Тоқтар Әлімбеков: «Шаштараз ашатын болсаң, Америкада несіне оқыдың?» дейтін

18.09.2017

Тоқтар Әлімбеков – жас кәсіпкер. Бүгінде Шымкенттің қақ ортасынан «Chaplin's Barbershop» ерлер шаштаразын ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек жастардың мәдениетін көтеруге, қаланы көркейтуге, құқықбұзушылықтың алдын-алуға арналған әлеуметтік жобалардың авторы. Тынымсыз жігіттің тындырымды тірліктеріне сүйсіндік.

АҚШ президентінің грантымен тегін оқыдым

Тоқтар Шымқаладағы М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияның табалдырығын аттаған. Мұғалімнің айтқанын лезде қағып алатын қағілез, тиянақты, алғыр мінезінің арқасында едәуір жетістікке қол жеткізді. Балаларының бұдан да тереңірек білім алуын көздеген ата-анасы Тоқтармен ақылдасып, оны дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне (қазіргі білім-инновация лицейі) бермек болады. Жүздеген оқушының алдын орап, екі кезеңнен тұратын емтиханнан сүрінбей өткен ол 7-сыныбында сол мектепке оқуға қабылданады. Мектеп қабырғасында жүріп республикалық, халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Ұлттық біріңғай тестілеуде жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанады. Президенттік грантты жеңіп алып, 2011 жылы Алматыдағы КИМЭП-ке түседі.

–  Әрине, бұл жоғары оқу орнының Президенттік грантын ұтып алғанымда қуанышымда шек болмады. Көңілім алып-ұшып, Алматыға аттандым. Бәрі жап-жақсы-ақ басталған еді. Қазан айында университет басшылығы Президенттік грант деп мені тегін оқыта алмайтындарын, оқу ақысының 50 пайызын төлеуге міндетті екенімді айтты. Қарапайым отбасында тәрбиеленген маған оқудың жарты ақшасының өзін төлеу қиындық тудыратын еді. Ары қарай білімімді жалғастырудан бас тартып, құжаттарымды қайтарып алдым да, АҚШ-қа аттанып кеттім. Мичиган штатындағы Орталық Мичиган университетінің президенттік гранттын жеңіп алып, жеке кәсіпкерлік, экономика саласында 4,5 жыл білім алдым. Үздік аяқтап, былтыр туған өлкеге қайтып оралдым, – дейді Тоқтар.

3 миллион теңгені 6 айда ақтадық

Жалынды жас оқыған-тоқығанын, көңілге түйгенін іс-тәжірибеде қолданып көруге бел буады. Содан кейін 100 күнде 0 теңгеден бастап, кәсіп ашамын деп өз-өзіне мақсат қояды. Қыркүйектің басында басталған жобаны 30 күн жоспарлайды, 3 миллион теңге құя алатын инвестор мен орын табады, 50 күн ғимарат салғызып, іші-сыртын әрлейді, 20 күні құжат жинауға, жарнама жасауға кетеді. Осылайша, 2016 жылдың қараша айында Шымқалада алғашқылардың бірі болып, «Chaplin's Barbershop» ерлер шаштаразын ашады.

  • Шымкентте таныссыз, көке-жәкесіз, парасыз іс бастау қиын деп бәрі айтады. Мен осы стеротипті бұзғым келді. Талай кедергілер кездесті. Мысалы, бір бөлімнің басшысы маған үш рет калькулятор ұсынды. Мен де түк түсінбеген адам секілді үш рет калькуляторын қайтарып бердім. Осылайша бір жапырақ қағазыма мөр басылмай, қол қойылмай қалды. Содан соң «Хабар» мен жергілікті телеарна журналистерін, прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдерін шақырып, өз жобамды таныстырдым, қиындықтар жайлы айттым. Қызығы сол, осыдан кейін ешкім калькуляторын ұсынбады, шаруаларым жылдам шешімін тауып жатты, басқа кедергілер кездеспеді, – дейді жас кәсіпкер.

Ашылғанына әлі жыл толмаса да, Тоқтар ашқан шаштараз Шымкентке танымал болып үлгерді. Олар инвестор құйған 3 миллион теңгені жарты жылдың ішінде ақтап, бүгінде табысқа шыққан. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отыр. Шебер шаштараздардың жалақысы 200 мың теңгеден асады.

  • Біз шаш алатын, сақалды сәнді қоятын мастерлерді үш деңгейге бөлеміз. Ең үздіктеріне «барбер» деген атақ беріледі. Олар стильдің бәрін біледі. Екіншісі жай ғана мастерлер,  біз оларды үйретеміз. Үшіншісі мүлдем шаш ала алмайтындар. Өзіміздің жеке мектебіміз бар. Оған шаштараз, барбер болғысы келетін жігіттерді оқуға қабылдап, кейін өзімізде жұмыс істеуге мүмкіндік береміз немесе біздің сертификатпен кез келген шаштараз қуана қызметке қабылдайды. Тек шаш алуды ғана емес, адамның психологиясын түсінуді, тілдесуді үйретеміз. Мысалы, кейбір тұтынушы шаш алдыртып отырып сөйлескенді жақсы көреді, ал екінші адам керісінше болуы мүмкін. Сосын сақалдың, шаштың өзіндік стильдері бар. Әр барбер суретші сияқты. Әркім өзінше сурет салады. Бірақ ол әдемі болуы керек, – дейді Тоқтар.

Ол жарнама саласы бойынша бірнеше тәжірибе жүргізіп көрді. Дәстүрлі жарнамадан, яғни, телеарна, газет беттеріне, қолданушысы көп әлеуметтік желі парақшаларына жарнама орналастырудан бас тартты.

  • Ашылу салтанатына екі ай қалғанда сайқымазақтарды (клоун) жалдап, оларды Чаплиннің стилінде киіндіріп, қала көшелерін аралаттық. Олар ешқандай жарнама қағазын таратпады. Тек адамдармен суретке түсті. Сосын адамдардың реакциясы бойынша анализ жасадым. Және де қабырғаға 3х3 метр графити әдісі бойынша Чаплиннің суретін салдырдық. Бұл  адамның миына білдірмей сіңіру әдісі деп саналады. Яғни, көлік жүргізушілері болсын, жаяу жүргіншілер болсын бізге қарауға 3 секунд уақыты болады. Сол кезде «Бұл – Чаплин», «бұл – ерлер шаштаразы», «бұл – стиль және мықты мастерлер» деген ассоциация болу керек. Идеям өз нәтижесін берді, бізді қазір адамдар жақсы біледі. Негізі Шымкентте орташа шаш алу бағасы – 800 теңге, ал бізде – 3 мың теңге. Басында ер адамдар «Неге сіздерде қымбат?» деп таңғалып сұрап, кейін тұрақты тұтынушымызға айналады. Өйткені біз әрбір тұтынушы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Басында мені туған-туыстар, тіпті ата-анам да түсінбеді. «Шаштараз ашатын болсаң, Америкада төрт жыл несіне оқыдың? Одан да сені аттай қалап, шақырып отырған экономика министрлігіне, тым болмаса Шымкент қаласы әкімдігіне жұмысқа бармайсың ба?» – деп ақыл айтатын. Бірақ мен жас кездегі уақытымды кеңсеге қамалып, компьютерге үңіліп, қағаздарға көміліп өткізгім келмеді, – дейді Тоқтар.

Аптаның әр жұма күнінде өнерге қызығушылығы бар жастар шаштараз алдына жиналады. Өйткені, бір сәт те бос қарап отырмайтын Тоқтар музыкант қыз-жігіттерді жинап, көше бойында ән салып, кеш өткізеді. Қолына гитара, домбыра алған жастар осылайша Шымкент аспанын ән-күйге бөлеп, өткен-кеткен жүргіншілерге керемет көңіл-күй сыйлап жатады.

«Печа-куча» Шымкентте танымал жобаға айналды

Қаңтар айынан бастап Тоқтар тағы бір істі қолға алған. Жапондардың танымал «Печа-куча» жобасының лицензиясын алып, досы Наурызбай екеуі кездесу ұйымдастыруды бастады. Командасында жанып тұрған алты қыз-жігіт бар. Олар әр ай сайын ел алдында жүрген, белгілі бір жетістікке жеткен, айтар ойы бар, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген жандарды шақырып, жастардың басын қосып, ой-пікір алмасады.

  • Біз осы жобамызға қолдау көрсетуін сұрап, біраз есікті тоздырдық. Шенеуніктерге, кәсіпкерлерге спикер болуын өтіндік. Ат-тондарын ала қашты. Басында ешкім түсінбеді. Сендер «сектантсыңдар», «қаржылық пирамидаға адам жинап жүрсіңдер», «ерікпей, пайдалы жұмыс істесеңдерші» дегендер де болды. Әйтеуір жеті адам түсініп, бізге спикер болуға келісті. Залды тегін алдық. Ойдағыдай өтті. Одан кейін барып адамдар қызыға бастады. Біз бұл шараны Шәмші Қалдаяқов атындағы филормонияда, «Металлургтер» сарайында, Опера және балет сарайында, «Гараж» мейрамханасы, тағы басқа орындарда 8 рет өткіздік. 20-30 мыңды өз қалтамнан шығарамын. Өйткені, ұйымдастыршылардың ары-бері жүретін жолы, тамағы, алатын майда-шүйде заттар бар.  Шымкентте «Корица» деген кафетерий бар. Оны да дөңгелетіп отырған Рауан деген жас жігіт. Барып, сол жігітке «Қаланы, адамдардың көзқарасын өзгерткіміз келеді, осындай жобамыз бар, қолдау көрсетуге қалай қарайсыңдар?» – деп ұсыныс айттық. Бірден келісті. Әр шара сайын 200 адамға тегін кофе мен тәттілер ұсынады. «Палитра» деген баспаны басқарып отырған Тахир деген жігіт бізге баннер, және адамдарға тарататын ақпараттық кітапша шығарып береді. Үш жас кәсіпкер бірігіп, осылайша қала өміріне қозғалыс жасадық. Шарамызға ешкімді қинап шақырмаймыз. Адамдар өздері қызығып, сайтымызға тіркеледі. Тегін. Мысалы, бір кездесуге ең көп 380 адам жиналған болатын, – дейді Тоқтар.

Олардың мақсаты – қала тұрғындарына өз қаһармандарын таныту. Ұйымшыл қыз-жігіттер аз уақыттың ішінде қала тұрғындары асыға күтетін, әр кездесуден мотивация алып қайтатын жоба жасай алды. Марафоншы Ақмарал Мейірман, өнертанушы Кендебай Қарабдалов, шығыс медицинасының дәрігері, диетолог Әбдірашит Түлкібай, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, тарихшы Алексей Гончаров секілді тағы басқа да азаматтар жастармен емен-жарқын тілдесіп, ой бөлісті.

Тоқтардың командасы

  • Америкада бизнес иелері әлеуметтік жобаларға үлкен қолдау көрсетеді. Ал бізде кәсіпкерлер қайырымдылық шараларына ақша бөлгенімен, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсеткісі келмейді. Жақында достарымызбен бірігіп «U: projects» деген жобаны бастадық. Шымқаладағы білім, мәдениет, қауіпсіз қала, қайырымдылық, IT сияқты барлық сфераны қамтымақпыз. Олар да 0 теңгемен басталған жобалар. Басқа да идеялар көп. Бар мақсатым – бір адамның болсын айналасына деген, өмірге деген көзқарасын жақсы жаққа өзгерту, – дейді Тоқтар.

Қала мәдениет, әдебиет, руханият жағынан дамымаса бәрі бекер

Тоқтар қала өміріне үлкен өзгеріс енгізетін ірі жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Сондықтан болар қолға алған қандай шаруасы болсын тиянақты атқарылып, алғысқа бөленіп жатады. Қасында өзін қолдайтын, жан-жақты ысылған достары бар. Өзі орыс, түрік, ағылшын, қытай тілдерін меңгерген. Қазір араб тіліне қызығып, ден қойып жүр. 

  • 5 жасында-ақ бөтелке жинап, сатып жүретінсің деп ата-анам күледі. Соған қарағанда кәсіпкерлікке икемім бала кезден қалыптасқан сияқты. Ал Америкада жүргенде сенетін ешкімім жоқ қой. Еден де, ыдыс-аяқ та жудым, түрлі жарыстарға қатысып, шәкіртақы ұтып алдым. Сосын ағылшындарға орыс тілін үйреттім. Әйтеуір бос қарап жүрмейтінмін. Бір семестрді Сингапурдың  Наньянг технологиялық университетінде оқыдым. Сол жерде Дінмұхамед Қонаевтың кітаптарын оқып, өмірге деген көзқарасым қатты өзгерді. Алдыма нық мақсат қойдым. Дипломымды ала сала Шымкентке оралдым. Қала әкімінің сол кездегі орынбасарына барып, жүзеге асырғым келетін жобаларды жайып салдым. Ол кісі кейін ысырды. Жарты жыл үзіліс болды. Бәріне қолды бір сілтеп, Астана, Алматыға кетіп қалғым келді. Адамдар: «Қолыңнан келмейді» деп талабыңды қайтарады, сын айтады. Бірақ оны жөндеу үшін өзінің балама ұсынысын айтпайды. Ал  шетелде ондай емес. Жобаңның кемшіліктерін көрсетіп береді, өзінің балама ұсынысын айтады. Бір күні «Бетімнен қақты деп бос жүре бергенім болмас, Шымкенттен мен қашып кетсем, басқалар кетіп қалса, кім өзгертеді? Жайлы қаланы,  жақсы орынды кез келген ортада жасауға болады» деп жобаларымды біртіндеп қолға алдым. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы прокуроры  Ибраһим  Иманов  көп қолдау көрсетті. Ол кісіге алғысым шексіз. Сондай-ақ, «Отырар» телеарнасының тілшілері біздің әр жаңалығымызды ел-жұртқа жеткізіп, ақпараттық қолдау танытты. Шымкент енді үшінші мегаполис атанбақ. Биік ғимараттар бой көтеріп, гүлденіп жатыр. Бірақ мәдениет, әдебиет, руханият жағынан дамымаса бәрі бекер. Бір жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жобаларды жүзеге асырдық. Алла қаласа, ары қарай да жалғастыра береміз, – дейді ол.
Сұхбаттасқан - Әйгерім Бегімбет Фотографии: Тоқтар Әлімбековтың жеке мұрағатынан
Материал автордың рұқсатымен жарияланды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады