Ақтауға саяхат: батыс ғажаптары

Маңғыстау саяхатшыларды несімен қызықтырады?

Ақтау қаласы – Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысының орталығы. Іргетасы 1963 жылы қаланды. Туристік, экономикалық шаһарлар қатарында.  Ақтау қаласының әкімдігі ұсынған ресми дерекке сенсек, қаланың ауданы 165,642 км², халқының саны 183 187.

Ақтау – еліміздегі теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Толқыны жан тербеген сұлу Каспий солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 км-ге созылып жатыр. Орташа ені 320 шақырым болса, жағалаудың ұзындығы 7000 шақырымға жуықтайды деген дерек бар. 

Жазғы демалысыңызда қарт Каспийдің баурайындағы аққулы мекен – Ақтау қаласында өткіземін деп жоспарласаңыз, әуелі сізді батыс несімен қызықтыруы мүмкін деген сауалға жауап іздеп көрейік? El.kz интернет жобасы мүмкіндігінше Сіз аңсаған жанға жайлы демалысты қалай және тиімді ұйымдастыру керектігіне жол сілтеп, бағыт беруге тырысып көрді.

Қалай жетуге болады?

Мысал ретінде еліміздің екі ірі шаһары Алматы мен Астанадан қалай баруға болатынын байқап көрейік.  Ақтау қаласына қалтаңыз көтерсе ұшақпен, ал үнемді болсын десеңіз теміржол арқылы поезбен бара аласыз. Ақтауға Алматы мен Астана қалалалырана 3 сағатта ұшып жетуге болады.

Ал, сапарға поезбен шықсаңыз, Ақтау қаласында темір жол бекеті жоқ. Сол себепті, пойыздар қалаға 20 шақырым жерде орналасқан Маңғышлақ станциясына келіп тоқтайды. Қала мен станция арасында автобустар мен таксилер қатынап тұр.

Көруге тұрарлық мәдени орындар

«Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет»

Теңіз бен шаһардың көрікті мекендеріне тоқталмас бұрын, әуелі сіз көруге тиісті киелі орындар туралы айтып кетейік.  Жалпы Маңғыстауда маңызды бес жерасты мешіті бар. Олар: Шопан ата, Бекет-Ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Қараман ата мешіттері. Осылардың ішінде халық арасында пір Бекет атанып кеткен әулие – Бекет атаның жер асты мешітіне қалай баруға болатынын түсіндіруге тырысып көрейік.

Бекет-Ата Ақтауға 277 шақырым жерде орналасқан Оғланды үстіртіндегі жерасты мешітінде жерленген. Ақтаудан шыққан көлік Жаңаөзен қаласын басып өтіп, сізді осы киелі мекен Оғыланды үстіртіне алып барады. Сапарға шықпас бұрын ғаламтор желісінен өзіңізді Бекет-Ата мешітіне апаратын көлік тауып қойсаңыз болады. Ғаламторды ашсаңыз, хабарландыру толып тұр. Тіптітаксистер сізді әуежай мен теміржол стансасынан күтіп алуға даяр. Егер сіздер топпен барсаңыздар жолауышылар көбірек сыятын үлкен шағын автобустар да де көп.

Бекет-Атаның жер асты мешіті жеті бөлмеден тұрады. Олар: 1) Ата жатқан бөлме, 2) әйелдер бөлмесі, 3) түндікті бөлме, 4) дәліз, 5) намазхана, 6) зікірхана және 7) шілхана. Шілхана екінші қабатта орналасқан, бұрын кірер есік алдынан жоғары шығатын баспалдақ болған ол құлаған әрі оның ішіне адамдар жерленіп, есігі таспен қаланған.

«360 әулиелі Киелі Маңғыстау» деп аталған батыс өлкесіндегі ұлы әулиелердің жалғасы саналған Әулие Бекет Пір Атаның рухына зиярат етуге жыл сайын сан мыңдаған адамдар ағылады.

Бекет-Ата өмірден өтер алдында халқына келесідей өсиет айтқан: «Басыма ит сарытып басындырма. Жаттың (жаудың) табаны таптамасын». Әулиенің өсиеті бұлжытпай орындалыпты. Қазір атаның басына баратын жалғыз аяқ соқпақ қана бар. Ол соқпақтан басқа еш жерден пенде баласы маңайлап бара алмайды.

Келушілердің бірі ауруына ем іздеп барса, бірі тілек тілеу үшін барады. Алыс жолдан келгендіктен, зиярат етіп барушылардың дені мешітте түнеуге барады. Көшенің аумағында үлкен қонақ үй салынған. Орталық бөлмеде тағамның барлық түрі қойылған ұзын дастархан жайылады. Құрбандыққа қой шалынып, зиярат етіп келушілер дастарханнан дәм татады. Қонақ үйде ұйықтау үшін екі кең бөлме салынған: бірі – ерлерге, екіншісі әйелдерге арналған. 

Теңізде демалуға ниетті болсаңыз

Ақтауда жазда ауа температурасы шілде мен тамыз айларында +24, +26 С болса, +44 С дейін көтеріледі. Теңіз жағасында демалу маусымы мамыр айынан қыркүйектің ортасына дейін созылады. Жағалауда әдемі демаламын десеңіз, барлық жағдай жасалған.

Ақтау – еліміздегі ең қымбат қалалардың бірі болса да, Каспий теңізінің көкшіл, тұнық шығанағында тынығу үшін жыл сайын сан мыңдаған туристер ағылады.

Каспий жағасында түрлі қонақ үйлер самсап тұр. Десе де қаражатын үнемдегісі келетіндер мейманханадан гөрі тәулігіне жалға берілетін пәтерлерге тоқталғанды жөн көреді. Пәтер ақысы тәулігіне – 5000 теңгеден басталып, орналасқан ауданына қарай өсе береді.

«Шағала» шипажайы

«Шағала» шипажайы Ақтау қаласында, Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Шипажайдың аумағында аллея, парк, бассейн бар. Шипажай жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жайлы бөлмелерде демалысыңызды жанға жайлы ету үшін қажетті жабдықтың бәрі бар.  Сондай-ақ «Шағала» шипажайында денсаулықты оңалтуға бағытталған медициналық қызмет көрсетудің барлық түрі қарастырылған. Су процедуралары, жылу және электропроцедура мен массаждың барлық түрі бар.

 

«Достар» қонақ үйі кешені

Теңіздің жағасында орнласқан қонақ үйді дәл осы әсем көрінісі үшін таңдасаңыз да өкінбейсіз. Мекемедегі 44 бөлме келген меймандардың демалысын барынша жайлы әрі көңілді ету үшін жұмыс істеп тұр. «Стандарт», «жартылай люкс» сондай-ақ «люкс» бөлмені қалауыңызға қарай таңдай аласыз. Ашық бассейн, сауна, сондай-ақ маңызды кездесулер мен жиындар өткізуге толық мүмкіндік бар.

 

«Три Дельфин» қонақ үй кешені

Қала орталығында орын тепкен қонақ үй кешені теңізге қарап тұр. Дамыған инфраструктура, ыңғайлы мекен-жай, сапалы қызмет көрсету, ең бастысы қолжетімді бағасы арқылы дәл осы кешен туристердің арасында танымалдылыққа ие. Қонақ үйде сіздің демалысыңызды жанға жайлы ету үшін барлық жағдай жасалған.

 

«Кендірлі» демалыс аймағы

Каспийдің жағасында орналасқан «Кендірлі» демалыс аймағы Ақтауға 210 км қашықтықта жатыр. Шаһарға қаншалық алыс болған сайын, суы мөлдір, жағасы тыныш екенін көзіңізге елестете беріңіз. Табиғаты әсем, құмы таза, суы мөлдір шығанақта демалу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген саяхатшы ағылады.  Мұнда туристердің теңізге түсіп, денсаулығын нығайтып, тынығуы үшін барлық жағдай жасалған.

Демалыс базасының аумағы  7,5 га жерді алып жатыр.

Демалыс базасының аумағында келесі нысандар орналасқан:

 

 

«Стигл» демалыс кешені

Демалыс кешені спорттық-сауықтыру сондай-ақ ойын-сауық орталығы саналады. 2005 жылы Каспий жағасында ашылған бұл орын меймандарға әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетеді.

Биылғы жылы «Стигл» қонақ үйдің бағасын сәл төмендетіп, келушілерге барынша қолжетімді баға ұсынуда. Егер «Стигл» кешенінде бөлме жалдамай-ақ демалуға ниеттенсеңіз, ересек адам үшін кісі басына 1000 теңге төлеп демалуға болады. 7 жасқа дейінгі балалар территорияға тегін кіре алады.

 

Қайдан тамақтануға болады?

«Ас – адамның арқауы» демекші, саяхатшылар қайда барса да алдымен қолжетімді бағаға, дәмді тамақ ішкісі келеді. Қандай дәмхана мен мейрамханадан дәм татуға болатынын ойластырып, ғаламтордың көмегіне жүгінеді. Біз демалушылар үшін Ақтау қаласындағы дәмді тағамдарымен танымал әрі демалушылар тарпанынан өте жақсы бағаға ие болған бірнеше тамақтану орынын тізбектеуге тырысып көрдік.

CHESTER мейрамханасы

CHESTER мейрамханасы – теңіз жағалауында орналасқан, қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі. Тағы бір ерекшелігі дәл осы мейрамханадан әйгілі fish-бармақ тағамынан дәм тата аласыз. Ақтауға барып тұрып, балықтан жасалған бешбармақты жемеу ұят болар.

 

«Dostar» мейрамханасы

Бұл мейрамханада да теңіз жағасында орналасқандығымен ерекшеленеді. Асханасынан шығыс және еуропа тағамдарын таңдай аласыз. 

 

«Кишлак» мейрамханасы

Шығыс тағамдарын әзірлейтін «Кишлак» мейрамханасы дәмді кәуаптарымен танымал.

Ақтау туралы қызықты деректер білігіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.

Тамылжыған жаз айындағы демалысыңызды Ақтауда өткізгіңіз келсе, іске сәт! Отандық туризмді дамытуға үлес қосыңыз.

#туризм #саяхат #Ақтау #Каспий

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер