Бағдат Әбдіқадыр: "Қазіргі тренд - білімді болу"

17.11.2017

 «Іздеңсең жетерсің мұратқа...»  Бағдат Әбдіқадырдың бала күнінен жадында жатталып, санасына сіңіріп өскен сөзі бұл. Ол ауылда тұрды, қарапайым мектепте білім алды. Есін білгелі айналасындағы әр құбылысқа зер салып, ғажайып әлемнің сырын танып-білуге ұмтылды. Зерек ұлдың алаңсыз білім алуына ата-анасы да бар жағдайды жасап бақты.

2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы «Қазақстан» атындағы жалпы орта мектепті үздік аяқтаған соң арманын арқалап, Алматыға, Алатау бөктеріне жол тартты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми физика мамандығына грантпен оқуға түсті. Ауылдан ұзап шықпаған оған оқудың алғашқы күндері қиын болғаны рас.  

– Менің әкем 43 жыл ұстаз болды. Химия-биология пәнінен сабақ беріп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. Қазір зейнеткер. Жасы 87-де. «Заттыбектің ұлы бұзық не болмаса сабақты дұрыс оқымайды» деп айтпасын деген оймен ағам екеуміз кішкентай кезімізден әкеміздің атына кір келтірмеуге тырыстық. Үлгі тұттық. Жолын қуғымыз келді. Ағам Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеттің физика мамандығын бітірді. Қазір Түркияда доктарантурада білімін жалғастырып жатыр. Ал мен бакалавр мен магистратураны аяқтаған соң, ауылға оралдым. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік өмір көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Алматыда өткен ең бақытты сәттерім өмірге деген көзқарасымды қалыптастырды, танысың мен туысың жоқ алып шаһарда түйткілді мәселелерді өз бетіңше шешуді үйретті. Жақсы мен жаманды ұғындырды, – дейді Бағдат.

Ол магистратураға түскеннен кейін білімін Болгарияда жетілдіріп, Литвада жарты жыл оқыды. Таным көкжиегін кеңейткен білім сапарынан көп дүниені көкейге түйіп, ғылыми ізденісін молайтып, ағылшын тілін жетік меңгеріп қайтты.

***

Бағдат Шымкентке оралған соң, әр мекеменің есігін бір қағып, түйіндемесін тапсырып, жұмыс іздеуге кірісті. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне физика пәнінің оқытушысы қажет екенін естіп, бақ сынауға барады. Университет ұжымы қолындағы қос қызыл диплом мен құлшынған жас маманды көрген соң сенім артып, жұмысқа қабылдайды.

– Жұртқа Оңтүстікте көке-жәкесіз, таныссыз, парасыз жұмысқа тұру мүмкін еместей көрінеді ғой. Туыс-туған, дос-жаран «Кеше ғана жоғары оқу орнын бітіріп кеп, аты дардай университетке қалай орналастың?» деп сұрайды? Бір тиын бермей кіргеніме сенбей жатады. «Жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отыратын, ізденгісі келмейтін жандар осындай қасаң қағидаға иланып, істің көзін таба алмай жүреді. Биыл университет студенттеріне дәріс беріп жүргеніме 3 жыл болды. Жыл сайын тәжірибем толысып келеді. Осы қара шаңырақтың табалдырығын аттаған сәттен бастап Сара Ақзамқызы, Бақытғали Рахашев және Дәулет Бердалиев ағайларым жақсы маман болып қалыптасуыма көп септігін тигізді. Бірақ жас оқытушының жалақысы мардымсыз болатыны белгілі ғой. Ауылдан қатынаған соң барып-келген жолың мен тамағыңнан артылмайды. Бір жылдан кейін қосымша жұмыс істеуге кірістім. Сосын «Ваш репетитор» деген сайтқа өзімнің өмірбаянымды толтырып, хабарландыру ілдім. Осылайша, қоңырау шалып,хабарласқан мектеп оқушылары мен үлгермей жүрген студенттерге бос уақытымда ақылы курстар өткізе бастадым. 2015 жылы Шымкенттегі ең үздік білім ұяларының бірі, Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия ұжымы физика пәнінен оқушыларға элективті курс өткізуге жоғары оқу орнында дәріс беретін оқытушы іздепті. Оны университеттегі ағайым айтты. Барып бағымды сынап көрдім. Қабылдады. Қазір оқушыларды олимпиадаға, басқа да білім сайыстарына даярлаймын. Университет пен мектептің өзара айырмашылығы бар. Мектеп оқушыларымен жұмыс істеген қиындау. Еркелейді. Оларға қатты айтып ұрса алмайсың. Соңғы екі-үш жылда мектепте істеген оңай емес екенін түсіндім, – дейді Бағдат.

***

Ол жоғары оқу орны мен мектептің арасын жол етіп жүріп, ойындағы тағы бір арман-мақсатын орындауға бел шеше кірісті. «Өзі туып-өскен ауылдың оқушыларына арнап жеке оқу орталығын ашамын» деген ойға студент кезде-ақ бекіген. Тек іске асыратын сәтті күтіп жүрген. Күтсе, күтіп жүре беретін түрі бар. Ата-анасына айтып көріп еді, бірден қолдай кетті. Енді кең әрі жарық, оқушыларға сабақ өткенге ыңғайлы кабинет табу керек. Ауыл әкіміне барды.

– Ол кезде ауылдың әкімі Болат Әділбеков деген аға еді. Қабылдауына жазылып, өзімнің мақсатымды айттым. Ауыл балаларының білім деңгейін көтеріп, оларды облыстық, республикалық олимпиадаға, ғылыми жобалар сайысына, жоғары оқу орнына дайындағым келетінін жеткіздім. Ұсынысым ұнап, көмектесетін болып келісті. Бізде екі Мәдениет үйі бар. Соның 18х 6 шаршы метр болатын бір залын тегін берді. Есептеп қарасақ, ол залды үшке бөліп, есіктерін қоюға, басқа да жөндеу жұмыстарына 200 мың теңге қажет екен. Болат аға өзінің қалтасынан 50 мың теңге ұсынды. Өзімнің жазғы еңбек демасымның ақшасы түскен. Бәрінің басын құрап, жұмысты бастап кеттік. Бұрын өзім оқыған мектептің директоры қажетсіз боп қалған алты партаны берді. Оны сырлап, жөндеп алдық. Осылай физика және математика тобын аштық,. Физикаға 7 бала, математикаға 6 бала қатысты. Жаз бойы 11 баланы дайындап шықтық. Бағасын ауыл тұрғындарының қалтасына лайықты еттік. Математика айына  6 мың теңге, аптасына үш рет болады, физика 4 мың теңге, екі рет өтіледі. Ал қазан айынан бастап, химия, биология, ағылшын, математикалық сауаттылық деген пәндерді қостық. Жаңадан қосылған пәндерге ауылдың үздік жас мамандарын қосымша жұмысқа алдық. Ауылдың көп тұрғыны бір айлыққа немесе жәрдемақыға қарап отырады. Сондықтан кешіктіріп беретіндері бар. Түсіністікпен қараймын. Сондай-ақ, бір үйден екі бала немесе, бір бала екі пәнге қатысса, 15-20 пайыз жеңілдік жасаймыз, – дейді Бағдат.

Анасы мен келіншегі – Бағдаттың көмекшілері. Ол институт мен мектептегі сабағын беріп, ауылға жеткенше, кабинеттерді тазалап, оқушыларды түгендеп, қадағалап отырады. Оқу орталығына «Альфа» деп ат қойған. Бұл атауды досы Абзал ұсыныпты.

– Бізге осындай оқу орталығын ашуға мүмкіндік берген ел ағаларына алғысымды білдіргім келеді. Қазір тек жылу, су мен жарыққа ғана ақша төлеймін. Ал жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды 3 айда ақтадық. Нағашы ағамның баласы 120 мың теңгені қолыма ұстатып, демеушілік танытты. Оған жаңадан 12 парта жасаттым. Ауылдың баласы алғыр болғанымен, сәл ұяңдау. Жақсылап бағыт-бағдар берсең, өз-өзіңе сенімді болса, іліп кетеді. Ізденеді. Маржан, Сәуле, Аружан, Нұрила есімді өте жақсы оқитын, болашағынан мол үміт күттіретін қыздар бар. Қазіргі заманның мұғалімі әмбебап болуы керек деп санаймын.  Сосын сабақты қазір әлемде болып жатқан жаңалықтармен немесе киномен байланыстырып түсіндіремін. Қарапайым мысал, атмосфералық қысым деген – қалыпты жағдайдағы ауаның кез келген денеге түсіретін қысымы. Ауа көрінбейді. Оның «онның бес дәрежесіндегі паскаль қысымы» бізге әсер етеді. Біздің табиғатымыз соған бейімделген. «Егер қысым болмаса, жағдайымыз қалай болар еді? Үлкен шыны ыдыс жасап, оның ішіндегі ауаны толық сорып тастап, ауасы жоқ кеңістікке бір адамды отырғызып қойса не болады? Бес минутта не көресіңдер?» десем оқушылар ойланып қалады. Сол кезде «Терминатор» фильмін мысалға келтіремін. «Ауасы жоқ жерде адамның беттері жалпайып, құлақтары түсіп, формасы бір-бірінен ажырай бастайды. Сол үшін біз атмосфералық қысымға не істеуіміз керек?» – десем, «рахмет айтуымыз керек» дейді оқушыларым күліп. Солай қызықты түсіндіруге тырысамын. Кез келген құбылысты оңай жолмен ұғынса, олардың сол пәнге деген қызығушылығы оянады, – дейді Бағдат.

Оның бар мақсаты, арман-тілегі ауыл балаларының білім деңгейін арттыру, әсіресе жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын ояту, республикалық, халықаралық білім сайыстарының жеңімпаздарын шығару. Сол үшін қала мен ауылдың арасын жол қылып, тыным таппай еңбек етіп жүр. «Жұмыс жоқ» деп бос қарап жүрген жастар жалқаулықты жаны сүймейтін, университет, мектеп және оқу орталығының ортасында шапқылап, үш жұмысты қатар алып жүрген Бағдаттан үлгі алса дейсің.

Фото авторы: Әйгерім Бегімбет

Мақала авторы - Әйгерім Бегімбет
Материал автордың рұқсатымен жарияланды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады