Киелі Қазақстан: Ақтөбе облысына саяхат

Кие тұнған өңір

Қазақстан жеріндегі киелі орындардың жүздігі жасалғаны белгілі. Міне, ол орындардың қатарына Ақтөбе облысынан бірнеше кешендер мен қорымдар кіріп отыр. Атап айтар болсақ, Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр мемориалды кешені, «Хан моласы» қорымы және Есет батыр мемориалды кешенi.

Абат-Байтақ қорымы

Кесене Ақтөбе облысына қарасты, Қобда ауданы, Талдысай елді-мекенінің оңтүстігінен 12 км жерде орын тепкен. Ел арасында жүрген аңыз-әңгімелерде бұл кесене Асан қайғының ұлы Абат мезгілсіз өмірден озғанда, жергілікті тұрғындардың күшімен аз уақыттың ішінде бой көтергені айтылады. Абат батырдың ескерткішіндегі «байтақ» сөзінің қосарлануы осыдан шыққан дейді. Яғни, «кең» сөзі бірге ілесіп кеткен. Десек те, құрылыстың сәулет стилі төрелердікіне ұқсайды. Ескерткіштің үстінде он бір қырлы тұғырға бекітілген шошақ боп келген күмбезді көруге болады. Жалпы тұрқы төртбұрышты кесененің ауданы 9,52х9,8 метрді құрайды. Бірінші биіктігі 16 метр болған, жауын-шашынның және тағы басқа сабептермен бізге 14,5 метр ғана жетіп отыр. Негізгі қабырғасы шикі кірпіштен тұрғызылған, іші сазбен сыланса, сырты күйдірілген кірпішпен қапталып шыққан.  Aбaт-Бaйтaқ кесенесі қос күмбезді шатырлы құрылыстың бірі. Көпшілік қателесіп жүрген центрик кесене емес. Оның ішкі құрылысы да төртбұрышты болып келеді. 8 бен 16 өрімдердің әрленіп күмбездің ішіне өтуі, ескерткішке ерекше көркемдік береді. Батыс пен шығыс дуалдарда арка ойықтары жасалған. Күмбездің тұғыры мен арка ойықтарын әрлеп, безендірген. Оны сәулеттік құрылысы бойынша Хорезм ескерткіштеріне және ХІІ ғасыр аяғы мен ХVІ ғасыр басында бой көтерген Арслан, Көк Кесене, Текеш секілді кесенелерге ұқсатуға болады.

Абат-Байтақ қорымы түрлі өрнектермен әсемделіп салынған құлпытастарға бай. Мұнда олардың екі жүзден астамы кездеседі. Құлпытастардың басым бөілігі ақ пен ақ сұр болып келген әктастардан жасалған. Биіктіктері бір мен екі метр аралығында. Олардың тұрғызылған уақыты да әртүрлі. Мәселен, кейбірінен ХVІІІ – ХІХ ғасырдағы қазақ шеберлерінің өзіндік қолтаңбасын анық аңғаруға болады. Оларға негізінен өмірден өткен адамның аты-жөні, өмірдерегі және кейбіріне шыққан рулары жазылған. Бүгінде қорым республикалық деңгейде қорғалатын нысандардың біріне айналып отыр.

Бұл кесене туралы бірінші боп мәлімет берген француз саяхатшысы - Ж.Кастанье. Ол басқарған экспедиция ХІХ ғасырда бұгінгі Ақтөбе жеріне аяқ басып, қорым  туралы тың деректер жазып қалдырады. Одан кейінгі зерттеулер тек ХХ ғасырда жалғасын тапты. ХХ ғасырдың 70-жылдары М.Меңдіқұлов осында ат басын тіресе, оның жүргізген жұмыстарын 1979-80 жылдары С.Әжіғалиев басқаруымен «Казреставрация» бірлестігінің экспедициясы жалғастырды.  Соңғы келтірілген мәліметтерде кесененің қалыңдығы үш метр, биіктігі бес метрге жететін қасбет екені айтылды.  Ілгеріде айтқанымыздай, кесене биіктігі 16 метрге дейін жеткен. Оның күмбезіне бірнеше шақырымнан жолаушыларға көрініп, жалтырап тұру үшін алтын жалатуы мүмкін деген әңгімелер де бар. Бертінірек, Абат-Байтақ кесенесін қайта қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа нұсқасы көне ескерткіштен айнымай жасалды. Орта ғасырдағы кірпіштерді дайындау үшін Қобда ауданынан жаңа кірпіш зауыты ашылды.  Тағы айта кетерлігі, «Абат-Байтақ» кесенесіне ұқсас кесене Ресейдегі Челяьбенск аймағынан да табылған екен. Ол ескерткішті өткен ғасырда-ақ жөндеп, жаңа қалыпқа енгізген. Он жыл бұрын Абат-Байтақ кесенесіне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында айтарлықтай қаржы бөлінген болатын. Қазірде кесене мемлекеттік қорғауда және Қазақстанның киелі нысандарының тізімінде тұр. 

Қобыланды батыр мемориалды кешені

Қобыланды батыр бір халықтың ғана емес, жалпы түркі әдебиетіндегі есімі көпке таныс батырлардың бірі. Жалпы оның 45-50 жастағы жауынгерлік бейнесі, мүсіні бір кездері қайта жаңғыртылып Ақтөбедегі мұражайға берілген еді. Ол ХV ғасырда Алтын Орданың тарих сахнасынан жойыла бастаған кезде ғұмыр кешкен.  Бізге жеткен аңыз-әңгімелерде ол «Қарақыпшақ Қобыланды» деген атпен жүр. Сол секілді, Қобыландының мықты әскербасы болғандығын білеміз. Біздің ауыз әдебиетте бұл батырға арналған, ғасырлардан-ғасырларға жеткен эпостық жыр бар. Ол жерін, елін жаудан қорғаған, өшпес ерлігімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, жыршылар мен ақындардың жүрек қылдарын шерткен. Оның батырлығын таңнан таңға ұрып, жырлаған екен.

Қазіргі мемориалды кешен тұрған жерде Қобыланды батыр жерленген делінеді. Өз дәуірінде халқын дұшпандардан қорғаған қаһарманға арнап ескерткіш тұрғызылған. Бірақ, ол өкінішке қарай, заман талабына шыдас бермей бұзылып кетіпті. Қобыланды батырдың сонда моласы қалғаны туралы халық ауызында жүрген аңыздар ғана бар. Ал нақты тарихи мәліметтерді еш жерден көрмейсіз. Бұл жайында 1906 жылы Қобда, Елек бойын зерттеуге келген ғалым В.Карлсон былай деп жазып қалдырыпты: «Илицкая Защита қорғанынан Ойылға қарай 40 км-дей жерде, Қобда өзеніне Ешкіқараған өзенінің құяр жерінде Қобыланды батырдың зираты бар. Дегенмен, ол бұзылып кетіпті. Орнында тек үйінділер жатыр». 

Одан кейін де бұл орын зерттелгенімен, тек 2004 жылы Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасымен арнайы ғылыми қазба жұмыстары жүргізіле бастады. Осылайша, Қобыландының мүрдесі жатыр деп көрсетілген жер қазылып, тың деректерге куә болдық. Яғни, ол жерде заманында үлкен кесене тұрғызылған екен. Кесененің ені 8,90 метр болса, ұзындығы 11,6 метрге жеткен. Қабырғасының қалыңдығы бір метрдей болған. Мазардың пішіні төртбұрышты. Десек те, бұл үлкен кесенеден тек бірлі-екілі кірпіш қана қалыпты. Қабырғалары да жауын-шашынға шыдамай мүжіліп кеткен. Ең жақсы сақталған батысындағы 5-6 қатармен тұрғызылған кірпіштер.

Бұл кірпіштер археологтардың болжамы бойынша ХІV-ХV ғасырға тиесілі. Сол секілді зерттеу жұмыстары кезінде батырдың бірлі-екілі сүйектері табылған. Қобыландының денесі қара жерге тапсырылып, оның басына, жоғарыда айтып кеткен кесене тұрғызылған соң, тағы да қос адамның жерленгені белгілі болып отыр. Олардың да сүйектері қазылып алынды. Сол уақыттары сүйектерді тапқан археолог Шаяхметовтен, ғалым Ысмағұловтар алып жеке зерттеп, оның батырға тиесілі екенін нақты анықтап берді. Осылайша Қобыландының сүйектері араға екі жыл салып, 2006 жылы молаға әкелініп, қайтадан жерленді. Ал келесі жылы сол уақыттары Ақтөбе өңірінің әкімі болып тұрған Сағындықовтың ықпалымен батырдың құрметіне кесене тұрғызылды. Кешеннің сәулетшісі еліміздегі бірнеше сәулет ескерткіштерінің авторы – Б.Ибраев. Қобыланды батыр кешенінің басты ескерткіші батырға арналған мазар болып табылады. Оның пішіні дулығаға ұқсатып салынған садақ іспеттес. Биіктігі айшыққа дейін қоса есептегенде 16 метр, 89 см болса, диаметрі 16 метрге жетеді. Мемориалды кешеннің құрамына батырдың өзіне арналған «Даңқ» атты бөлме мен бірнеше белгі тастар (1996 жылы арнайы қойылған екі табиғи тас, 2006 жылы қайтадан сүйегін қара жерге табыстағанда қойған белгі тас пен батырдың өзі қасиетті санап, табынған «Қайрақ тас»)кіреді. Қобыланды батыр кешені бүгінде Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне еніп, арнайы қорғауға алынған ескерткіш болып есептеледі.

 «Хан моласы» қорымы

Ел басқаруда өзінің керемет көрегенділігімен көзге түсіп, халық арасында біраз беделге ие болған хандардың бірі Әбілхайыр жатқан моланы халқымыз екі жүз жыл бойы қасиетті санап, зиярат еткен екен. Тек өткен ғасырда атеисттердің азғын саясаты кесірінен, халық жиі баруын тоқтатқан. Бізге жеткен деректерде қорымды 1979 жылы өзінің «Үркер» романын жазу кезінде Әбіш Кекілбаев арнайы іздеп барады. Ол уақыттары ханның зиратын дәлме-дәл тауып берушілердің көзі болған. Кеңестік саясаттың тырнағы қатты батқаны соншалық сол дәуірде хан бейітіне арнайы белгі қою мүлде мүмкін болмапты. ХХ ғасырдың соңына қарай, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Әжіғали бастаған Тарих және этнология институтының этнология бөлімі зерттеу жүргізген еді.

«Хан моласы» – ежелгі қорымдардың бірі. Ол Ақтөбе облысына қарасты Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан 90 км қашықтықта жатыр. Ғалымдар ат басын тіреп, енді ғана көңіл қойып зерттей бастағанда, бұл маңда санаулы төмпешіктер мен әр жерде құлап жатқан құлпытастар ғана көзге ілігетін. Ал күмбезді зираттар бүгінге жетпей жапырылып, жермен-жексен болып кеткен. Әбілхайыр ханның мүрдесі осы қорымда жатқандығын халық арасындағы әңгімелер ғана емес, орыс ғалымдары да өз жазбаларында айтып кетеді.

1898 жылы И.Крафт бұл қорымның Торғайдан 80 км қашықтықта жатқандығын, хан моласының басында ерекше өскен тал барын жазған, сол секілді бұл орынды киелі тұтып, тәу етіп келушілер көп болғанын айтады. Ал тәуелсіз Қазақстан тұсында «Хан моласы» 2007 жылдан бері толық зерттеліп, оған археологтар ғана емес, тарихшылар, этнографтар, сәулетшілер мен геофизиктер, антропологтар мен генетиктер тартылды. Моланың алып жатқан орны 16 га жетеді. ХХ ғасыр соңында осы орыннан 700 зираттың орны белгілі болса, одан кейінгі зерттеулерде олардың саны мыңға жуықтады.

Бізге жеткен мәліметтерде Әбілхайыр ханның қыпшақтық дәстүрмен жерленгені, яғни қару-жарағы өзімен бірге жер қойнына тапсырылғаны анықталды. Ал мола басына ұлы Нұралы 12 ағаш отырғызған. Зерттеушілер хан зиратын сол арқылы іздеп тапқан. Бірнеше жылдар бойы жүргізілген зерттеулерден соң, бұл орын мемориалды кешен болуы керек деп шешіліп, осы іс қолға алынды.

Кешен 2015 жылы толық аяқталып, 2-қазанда ашылу салтанаты өтті. Әбілхайыр ханға арналған кешен тұрғызу мақсатында республикалық байқау жарияланған еді. Онда сәулетші Б.Ибраевтың нұсқасы үздік танылып, мақұлданған. Бұл кешеннің құрамына Әбілхайыр ханның кесенесі мен үш бөліктен құралған ескерткіші кіреді.  Биіктігі – 23 метрге жетеді. Ол бөліктердің төменгі тұсында «Әбілхайыр хан» деген жазу және Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даланы мекендеген қазақ руларының таңбалары түскен. Кесене биіктігі 15 метрге жетеқабыл. Диаметрі 8,5 метрді құрайды. Құрылыс жүргізушілер ол орыннан сараптамалық жұмыстар барысында бұрынғы кесене қалдықтарын тауып алды. Бұл тарихи кесененің іздерін сақтау мақсатында жаңа ескерткіш кеңейтіліп, сегіз қырлы етіп салынған еді. Құрылысқа арнайы Ақтау өңірінен алдырылған ағылай тасы пайдаланылды. Тастың күн мен желге мүжілмей, нығая түсетін қасиеті бар.

Есет батыр мемориалды кешені

Есет батыр 1667 – 1749 жылдарда өмір сүрген жаужүрек батыр, сонымен қатар білгір саясаткер.

Батырға арналып тұрғызылған кесене Ақтөбеден 44 шақырым қашықтықта орналасқан Бестамақ ауылында тұр. Батырдың мүрдесі де осы жерде жатыр. Жаужүрек батыр өмірден озған соң, 1750 жылы алғаш арнайы кесене тұрғызылған. Ол дәуірде батырды халық қадір тұтып, сыйлап, құрметтеген. Ал 1980 жылдары бестамақтықтар біріге отырып, батырдың басына ақ кірпіштен құлпытас қояды. Құлпытастың биіктігі – 1,7 метр, ені – 3 метрге жетеді. Ұзындығы 5 метрді құрайды. Ауыл тұрғындарының ортадан қойған құлпытасы көптің көңілінен шықпай, алынып тасталған еді. Егемендік алған соң, 1992 жылы Есет Көкіұлының 325 жылдығына орайластырып, жаңа кесене бой көтерді. Оның құрылыс материалына Маңғыстау жерінен алдырылған ұлутастар пайдаланылды. Кесене биіктігі – 11 метр, ені – 5 метр. Сәулетті құрылыс қазақтың киіз үйінен аумай қалған. Кесененің мұндай пішінде салынуы – алыстан-ақ көзгі түсіп, жолаушылардың назарын аударту болған сыңайлы.  Сәулет құрылысының авторы – Т.Жонысбеков. Кесененің батыс қабырғасында Есет батырдың биіктігі үш метрге жететін мүсіні қойылған. Кесене төбесі эпиграфиялық фриз архитектурасы іспеттес.

Кесене ішіндегі бас бөлмеде қызыл тастармен әрленген табыт сияқты зират үйіндісі жатыр. Шығыс бетінде мемориалды стело мен екі араб қолтаңба тақтайшасы бар. Есет Көкіұлының кесенесі республикалық сәулет құрылстарының тізімінде және мемлекеттік қорғауда тұр. Кесенеге барамын деген жолаушылар үшін арнайы тас жол төселіп, Ілек өзенінің үстінен өтетін көпір қойылған. Мемориалды кешенде шалғайдан келушілер үшін тұрғызылған үй мен арнайы бөлмелер бар. Сол сияқты қабылдау бөлмесі, намазханалар, құрбандық шалу мен ас дайындайтын орындар қарастырылған.

Есет батыр 1667 жылы Батыс Қазақстанда өмір есігін ашқан. Ол Кіші жүздің құрамына кіретін тама руының өкілі болып табылады. Есет қазаққа аты мәлім Бөгенбай батырдың қызын алған екен. Есеттің әкесі де өз заманында халқын жаудан қорғаған батыр болған. Оның өліспей беріспейтіндігіне орай, ел арасында Таймас батыр атанып кеткен. Ол Салқам Жәңгірге көмекке келген Жалаңтөс Баһадүрдің жасағының құрамында болып, ойраттарды жеңуге ат салысқан. Орбұлақ шайқасында ерен ерлігімен ерекшеленген батыр. 

Есеттің арғы атасы ХVІ ғасырдың орта тұсында Сафа-Гереймен болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан, қазаққа аты белгілі қараша-бегі Шора Нәрікұлының өзі екен. Бұл турасында «Қазан хандығының тарихы» атты шығармада айтылып кетеді. Кейбір деректерде ол түрік халықтарына танымал «Шора батыр» эпосының басты кейіпкері делінеді. Тама руының шежіресіне көз салсақ, Көкіден тараған үш ұлды көреміз. Олар Қарабас, Тоқтағұл және Есет. Десек те, кей деректерде Есеттің інілерінің аты аталады. Сол сияқты тарихшылар арасында батырдың дүниеден қайтқан уақыты да әртүрлі көрсетіледі.

Мемориалды кешен бүгінде Қазақстанның киелі нысандарының тізімінде тұр. Батырдың аруағына дұға етіп, Құран бағыштап келушілер аяғы басылған емес.

#киелі қазақстан

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер