Дэвид Валера: «Қазақстанды әлем елдерінен ерекшелейтін – халқы, салт-дәстүрі»

Қазақстан америкалықтарды несімен қызықтырады?

Туризм – демалушылар үшін қолайлы жер ғана емес, құндылығын басқа мемлекеттерге таныстыратын елдің негізгі айнасының бірі деуге болады. Аталмыш саланың өрістеуі жолында бүгінде Елбасының жолдауына сәйкес, негізгі тапсырмалар қолға алынуда. Әйткенмен, бүгінде осы туризм саласын жоғары деңгейде дамытып, демалушылардың оң бағасына ие болып жүрген жандардың еңбегі ескерусіз қалмасы айқын. Еліміздің туризм саласын дамытуға отандастарымыздан бөлек орасан үлес қосып жүрген шетелдік азаматтардың бірі – америкалық Дэвид Валера. Дэвид американдық «4KZ» компаниясының негізін қалаушы. Аталмыш компанияның атауының өзі қазақ елімен тікелей байланысты десе сенер ме едіңіз?! Осы және өзге де сауалдарға толық жауап алу мақсатында Дэвид Валерамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– 4KZ компаниясы немен айналысады?

– Компанияның жұмысын осы жылдың наурыз айында бастадық. Мақсатым – Америка  мен Қазақстанның туристік байланысын нығайту. Бұл бағытта Қазақстанмен жұмыс жасап жатқаныма 6 жыл болды. Осы уақыт ішінде іске асырған түрлі жобалар болды. Солардың бірін атап айтар болсам, денсаулық сақтау бағыты бойынша болған еді. Өкінішке қарай, ондай жобалар жақсы нәтиже бермегендіктен, өзімді жеке кәсіпкер ретінде сынап көргім келді. Әрі қолға алған жаңа кәсібімнің міндетті түрде Қазақстанмен байланысы болғанын қаладым. Бағымызға қарай жаңа жобаға қаржылай көмек көрсеткісі келетін серіктестер де табыла кетті. Тағы бір қуантарлығы америкалықтар тарапынан үлкен қызығушылық болып отыр. Қазақстанға саяхаттап келгісі келетін америкалықтардың саны біз ойлағаннан да әлдеқайда көп болып шықты. Шынымды айтсам, мен мұндай тиісмді ұсыныстар мен  қызығушылық болады деп ойлаған жоқ едім. Қазір Астанадағы кеңсемізде қызу жұмыс басталып та кетті.   

– Өзге мемлекет емес, Қазақстанды таңдауыңыздың себебі неде?

– Миллион доллар тұратын сұрақ (күлді). Маған өте көп қойылатын сауал. Оның бірнеше себебі бар. Мейілінше қысқаша қайыруға тырысайын. Олар:

  1. Америкалықтар жалпы Қазақстан туралы толық мағлұмат біле бермейді.

  2. Америка жұртшылығы қазақ елінің туризмі жайлы білмейді, бейхабар.

  3. Америкада Қазақстан туралы кейбір мағлұматтар дұрыс емес, кері бағытта, яғни жағымсыз пікір қалыптастыруға себеп болған жайттар бар. Шындыққа жанаспайтын, бұрмаланған ақпар басым.

Осы аталған олқылықтардың орынын толтырып, Қазақстанға Америкадан турист тарту мақсатында жұмыс бастауды жөн көрдім. Қазақстанның туризм маркетингінде бизнес жасауға мүмкіншілік бар екенін аңғардым. Бір жағынан қазақ елі жайлы теріс пікірлерді жоққа шығару болса, екінші жағынан енді дамып келе жатқан жас мемлекеттің туризмін дамытуға үлес қосқым келеді. Сол себепті таңдауым Қазақстанға түсті.

 Қазақстанға турист әкелу қалай ойыңызга келді немесе ой қайдан туды?  

– Осы уақытқа дейін Қазақстанға өзге де жобалармен келіп жүрдім. Америкаға оралған кезде көпшілік достарым, туыстарым «Қазақстанда не істеп жүрсің?», «Немен айналысып жүрсің?», «Қазақстан қандай ел?», «Адамдары қандай?» деген секілді сұрақтар қоятын. Жиі қойылатын тағы екі сұрақ бар. Ол: «Қазақстан қауіпсіз ел ме?», «Ауғанстан, Пәкістан секілді ел емес пе?» деген де сауалдар. Америкалықтарға «стан» деген жұрнақтың өзі аздап үрей тудырады. Сол себепті мен «Неге менің жерлестерім  Қазақстан туралы теріс пікірде болуы тиіс? Олар да Қазақстанды жақынырақ танысын, білсін» деген ниетпен туризм бағытында кәсіп ашуды жөн санадым.

– Алда қандай жоспарлар, тың идеялар бар?

– Ең алдымен айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының үкіметінен, билік өкілдерінен қолдау болып жатыр. Жеке тұлғалардың да, ұйымдардың да қызығушылықтары күн санап артуда. Одан өзге Астана, Алматы қалаларына сондай-ақ аудан, шағын қалашықтарға барған кезімде жергілікті әкімшілік те өз тарапынан қолдау көрсетуде. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері мен билікте жүрген жоғары санатты шенеуніктермен танысып, компания жайлы айтқан болатынбыз. Олар да біздің компаниямыз туралы хабардар. Жоспар бойынша қыркүйек айында Америкаға  оралғаннан кейін, әлемге танымал «Fox News», «CNN» сияқты әйгілі телеарналарда  қонақта болып, атқарылып жатқан жұмыстарым мен Қазақстан жайлы бөліспек ойым бар.

– Қолдау туралы айттыңыз, толығырақ тоқталып кетсеңіз.

– Қаржылай көмек көрсеткен жағдайлар бар. Бұған қоса өзге өңірлерге, аудандарға байланысқа шығуға коммуникация жағынан, туристермен түрлі тиімді турлар ұйымдастыруға, Қазақстанның ішінде бір қаладан бір қалаға ұшу бойынша, қонақ үй мәселесін шешу бойынша көмек көрсеткен серіктестер бар. Осы жоба аясында,  Қазақстан туризмді дамытуды шындап қолға алғанына куәгер болдым.

 

 Қазақстан туристерді несімен қызықтыра алады?

– Өте жиі қойылатын сұрақ. Америкалық туристер «Неліктен керемет жағалау тұрғанда немесе «Азаттық мүсінін» тастап, не үшін Қазақстанға келу керек?»- деген сұрақтар менің өзімді көп ойландырған еді. Егер де қазақстандықтар Америкаға барып, өздерінің туризмі туралы айтса, олар түсінбес еді. Мәселен, менің ұлтым американдық болғандықтан олармен біздің менталитетіміз бір. Осы себепті менің айтқандарымды оларға қабылдату өтімдірек. Қазақстанды әлем елдерінен ерекшелейтін ол: халқы, салт-дәстүрі, мәдениеті. Шетелдіктерге қазақ халқы мен олардың ұлттық ерекшеліктері өте қызық болып көрінеді. Саяхаттап туристтер тек қана қыдырып, демалудан бөлек жақсы, пайдалы нәрселер үйренгісі келеді. Сол үшін қазақ халқының салт-дәстүрімен, халықтың ішкі дүниесімен танысу оларға қызық болады. Біздің компанияның басты мақсаттарының бірі ол – қазақ халқының мәдениетімен таныстыру. Дамып келе жатқан елдің мәдениетімен танысу кез-келген шетелдік үшін өте қызықты. Компаниямыздың басты тауары – Қазақстанның мәдениеті болып табылады. Компанияның аты «4KZ» деп аталады. Негізгі мақсатымыз, жоғарыда айтып өткендей, қазақ халқының мәдениетін әлемге таныстыру және салт-дәстүрін де көрсету, әрқайсысына жеке-жеке ерекше көңіл бөлу. Басты миссиясы - тек келіп қана, әдемі жерде, әдемі табиғатта демалып кету емес, керісінше халықпен тығыз байланысты орнату. Егер де компанияның атауына мән беріп қарар болсақ, «four» деген 4 деп жазылғанымен «Қазақстан үшін» деген мағынаны білдіреді. Яғни, туристерге деп арналғанымен бұл «Қазақстан халқы үшін», «Қазақстан халқының дамуы үшін», «Қазақстанды шетелдіктерге өзге қырынан таныту үшін» деген мағынаға саяды.

 Америкалықтар «Қазақстанды» қалай елестетеді? қандай ассоциациялар тудырады?

– Америкалық ретінде отандастарымның атынан жауап беріп көрейін. Шынымды айтсам, көпшілігі Қазақстан жайлы ешнәрсе білмейді. Олай дейтін себебім, бұл мемлекет жайлы ойлары мүлдем басқаша. Кез-келген америкалық Қазақстанға келгенге дейін оның ойында белгілі бір түсінік «Борат» деген фильмнің төңірегінде болады. Пәкістан, Ауғанстан секілді дамымаған, соғыс жүріп жатқан аймақ деп елестетеді. Бірақ олар осы жерге әуежайдан түсіп, Астана не Алматыға келгенде үлкен таңданыста, «шокта» болады. Неге десеңіздер, өз көзімен көргенге дейін олардың ойында мүлдем басқа мемлекет болды. Және де бұл маған тек кәсіп көзі немесе пайдалы іс емес ішкі жан дүниемде «қанағаттану» сезімін оятады. «Өз көзімен көрді ғой; Қазақстан олардың ойындағыдай нашар емес екеніне көзі жетті ғой» деген қуаныш сезімі орнайды. Қазақстанды дамыған мемлекет ретінде таныту мақсатында саяхатқа келген жерлестеріме алдымен «Nazarbaev University», «McDonald’s», «Starbucks» секілді әйгілі брендтерді көрсеткім келеді. Сол жерлерге апарып, тур жасаймыз.

– Меймандарға көбінесе Қазақстанның қай қаласы ұнайды?

– Тек бір ғана қаланы ерекшелеп мына қала ұнайды деп айту қиын. Өйткені, ол адамның өзінің жеке талғамына байланысты. Егер мен табиғатты ұнатсам маған Алматы ұнайтын еді. Егер сәулеті, құрылысы жайлы айтар болсақ Астана деп айтар едім. Сондықтан ол әркімнің жеке қалауы. Және де әр қаланың адам секілді өзінің ішкі жан дүниесі болады. Осы тұрғыда адам өзіне жақын қаланы таңдайды. Ал маған Шымкент қаласы қатты ұнады. Шымкент – Қазақстанның ең тамаша жері. Мені бірден баурап алды. Табиғаты, баратын жерлері, тамағы көңілімнен шықты.

– Естуімізше қазақтың үйлену тойына қатысыпсыз. Қандай әсерде болдыңыз? Ұнаған және сізді таң қалғалдырған тұсы болды ма?

– Шынымды айтсам, тойға қатысты өте көп қызықты жағдайлар болды. Соның бірнешеуін айтып өтейін.

Біріншіден, той екі күнге жалғасты. Маған ол өте қызық болды. Америкалық үшін ол таңқаларлық дүние.

Екінші бір таңданыс тудырғаны тойдың шығындарын түгелдей жігіттің отбасы көтергені болды. Қатты таң қалдым.

Америкада тойдың шығынын әйел адам төлейді.

Үшіншіден, тойдан кейін екі жақтың кездесуі. Қыздың отбасы бөлек той, жігіттің отбасы бөлек той жасап жатыр. Бұл америкалық үшін үлкен шығын. Сондай-ақ, бұл бізге жат дәстүр екен.

Төртіншіден, тойда үлкендерге көрсетілетін құрмет маған керемет ұнады. Жасы келген ата-әжелердің, үлкендердің әрқайсысының шығып сөз сөйлеуге асыққанын көргенде қатты таң қалдым. Өйткені, бізде тойларда тек бірнеше жақын адамдар ғана сөз сөйлеп, тілегін айтады. Ал қазақстандықтардың әрқайсысының өз жылы лебіздерін білдіргісі келетіндіктері көңілге жағады екен. Мен өмірімде мұндай дәрежедегі тойды көрген емеспін. Тағы бір таңырқатқан жағдайлардың бірі ол – қазақша сөйлей алмасам да маған сөз беруі. Мен үшін өте керемет тәжірибе болды. Той кешкілік уақытта, шамамен, 10-нан кете басталды. Тойдың басталу уақыты да қызықтырды. Мен осы уақытқа дейін біршама ауқымды жиындарда, кештерде болғанмын. Бірақ, бұл менің өмірімде нағыз есте қаларлық той болды.

 Сіздің ойыңызша, америкалық туристерді қазақтың тойымен қызықтыруға бола ма?

– Ия, әрине. Біз бағдарламамамызға осындай пунктты қосқан болатынбыз. Қазіргі кезде туристеріміз қазақтың тойларына барып, танысуда. Мен оларға «Біз енді қазақтың тойына барамыз деп айтқан кезде «Расымен де ме тойға қатысамыз ба?» деп таңданыстарын жасырмаған еді.

 Қазақстанда басыңыздан өткен қызықты оқиға?

– Қазақстанға ең бірінші рет 6 жыл бұрын ұшып келгенімде үлкен шокта болдым. Өйткені, Америкадан өте (мұншама) алыс жерге бірінші рет ұшып келдім. Сонымен қатар, әуежайға кірген сәттен халықтың мені жақсы, жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлылық танытқаны мені қуантты. Мен Қазақстанға бірінші рет келгенде Нью-Йоркте танысқан досым шақырған болатын. Олар мені туыстарымен бірге 3 жеңіл машинамен күтіп алды. Тіпті мені қарсы алуға ата-әжесі де келіпті. Бұл мен үшін үлкен құрмет болды. Мені дәл бұлай ешкім, ешқашан күтпеген. Шынымды айтсам, Қазақстанда жүрген әр күнім қызыққа толы. Мысалы, қазір соңғы кезде мені көбі тани бастады. Мен шетелдік болғандықтан келіп менімен суретке түскісі келеді, тәпті тілді білмесе де жәй менімен амандасқысы келеді. Онымен қоса, америкалықтарға Қазақстанды танытып жүргенімді білген адамдар рақметін айтып, құшақтап, үлкен құрметін, ілтипатын көрсеткенінің өзі маған үлкен қуаныш, жақсы серпін беріп, өз жұмысымды одан әрі жақсы жасауға ынталандырады. Мүлдем танымайтын жандардың жылы шырай танытқаны көңілге жылу береді. Тіпті, маған қызығушылық танытқан кішкентай балалар да бар.  Әлеуметтік желі арқылы мені тауып алып, қайда жүргенімді біліп, іздеп, менімен бетпе-бет танысқысы келген жандар бар. Бірнеше күн бұрын ғана әлеуметтік желі арқылы тілдескен екі бүлдіршінге уақыт бөліп, жүздескен болатынмын. Тіпті үйіне қонаққа шақыратын жандар да кездесіп жатады. Қазақ өте қонақжай халық, мейірімді халық.

 Қазақтың ұлттық тағамдарынан нені ұнаттыңыз?

–Жоғарыда атап өткеніміздей, саяхатшыларға қазақ халқының мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін таныстыру біздің басты мақсатымыз. Ұлттық тағам әлбетте бағдарламада бар. Біз туристерге бешбармақты қалай дайындау керектігін үйретуді қолға алдық. Әрбір мейманға бешбармақтың тарихы туралы айтып береміз, үйретеміз әрі «бешбармақ» деген не мағына білдіретінін түсіндіреміз. Мәселен, мен «бес бармақ» деген не мағына беретінін білемін. Тарқатып айтар болсақ, қазақтар ежелде шанышқы, қасық дегенді қолданбаған, асты қолмен жеген. Осы бір аңыз-дастанды демалышулырға түсіндіріп, тарихымен байланыстырып, олардың қазақтың ұлттық тағамына деген қызығушылығын оятуға тырысамыз. Мен «бешбармақты қалай жасау керек екенін білемін. Одан бөлек, қазақ халқы сүйіп жейтін манты, лағман және палауды қалай жасау керек екенін көрсетеміз, үйретеміз.

 Сізге бешбармақ жасауды кім үйретті?

– Бір жыл бұрын менің жанымда жүрген көмекшілерім – Балнұр мен Қымбат есімді арулар үйреткен болатын. Олар үлкен ыждахатталық танытып, бар ынтасын салғандықтан, үйрену маған қиындық туғызбады.

 Қазақстанда достарыңыз көп па?

–Әрине. Қазақстанда достарым өте көп, бірақ мен оларды достарым деп емес, өзімнің туған «бауырларымдай» көремін.

 Америкалық туристер бір аптада Қазақстанда қанша ақша жұмсауға дайын? Негізі бұл болашағы бар бизнес пе?

– Америкалықтар кез-келген уақытта келе алады. Бірақ, біз оларға Қазақстанға кем дегенде 8-9 күнге келуді жоспарлауын сұраймыз. Олардың ақшасын бей-берекет шашқызбауға тырысамыз. Сол себепті турларды бағасы жөнінен тиімді, қалтаға салмақ түсірмейтіндей етіп ұйымдастырамыз. Келіп, кету жолын қоспағанда 1 аптаға келеді. Осы күндерге шамамен орташа есеппен 600 мың теңгедей жұмсайды. Бұл қаражат соншалық көп те емес, аз да емес. Ең бастысы америкалық туристер мұндай соманы Қазақстанға жұмсауға дайын. Осыған байланысты біз зерттеу жұмыстарын жасадық. Нәтижесінде бұл сома  америкалықтар үшін люкс демалысқа жетіп тұр. Егер олар сол жақта демалар болса, осы қаражатқа қалыпты деңгейде (стандартты) демалатын еді. Қазақстанда демалу олар үшін анағұрлым қызық. Неге десеңіз, олар қазақ халқымен тығыз байланыста болады, қазақтардың үйлерінде тұрады және қазақтармен бірге тамақ ішеді. Жәй ғана келіп демалып қайтпай жақсы тәжірибе жинақтап, көптеген пайдалы дүние үйреніп қайтады. Шетелдіктерді Қазақстанға келіп демалу сонысымен де қызықтырады. Біздің тур фирма арқылы келген саяхатшылар қазақ халқының шынайы бейнесімен жақынырақ танысып, салт-дәстүрі, мәдениетін тану үшін қазақ отбасына орналастырмаыз. Бұл қонақ үйді қымбатсыну емес, бірнеше күн болса да қазақы тұрмысты сезіну үшін керек. 

 Қашаннан бастап қазақстанға туристер әкеле бастадыңыз? Қанша адам келді? Қанша адам жоспарда бар?

– Тамыз айының соңына дейін келетін адамдар дайын. Олардың қайда тұратынын, қандай бағдарлама болатынын жоспарлап, әзірлеп қойдық. Айдың соңында осы жылғы маусым аяқталады. Сосын келер жылға дайындаламыз. Аз ғана уақыттың ішінде үлкен жобаны тәмамдадық. Шілде айының 25-нен бастап қазіргі күнге дейін 30 отбасы қонақ болды.

 Жарнама қалай жасалып жатыр? Қазақстанда қандай серіктестер бар?

– Әзірге ресми жарнама болған емес. Себебі, енді бастап жатқандықтан зерттеулер жасап, өз бизнесім жайлы айтып, бөлісе бастадым. Қазір келіп жатқан туристер саяхат туралы достарымнан, жолдастарымнан естіп, қызығып келіп жатқан жайлары бар. Ресми жарнама жасау күз мезгілінде басталады. Осы жылғы туристердің алған әсерін ескере отырып біз келесі жылға жоспар құрамыз.

Серіктестікке байланысты көптеген ұсыныстар түсті. Бірақ, қазіргі уақытта мен ол мәселені қарастырып жатқан жоқпын. Алдағы жылға жоспарымызда эко-туризм мен этно-туризмді дамытуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Қазақстанның туризмін дамытуға Америка елі өз үлесін қосатын болады. Шетелден Қазақстан туризміне инвестиция тартуды ұйымдастыру жоспарымда бар. Қазақстан әлемдік елдердің ішінде түрлі энергияны тиімді қолдану жағынан басым түсуде. «Ақылды қала» жобасы бойынша біршама жетістіктері бар. Осы тұста айта кетер жайт, жасалған жұмыстар мен зерттеулер нәтижесі, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің Қазақстанға турист ретінде қызықтырып, осында лагерь сияқты жоба ұйымдастырып, туризм саласын дамытуға үлкен мүмкіндік бар.

 Тек Қазақстан ба, әлде басқа елдерге де осылай туристер жібересіздер ме?

– Мен тек қана Қазақстанмен жұмыс жасағым келеді. Өзге елдердің туризміне қызығушылығым жоқ. Бар күш-жігерімді қазақ елінің туризмін дамытуға жұмсамақпын.

 Бір сөзбен суреттеу қажет болса, Қазақстанды қалай сипаттап берер едіңіз?

– «Әдемі» (жымиды).

 Сұқбатыңызға рақмет, атқарып жатқан қызметіңізде сәттілік тілейміз!

#туризм #саяхат

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер