Қарағанды облысындағы киелі нысандар

Кие тұнған Қазақстан

Сарыарқа жерінде еліміздің киелі нысандарының қатарына кіретін бірнеше ескерткіштер бар. Олардың қатарына киелі саналған тау мен үңгірлер, хандар кесенесі мен мешіттер және тарихи-мәдени орталық, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы кіреді.

Ұлытаудағы Ақмешіт әулие биігі

Ұлытау – Сарыарқа төсінде орналасқан аласа таулардың бір бөлігі. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырымға созылып жатыр. Оның ең биік нүктесі – Ақмешіт шыңы (1131 м). Осы Ақмешіт әулие биігі еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштер тізіміне кіреді. Тағы бір қызық жайт, қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында Ақмешіт аталатын үңгір бар. Бұл қос атаудың арасында қандай байланыс бары белгісіз. Атақты филологтардың бірі Ш.Сәтбаева Ұлытаудағы Ақмешітте Асан қайғының денесі жатқандығын айтады. Бірақ, кей ғалымдар Ақмешітті Асан қайғының өзі десе, тағы бір ақпараттарда досы екендігі айтылады.  Сол сияқты осындағы Алтын Шоқыға Ақсақ Темірдің өзі құлпытас салған дейді. Оны ХХ ғасырдың 30-жылдарында Қаныш Сәтпаев тапқан екен. Тарихи жәдігердің Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында көшірмесі қалса, Санкт-Петербор қаласындағы Эрмитажға түпнұсқасы тапсырылған. Ұлытаудағы тағы бір биік Едігеде Алтын Орданы билеген Едіге мен Тоқтамыстың денелері жатыр.

Бектау ата тауы

Бектау ата тау желісі Балқаш көлінің бойында орын тепкен. Ең биік шыңы мың метрден асады. Тау көрікті шатқалдарымен, терең құздарымен ерекшеленеді. Өсімдікке бай Бектау ата тауында жануарлар мен құстар да жеткілікті. Өсімдік демекші, олардың 45-ке жуық түрі сирек кездесетіндердің қатарында болса, 8-і Қазақстанның қызыл кітабына енген. Балқаштың айналасын зерттеген ғалым Сарычевтың еңбегінде: «Бектay ата – оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан керуен жолдың бойында тұрған шамшырақ іспеттес. Оның биік төбелерін Балқаштың оң жағалауынан да көруге болады. Осы таудың төменгі тұсында үлкендеу келген үңгір орналасқан. Ол тап-таза тұщы суға толы. Оның деңгейі әрқашан бірқалыпта тұрады. Бұл тылсым жайтты әзірге айтып берер адам жоқ» – деп жазады.

Зерттеушілердің мәліметінше, оның ғаламат көрінісінің ғылыми себептері бар секілді. Ол биотитті гранитпенен аплит тау жыныстарының жапсарындағы жіктің үгілуінен туындаған екен. Әрине, ғылыми дәлел мен халық арасындағы аңыз-әңгімелер әрқашан үндесе бермейді. Кезінде жаһанды кезген Асан қайғы желмаясымен осында келіп тоқтап, тынығып алмаққа бел буады. Көзі ілініп кетіп, оянса қасында екі бәйтерек өсіп тұр дейді. Тылсым бәйтеректер өскен тауды бабамыз «Бектау ата» деп атапты. Бұл әңгіме қаншалықты шындыққа жанасатыны беймәлім күйде қалып отыр. Одан басқа халық арасында жүрген тағы бір аңыз бар. Онда жоңғар шапқыншылығы кезінде осында өмір сүрген Атабек атты әулие туралы айтылады. Бір күні ол жаудан жасырыну үшін осындағы үңгірге келіп тығылады. Таудың 80 метрдегі биігінде тұрған үңгірдегі Атабекті ешкім таба алмаған екен. Ол уақытта үңгірде дәмді суы да болыпты. Кейбір жерлерде Атабек емес, қос ағайынды Бектау мен Беғазының аттары аталады. Олар да жаудан қорғану үшін осында келген. Сол себепті де, тау «Бектау ата», «Әулие ата» деген секілді атаулар алған.

Теректі әyлиe

Теректі әулие Жезқазған қаласынан 85 шақырым жерде, Теректі станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде орын тепкен. Бұл жерден ежелгі адамдардың өмірінен хабардар ететін көптеген құнды тарихи жәдігерлер табылған. Өткен ғасырдың орта шегіне қарай Әлкей Марғұлан бастаған экспедициялық топ алғаш рет зерттеу жүргізіп, анықтама берді. Ал ХХ ғасырдың соңына қарай, Батыс Қазақстан археологиялық экспедиясы келіп, бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Теректі әулиеде тек қана тасқа қашалған жазулар мен суреттер ғана емес, неолиттік тұрақтар, қола дәуірінің қоныстарының ізі, некропольдар да табылды. Суреттердің тас пен метальдардан жасалған арнайы құрылғылармен қашалып салынғаны мәлім болды.  Мұнда тасқа түскен аң бейнелерін көптеп кездестіруге болады. Олар сақ дәуіріндегі аң стилімен байланыстырылады. Сол сияқты олар ежелгі тайпалардың көшпелі ғұмыр кешкенінен ақпарат береді. Аң аулап тұрған, Күнге табынып жатқан суреттердің де өзіндік мәні бар. Теректі – бағзы дәуірде тәуіпшілдігі бар адамдармен қатар, мистиканы жаны қалайтындар көп келген орын болған секілді. Мұндағы суреттері бар тастардың жалпы саны үш жүзге жетеді. Олардың жартысынан көбінде жануарлардың бейнесін көруге болады. Ғалымдардың пікірiнше, ондағы бейнелер жайдан-жай салынбаған. Себебі, сол арқылы біз ежелгі адамдардың наным-сенімі мен таным-түсінігінен хабардар боламыз. Тастағы суреттерді зерттеу арқылы  ерте заманда ғұмыр кешкен халықтардың өткен өмірін қолмен ұстап, көзбен көруге мүмкіндік аламыз. Сан ғасырдың тарихын бойына жиған киелі жер бұл күндері ерекше қорғауға алынып, кие тұнған Қазақстан нысандарының біріне айналып отыр. Тек біздің емес, шетелдік ғалымдар да Теректідегі үлкен сырды білуге құмартып отыр.

Алашa хан кeceнeci

Сарыарқа жеріндегі тағы бір киелі орын Сәтпаев қаласының оңтүстік-шығысындағы 80 км жерде, Қаракеңгір өзенінің жағасында, биік жоталардың бірінде орналасқан – Алаша хан кесенесі. Зерттеушілер ол кесенені ХV ғасырға жатқызады. Бірақ, кей тарихи деректерде Х – ХІІІ ғасырлар аралығында тұрғызылғаны туралы да деректер кездеседі. Порталды-күмбезді ескерткіштердің қатарына кіретін кесененің көлемі 10-12 шаршы метр, ал биіктігі шамамен 10 метрге жетеді. Ал оның жоғары жағына арнайы күмбезді мойындық салынып, сол арқылы күмбез шығарылған. Алаша хан кесенесін қарахандықтар дәуірінде болған салжұқтардың өнерімен байланыстыруға болады. Сол сияқты Сығанақ қаласының маңында бой көтерген Көк кесенемен де ұқсастықтары бар. Ал атауы туралы бірнеше деректерді айта кетуге болады. Мәселен, бір ақпарат көздерінде Алаша деп алаштың ортақ ата-тегінің атына байланысты шыққан делінсе, кей жерлерде түріктердің басын біріктірген Алаш ханының атына орай қойылған дейді. Ол шамамен ХІV – ХV ғасырларда өмір кешкен екен. ХХ ғасырдың аяғында О.Смағұлов кесенедегі моланы қазып алып, адамның бас сүйегін қалпына келтіру үшін Мәскеу қаласындағы Геросимов атындағы пластикалық антропология зертханасына жіберген. Онда жасалған адамның бет-әлпетіне байланысты ол Керей хан болуы мүмкін деген пікірлер шықты. Кей ғалымдар Шыңғыс ханға тиесілі болуы мүмкін дейді.

Жошы хан кeceнeci

Еліміз тарихи ескерткіштерге бай екені белгілі. Соның бірі Жезқазғаннан солтүстіктің шығысына қарай 50 км жерде, Кеңгір өзенінің жағасын мекен еткен – Жошы хан кесенесі. Ол Алтын Орданы құрушылардың бірі, қазақ билеушілерінің арғы атасы саналатын Жошы ханға арналып тұрғызылған. Бізге жеткен аңыздарда Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы құлан аулап жүріп, қасындағы нөкерлерінен тым алысқа ұзап кетеді. Осылайша, ақсақ құланнан оңбай таяқ жеген ол мерт болады. Күмбезді зерттеушілер расымен де, мұнда жерленген адамның бір қолының жоқ екендігін байқайды. Халық арасында «бір қолын құлан шайнап тастаған», «Жошының жерленгенде бір қолы болмаған» деген әңгімелері шындыққа жанасатын секілді. Күмбезде тағы бір қабыр жатыр, ол – Жошының бәйбішесі Бектумышқа тиесілі екен. Кесененің тұрғызылу уақыты 1228 жыл деп көрсетіледі. Оның керегелері кірпіштермен салынған. Ондағы өрнектер уақыт талабына шыдас бермей өшіп кетіпті. Ал кесененің сырты бедерлі кірпіштермен өрілген. Ішкі жағына Жошы билік жүргізген бірнеше рулардың таңба белгілері түскен.

Домбауыл кесенесі

Ғалымдардың мәліметінше, Қаракеңгір өзенінің бойында тұрған Домбауыл кесенесі Орталық Қазақстандағы ең ежелгі ескерткіштердің бірі. Оның сыртқы көрінісі ғұндар заманында тұрғызылғанынан хабардар етеді. Бізге жеткен аңызға сүйенсек, кесене сазгер әрі жауынгер болған Домбауылдың құрметіне арналып тұрғызылған. Тарихи деректерде де оның өмірде болғаны және Жошы ханның сенімді серігі, досы, ақылшысы ретінде танылғаны айтылады.  Хан кесенесі мен Домбауылдың мазарлары тым жақын орналасқаны да сөзімізге дәлел болатындай. Сол сияқты тарихтағы Кетбұға мен Келбұға атты күйшілер осы Домбауылдың ұлдары екені айтылады. Кесененің биіктігі 5 метрге жетеқабыл, конус тәріздес болып келеді. Оның алдында Y әрпіне ұқсас келген тас белгі бар. Ал ғимараттың астыңғы бөлігі шаршы, үстінде киіз үй секілді күмбезі бар. Астыңғы бөліктің жалпы аумағы 9х8 метрге жуық, қабырғасының қалыңдығы 2 метрге жетеді. Сопақша келген есігі оңтүстік-шығыстан шығарылған. Ал оған арнайы баспалдақтар арқылы шығады. Кесененің дуалдары 3 метрге көтеріліп келіп, көлденең бөренелермен жабылған.

Бұқар жырау кесенесі

1668-1781 жылдар аралағында өмір сүрген Бұқар жырау Қалқаманұлы қазақ халқының ұлы жырауларының бірі болып есептеледі. Ол Абылай ханның ақылшысы ретінде көптеген істерге ат салысқан. Оны дәуірлестері «көмекей әулие» деп ерекше құрметтеген екен. Бұқар жырау жоңғар шапқыншылығы кезінде ғұмыр кешіп, елдің бірлігі жолында тер төгіп, ханға ақыл қосып, өзінің патриотты жырларымен жауынгерлерді рухтандырып отырған. Ұлы жыраудың жерленген жері Далба тауының етегіне арнайы кесене салынып, көпшілік тәу етіп келетін орынға айналдырды. Кесене 1993 жылы тамыздың 21 жұлдызында салтанатты түрде ашылды. Табан тұсы үш таған болып келген биіктігі 12 метрге жететін кесене қазақ  ұлттық бас киіміне ұқсас.

Құнанбай қажы мешіті

Мешіт ағаш бөренелермен қиюластыра тұрғызылған екі қабатты «киелі орын» боп саналады. Ғимараттың ені он бес метрге жетсе, ұзындығы он бір, биіктігі алты метр. Мешітте бір мезгілде 300 адамның намаз оқуға мүмкіндігі бар. Оның жобасын салған адамның аты-жөні бізге жетпеген. Сол сияқты мешіттің алғашқы салынған нұсқасы да сақталмаған. КСРО кезінде ХХ ғасырдың 20-жылдарында мешіттің мұнарасы бұзылып, сабақ оқитын орынға, сосын белгісіз бір қоймаға айналып кетті.  

Бұл мешітті бұзуға байланысты ел арасында бірнеше әңгімелер тарайды. Кеңес үкіметіне жағымпазданған Имаш деген азамат мұнараны өзім-ақ құлатып берем деп, мешіттің төбесіне шыққан сәтте, аяғы тайып, құлап кетіп, жан тапсырған екен. Сол сияқты мұндағы айшықты түсіру үшін бірнеше адам талаптанғанымен, олардың діттегені болмай, ақыры соңында бір мерген атып түсіруге келіседі. Десе де, айшық жерге түскен сәтте мерген де белгісіз себеппен көз жұмыпты. Ақыры ойлағанын жүзеге асырған кеңестіктер бұл орында өз дегендерін жүргізеді. Тіпті, мал қораға да айналдырып жіберіпті. Не түрлі ауыр күндерді басынан өткерген мешіт еліміз егемендік алған соң, қайтадан қалыпқа келтіріліп, басты мақсаты болған мұсылмандарға қызмет етіп жатыр. Қарқаралы тұрғындары бұл орынға жиі бас сұғып тұрады. 160 жылдан аса тарихы бар мешіт Қазақстанның киелі нысандарының қатарынан табылып отыр.

Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы

Теміртау қаласында орналасқан бұл орталық 22 қараша, 2011 жылы ашылған еді. Oның ашылу салтанатына ҚР Президенті Н.Назарбаев арнайы келген болатын. Алғашқы елбасымыз жайлы орталық ашудағы мақсат – оның өмірдерегі арқылы еліміздің егемендік алуы мен ауыр индустрия алыбы болған Қазақстан мaгниткacының құpылғанынан хабардар ету. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы сондай-ақ, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды енгізіп, дәстүрлі кітапханалы қызмет ету жолдарымен білім және ғылым саласындағы мемлекет саясатын іске асыруға ықпал етеді. Бұл орталықта патриоттық тәрбие беретін, ел тарихынан көптеген ақпараттар ұсынатын арнайы шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұнда алты көрме залы орналасқан. Олар: «Тәуелсіз Қазақcтан», «Өз заманының пepзентi», «Тұлғаның ерен қабiлетi», «Қазақcтанның құpыш келбетi», «Уақыт ағымында» және «Қазақстан жолы» деп аталады. Бұл көрме залдарын шолып шығу арқылы, елбасымыз туралы көптеген тың деректермен сусындайтыныңыз анық. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы ілгерідегі нысандар секілді ерекше қорғауға алынып, Қазақстанның киелі орындарының тізіміне еніп отыр.

Долинка кентіндегі саяси қуған-сүргін құpбaндapын ecкe алy мұpaжaйы

Мұражай Қарағанды облысына қарасты, Дoлинкa кентi, Шкoльнaя көшеciндегі 39 үйде орналасқан. Оған жету үшін Қарағандыдан 45 км, ал Шахтинск қаласынан 10 км жол жүресіз. 1933-35 жылдар аралығында көптеген тұтқындардың күшімен салынған тарихи маңызы жоғары Карлаг ғимараты бүгінде көпшілік келетін орынға айналып отыр. Бұл жердің ертедегі атауы Қоңыртөбе болған, ол жерге қазақ тайпалары қыстап, жаз жайлаған екен. Кеңес Одағында ХХ ғасырдың бас кезінде неміс, орыс, украин ұлттары жер аударылып, кенттің негізін қалаған делінеді. 1909 жылы кент Долинское атауына ие болады. Өткен ғасырдың 30-жылдары Қарағандыдағы көмір бассейіндегі жұмыстар жанданып, сырттан жұмыс күші қажет болды. Соның негізінде 1930 жылы KCPO XKK қаyлыcымeн Қaзақ еңбекпeн түзey лaгepi бой көтерді. Бірінші бөлімше болған Гигант кеңшарының негізімен 1931 жылдың желтоқсанында Карлаг лагері құрылды. Оның орталығы осында орналасып, тікелей Мәскеуге және Гулагқа тәуелді болған. Долинскоенің ертедегі тұрғындарының саны бес мыңнан сәл асқан. Оның 90%-ы қазақтар болса, қалғаны сырттан жер аударылып келген, неміс, орыс, украиндер еді. Карлагтың құрылуымен жергілікті тұрғындарды басқа аудандарға тез арада орналастырып, қуып тастады.

Долинка кентіндегі саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының жалпы ауданы үш мың шаршы метрден сәл асады. Келушілер үш қабатында орын тепкен 17 залдарды көре алады. Олардың қатарында: «Қазақстандағы ашаршылық», «Карлагтың қалыптасу тарихы», «Карлагтың шapyaшылық жұмыcтаpы», «Әйелдер мен бaлалap» жәнe тағы басқалары бар.

#киелі қазақстан #қарағанды облысы

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер