ХХІ ғасыр: заманауи адамдардың фобиялары мен синдромдары

Цифрлы заманда адамдар неден қорқады? Немен ауырады? Қандай ауытқушылықтары бар?

Жылдам дамып жатқан заман, цифрлы дәуір, ағылып келіп жатқан ақпараттар біздің өмірімізді тек жақсартып қана қоймай, психикамызға біршама зиянын да тигізеді. Баяғы клаустрофобия мен аэрофобиядан бөлек, фобияның бірнеше жаңа түрлері де шығып жатыр. Кейде ирроционалды қорқыныштың себептері басқа қиындықтарға алып баруы ғажап емес.

Фобиялар

Социофобия

Қазір социофоб болу сәнге айналғандай. Екінің бірі өзін социофобқа жатқызады. Бірақ, шын мәнінде бұл қорқыныштың қандай екенін білесіз бе? Ондай адамдар көпшілік ортаға түсіп қалмас үшін барлығын жасайды және жұрттың көзіне түсетін әрекеттерден аулақ болады. Оларды тіпті ту сыртынан қадалған көздердің өзі қара терге түсіруі мүмкін.  

Ануптафобия

Жалғыздықтан және отбасын құрмай қалудан қорқу. Көпшілігіміз отбасыда тәрбиелендік, сондықтан қарым-қатынастың бұл моделі ата-анамыздан бойымызға сіңді. Бір жағынан қазіргі заманда еркін, ұзаққа созылмайтын, үйленуге апармайтын жеңіл-желпі қарым-қатынас кең таралып келеді. Осыдан диссонанс туындап, кейбіреулерде фобияға тудыруы мүмкін.

Коулрофобия

Сайқымазақтардың алдындағы үрейлі қорқыныш жақында ғана пайда болғанына қарамастан, қанатын кеңге жайды. Мұрындарын бояған, түрлі-түсті гримделген адамдардан тек балалар емес, үлкендердің өзі қатты қорқатын болып шықты. Оның үстіне, сценарий авторлары мен жазушылар отқа май құйып, триллерлерде әрқашан қорқынышты сайқымазақтардың образын қолданады. Егер сізде сондай қорқыныш болса, жалғыз емессіз. Дэниэл Редклифф пен Джонни Депп те коулрофобияға шалдыққан екен.

Гексакосиойгексеконтагексафобия

Бұл фобияны оқу ғана емес, түсіну де қиын. Қарапайым тілмен айтсақ, 666 санынан қорқатын адамдар. 

Трискайдекафобия

13 санынан қорқу. Бұл фобиядан зардап шегетін жандар 13-қабаттан, пәтерден, үйден қашады. Сол сияқты осы санды билет пен орындар оларда паника тудыруы мүмкін.  

Параскаведекатриафобия

Бұл фобия ілгерідегіге ұқсас. Айырмашылығы тек 13-не келетін жұмадан қорқу. Бұл фобияның негізі әлгі фильм деп ойлайсыз ба? Нақтысын білмедім. Бірақ осы ұғымды енгізген доктор Дональд Досси, өз пациенттеріне «осы сөзді жаттап, еркін айта алатын кезде бұл фобиядан арыласыз» деген екен. Параскаведекатриафобиялы оқырманымыз болсаңыз хабарласыңыз, тексеріп көрейік. 

Калигинефобия (венустрафобия)

Әдемі әйелдерден де фобия болатынын естіп пе едіңіз?! Кей ер адамдар көрікті аруды көрсе, тілі байланып, бойы мұздап, зәресі ұшып жатады. Сұлу бикештен именгені немесе ғашық болғаны деп түсінбеңіз, ол жай ғана калигинефоб.

Пеладофобия

Кей адамдар бетінде артық жүннің шығуынан қорқады, ал бұл фобиясы бар жандар басындағы шаштың сирегенінен  және таз адамдардан қаттырақ қорқады.

Филофобия

Ал мұнда бәрі қайғылы, филофобтар ғашық болудан, біреуді ұнатудан қорқады. 

Сциофобия

Өз көлеңкесінен де қорқатын сужүрек деген сөзді естіген шығарсыз. Кейбір адамдар үшін бұл фразеологизм емес, диагноз. Сциофобия – көлеңкеден қорқу. Тек өздерінің ғана емес, кез келген бөгде заттардың көлеңкесі олардың зәресін ұшырады.

Никтогилофобия

Бұл фобия никтофобия – қараңғыдан қорқудың бір тармағы.  Никтогилофобия — бұл қараңғы орманды тоғайлардан қорқу. Көптеген фильмдерде жақсы көрініс болып, адамдарды үрейлендіру үшін түнгі ормандарды түсіруге құмар келеді. Міне, осындай көріністер кейбіреулерді есінен тандырады. Тағы да фильмдер, режиссерлер кінәлі...

Сомнифобия (гипнофобия)

Бұл – ұйықтар алдындағы қатты ирроционалды қорқыныш. Сомнифобтар үшін ұйқы өліммен тең. Олар тіпті, қорқынышты түстерден де үрейленеді. Ал кейбір сомнифобтар ұйқыны босқа уақыт өткізу деп есептейді. Ол мезгілде белгілі бір жұмыспен шұғылдануға болады дейді.

Номофобия

Бұл жаңадан пайда болған фобияның түрі. Яғни, ұялы байланыссыз қалудан қорқу. Телефондағы зарядтың бітуі, байланыстың болмауы кей адамдар үшін паниканың бір түрі. 

Трипофобия

Бұл фобиямен көптеген адамдар ауырса да, әлі медициналық фобиялардың қатарына қосыла қоймады. Яғни, лотос гүлін көруден, ара ұяшықтарынан қорқу мыңдаған жандар үшін нағыз «ажалы» іспеттес.

Психикалық жағдайға байланысты синдромдар

Фантомды қоңырау синдромы

Бұл синдром мобильді телефонға тәуелді адамдарда кездеседі. Олар телефонына біреу қоңырау шалып жатқандай жиі алаңдап отырады. Бірақ, шын мәнінде,байланыс құралына ешкім хабарласып жатқан жоқ. Тіпті, ол жандар телефон дірілін сезінгендей болады. Фантомды қоңырау синдромы көбінесе күйзеліс пен стресте жүрген жандарда жиі байқалады.

Facebook-күйзеліс

Аты айтып тұрғандай бұл әлеуметтік желіде белсенді жандарда жиі кездесетін күйзелісті жағдай. Адамдардың кей бөлігі өз өмірінің басқалардан ерекшеленетінін байқап, қатты уайымға салынады. Олар "бөтен жандар өзінен әлдеқайда жақсы өмір сүреді екен" деп ойлап, қайғыра бастайды.

Киберхондрия

Бұл ипохондрия, адамдар интернеттегі оқыған дүниеден қорқып, өзінің басынан өткеру. Мәселен, ғаламтордан бір ауру туралы оқыған кейбір жандар өзінен симптомдарын іздей бастайды. Күдіктене беріп, ол адам шын мәнінде өзінің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.  

Киберауру

3D-фильм немесе виртуальды шындық көзілдіріктерін таққанда бас айналып, лоқсу болып жатса, сізде кибер сырқаты бар болуы әбден мүмкін. Ковентри университетінің дерегіне сүйенсек, Жер ғаламшарының 80% кибер ауруына ұшырағандар.

#психология #фобиялар #интернет тәуелділік

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер