Қарақаралы-Баянауыл: мұхит түбіне саяхат

Шымкенттік турист Ғалымжан Оразымбет көзімен
Қарқаралы туралы көп естідім. Оның әдемі таулары, мистикаға толы Шайтанкөл, табиғаты туралы әңгімелер ұнайтын. Былтыр Шыңғыс Әбдіразақ досымның Қарқаралыға сапары жайлы оқығам. Содан кейін биылғы демалысымда қалай болғанда да баруым керек деп шештім. Ақыры Оңтүстіктен мың жарым шақырым кесіп келеді екенмін, бір ғана Қарқаралымен шектелмей, бағдарыма Баянауылды да қосайын дедім. Сонымен кезекті еңбек демалысым басталған бетте жолға шықтым.
Қарқаралы
Қарқаралы қаласы Қарағандыдан 220 км, шығысқа қарай орналасқан. Бастапқыда Қарқаралы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде 1824 жылы салынды. 1868 жылы уездік қалаға айналды. Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында атақты Қоянды жәрмеңкесі өтетін. Құнанбай Өскенбайұлы Қарқаралыда мешіт салдырған. Бұл мешіт бүгінге дейін сақталған, келушілерге есігі ашық.
Шымкенттен Қарқаралыға қалай жетуге болады? Мүмкін бұл сұрақ сізге ерсі көрінер, «әлбетте пойызбен не ұшақпен» деп жауап берерсіз. Бірақ жаз маусымында пойызға билет табу мүмкін емес, ал ұшақ билеті қарапайым турист үшін қымбат. Сондықтан Шымкент-Астана бағытындағы автобусқа отырдым. Шымкенттен Қарағандыға дейін автобус билетінің құны – 5 мың теңге. Сапар ұзақтығы - 20 сағат. Трассаның кей аралықтары болмаса, жалпы жол жаман емес. Қарағандыдан Қарқаралыға дейін таксимен, inDriver 2 мың теңгемен жетіп алуға болады. Қарқаралыдан Ұлттық паркке дейін таксимен 500-600 теңге немесе жаяу баруға да болады. Қарқаралыға жете бергенде-ақ табиғаты баурап алды. Жасыл жазира далада қарағайлы орманнан желмен үрлеп әкеткендей әр жерде шоқиған қарағай түптерін байқайсыз. Кей желдің екпіні қатты болды ма, ірі тастарды да өңгеріп, әр жерге қонжитып тастапты. Ал Қарқаралының өзіне келгенде қарағайлы орманы, жақпар тасты таулары көзді арбайды. Таулардың сұлулығы соншалық, адамды өзіне ғашық етіп тартып тұрады. Бір қырдан біріне асып жүре бергің келетін тартылыс күшін байқадым. Шайтанкөлге барып, қоршаған жақпар тасқа көтерілген адам оның ар жағында одан асқан сұлулық барын байқайды. Сұлулыққа жеттім деп барғаныңда, одан бетер ғажап көріністер ашыла береді. Тау құрылымына келсек, тау дегеннен гөрі ерекше реттілікпен ыждағаттылықпен келістіріп жинап қойған жақпар тастардың кешені сияқты. Тастар пішіні маған бірден Атлантида осы өңірде болмады ма екен деген ой салды. Себебі тастарды жел мұндай жұмыр формаға келтіре алмасы анық.
Барған күні ашық болғанымен ертеңінде таудың басын бұлт торлады. Мәдидің «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» дейтініндей екен. Қарқаралы салыстырмалы түрде аласа тау болғанымен, бұлттар төмен орналаса ма, әлде түнерген бұлттар дәл төбеңде тұрғандай әсер бере ме, бүкіл тау, орман бұлтқа сүңгіп кеткендей әсер қалдырады екен. Оның үстіне Шайтанкөлдің мистикалық атауы да бұл көрініске өз әсерін тигізді ме, қайдам. Жалпы, барам деген адам салқын климатына дайын болып барғаны жөн.
Қарқаралыға жолыңыз түссе, міндетті түрде көретін 2 нысан бар – Шайтанкөл және таудың басында орналасқан бассейн. Шайтанкөлге көтерілу оңай. Асықпай көтерілсеңіз 40 минут-1 сағат аралығында жетесіз. Жолдың соңғы бөлігі ғана өрлеуде.

Шайтанкөлдің екінші аты – Әулиекөл. Бірақ халыққа сіңісті болып кеткені Шайтанкөл. Өзіндік сүйкімділігі бар атау емес пе? Осы мистикаға толы атауының өзі, оған байланысты аңыз әңгімелер адамдарды шақырып тұратын сияқты. Таудың басында жатқан көл. Оған құятын өзен, бұлағы жоқ. Соған қарағанда жер асты су көзі бар-ау. Бірақ көңіліме сәл келмеген жері – мен таудың басында жатқандықтан көлдің суы тұп-тұнық деп ойлаған едім. Біздің Шымкент өңіріндегі таудағы сулардың түсі мүлдем басқа еді. Бәлкім астындағы өсімдіктер түсіне байланысты ма, әлде судың өзінің түсі сондай ма екен. Судың түсі суық, мистикалық сипатына сай. Суға түсу ойыңнан айнытып жібереді екен.
Қарқаралы тауындағы тағы бір нысан - тауда орналасқан бассейн. Оның маршруты сәл күрделірек. Басында түзу соқпақтан басталғанымен ары қарай қиялап өрмелеп отырасыз. Дегенмен уақыты жағынан бірдей. Соқпақ жолдың өзі қызық. Қарағайдың жуан тамырлары көрініп жатады. Әлгі сөйлейтін тамырлар, қозғалатын ағаштары бар мистикалық фильмдердің көрінісін еске салады. Көтерілген соң жеткеніңізге өкінбейсіз. Бассейнге келсек, таза қолдан жасалған сияқты. Таң қаласың. Оның астында да бұлақ па, су көзі болуы тиіс. Себебі жауынның суы десек, басынан бұлт арылмай үнемі жауып тұруы керек болар. Оның үстіне сондай көлемді су жиналуы үшін воронкамен құйылатындай жауып тұруы керек. Су тұп-тұнық. Бұл жер Шайтанкөлден ұнамдырақ болды. Шайтанкөлдің кіре берісі ашық қой. Ал бұл су 100% таспен қоршалған. Өте әсерлі.
Бассейннің жан-жағы түгел тау тастарымен қоршалған
Қарқаралыны турист ретінде бағалап, келесідей артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтуді жөн көрдім.

Артықшылығы:

Табиғаты. Орман, тау, көл (екі көл). Өзге өңірлердікіне ұқсамайтын ерекшелігі бар.

Аңыз-әңгімелері. Шайтанкөл атауының өзін артықшылыққа жатқызар едім. Баратын жердің аңыз, әңгімелерінің молдығы да сол жерге бару құлшынысыңды арттырады.

– Жергілікті халықтың, түптеп келгенде қаланың қонақжайлығы. Американ фильмдерінде көретін позитивті шағын қалалар бар ғой. Дәл сондай атмосфера. Тіпті осы қаланың тұрғындарының біріне айналғың келетіні бар. Былай қарасаң дамып кеткен ештеңесі жоқ. Қарапайым қала. Кей туристік қалаларда болады ғой түрлі шаралар, фестивальдер, жарқ-жұрқ еткен аттракциондар. Мұнда жым-жырт. Тыныш. Өзімен өзі өмір сүріп жатқан қала. Бірақ сондай бір жылылық еседі. Адамдары мейірімді, жылыжүзді.

Кемшілігі:
Статусы. Қарқаралы бұл туристік нысан емес, мемлекеттік ұлттық табиғи парк. Осы статусына сәйкес «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңына бағынады. Яғни ол туристерді көп тартатын аймақ емес, керісінше ерекше қорғауға алынған аймақ. Парк аймағына кіреберісте туристер 400 теңге төлейді. Бұл жергілікті бюджеттің, я болмаса ұлттық парктің жыртығын жамайтын айтарлықтай қаражат емес. Қарқаралының туристік аймақ болуға барлық потенциалы бар, бірақ болмай отыр.

Сервис, сауда-саттықтың дамымауы. Кез келген туристік аймақтың қызығын көретін ең алдымен жергілікті халық. Келген-кеткен туристерге айран-сүтін, қолдан жасаған бұйымдарын сатады, атпен серуен ұйымдастырады, велосипедтерін жалға береді дегендей. Бірақ Қарқаралы туристік аймақ ретінде қарастырылмағандықтан, жергілікті халық бұл мүмкіндіктен қағылып отыр. Қарқаралыға барғанда бұлардың ешқайсын байқамадым. Сырттан келген туристер көп болса жергілікті дүкеннен сауда жасар. Бірақ әдетте туристердің алатын дүниесі санаулы. Жергілікті қонақүйлердің де дамып кеткенін байқамадым. Өздері санаулы ғана, бағалары арзан. Ал кафелер туристерге бейімделмеген. Мәселен, біз таңертең барғанда таңғы ас ішетін 1 ғана кафе болды. Жексенбі күндері көбісі жабық.
Баянауыл
Қарқаралыдан Қарағандыға оралып, Баянауылға жиналдым. Дүйсенбі күні Баянауылға шығатын таксилер табылмады да, автобуспен шықтым. Автовокзалдан күнделікті автобустар жүреді екен. Билет ақысы 2 мың теңге. Багажға қоятын жүгіңізге қосымша ақы төлейсіз. Менің жүгіммен жалпы 3170 теңге болды. Билетті автовокзал сайтынан онлайн алуға болады Ара қашықтығы 257 км. Сапар ұзақтығы 6 сағат. Қарағанды-Баянауыл жолының нашарлығын бірден айтып қояйын. Ал Астана-Баянауыл жолы әлдеқайда жақсы.
Жасыбай Баянауыл елді мекенінен 15 шақырым жерде орналасқан. Туристік аймаққа кіру құны адам басына 560 теңге. Жасыбай - таза коммерциялық бағытта ашылған туристік аймақ. Көлдің жағасында палатка лагері бар. Бұл аймаққа кіру үшін күніне 300 теңге төлейсіз де, палаткаңызды алаңсыз құра бересіз. Қосымша ақыға шай қайнатып алуға (200 теңге), сотканы зарядтап алуға (200 теңге), душқа түсуге (300 теңге) болады. Көрсететін қызмет түрлері көп. Қажет болса сізге палатка, отын басқа да керек-жарақтарды да береді. Туристер де ағылып жатыр.
Баянауыл табиғаты ұнады. Өте қатты ұнады. Мен жалпы табиғаттың маған әсеріне байланысты екі санатқа бөлем: бір көруге тұратын жер және бірнеше қайтара оралып көретін жер. Мысалы, Бурабай көруге тұрарлық жер. Сұлу табиғаты ұнайтыны сөзсіз. Алайда мені қайта баруға өзіне тартпады. Қарақаралы басқаша. Кетіп бара жатып «қап, мен арғы тауларына шықпадым ғой, орманын жеткілікті араламадым-ау» деген өкініш болды. Міндетті түрде қайта оралып, келетін жер деп шештім. Ал Баянауыл. Баянауыл мен үшін жаңа санат ашты. Бұл міндетті түрде келетін және жақын достарыңды ертіп әкелетін жер. Баянауыл табиғаты ұнамайтын адам жоқ шығар сірә. Осындай сұлулықты жақындарым көрсеші деген ой болды үнемі. Баянауылдың суреттерін, видеоларын көрген шығарсыз. Бірақ өз көзіңізбен көру мүлдем басқа. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Көл. Жасыбай көлі таза, әдемі, үлкен. Жағажайы құмды, тамаша. Демалу үшін барлық жағдай жасалған. Волейбол дейсіз бе, футбол ма, балаларға арналған батут па, қайықтар керек пе? Бәрін табасыз. Тек катамаран мен катерлерді көзім шалмады.

Баянауылда бір емес, бірнеше ірі көл бар. Ауылдың тура іргесінде Сабындыкөл жатыр. Жасыбай көлінен арырақ Торайғыр көлі бар. Сабындыкөл ерекшелігін атының өзі айтып тұр. Көлдің суы сабыннан көпіріп тұрған сияқты. Аппақ көпіршік. Жағаға ұрғанда да көбіктеніп жатады. Алғашында көргенде суға түссең көпіршік үстіңе жабысатындай болып көрінген. Алайда суы тап-таза. Жасыбай туристік аймақ ретінде қатты дамыған да. Ал содан 15 шақырым Торайғыр көлінде адам аз. Тып-тыныш. Табиғаты, әлеуеті бірдей.
Жасыбай тек көл мен таулар ғана емес. Бұл тастардың музейі. Түрлі, ғаламат пішінді тастар. Аздап қиялыңды қоссаң тастардан түрлі образдар көресің. Кейде неге ұқсатарыңды білмегенде жергілікті тұрғындар «біз мынандай тас деп атаймыз» деп айта қалғанда, «ә, солай ма, бәсе ұқсайды-ау» деп қаласың. Тастар аса шеберлікпен құйылған әсер қалдырды. Орналасуы да түрлі, бірі шашырап жатыр. Бір жерде жиналған, қатталған, тізілген тастар.

Экскурсоводтың айтуынша бұл тастар дәл осы қалпында пайда болған жоқ. Кезінде көне заманды зерттеуші ғалымдар келген. Тастың формасын, құрамын зерттеп, сараптама жасаған екен. Олар бұл таулар жүйесі 250 миллион жыл бұрын пайда болған деген болжам жасапты. Бұл жер үлкен мұхиттың түбі болған. Және мұхит түбінде вулкан атқылау болған. Лава қызуымен тастар еріп, осындай формаға ие болған. Кейін мұхит тартылып, тас осы қалпында қалған деген әңгіме айтты.

Бір жағынан қисыны да келетін сияқты. Тастардың түрі болады ғой, су тастары, өзен тастары дегендей. Бір қарасаң өте ұқсас жылтыр, майда пішінді тастар. Бірақ тауда қаланып тұр.
Баянауылда өсімдіктің түр-түрі бар. Қарағай, қайың, арша, өзге де қылқан жапырақты ағаштар көп. Сонымен қатар Баянауылда тағы бір қандығаш деген ағаш бар екен. Бұл ерекше ағаш дүние жүзі бойынша тек екі жерде өседі екен: Канада және Қазақстанда. Өзге ағаштар жапырағы жасыл болса, бұл ағаштың жапырағы қошқыл жасыл. Жапырақ формасы домаланған. Шоғырланып өседі екен. Қазақстанның әр аймағының өзіндік ерекшелігі бар ғой. Мысалы шығыс өңірі - тау, арқа жағы - сары дала. Ал Баянауыл жақ көкпеңбек. Көзің тояттайтын ерекше көк.

Бұл өңірдің де аңыз әңгімелері көп. Жасыбай көлінің аталуы тарихы да бар екен. Жасыбай деген батыр болған екен. Жоңғарлар шапқыншылығы жылдары болса керек. Найзатас деген тас бар. Сол тастың түбінде Жасыбай батыр жоңғар батырын жекпе-жекте жеңген екен. Бұл қазақ тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Солтүстік аймақтардағы азаттық күрес дәл осы Найзатас түбіндегі осы жеңістен басталған деседі. Жасыбай көлі батыр есімі құрметіне аталыпты.

Бәрімізге таныс «Алдар Көсе» фильмін Шәкен Айманов 1969 жылы осы Найзатас маңында түсірген екен. Бұл әңгімелерді айтқан гид Болат деген кісі бала кезінде осы фильмнің массовкасында түсіпті. Бала кезінен ғашық болған туған өлке табиғатын Шәкен Айманов бірнеше фильмдерінде түсірген екен. Баянауылдың тағы бір мақтан тұтатыны табиғаты ғана емес, адамдары екен. Бұл өңірде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлкей Марғұлан, Қошке Кемеңгеров, Жұмат Шанин, Қаныш Сатбаев сынды елімізге белгілі азаматтар дүниеге келген екен. Жергілікті халықтың айтуынша Баянауыл ауылының өзінен 26 академик шыққан. Олардың есімдерін әрбір баянауылдық сізге айтып бере алады. Сіздің турист екеніңізді білсе, ауыл тұрғындары өңір тарихынан бастап, аудан мақтаныштары туралы өздері-ақ айта бастайды.
Баянауыл сапары бойынша
АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ:

Сервисі жолға қойылған. Барлық жерде сауда-саттық дамыған. Судың жағасында құрт-бауырсақтан, түнейтін палаткаға дейін табуға болады.

Табиғаты. Тек көлдері ғана емес, аралайтын тау-тастары, орман, даласы бар. Қаласаңыз жидек теруіңізге болады. Экотуризм жақсы дамыған.

Тарихи туризм. Аңыз, тарихқа қызықсаңыз Андрон мәдениетінің ескерткіштері бар. Өзім археологияға біраз қызыққам. Біздің оңтүстік өңірде қаңлы мәдениетімен таныс боласыз. Ал бұл жерде жерлеу салтының өзі өзгеше екен. Жалпақ тастармен адам жерленген жердің төрт жағын қоршаған. Ал мазарының сыртын сол жалпақ плита тастармен қалаған.

КЕМШІЛІКТЕРІ:
Шомылу маусымы қысқа. Климат қоңырсалқын. Мен оңтүстіктің адамымын ғой. Бізде шомылу маусымы мамырда басталып қыркүйекте аяқталады. Мұнда маусымда басталып тамыздың аяғына қарай жағажайлар сирей бастайды.
Жол. Қарағанды- Баянауыл жолы өте нашар. Бұл туристік аймақ Павлодар облысында орналасқандықтан, пайда түссе осы облыс бюджетіне дейтін болар. Қарағанды облысына бұл жолды жөндеу қажет те емес шығар прагматикалық жағынан. Алайда оңтүстіктен келетін туристер үшін Астана арқылы айналып жүргенше тіке келген артық. Оңтүстік өңірден туристер ағынын қамтамасыз ету үшін Баянауылға апаратын жолды жөндеуден өткізгені жөн еді.

Тазалығы. Жасыбай туристер көп келетін аймақ. Қаражатты жақсы тауып жатыр. Өкінішке қарай ақша әр кәсіпкердің жеке қалтасына кетіп жатыр. Ал жалпы аймаққа бөлінетін қаражат аз сияқты. Әр кәсіпкер өзіне тиесілі аймақтың тазалығын қадағалайды. Бірақ ортақ аймақтар тазалығы нашар. Өте нашар. "Менің территориям болмаса жинауға міндетті емеспін" деген қағиданы ұстанатын сияқты. Бұл әрине, дұрыс та шығар. Бірақ коттедж қалашығына рұқсат беріп, қадағалап отыратын орган бар шығар. Себебі бұл табиғи парк аумағында жатқан нысан емес пе? Мысалы Жасыбай көлінің жанында шоқиған төбе бар. Онда мінсеңіз ауыл, көл айнадай көрініп жатады. Сол кішкене ғана шоқы қоқыстан көрінбейді. Ол шоқыда не жоқ дейсіз, пластик те, қағаз да, консерві де, баланың памперсі де, оған қоса дәретханаға айналып кеткен. Шоқыда тұрғанда қаңсыған иісті сезесіз. Дәл шоқының етегінде биодәретханалар тұр. Ал жағажайды күнделікті қоқыс жинайтын машина тазалап кетеді. Жаңағы шоқының төбесіне интернет тарататын антенна құрылғылар орнатылған. Құбырлар, бағандар тұрғызылып етегі цементтелген екен. Сол құрылғыны орнату кезінде қолданылған құрылыс материалдардың қалдықтары сол бойы қалып қойған. Тіпті өз еңбегіне ақы алатын жұмысшылардың өзі қоқыс, қалдықтарын жинауды міндет көрмеген. Бұл әрине, біріншіден, мұнда келетін туристердің мәдениетінің жұтаңдығын білдіреді, сонымен қатар осы аймақтың тазалығын, тәртібін қадағалайтын мекеменің салғырттығын да білдірсе керек. Меніңше, осы демалыс аймағын қадағалайтын, жауапты маман осы аймақты жаяу аралап көрмеген. Мен мұнда жүріп, тым болмаса «Табиғатты аялаңыздар, қоқыс тастамаңыздар» деп жазылған бірде-бір тақтайша, ескерту жазбаны көрмедім.

Қазақстан алдағы уақытта туристік кластерді дамытпақ. Оған толық әлеуметіміз бар. Егер жол, коммуникация мәселесі шешілсе, бұл өңірлерге туризм қан жүгіртері анық. Оңтүстіктің тәжірибелі турисі ретінде осы шағын сапарымды қорытындылай келе, Қарқаралы, Баянауыл бағдарын табиғатты сүйетін әр адамға ұсынамын.
All photo and video materials belong to their owners and are used for demonstration purposes only. Please do not use them in commercial projects.