Қырманға кел, қалқатай!

10.10.2017

Берекелі алтын күзде қырманға аттанған Сыр жастары дала еңбегінің қандай болатынын өз көздерімен көріп қайтты. Жігіттер жағы күріш жинап, егін орып, білек күшін сынаса, қыздар таңның атысынан сиыр сауып, дала жұмысына кірісті. «Туған жер» бағдарламасы және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында өткен «Жақаев ізбасарлары Ақмаяда» атты облыс жастарының еңбек-тынығу лагеріне қырыққа жуық студент-ерікті қатысты.

Еңбек лагеріне келген жастар алдымен Ыбырай Жақаев ауылына аялдады. Онда Ыбырай Жақаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, Еңбек Ерінің ұрпағы Сейітбек Жақаевпен кездесті. Егістік басында үш топқа бөлініп жұмыс істеген жастар масақ жинап, комбайндардың күріш құюына атсалысты. Үш күнге созылған шара барысында көшбасшылық пен кәсіпкерлікке байланысты семинар-тренингтер де өтті. Сонымен қатар, қол күрестен, самаурынға шәй қоюдан, табаға нан жабудан, қашықтыққа жүгіру марафоны мен арқан тарту және брейн-ринг сайыстары өткізілді.

Эльянора Рахман, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың студенті:

– Бұған дейін жастарға арналған бірнеше жобаларға қатыстым. Алайда, мен үшін «Жақаев ізбасарлары Ақмаяда» еңбек лагерінің орны ерекше болды. Себебі, біз ата-әжемізден естіген даладағы нағыз еңбекті көзімізбен көріп, ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араластық. Жаңадан достар тауып, қырман басында олармен бір нанды бөлісіп жедік. Фермадағы жұмыстың қаншалықты қиын екендігін, еңбектің нанының тәтті болатынын сезіне білдік. Сондай-ақ, Ыбырай Жақаев атамыздың жүріп өткен еңбек жолымен танысып, білімімізді арттырдық. Бұл жобаның біз үшін берген тағылымы мол болды. Жалғасын тауып жатса, міндетті түрде қатысып, өз үлесімді қосуға әркез дайынмын.

Дамир Серікұлы, студент:

– Еңбек лагеріне бару арқылы алғаш рет егіс алқабын көрдім. Өзіміз күнделікті тұтынатын күріш дақылынан тек астық қана емес, басқа да тұрмыста пайдаланатын дүниелер шығатынын білдім. Әлбетте егістіктегі жұмыстар оңайға соқпады. Дала еңбегіне араласпайтын біздер үшін қара жұмыстың қиындау болғаны рас. Дегенмен, ден қойып кіріссек, барлығын игеруге болатынын түсіндім. Жоба барысында біршама мағлұматтарға қанықтық.

Бұл шараны ұйымдастыруға Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Шиелі ауданының әкімдігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес-START» орталығы ұйытқы болды. Еңбек лагерінің басты мақсаты – белсенді жастарды еңбекке, кәсіпкерлікке, елжандылыққа баулуға, туған жерге деген патриотизмді нығайта отырып, болашақ жас мамандарды ауылға жұмысқа шақыруға бағытталды, - дейді ұйымдастырушылар.

Жандос Оразмаханов, «Бизнес-START» орталығының жетекшісі:

– «Жақаев ізбасарлары Ақмаяда» жобасы барысында студенттер еңбек етумен қатар, ауыл шаруашылығы мен ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында дайындаған бизнес-жобаларын қорғады. Үздік деп танылған жұмыстарға қаржылай сыйақылар берілді. Дала еңбегіне белсене араласқан жастарға «Егістік батыры», «Жоба жұлдызы» және «Лагер Көшбасшысы» номинациялары ұсынылды. Облыс жастары арасында өткізілген бұл шараны алдағы кезеңдерде республикалық деңгейде ұйымдастыру жоспарымызда бар.

«Біз табиғат өзі қайта түлетіп отыратын ұрпақпыз. Жер-Ана мен су, ауасы адамзаттың ұрпақтан ұрпаққа мұра етілген зор қазынасы. Әр ағаш пен шыбықты, бір түйір дәнді де ыждағатпен сақтап, оған қамқорлық ету – негізгі міндетіміз». Бұл – күріш өсіруден рекордтық көрсеткіш жасап, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың сөзі. Осы ұлағатты сөздерді жадына тоқыған Сыр жастары жомарт жерге еңбек етуге үлес қосуды көздейді.

Сурет - Жандос Оразмаханов Мақала авторы - Сағира Уәли
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз