, оны асырап, көлік ретінде, тамақ, тіпті сусын ретінде пайдаланғанын дәлелдеген тұжырымдар айтылды. Ғылыми тұрғыдан нақты айғақтар келтіріліп, дәлелденді. Күдіктенгендердің аузына құм құйылды. Сондай-ақ, аттармен бірге, арбаның да осында алғаш рет қолданылғаны белгілі болды.

Осыдан кейін-ақ, 1998 жылы «Ботай мәдениеті» тарихи ескерткіш ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп, еліміздегі жоғары, орта мектептердің оқулықтарына кіргізілді. Бұл мәдениеттің жер қойнынан аршылуы біздің елдің тарихын елу ғасырға кері шегіндіріп, одан ары тереңдете түсті. Қазақстан егемендік алғаннан соң, «Ботай мәдениетіне» зерттеулер күшейді, бұл тек біздің ғалымдарымызды емес, шетелдік археологтар мен тарихшыларды қызықтыра түсті. «Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүние жүзілік тарихтың сан мың сұрағының жауабын дәл осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр» – деді, АҚШ-тың атақты оқымыстысы Д.Энтони. Ал Кембридж университетінің оқытушысы, профессор Маршал Левине Айыртауға келіп, ғылыми экспедиция жасады. Жас ғалым Виктор Зайберт арнайы шақыртумен, Ұлыбританиядағы Оксфорд, Эдинбург, Белфаст сынды атақты оқу орындарына барып, «Ботай мәдениеті» жөнінде дәріс өткізді. Әлемдік телекомпания BBC ертедегі адамдардың өмірінде маңызды рөлге ие, олардың мінсе көлігі, жесе тамағы болған жылқы жануары туралы арнай телехабар таратты.

Кембридж университетінің археологиялық мұражайында Ботай жайлы арнайы көрме өткізіліп, дүние жүзі археологиясының ең үздігі ретінде аталды. Сол секілді Ботай жерінде «Мәдени мұра» бағдарламасымен де көптеген жұмыстар жасалды. Нақты айтар болсақ, аталған мекенде тарихи, археологиялық қорық ұйымдастырылды. Бір жарым гектар аумақты алып жатқан қалашық қоршалып, 150-ден аса үйдің орны аршылып, қалыпқа түсірілді. Ол үй-жайлар біріне-бірі жалғасып, отызға тарта құрылыстар жасалынды. Осылай бірдей жоспармен тұрғызылған ұзындығы елу метрдей көшелер салынды. Әрбір көшеге шамамен, он бес – он алты үй жайғастырылды.

Мұндағы шаруашылыққа пайдаланылған құрал-саймандар да әр түрлілігімен ерекшеленеді. Олар сан алуан тас, саз балшықтарынан, сол секілді сүйектен істелгені анықталды. Олардың әр қилылығына қарап, шаруашылықтың да өзінше күрделірек болғанын аңғарамыз. Тастан жасалған тоқпақтар, түрлі пішіндегі пышақтар, сан алуан қанжарлар, найзалардың ұштары, балық аулау үшін қолданылған шанышқылар, жылқы малына пайдаланған жүгеннің сүйектен әзірленген тетіктері, жылқыны ұстауға лайықталған ілгектер кездеседі. Ал үй-жайларды тұрғызу үшін балға мен қашауды, шот пен кескішті, ағаш қыратын заттарды қолданған екен. Сондай-ақ, ботайлықтардың тастан жасалған бұрғы мен шой балға, түрпі секілді қосымша құралдары да болған.

«Ботай мәдениетін» зерттей келе, мұнда тері өңдеу ісінің керемет дамығанын, тігіншіліктің де кең өріс алғанын, керамикалық өндірістің болғанын дәлелдейтін көптеген заттар табылды. Ол заттарды жасау үшін ботайлықтар ат сүйегін кеңінен қолданып отырған. Ал жерлеу салты қандай болған деген сұраққа келер болсақ, мұнда тотемизмнің, бабалардың әруағына сыйынудың дәстүрін бірден аңғаруға болады. «Ботай мәдениеті» осындай өзінің өзгеше тарихымен, ерекшелігімен басқа мәдениеттерден бөлек екенін көрсетеді. Тарихи обалары бар Айыртау жері әлі де толық, түбегейлі зерттеуді талап етіп отыр. Арнайы қаржы бөліп, жаңа техникалармен жабдықталған экспидиция ұйымдастыру бүгінгі күннің ісі.

Ботай жерінде бір кездері ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру қолға алынбақ болған, бірақ ол жоба ақыры айтылған сөз күйінен әрі аспады. Ауданнан Ботай мұражайын ашу, баба басына арнайы ескерткіш тақтасын қою, тек қана қазақстандықтар тамашалайтын емес, әлем халқы келіп көретін туристік орталыққа айналдырып, еліміздің тарихын саяхатшыларға ашып көрсету – міне, осы сынды көптеген кезек күттірмейтін мәселер бар. «Ботай мәдениеті» – еліміздегі ең ежелгі мекеннің бірі және бірегейі. Біздің дәуірімізге дейінгі елу үш ғасырдың асыл қазынасы. Дала өркениетінің бастау алған тұсы дәл осы жерде. Алғаш жылқы малын қолға үйреткен мекен.

«Ботай мәдениеті» – әлемдік тарихқа өзгертулер енгізген орын. Ол бүгінгі күні Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарынан табылып отыр.

Мақала авторы - Сандуғаш Мамышқызы Фотографии: kazinform.kz, bnews.kz, egemen.kz, kazpravda.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз