Байжансай. Жұртта қалған естеліктер

ҒАЛЫМЖАН ОРАЗЫМБЕТ
Балалық шаққа саяхат...
1-Мамыр. Орталық алаң. Жылда Жаңа жылмен бірге асығып күтетін аз мерекелердің бірі. Азанымен тұрып, ең әдемі киіміңді киіп, ата-анаңның жетегіне еріп, осында жиналамыз. Алаң толы халық. Бәрінің көзі әнеубір текпішекке орнатқан мінберде. Сол мінберден жиналған пролетар-коммунистерді түрлі сала өкілдері кезек-кезек құттықтап жатады. Міне, шахтер сөзін аяқтап, кезек пионерге келді. Одан кейін мұғалім, дәрігер, т.б. еңбекші халық өкілдері құттықтау сөзге шығады: «Мамыр мерекесімен құттықтау. Пролетариат диктатурасы, коммунизм құрылысы, Ұлы Ленин өсиеті, еңбекші халық, ...» Ұран сөздерден құлақ тұнады. Әр сөйлеуші баяндамасын: «Ура, Жолдастар! Ура!» – деп аяқтауды парыз санай ма деймін. Оларға қарақұрым пролетариат қосылып, үш дүркін уралайды. Алаң ғана емес, ауыл жаңғырып кетердей. Арасында коммунист ата-анамның қолынан ұстап мен де тұрамын, ертерек бітсе екен деп. Құттықтау біткен соң жаппай шеру басталады. Барша халық сап түзеп, біз шарымызды, жалаушаларымызды желбіретіп, үлкендер транспаранттар көтеріп, Чапаев көшесінің соңына дейін шерулетіп шығамыз. Шеруден кейін еркін қыдырыс. Нағыз мейрам сол сәттен басталады. Жәрмеңке, тәтті-пәттінің ата-атасы, сыйлықтар, концерт, ән-күй, би, бір-бірін құттықтаған халық.
Байжансайға әр келгенде қасыма отыз жыл бұрынғы «Өзімді» ертіп, осындай естеліктерге қанып жүремін. Әр ғимарат, көше туралы естеліктер шабуылы басталады. Бұл жолы да демалыста ауылға барғым келіп, жүгімді жинап алдым. Жолға шығарда жерлесім Мақсатқа хабарласқам. Байжансай десе, бар шаруасын тастап еріп жүре беретіндердің бірі. Бір ауыз сөзге келмей, кеттік деді. Әйгілі «Сүлік қарасын» «ерттеп», тартып кеттік.
Байжансай осы жерден басталады. Содан он сегіз көпірден ары-бері өтіп, жартас жағалап жүріп отырасыз.
«Соқтықпалы, соқпақсыз» жол туған жерге жақындата түседі...
Әр тасы етене таныс жартастар ішіңдегі естеліктерді тарта бастайды
Жолда тоқтап, Қарабастаудан шөлін қандыру – кез келген байжансайлықтың «парызы»
Байжансайдың қызықтары өз алдына, жолай ұзақ шатқалда да асықпай, көріп баратын жерлер жетерлік. Қанша жыл ары-бері өтіп жүріп білмейді екенмін. Мақсаттың айтуымен Шайтан көпірге жете берістегі үңгірге кіріп көрдік.
Бар көпірді артқа тастап, ұзақ шатқалдан шыққан кезде Аралтаудың етегіндегі Байжансай күтіп алады. Естеліктер шапқыншылығы осы жерде ерекше қарқынмен үдей түседі. Ауылды аралап, өз өзіңе естелік айтып беріп жүресің солай.

Бұл мекен өткен ғасырдың отызыншы жылдары ашылып, елге танылыпты. Зерттеуші-геологтар келгенге дейін Жамбыл жақтағы Қаройда тұратын Байжан Асанбаев деген шаруа осында келіп қой бағады екен. Геологтармен кезігіп қалып, қой жайып жүріп тауып алған ерекше тастарын көрсетіпті дейді ел. Содан зерттей келе оның полиметалл екені анықталып, мыңдаған адамның ортақ естелігіне, үйіне айналған ғажап мекен өмірге келіпті. Сөйтіп бұл ауылдың шулы-нулы, думанды өмірі басталыпты. Ал ауыл Байжан Асанбаевтың құрметіне Байжансай аталыпты. Мен сол ғажап өмірдің соңын көріп, куә болып үлгердім. Қазір бақытты балалық шақ туралы ойлағанда алдымен ойға келетін де сол кездер. Көзімді ашып көргенім – «Солнышко» балабақшасы.

Осы жерде алғаш апай, тәрбиеші дегенді білдім, тақпақ жаттап, түрлі шараларда би биледім. Таң атар-атпастан тұрып, балабақшаға барудан қиын жұмыс жоқ сияқты көрінетін. Сосын таңғы жаттығу деген бір «парыз амал» болатын. Әр тәрбиеші күніге кезек-кезек өткізеді. Сол апай бір... деп бастап кеткенге дейін сапқа қосылып үлгермесең, жаттығуға қатыспай шетте тұрасың. Соны кезінде үлкен жаза көруші едім. Бәрі жаттығу жасап жатқанда, үлгермей қалған бірнешеуі шеттен бақылап тұрады. Тастанды ма, шеттетілген бе, әйтеуір бір дәреже төмен тұратын айыптының күйінде. Жаттығу біткен соң, тобыңа қосылып, саппен бөлмеңе жөнелесің. Осы жерде мектепке баруды армандап, "манная кашаны" жаратпайтын боп шықтым. Тарыдай боп кірдім, тарыдай боп шықтым. Әліппені де осында таныдым. Бірінші сыныпты балабақшада оқығанбыз. Түске дейін сабақ, түсте- ұйықтау, кешке ата-анамыз кеп алып кететін. Кейін, Байжансай жабылып, оқушы азайғанда мектеп осында көшіп келді. Жетінші сыныпты осында оқып, кейін Шымкентке көштік. Сондықтан бұл менің Байжансайдағы алғашқы және соңғы мектебім.
Балабақшаға апарар жол. Автобустан түсіп, осы көпірден өтіп барамыз. Маған дейін қанша өмір сүргенін білмеймін. Мен бақшадан шыққалы отыз жылдан асыпты. Бұл көпір әлі тұр. Қазір ескерткіш-көпір деуге болады.


Балабақшадан кейінгі өмірім №13 Байжансай орта мектебінде жалғасты. Дәптердің сыртын солай деп толтыруды да алғаш осы жерде үйрендім.
Ох, бұл ғимаратта не қызықтар болмады. Алғаш әріп танығаннан бастап сабақтан алғаш қашу, алғашқы махаббат, октябрятқа өту. Жоғарғы сыныптың жігіттері арасында болатын «Ал, қанекей, жігіттер!» (А ну-ка, парни! деп орысша атайтын, неге екенін) сайысы кішігірім олимпиада еді. Әрқайсымыздың кумиріміз болады. Соған жақтасамыз. Ұтқан жақ мерекелетіп, ұтылған жақ әділетсіз деп. Спорт зал бір күнге үлкен олимпиада стадионына айналушы еді. Ол жердегі у-шуды айтып жеткізу мүмкін емес. Шыққан соң, бәріміз бірге көрсек те бір-бірімізге айтып беріп, үйге дейін дауласып қайтамыз. Ал жоғарғы сынып қыздарының арасындағы «Ал, қанекей, қыздар!» (А ну-ка, девушки!) сайысы мәдениет залында өтеді. Оның қызуы ерлерден кем емес. Бірінен бірі өткен сұлу қыздар бар өнерін ортаға салғанда, сайыстан кейін біреуіне ғашық боп қайтатынмын. Сөйтіп мектепте сыртынан иемденіп жүремін біраз уақыт. Өз сыныптастарымыз арасындағы спартакиадалар бөлек бір әңгімеге жүк болады. Бастауыш сыныпта үлкен сыныптардың «линейкасы» біздің кабинеттің жанында өтетін. Фарида апайымыз әдейі сабақтан шығарып, соны тамашалауға мүмкіндік беретін. Басқаларға кәдімгі жиын болса, біз үшін ол да бір қойылым сияқты еді. Қашан бастауыш сыныпты аяқтап, басқалармен қатар «линейкада» тұрамыз деп армандаймын сосын. Сөйтіп, бұл мектепте алтыншы сыныпты аяқтап, жетінші сыныпты оқуға балабақшаға аттандық. Айтқандай, балабақшада жүргенде қашан мектепке барады екенбіз деп қиялдайтынбыз. Мектепте жүргенде балабақша рахат қой, иә деп бір-бірімізге арманымызды айтып жүрдік. Балабақшадан мектепке барып, мектептен қайта балабақшаға келген, екі арманы да орындалған аз ғана адамдардың бірімін мен.
Ал бұл №20 мектеп. Қырықкепе көшесі (жалпы, Байжансайда көше деген шартты атау. Шағынаудан деуге келеді. Бірақ ресми көше деп аталғандықтан, солай жаза берейін) тұрғындары оқитын. Сегіз жылдық мектеп. Сегізінші сыныптан кейін №13 орта мектепке келеді. Сөйтіп екі мектептің жігіттері арасында төбелес, тартыс басталады. Жігіттер ғана емес, қыздар жағы да өзара кім мықтыны шешу үшін біраз жерге барысатын. Кейін, мектеп бітірерде бір-бірін қимай, жылап қоштасып жүргені.
Ал бұл Клуб. Мәдениет үйі ғой қазір. Түрлі үйірмелер болды. «Байжансай жастарының вальсін» жазып, Байжансай аспаптар оркестрін құрсам деген энтузиаст-романтиктер қызмет етті бұл жерде. Сондайлардың арқасында күн құрғамай мәдени шаралар болып жататын. Одан қалды кіре берістегі ойын автоматтары – сүйікті ермегіміз. Мамамыздан тиын сұрап алып, машина айдап, мылтық атып қайтудан ешқашан шаршамайсың. Үлкен залында кино, түрлі концерттер болып жатады. Бізге қызығы «Әнші балапан», ойыншық театры, балаларға арналған фильмдер. Бір жолы 1 Мамыр мерекесі құрметіне балаларға «Бағдат ұрысы» фильмін тегін көрсетіп жатты. Соны кіріп көргенім есімде қалыпты.
Сексенінші жылдардың соңында Наурыз тойлауға рұқсат бергенде алдындағы текпішекке сахна құрып тастап, көше-көше болып мерекелік сайыс ұйымдастыру дәстүрі басталды. Гаражная, Чапаев, Гагарин, Кеншілер (Қырықкепе), СМУ болып, өзара сайысып жатады. Клубтың алдында көшелер дәстүр, салт бойынша көріністер қойып, концерттік бағдарламаларымен сайысады. Ал сол жақтағы паркте спорт жарыстары болып жатады. Бізге ең қызығы осы жағы. Әркім өз көшесінің палуанына, арқан тартушысына, кір көтергішіне дем беріп, ұтса, мәз болып, ұтылса – ренжіп жатқаны. Парк кішігірім стадионға айналады. Оң жақта әр көше тіккен киіз үйлерде ұлттық тағамдар ұсынылады. Концерттік бағдарламаны көріп болған қазылар киіз үйлерді аралауға көшеді. Жасауын, басқасын бағалайды. Ол кезде парктегі спорт сайыстары да аяқталады. Сөйтіп, үш түрлі сайыстың қорытындысы шығарылып, жеңімпаз жарияланады. Жеңгендер көшесінде
той, жеңілгендер - «әділетсіздік құрбаны» болып тарасады.Наурыз көшеге барған соң тағы жалғасады. Әр көше ауласында дастархан жайып, үлкені бар, кішісі бар, бәріне наурыз көже құйып, бауырсақпен сыйлап, атап өтіп жатады.
Ұмытып барады екем, «тоқсандардың» орта тұсында бұл сарайда Шаншар театры концерт қойған. Жаңадан құрылып жүрген кездері болса керек. «Кы точка Катани» дейтіні жері бар атақты қойылымы бар емес пе еді. Соны алып кепті. «Бар баламды қорада, қасқырлармен алысып жүріп туғам. Байжансайдың қатындары сияқты роддомда туатын тәлпіш емеспін», - деген жеріне келгенде залды басымызға көтеріп күліп едік. Оның Жезқазғанда «Жезқазған қатындары», Ойылда «Ойыл қатындары», Аягөзде «Аягөз қатындары» болып кете беретінін қайдан білейік. Арнайы бізге жазып әкелгендей, жырқылдасып мәз боп қалғанбыз.

Орталық парктегі Би алаңы. Анау ортадағы сахнаға Байжансай ВИА жайғасып, әуендетеді. Бергі жақтағы домалақ алаңша тормен қоршалған. Жастар жұп-жұп болып би алаңын қыздырады. Сосын қолтықтасып, жұп-жұбымен парктің қараңғылығына сүңгиді, біреуі көшеде асықпай сырласып кете барады.

Жоқ. Әу бастан мешіт емес еді. Ішінде бильярд пен тир болатын. Ерлер тир атып, тастарды тесіктерге дәлдеп, осы жерден шықпайтын. Түнде жанынан өтіп бара жатсаң, терезелері көк түтін боп жататын. Сыра да сұраныстан құр қалмайды. Кейін бәрі келмеске кеткенде, кеңестер құлап, ел мұсылмандыққа қайтып, бір кездегі жігіттер жігіт ағасы болғанда жастық шағының «мешітін» қимады ма, әйтеуір мешітке айналдырып алды. Сөйтіп, бұрынғыша осы жерге жиі кеп тұратын болды. Тек бұл жолы басқа мақсатпен.
Балалық шағымның ең сүйікті мекені. «Балалар әлемі» (Детский мир) дүкені. Балабақшаның дәл жанында орналасқан. Күніге үйге қайтарда бір аяқ осында тартып тұрушы еді. Рахатын аз көрмедік. Сонда аз болып тұратын.
Орталық кітапхана. Керек кітабыңды алып оқисың. Мектеп кітапханасынан керегімді тауып жүрген соң, мұнда да көп келмеппін.
Тұрмыстық қызметтер үйі (Дом быта). Тігінші, фотограф, шаштараз бен тіс дәрігері қызмет көрсететін. Үлгілі оқушылардың тақтасына қоямыз дегенде фотографтың қызметін пайдаланғанмын. Қалғанына жүгінбеппін.
Столовая. Бәрі солай атайтын. Байжансайдың рестораны ғой кәдімгі. Кештетіп тамақ ішіп, бір жартылықпен сыйласқанға ыңғайлы жер. Ал ауыл басшылығымен жақсы тұратындар үйлену тойын да жасап алуына болатын.
Тұрғын үй, коммуналдық бөлім (Байжансайша ЖКО). Үйге қажетті жөндеу жұмыстарын, басқа қызметтерді осы мекеме көрсететін. Үлкен ауласынан тек әкімшілік ғимараты ғана қалыпты. Әкімдігінің арғы жағында бөлек ғимараты болушы еді. Сол жерде жыл бойы цемент толып жататын. Шетінен кіріп ұрлап шығып, ойыншық көліктерімізге сарай соғып ойнаушы едік. Кейін қоймасына қарбыз әкеп қоятын болды. Оны қай малына бергісі келгенін білмеймін. Әйтеуір сатпайтын. Сатып алуға біз де ниетті емеспіз. Шамаң кеп тұрғанда неге тегін алмасқа деп, кезек барып ұрлап шығып жарып жейтінбіз. Жеміс-жидекке түк қатысы жоқ мекемеден ебін тауып дәм татып жүрдік солай.
Шахтаға кіре беріс. Кезінде кіре алмайтынбыз. Қазір еркін кіре бер. Тек өте суық, қорқынышты. Қараусыз қалған.
«Тоқсандардың» ортасында бұл ауылға жұт келген. Шахта жабылады. Кен таусылды дегенде қалың бұқара абдырап қалған. Содан әркім танысы, туысы тұратын жақтарға ауа көшкен. Отызыншы жылдары басталып, алпыс, жетпіс, сексендерде дүрілдеген ғажап мекен қаңырай бастады. Күн сайын әр жерде бір үй көшіп бара жатады. Шығарып салған жұртта қалған жатақтай болып, көшіп бара жатқан соғысқа аттанғандай аңырап, көшіретін көлікке мінбеймін деп жер тепкілеп жылап жататын. Шығарып салған да жылап, кететін де жылап, сондай бір «Ел айрылған» басталды. Күнде, күн ара көре берген соң, оған да бой үйренеді екен. Күнделікті тіршіліктің міндетті бір бөлігіндей қарайтын боп алдық кейін. Пәленше құдайы беріп жатыр екен десе, қайда көшетін бопты деп сұрайсың. Ертесіне аңыраған, боздаған халық. Байжансайдың «Аққу әні» сонымен тәмам болды. Жер бетінен жойылды. Қазір ауылда бар-жоғы 4 шаңырақ тұрады: Марат, Дүйсен, Есентай, Еркіннің отбасы. Ауыл тұрғындарын саусақпен санап, атын атап шығамын деп кім ойлаған...
P.S. «Байжансай қайта ашылады екен» - тағдыр әр қиырға шашып тастаған байжансайлықтардың ең сүйікті ертегісі. Біресе «алтын тауып алады», біресе «мұнай шығады» бұл жерден. Әйтеуір ашуға себеп тауып алады. Жылына осы ертегіні кемі 2-3 рет біреуі болмаса біреуі қоздырып отырады. Ашылмайтынын бәрі біледі. Бірақ, өз еркімен тастап кетпеген туған жерін қимайды. Ашылады-мыстың кез келген түріне сенуге дайын тұрады. Өмір Байжансайынан айырғанымен, қанындағы байжансайлықтан айыра алмаған. Әр бұрышта ауыл жаққа құлағын түріп, сүйінші хабар күтіп жүрген жандар. Ол хабарды ешкім әлі әкелген жоқ. Ешқашан әкелмейді де. Бәрі біледі оны. Бірақ бәрібір күте береді.