Маралды көлі несімен шипалы?

Отандық туризм

Павлодар облысының Шарбақты ауданында орналасқан шипалы Маралды көлінде демалыс науқаны осы тамыз айында басталған еді.

Ақын Мұзафар Әлімбаев:

« О, Маралдым, Маралдым!

Сенің үшін жаралдым,

Топырағыңнан нәр алдым.

Көзіндейсің сен маған,

Атам менен анамның»,- деп жырға қосқан үш жүзге мәлім, шипалы Маралды көлі бүгін де емдік қасиеті мол батпағымен көпке белгілі.

Биыл жергілікті билік органдары Маралды курортты аумағының инфраструктурасын дамытып, пансионат маңына асфальт төсеп, айналасын барынша гүлдендірген болатын. Биыл тіпті мұнда демалушыларды бұғы мүйізінің қанымен емдеуді қолға алу жоспарланғаны айтылған еді.

Маралды курортты өлкесі облыс орталығына 50 км қашықтықта орналасқан. Осы жылы облыс әкімінің қолдауымен демалыс аймағына апаратын 3,5 км күре жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көлдің жағасында тұщы су шығатын тереңдігі 100 метр болатын ұңғыма қазылды. Бұрындары тоқ жүргізілмеген кейбір жерлерге тоқ тартылып, келушілерге қолайлы демалыс ұйымдастырылды.

Маралды көлі емдік қасиеті мол тұз бен минералдарға бай. Мұнда келушілерге шипасы мол балшықтың төрт түрімен емдік шаралар жүргізіледі. Курорт әкімшілігінің айтуынша жыл сайын мыңдаған демалушылар жанына сая, денсаулығына пана іздеп келеді.  

Демалушылардың бірі Ғалым Асқаров: «3-4 жыл бұрын демалуға келгенімізде көлігіміз батпаққа батып, бұл аймаққа кіріп-шығу мүмкін емес еді. Тек жабайы жағалау мен шұрық-тесік жолы есімде қалыпты. Десе де суы шипалы болғандықтан келетінбіз. Биыл демалыс аймағының инфраструктурасы айтарлықтай көркейіп, демалушыларға жақсы жағдай жасалыпты. Өте қуанышытымыз»,- дейді.

Сандуғаш Кенжебаева, демалушы:

– Шипалы көлге емдік қасиетін сезіну үшін арнайы келдім. Көлдің суы ащы, алайда өте таза. Міне биыл үшінші жыл қатарынан келдім. Әрине түрлі ауруға шипасы мол екеніне көз жеткізгендіктен келеміз. Аяқ-қолдың сырқырауы, буын ауруларына таптырмайтын дәрі. Мұнда сосын көбінесе аяқтан суық тигізген ер адамдар емделуге көптеп келеді. Маралды демалыс кешені көз алдымызда гүлденіп, жан-жақтан ағылған демалушылар неғұрлым жайлы демалуға жағдайлар жасалып жатыр екен. Естуімізше жергілікті әкімшілік бюджеттен қомақты қаражат бөліп, демалыс мекемесін дамытуға көңіл бөліп отыр. Бұл әрине бізді қуантады.

Өткен жылы осы аймақтағы өлкетану музейі мен Ғабдылаухит Хазреттің мавзолейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, демалушылар осы аймақтың мәдени және тарихи құндылығымен жақынырақ танысуға мүмкіншілік қарастырылған. Курорт басшылығы келушілердің саны екі есеге артқанын алға тартады. Ауруына шипа іздегендер қатары жыл өткен сайын көбеіп келеді екен. 

Биыл демалыс аумағында балаларға арналған арнайы демалыс бұрышы ашылды. Құны 150 миллион болатын аквапарк ірі жобасы салынады деп күтілуде. Жоғарыда айтып өткеніміздей алдағы уақытта мұнда демалушыларды марал мүйізінің қанымен емдеу қолға алынбақ. Ол үшін маралдар өсірілуде. Аудандық әкімшілік бұл жобаға инвестораларды тарта отырып, туристік маршрутты Шарбақты ауданының көрікті жерлерін аралататындай етіп ұйымдастырмақ.

Шарбақты аудананың әкімі Ризагүл Негманованың айтуынша, демалушыларға қызмет көрсететін арнайы көліктер қатынайтын болады. Енді сіз көлге демалғаннан кейін саяхаттауға аңсарыңыз ауса аталған көліктердің қызметіне жүгініп, қарағайлы орманға аттануыңызға болады. Орманның ішінде де айналасын биік ағаштар қоршаған керемет көл бар. Болашақта сол көлдің айналасын дамытып, демалуышыларға қолайлы жағдай жасау жоспарланған.

#Маралды #отандық туризм

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер